Шешендік сөздерді дамытудың алғы шарттары. Көркем әдебиет тілінің ерекшеліктері. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 9 сабақ. 2 нұсқа.
Аудиожазылым : Шешендік сөздер. Билер сөзі- нақылдың көзі
youtube.com 31 октября 2013 https://www.youtube.com/watch?v=cNgf0deiLQU Шешендік шеберліктің төрт шарты
https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/persona/22790/
1. Сөйлейтін сөзді мақсатқа жетсем деген оймен жігерлі және табандылықпен бастаңыз. Мұның маңызы сіз ойлағаннан гөрі әлдеқайда жоғары. Сондықтан үлкен күш-жігермен үйренген үстіне үйрене түсіңіз. Оның пайдалы екенін есте сақтаңыз. Өз-өзіңізге сенімді болудың сіз үшін қаншалық мәнді екенін, аудитория алдында жігерді сөйлеу қабілетіңізді одан сайын жетілдіре түсудің тиімділігі хақында ойлаңыз. Сонда жаңадан дос-жарандар тауып, жеке басыңыздың қадір- қасиеті артып, ықпалыңыздың өсуі нәтижесінде басшылық лауазымға қолыңыз жетуі ықтималдығын есте ұстаңыз.«Адамға табиғат сыйлаған қабілеттің ешқайсысы да, - дейді Чонси М.Депью,- кісіні жақсы сөйлей білудей көпке танытып, қызмет бабында тез өсуіне жағдай жасай алмайды". Филипп Армордың миллионер болып алған соң: «Көрнекті капиталистен гөрі, атақты шешен болғанды қалар едім» - деуі де тегін болмаса керек. Шешендік- әрбір сауатты адамның ұмтылуына болатын өнер.
2. Не жайында сөйлегіңіз келетінін нақты білу керек. Егер де адам сөйлейтін сөзін жан-жақты ойланып, іштей қорытып, әрі не айтарын күн ілгері айқын білмесе, онда ол тыңдаушылар алдында өзін еркін сезіне алмақ емес. Тек айтарың болса және оны өзің жақсы білсең ғана айт, сөзіңді бітір де, орныңа отыр.
3. Сенімді болыңыз. Адамға сенімділік қажет. Егер кездейсоқ сенімнен айырылып, іштей сасқалақтап қалған екенсіз, онда дереу өзіңізді қолға алыңыз. Өзіңізді батыл сезінгіңіз келсе, онда шынында да батыл болыңыз, тас түйін боп, ерік- жігерді ширатыңыз, сонда бәлкім үрейден айырылып, қайратыңыз артуы ықтимал. Бойыңызды тік ұстап, тыңдаушыларға тайсалмай қараңыз да олардың бәрі бейнебір сізге ақша берешек тәрізді рәуіште нық сөйлеңіз. Мұның сіз үшін психологиялық әсер-ықпалы мол болмақ.
4. Шыныға беру, шыныға беру, шыныға беру. Енді сізге ұсынғалы отырған төртінші шартымыздың мәні мейлінше зор екенін баса айтқымыз келеді. Тіпті бұған дейін оқыған- тоқығандарыңыздың бәрін ұмытып қалғанның өзінде де мынаны есте сақтаңыз: біріншіден (ол әрі соңғысы), сөзді асып-саспай, бүлдірмей сөйлеудің бірден-бір тәсілі - мүмкіндігінше көбірек сөйлеу. Бұл дегеніңіздің мағынасы, мынаған келіп тіреледі - шыныға беру, шыныға беру, шыныға беру.Онсыз нәтижеге жету мүмкін емес, негізгі шарт сол. "Үрей надандық пен өз-өзіне сенімсіздіктен туындайды",- деп жазады профессор Робинсон "Ақылдың қалыптасуы" деген кітабында. Ал сындарлы өткелдерден қайыспай өтіп, тәжірибе молайғанда, қорқыныш-үрей жойылып, шілде айындағы күн сәулесі ыдыратқан тұмандай сап болады. Бір нәрсенің басы айқын: жүзуді үйрену үшін міндетті түрде суға түсу шарт.
Шешендік – ұлт тектілігінің белгісі
Шешендік дегеніміз не? Шешендік – кісі көркі, ақылмен билеу өнері. Тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы. Дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый. Демек, жас тұлғаға қажетті шешендік дегеніміз – тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдардың жарқындылығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет-қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгілі жандардың, ұлағатты туындылардың тағылым-тәрбиесі, өз дүниетанымының нәтижесі.
Шешен болу үшін тек туа біткен талант болу керек, яғни табиғи дарынды сазгер, суретші, ақын сияқты болу керек, ал өзгелердің пешенесіне таңдаулылардың өнеріне тамсану, таңдай қағу ғана жазылған деген ұғым — бүгінгі таңда ақылға сыйымсыз, таяз ойлаудың айғағы. Әріден келе жатқан талас пікірлердің бірі көпшілік қауымға шешендік өнердің даруы я дарымауы мәселесіне осылайша қарсы дау айтуға болар. «Талант болып тумадым» деп өкінудің қажеті шамалы, таланттар сирек болады, ал өз ісінің майталман шебері болу – әркімнің қолында, тек жатыпішер жалқаулықтан сақтасын де. Халық айтады: «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деп. Ғұламалар айтады: «Ақын туа қалыптасады, шешен жүре қалыптасады» деп. Шешенді оның ерік-жігерінен тыс тәрбиелеу мүмкін емес.
Шешендік өнер – тыңдаушының ақылы мен сезіміне әсер ететін субъективті және объективті күрделі даналық тәлім, шығармашылық қалыптағы қатаң ғылыми түйін. Кезінде атақты төңкерісшіл кеңес шешендерінің бірінен шешен сөйлеу мәдениеті жөнінде оқып үйренуге ден қойдыңыз ба деп сұрағанда: «Ия, сөйлей білу техникасы жөнінде көп оқыдым. Негізгі жұмыс-әрекетіме байланысты мінбелерден жиі сөйлеу қажеттігіне сәйкесті, мен мұны өте жақсы жүзеге асыруға міндеттімін де. Ал ол үшін тынымсыз тер төге оқып-үйрену қажет-ақ» деген екен. Бұл ретте қазақ ғұламалары А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сәтбаев, Қ.Жұбановтардың шешендік тағылымы өз алдында телегей теңіз.
Сөзді көпшілікке таратудың, жұртшылықты сендірудің немесе тәрбиелеу құралы ретінде қолданушы әрбір маман адам шешендік өнердің ғылыми негіздерімен, яғни аудитория алдында түсінікті де ұғынықты, сенімді де иланымды қалыпта сөз сөйлей білу дағдыларын меңгере білуі тиіс. Ұлттық шешендік өнерінің тарамдарын білу – бүгінгі ұтқыр ойлы, шешен тілді ұрпақ тәрбиелеудің кепілі. Әлемдік шешендіктану ілімінің бір тармағы қазақтың шешендік дәстүрін әлеуметтік феномен тұрғысынан таразылағанда белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалай да бір адами оқиғаға байланысты қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырыпсалмалықпен, көркем тілмен айтылатын озат ойлар мен тәлімді тұжырымдар үрдісі болмақ.
Шешендік – ел келешегі жастардың рухын аспандатар, асқақтатар өнер. Ал ел болашағы – қазақ жастарының рухының биіктігі, жоғарылығы – ұлт тәуелсіздігі сақталуының бірден-бір айғағы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шешендік шежіре-рухани байлық көзі. Халқымызға тән шешендік өнер тәліміне кейінгі ұрпақты тәнті етер болсақ, орасан рухани шапағат, парасат сыйлаймыз. Ал рухы зор, рухани бай ұрпақ – еліміздің сенімді келешегі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды