Қазақстан бейнесі. Қазақстанның өткені мен келешегі. Шешендік сөздер. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 8 сабақ. 1 нұсқа.
Қазақ зиялыларының төрт кезеңі
ХХІ ғасырдағы, яғни, бүгінгі қазақтың зиялылары қалыптасу барысында төрт кезеңді бастан кешірді. 1850-1905 жылдар аралығындағы бірінші кезең ағартушы зиялыларды қамтиды. ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде «Ақтабан шұбырындыға» тап болған қазақтың басынан бағы тая бастады. Тәуелсіздігін жоғалтып, Патшалық Ресейдің қоластына қарағаннан кейін қазақ халқы ғылым, білім және саясаттан алыстап, қараңғылық дәуірге қарай ойысты. ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап Ресейдің ғылым ордаларынан, оқымыстыларынан білім алған Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, сондай-ақ, шығыс пен батыстық мәдениетті қатар меңгерген Абай Құнанбайұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ұлт зиялылары халықты оқуға, білімге шақырумен болды.Одан кейінгі 1905-1922 жылдары ортаға шыққан қазақтың екінші буын зиялылары, атап айтқанда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабайұлы, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин және Тұрар Рысқұлов сынды оқымыстылар халықты оқу-білімге шақырумен қатар, саяси сауатын жетілдіруге де күш жұмсады. Бұдан кейін 1922-1991 жылдары Кеңестік кезеңде үшінші буын қазақ зиялылары қалыптасты. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин және Ермұхан Бекмаханов сынды зиялылар Кеңестік идеологияның қысым-шектеулерінің арасынан жол тауып, халықтың ұлттық құндылықтарын сақтап қалуы жолында аз еңбек сіңірген жоқ. Енді бүгін 1991 жылдан бастап тәуелсіздік кезеңінің зиялылары жетпіс төрт жылдық Кеңестік кезеңде жойыла жаздаған ұлттық болмысты қалпына келтіруге және қазақ халқын әлемнің алдыңғы қатарына көтеру жолында жұмыс істеуде. Бірінші, екінші және үшінші толқын зиялылар ақыл-ойы таза, санасы тұнық халыққа көшбасшылық етсе, бүгінгі зиялылар қазақы болмысы идеологиялық үгіт-насихаттардың салдарынан зақымдалған халықты бір жағынан қалпына келтіріп, ұлттың бірегейлігін қамтамасыз етуге, екінші жағынан ХХІ ғасырдың жетістіктеріне ілесуге бағыттауға күш жұмсауға мәжбүр болуда.Осының ішінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қалыптасу жолы екі бағытта өрбіді десек, қате болмайды. Біріншіден, олар Ресейдің ғылым ордаларында жоғары білім алып, орыс тіліне жетік болды. Сол арқылы олар әрі Ресейдің, әрі Еуропаның ғылыми және мәдени жетістіктерін жақсы пайдаланып отырды. Екіншіден, сол кезде Ресей қоластындағы тағдырлары мен проблемалары ортақ түркі-мұсылман зиялыларымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірінің кемшіліктерін толтырды. 1905 жылдан Ресейде туындаған баспасөз және саясат туралы өлшеулі еркіндікті тиімді пайдаланып, ынтымақтастықта жұмыс істей білді. Мәселен, Алаш қайраткерлері түркі-мұсылман халықтарының ішінен шыққан ойшылдардың пікірлерінен нәр алып отырды. Бұлардың басында Қырымда «Тәржіман» газетін шығарушы Ысмайыл Ғаспыралы болғанын білеміз. Әлихан, Міржақып, Шәкәрім сынды Алаш зиялылары оны ұстаз дәрежесінде құрметтегенін байқаймыз. Өкінішке орай, түркі халықтары зиялылары арасындағы осындай рухани ынтымақтастық дәстүрі Кеңестік кезеңде жойылғаны анық. Бүгінгі таңда әрбір түркі халқы ортақ мәселелерге туысқан халықтармен тізе қоса отырып шешім іздеудің орнына жеке-жеке ұмтылыс жасауда. Тіпті бір-біріне менсінбей қараушылықтың да бар екені көзден таса емес.
«Зиялы» деген түсінікті әркімнің әрқалай түсінуі ғажап емес. Бірақ «зиялы» деген сөз жоғары білім алған, белгілі бір мамандық иесі дегенді білдірмейді. Өкінішке орай, бүгінгі таңда көпшілік осындай адамдардың барлығына бірдей «зиялы» деп қарауда. Қолына қалам алып әсерлі жазу жазған, топ алдында көсіліп сөйлеген әр адам зиялы болып кетпейді. Зиялы адамның ең басты ерекшілігі – елінің қамын ойлап, проблемаларына күндіз-түні бас қатырып, оларды шешудің жолдарын қарастырушы болуында. Халқының, елінің мүддесін емес, өзінің жеке басының қамында жүрген адамды қандай жоғары білімі болса да «зиялы» деп айтуға болмайды. Зиялы адам ұлттық мәдени сауаты жоғары болып, айналасындағы адамдарға ұлттық мүдделер тұрғысынан тура жол сілтеуші, тіпті қол ұшын беруші болса керек. Сондықтан бір ұлттың дамуы, мәңгі ел болуы зиялыларымен тығыз байланысты. Әсіресе, әлем елдері арасында қарулы шайқастардан гөрі мәдени күрес жүріп жатқан бүгінгі жаһандану кезеңінде оқымыстысы, атақ-дәрежесі жоғары дипломды азаматтар қанша көп болса да, зиялысы жеткілікті болмаса, ол ел алысқа бармақ емес.
https://qazaqadebieti.kz/10568/aza-ziyalylary-d-uirmen-betpe-bet Әбдіуақап ҚАРА
Өз заманының ар-ұжданы
Зиялылардың ұлт тағдырындағы рөлі туралы алғаш рет француз ойшылы Сен-Симон (XVIII ғ.): «Егер бір уақытта он мың француз шаруасы мен сонша жұмысшысын жоқ қылып жіберсе француз ұлты сақталады. Ал егер сол уақытта елу француз ғалымы, сонша әртісі мен инженерін жойып жіберсе, онда француз ұлты жойылады», – деді. Яғни зиялы дегеніміз, ол – «өз заманының ақыл-ойы мен ар-ұжданы». Мысалы, 1941 жылы Мұстафа Шоқай немістің концлагерлеріне өзі сұранып барып, онда жатқан мыңдаған түркістандықтарың еврей емес екенін дәлелдеп, өлімнен құтқарды. Оспан бастаған батырлар мен кешегі Қытай түрмесінде қырық бір жыл отырған Қажығұмарлар да ұлттың нағыз зиялылары.
Кеңес Одағы кезінде қазақ зиялылары ХІХ ғасырдан бастап қалыптасты деген теріс ұғым пайда болды. Ал шын мәнінде, қазақ зиялыларының тізімі Қорқыт (VIII ғ.) пен Әл-Фарабиден (Х ғ.) басталып, Қожа Ахмет Иассауи, Қадырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати, Асан қайғы, Қазтуған, Бұқар жырау арқылы бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Мысалы, кезінде Мұхамедсалық Бабажанов та ашқан ғылыми жаңалықтары үшін орыстың географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталған. Ол орыс губернаторларының отарлық саясатын әшкерелеп, Патшаға бірнеше рет хат жазып, Орынбордың екі губернаторын жұмыстан алдырады. Сол үшін оны улап өлтірді. Дәулеткерей күйші ол өлгенде «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп қайғырған. Біз ел қорғаған осындай батыр зиялыларымызды ұмытпауға тиіспіз.
Әрине, бүгінгі ұрпақ олардың істерінен үлгі алып, ел мен жерді қорғауға өздері де үлес қосулары керек. Зиялылардың әр буыны ұлтты қалыптастыру не дамытуға өз үлестерін қосқанда ғана ұлт та дамиды.
Әлемдік интеллигенция әр ұлттың даму деңгейіне байланысты қалыптасқан әр түрлі деңгейдегі құрылымдар. Қазіргі зиялыларымызды, әлемге бармай-ақ, осы орыстың ғалым-инженерлерімен салыстырғанның өзінде көп нәрсе анықталады. Кеңес Одағы 1949 жылдан бері қырық бір жыл бойы қазақ жерінде бес жүзден астам атом бомбасын жарды. 1957 жылдан бері Байқоңырдан ракеталар ұшыруда. Бірақ осы уақытқа дейін қазақтар олардың технологияларын игерген жоқ. Бүгін біз олардан алпыс-жетпіс жылға кері қалдық. Ал сол технологияларды игеруді бастағанның өзінде жүз жылға артта қалатын боламыз. Кванттық физика мен технология, т.б. көптеген салаларда сонша артта қалудамыз. Мысалы, Еуропада импрессионизм ХІХ ғ. жетпісінші жылдары басталса, одан кейін модернизм, постмодернизм ағымдары дамыды. Ал бізде осы мектептердің бірі де жоқ. Бұл да ұлттың даму эволюциясының кезеңдерін құрайды. Көп нәрседен кенже қалдық. Оның ішінде адам капиталы мен инновациялық экономиканы дамыту бүгінгі Қазақстанның ең актуалды проблемасы. Оларды дамытуға мемлекет болып кіріспесе ондаған жылдардан кейін толығымен Қытай мен Ресейдің шикізаттық отарына айналамыз. Ешкім біздің бос сөздерімізді күтіп отырмайды. Қазір құр босқа мақтанудың емес, іс пен кәсіптің заманы.
https://qazaqadebieti.kz/10568/aza-ziyalylary-d-uirmen-betpe-bet
Жанұзақ ӘКІМ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?