Жастар мәдениеті және мәселесі. Шешендік сөздер. Қазақ тілі, 11 сынып, қосымша материал. 6 сабақ.


1-мәтін

Жастар арасындағы өрескел мәдениет

Шаттық Ашықбаева

Субмәдениет дегеніміз-қоғамнан оқшауланған өзіндік өмір сүру дағдысы бар, өмір сүріп жатқан қоғамдағы мәдениеттен өзгелеу, тіпті кейде оған наразы жастардың белгілі бір тобы жасаған мәдениет. Бұндай топтар өздерінің сөйлеу әдебімен, киім киісімен және басқа да белгілерімен ерекшеленеді. «Субмәдениет» терминін 1950 жылы американдық социолог Дэвид Райзман ғылымға енгізген екен. Субмәдениеттің негізгі тірегі-жастар.

 Алғашқы кезде субмәдениеттiң қалыптасуына музыкалық топтар әсер еттi. Мәселен, 1980 жылдан бастап Америкада роктың жаңа бағыты готик-рок өмiрге келдi. Нәтижесiнде готтар субмәдениетi қалыптасты. Бұл мәдениеттi ұстанатындар готикалық әуендерге және мистикаға жақын келедi. Басты өзгешелiктерi – киiмдерi қара түстi, металл бұйымдарды тағуы және өздерiне тән макияж жасауында. Сондай-ақ, ең басты қолданыстағы атрибуттары – анх символы, адамның бас сүйектерi, жарқанат және пентаграммалар. Олардың өздерiне тән музыкалық әуендерi де жетерлiк.

 Дүниежүзiнде готикалық мәдениеттiң дамығаны соншалық, жыл сайын 25 мыңға жуық адам Германияның Лейпциг қаласында “Wave Gotik Treffen-WGT” атты фестивальге жиналады. Әйткенмен, готтардың субмәдениетiн қоғам жылы қабылдамады. Себебi олар суицидтi, депрессияны, сатанизмдi насихаттайды. Психологтардың пiкiрiнше, аталған топ өкiлдерi үнемi психологиялық күйзелiсте жүредi.

 90-жылдардан бастап жастар арасында эмо-кидтер мен киберпанктер субмәдениеті кең етек жайды. Қазіргі таңда эмолар мәдениеті ең жас болып есептелінеді. Соған қарамастан, жастар арасында аталмыш мәдениетке бой ұрғандар саны аз емес. Өйткені, жыл санап қоғамда жастардың білімнен алшақтауы белең алып барады. Көпшілігінің музыка мен білім-ғылымнан хабары болмағандықтан да, «Қараңғыда жеген тамақтың бәрі дәмді» демекші, қолы жеткен мәдениетінің жанына жармасып кете барады.

 Қазақстандағы субмәдениет жастардың батыс мәдениетiне елiктеуiнен, әр түрлi сән үлгiлерiне, әуендерiне қызығушылығынан туған. Елiмiзде, әсiресе, өрiмдей жастардың арасында рэппер мәдениетi кең етек жайған. Дегенмен, мұндай әуендi тыңдағанда “жастарға рэп несiмен қызықты екен?” деген сұрақ туады. Сонымен бiрге бұл мәдениеттiң астарында ұлттық мәдениеттен ада, халықтық салт-дәстүрден мақұрым, ұлттық музыка өнерiнен хабарсыз жас ұрпақтың тағдыры жатқандай.

 Сүттей ұйып отырған қазақ елінде әр түрлі сырттан енген субмәдениеттердің кең қанат жаюына жағдай жасап, мүмкіндік бергеніміз соншалық – соңғы кезде облыс, республика орталықтарында жиналып, олар өздерінің басқосуларын өткізіп тұрады.

 Арамызда осындай жастардың көбеюі қауіпті мәдениеттің ұлт арасында қаулап өсіп келе жатқандығын байқатады. Адам денесіне түрлі суреттер салу түрмеде отырған бұзақылардың, баскесерлердің дене суреттері арқылы олардың мәдениетін ел арасында насихаттау қай жетіскендігіміз?

 Шынын айтсақ, дәл қазiр жастар саясаты жөнге қойылмаған. Жастар ұйымдарының саны бар да, сапасы жоқ. Өмiршең емес. Бүгiн ашылып, ертең жабылып жатады. Ұлттық, елдiк, мемлекеттiк мәселелердi емес, жеке бастың мүддесiн көздеудi мақсат еткендей. Тiптi жастардың өмiрiне, болашағына керi әсерiн тигiзетiн, мысықтабандап келген субмәдениеттiң республикамызда дамуына шектеу қоятындай арнайы заң жоқ. Екшеп-текшейтiн, қадағалап, тиiмдi-тиiмсiзiн сараптап қадағалайтын мемлекеттiк орган тағы жоқ.

Massaget.kz

2- мәтін

Жастардың субмәдениеті – үлкендер әлеміне жасалған қарсылық

Гүлмира Әбдірайымова

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтану және әлеуметтік істер жөніндегі кафедра меңгерушісі, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор

Жастардың арасындағы субмәдениет туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен бұл түсінік астарында не жатқандығын анықтап алу керек. Айқындап алуға деген қажеттілік қазіргі күнде тек «жастар субмәдениеті» ұғымына ғана қатысты емес, сонымен қатар «жастар», «субмәдениет» түсініктеріне де өзіндік талдау, түсіндірулердің көбейіп кеткендігінен туып тұр. Жалпы, субмәдениет - жас адамдардың ресми емес қатынастарының, олардың ерекше өмір сүру стилі мен тәртіптерінің, белгілі бір қағидалары мен құндылықтарының нәтижесі және өздерін көрсетудің, дамытудың бір жолы. Соңғы жылдары музыкалық субмәдениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар) айрықша даму үстінде. Готика, эмо, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері бізде бар болғанымен, Ресей және басқа да шетелдермен салыстырғанда өте сирек кездеседі. Соңғы аталған ресми емес бірлестіктер негізінен оқушылар, студенттер арасында психологиялық қалыптасу кезеңі мен ата-ана тарапынан болатын олқылықтардың қатарласуы салдарынан орын алады.

Жастар субмәдениеті - жастардың үлкендер әлеміне толықтай бейімделуі жүргеннен соң, әрі қарай өз мәнін жоятын дамудың белгілі бір кезеңі, яғни жеке адам дамуының өтпелі сатысы. Жастардың ресми емес қатынастары және олардың өздеріне ғана тән мақсаттарын табуы жеке субмәдениеттің қалыптасуының себебіне айналады.

Жастар субмәдениеті - киген киімнен, сөйлеу мәнерінен, жаргондардан және айрықша әуестенулерден көрініс табатын үлкендер әлеміне, қоғамның ережелері мен құндылықтарына деген өзіндік қарсылық.

Белгілі бір субмәдениеттің өкілі болып табылатын жастардың психологиялық ерекшеліктеріне келер болсақ, ол мына бір жайттардан көрініс табады: ата-аналары мен мектеп тарапынан болатын бақылаулардан босауға деген ұмтылыстан, эмоцияға аса берілгіштіктен, жасөспірімдік әсірелеушіліктен, адамгершілік ұстанымдарының тұрақсыздығынан, жеке адами құндылықтарының қалыптаспауынан.

Субмәдениет - бұл қоғамның жай кедергі жасамауына болатын жастардың әлеуметтік белсенділігінің алаңы. Менің жоғарыда айтып кеткенімдей, контрмәдениетке қатысты әңгіме басқа. Міне, қоғамның мәдени аясын, өрісін және адамның өзін де осы бұзады (сөз әртүрлі діни ағымдар, жүйесіз топтар туралы). Қазіргі жастардың жеке, өзіндік өмірге бүгінгі аса қиын және динамикалық (қозғалысты, көп сырлы) кезеңде аяқ басатындығын ұмытпауымыз керек. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Буындар арасындағы түсініспеушілік, негізінен, сол кезеңнің әлеуметтік құрылымдарын, өмір тарихтарын білмегендіктен туындайды. Тарихтың белгілі бір кезеңіне қазіргі ғылыми биіктен қарап, бүгінгі түсініктер тұрғысынан саралап, дәуір психологиясын ескермей, мәселені сол заман адамдарының қандай көзқараспен танығандығын назардан тыс қалдырып жатамыз.

Бүгінде мектеп, университет және отбасы жастарға жай «бақылаушы» позициясын ұстанбаулары керек, керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеру үшін жарыс мүмкіншілігіне тең дәрежеде ұмтылу позициясын қамтамасыз ету керек.

«Алаш айнасы» газеті

3-мәтін

Субмәдениет ұғымы

Жаппаркулов Едгор Мирзаханович

Оңтүстік Қазақстан облысы ,Түркістан қаласы, «Қарашық» жалпы орта мектебінің социолог маманы Субмәдениет (лат. sub — төменгі, нем. kultur — мәдениет) — дәлме-дәл аударымда «астыңғы мәдениет», ірі мәдени құрылым ішіндегі белгілі бір топтар, бірлестіктер мәдениеті дегенді білдіреді. Субмәдениет көбінде қоғамда өктем болып тұрған мәдениет пен әлеуметтік құрылымға оң немесе теріс қатынас нәтижесінде пайда болады. Қазіргі жағдайда субмәдениет үлкен аймақтық, ұлттық мәдени құрылым негізінде пайда бола отыра, сол мәдениеттегі классикалық дәстүрден тысқары тұрады. Субмәдениеттің әлеуметтік бастауын әр түрлі жас ерекшеліктеріне байланысты топтар, бейресми бірлестіктер т.б. құрайды.  Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес. Сонымен қатар рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі - фанатизмнің (табынушылықтың), психологиялық талғамдағы ұқсастықтың белгілі адамдарды ұлтына, жынысына қарамай, бір идея толқынына біріктіруі, яғни «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы. Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді. Субмәдениет өкілдерін, қала көшелеріне шықсаңыз, міндетті түрде көресіз және бірден танисыз. Өйткені олардың киім киістері де, өздерін ұстауы да, сөйлеулері де өзгеше. Сiздерге бiр топ бейформалды бiрлестiк өкiлдерi, атап айтқанда, басынан аяғына дейiн қап-қара киiнген, бет-келбетiн де қарамен бояп алған адамдар немесе үстi-басы металдан жылтырап тұрған, не басқа да «ерекшелiгi» бар, өзгелерге ұқсамайтын жастар кездестi ме? Шынымен де, бұл қызық сұрақ болғанымен, оның астарында үлкен мәселесi бар. Бұл «ерекше адамдар» белгiлi бiр субмәдениет өкiлдерiн құрайды. Осы субмәдениет бiздiң қоғамдағы жастар арасында белең алып барады. Субмәдениет – жастардың өзiндiк қоғам құрып, белгiлi бiр топ iшiндегi бейформалды, яғни, қоғамнан бөлек бiрлестiгi, осы бiрлестiк мәдениетi. Ошағы Батыстан бастау алатын субмәдениет ұғымы қазiр бар әлемде кең таралған. Оған, әсiресе, жасөспiрiмдер көп қызығады.

Жастардың бейформалдық бірлестіктерге кіруінің бірнеше себептері бар: 1. Отбасындағы түсініспеушіліктер, отбасына қарсы шығу 2. Мектептегі үлгермеушілік және мектеп ұжымынан оқшаулану 3. Барлық адамдар сияқты болуды қаламау 4. Өзіне көңіл аудартқысы келеді 5. Криминалдың әсер етуі 6. Мода қуу 7. Батыстық бейнеге еліктеу 8. Өмірлік мақсаты болмау 9. Жас ерекшелік, эмоционалдық қажеттілік т.б. Әлеуметтік – құқықтық критерии бойынша бейформалдық бірлестіктер 3-ке жіктеледі: 1. Просоциальді (жағымды бағыттағы) - жастарға жағымды, белсенді әсер ететін. 2. Ассоциалды (бейтарап түрде) - бос уақытты өткізу үшін құрылған. 3. Антисоциальді (жағымсыз бағыттағы) - жастарға кері әсерін тигізетін бірлестіктер. Қорытынды  Ендеше, келешекте дұрыс қоғамды қалыптастыру үшiн осындай бөтен мәдениет түрiн қабылдамаудың жолын шешу керек. Керiсiнше, өзiмiздiң қазақы дiлiмiз бен мәдениетiмiзге тән ерекшелiктерiмiздi тануға тиiспiз. Ұмыт қалған салт-дәстүрiмiздi қайта жаңғыртып, дамытып, өзiмiздiң қазақ деген атқа лайық мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау керек.

4-мәтін

Субмәдениет туралы

Құралай   Жақсылық

Жастар – қоғамның айнасы. Дей тұрғанмен, заманның ағымына ілесіп, еркін әлемде есіріп жүргендер жоқ емес. Қоғамға жат құбылыстар мен ұйымдардың бел ортасында бүгінгі ұрпақтың білек сыбанып жүргені қынжылтады. Мұның бәрін қоғам қалыптастырған «субмәдениет» ұғымына жатқызамыз. Жастардың арасындағы субмәдениет туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен бұл түсінік астарында не жатқандығын анықтап алу керек.

Субмәдениет дегеніміз – қоғамнан оқшауланған өзіндік өмір сүру дағдысы бар, өмір сүріп жатқан қоғамдағы мәдениеттен өзгелеу, тіпті кейде оған наразы жастардың белгілі бір тобы жасаған мәдениет. Мұндай топтар өздерінің сөйлеу әдебімен, киім киісімен және басқа да белгілерімен ерекшеленеді. Қазақта «бүйректен сирақ шығарып» деген тіркес бар. Адамзат баласына ортақ төнген қауіп осы айтып  отырған «кері кету процесі» деп білемін. Әсіресе, осы жолда қазақ балаларының да көптеп жүріп келе жатқанына жүрек ауырады. Мәдениет – бұл менің қазақы түсінігімде тектілік, білімділік, болмыстылық. Ал, біз күнделікті қоғамда көріп  жүрген  субмәдениеттің үлгісі – масыққандық  деп  білемін.  Бұл  дегеніңіз – Алла берген жанды, ана өмірге әкелген тәнді түрлі сұрықсыз суреттер салу арқылы қорлау. Мен тек бір ғана жағын айтып отырмын. Басқа тұстарын  өздеріңіз де білесіздер. Қысқаша айтқанда,  мен «субмәдениетті» қабылдай алмаймын», – дейді «Самғау» жастар сыйлығының иегері МақсатДауылбай.

Сүттей ұйып отырған қазақ елінде әртүрлі сырттан енген субмәдениеттердің кең қанат жаюына жағдай жасап, мүмкіндік бергеніміз соншалық - соңғы кезде облыс, республика орталықтарында жиналып, олар өздерінің басқосуларын өткізіп тұрады. Жоғарыда аталған жастар ұйымдары субмәдениеттің дүниежүзінде көп тараған түрлері ғана. Ал  Қазақстанда арамызға сыналап еніп жатқан біз білмейтін әлі талай ұйымдардың бар екені рас.

Соңғы 5-6 жылда субмәдениет түсінігі қоғамға дендеп еніп келеді.  Жастар ұйымдары әр жерден қылаң беріп, бүгінде белсенді қозғалыстарға ұласып кетті. Оған екіжақты көзқараспен қарауымыз керек. Біріншіден, жастардың қоғамда белсенділігі артып келе жатыр.  Түрлі қоғамдық-саяси ұйымдарға мүше бола отырып, мәдени-көпшілік шараларға аса жоғары қызығушылықпен араласып келеді. Екінші жағынан, өмірге негативті көзқарастан туындаған топтар, немесе субмәдениет  өкілдерінің ортасы қалыптасты. Көпке топырақ шашпаймыз. Десек те, қазақы менталитет пен ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз  қажет. Субмәдениеттің  көп түрлері  біздің тәрбиемізге өте кереғар болып келеді. Бірақ, тек қазақилықпен дамып, ұлт боламыз деу қисынсыз. Батыс мәдениетінің пайдалы тұсын алып, қатар дамытсақ, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының Жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Жандос  Базартай.

Ендеше, келешекте дұрыс қоғамды қалыптастыру үшiн осындай бөтен мәдениет түрiн қабылдамаудың жолын шешу керек. Керiсiнше, өзiмiздiң қазақы дiлiмiз бен мәдениетiмiзге тән ерекшелiктерiмiздi тануға тиiспiз. Ұмыт қалған салт-дәстүрiмiздi қайта жаңғыртып, дамытып, өзiмiздiң қазақ деген атқа лайық мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау керек. Бірақ, жаңа заманның дамуы тар шеңбермен шектеліп қалмайды. Кез келген проблемаға екі жақты баға беріп, тең дәрежеде ұстаған да жөн сияқты. Бүгінде мектеп, университет және отбасы жастарға жай «бақылаушы»  позиция ұстанбауы керек, керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеруі үшін мүмкіндігінше  тең  дәрежеде  ұмтылу  позициясын қамтамасыз ету қажет.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу