Шешендік сөздерді дамытудың алғы шарттары. Көркем әдебиет тілінің ерекшеліктері. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал. 9 сабақ. 2 нұсқа.
Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар
Сөз мәдениеті. Шешендік өнер
№1 мәтін. Майқы би мен Алаша хан
https://multiurok.ru/index.php/files/shieshiendik-sozdierdi-damytudyn-alg-y-sharttary.html
Орманбет би өліп, қырық сан қырым, отыз сан үрім, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, он сан ноғай бөлінетінде, бүкіл ноғайлының елі жау келіп қалған екен деп, бір үріккен ала тайдан бүлініпті. «Алатайдай бүлінді» делінген сөз сонан қалыпты.
Сол замандарда «Қотан, Қоғам, Қондыкер, Қобан» деген кісілермен «Майқы» деген би болыпты.
Майқы тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Бұқардағы он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол қырық ханның бірі жасатқан екен деседі. «Қызыл аяқ» деген бір елді шауып, ат сауырына салып келген бір қызға аяқ салып, сонан сауысқанның аласындай бір бала ала туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туған балаға іштарлық қылып, қызғанышпен:- Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, еліңді ала тайдай бүлдіреді, - дейді.
Хан бәйбішесінің сөзімен қырық жігітке: «Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін», - деп бұйрық беріпті. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабынан аң аулап күнелтіпті.
Бала өз асын өзі тауып ішерлік болған соң, ешкіммен ісі болмайды, оны қырық жігіт далаға тастап кетеді.
Бала он екі жасында Майқы бидің баласы Үйсінге кез болыпты, бірақ оған бір ауыз тіл қатпайды, үн-түн жоқ қала береді. Үйсін үйіне барған соң Майқы биге: «Бір ағаштың көлеңкесінде отырған жас баланы көрдім, ай десе ауызы бар, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік. Жалғыз айыбы тілі жоқ екен» - депті.
Майқы би ақсақ болғандықтан, өмір бойы арбамен жүреді екен және арбасына кісі жегеді екен.
- Мені балаға алып барыңдар, оны мен көрейін, - депті Майқы. Бала Майқы биді көргеннен-ақ орнынан ұшып тұрып:
- Ассалаумағалейкум хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы, - деп сәлем беріпті.
- Уағалейкуміссәлем, әмісе аман балам! Болайын деп тұрған ұл екенсің. Қолына алып, қараушының жоғынан кем болып тұр екенсің. Кел, балам, қасыма отыр, - деп арбасына мінгізіп, үйіне алып келеді. Төрткүл ошақ қыздырып, төбел бие сойдырып, жоғарғы елді шақырады. Ала бие сойдырып, аймақ елді шақырып той қылады. Тойдан кейін: «Ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына баласы – Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып беріп аттандырады.
- Қаратаудан арман қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңір, Жездікеңір, Құдайберді деген жерге барып ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар. «Хан әділ болса, қарашы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді» - деп, батасын беріп жөнелтеді.
Жүз жігіт Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Ақтау, Ортауды айналып, Майқы бидің айтқан жеріне келеді. Ұйқы бұзып жылқы алды, күйме бұзып қыз алды. Көшкен елді көш-жөнекей алды, ерулі елді отырған жерінде алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыларыстан хан естиді. Қотан, Қоған, Қоғам, Қондыкер, Қобан, Майқы билерге елші жіберіп: «Менің баламды жігіт-желең етіп желіктіріп жібергені не қылғаны? Баламды өзіме әкеп берсін, сөйтіп менен қалағанын алсын» - дейді. Сонан соң бұлар: «Сендер барып, шақырып келіңдер» - деп, Қотанұлы Болатты жүз жігітпен жібереді. Бұлар барған соң бұрынғы барғандар, өздерің де қайтпаңдар, «қайт» деген сөзді бізге айтпаңдар, - дейді. Шақыра барған кісі де қайтпай қалып қояды.
«Үндемесе де үйден шықпаса да еңбек» дегендей, Майқы би үйде жатып-ақ жұмыс тындырып жатады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген кісі осы екен.
Сонымен бұл үш жүз кісі: «Енді ел болғанымызды, жұрт көзіне түсірейік» - деп баяғы ала баланы, алашаға отырғызып, Ұлытаудың басына көтеріп шығарып, хан сайлайды. Оған «Алашахан» деген ат қояды. Бастапқы бірге келген жүз жігітті бастығының аты «Үйсін» болғандықтан «Ұлы жүз Үйсін» деп атайды. «Оларды – Салықшы, жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас-түйін болып тұрсын!» - деседі.
Ортада келген жүз жігітті «Болатқожа» болғандықтан «Орта жүз Ақжон» (Болатқожаның лақап аты) деп атайды. «Бұлар тосқауылшы, ортада» деседі.
Соңғы келген жүз жігітті (бастығы «Алшын» болғандықтан) «Кіші жүз - Алшын» деп атайды, бұлар алда жүрсін, жауға алдымен шабатын болсын дейді.
№2 мәтін. Жидебай мен Қараменде
Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты.
Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып-қажығандағы өзгерістерін айтып, пікір алыспақшы болуды ойланады. Бірақ өзі бара алмайды да, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:
- Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші, - дейді.
Жігіт жүрмекші болған соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай анықтап ұғып ал» - деп тапсырады.
Жидебайдың айтқан сөзін жаттап алады.
Бес ауыз бір сөзім:
Төрт нәрседе үміт бар,
Бір нәрседе үміт жоқ, - осыны айт дейді.
Алты ауыз бір сөзім:
Мұсылман жаудың қолында қалдым,
Бес атаның малын іздеп әуре болдым,
Алпыс ат үйір бермеді,
Жетпіс торғай шырылдайды,
Сексен балапан ұя басып жатыр.
Тоқсан жұмыртқаның қашан жарылары белгісіз.
Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралай бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт, Қараменде биді іздеп табады.
Біраз күн жатып тынығып, ел жайлы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?» - деп сұрапты.
Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып, көп толғанып-ойланады. Біраздан кейін: - «Төрт нәрседе үміт бар» дегені, адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау:
Жас өсемін деп үмітті,
Жалғыз көбейем деп үмітті.
Жарлы байимын деп үмітті,
Ауру жазыламын деп үмітті.
- «Бір нәрседе үміт жоқ» дегені – шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен, - дейді.
- «Мұсылман жаудың қолында қалдым» дегені: бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жолдасы – жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойсың, балаға сонда ғана сыйымды болады, - депті.
- «Бес атаның малын іздеп әуре болдым» дегені: Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мұсуақ, тәспақ, орамал, бәкі, қамшы – болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сипалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салдырып алсын, - депті. Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен.
- «Алпыс ат үйір бермеді» дегені, алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой.
- «Жетпіс торғай шырылдайды» дегені – жетпісте торғайдай ғана қуатым қалды дегені екен ғой.
- «Сексен балапан ұя басып жатыр» дегені – сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой.
- «Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін» дегені – тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабірдемін, ажал қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой, - депті.
Ғалымның хаты өлмейді
«Таймас Жұдас шешен айтты» дейтін сөз
Бір күні Абылай хан қарамына көз тойған, үш жүзден озған, ақылы асқан билермен бас қосып отырғанда:
- Дүниеде тозбайтын нәрсе бола ма? Өлмейтін жан бола ма? Осыны тауып беріңдер де, менен қалағандарыңды алыңдар,- депті.
Сонда отырғандардың біреуі:
- Тас тозбайды, темір тозбайды, асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді - деп, біреуі оны, біреуі мұны айтыпты. Абылай өзі де біліп отырған жоқ, білсе сұрай ма? Бұл сөздер көңіліне қона қоймапты. Сонда түптегі Қыпшақ, «Таймас Жұдас» деген жұпыны киімі бар бір кісі тамам билер гуілдесіп, дүрілдесіп отырғанда ләм-мим деп тіл қатпай, сөз тыңдапты. Сонан бір орайы келгенде орнынан ұшып тұрып Абылай ханның алдына шарт жүгініп, былай депті:
- Алдияр тақсыр! Бұлардың айтып отырғаны тозатын нәрселер, өлетін нәрселер. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі құдай жаратпаған» демей ме? Міне, мен тозбайтын не, өлмейтін не айтып берейін. Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда бірінен бірі жүйрік ат алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Жүйрік ат өледі, қыран құс ұшады. Түзу мылтық қисаяды. Достық сондаймен тозады. Төсекте бас қосылсын, төскейде мал қосылсын деп құда болады. Кит саларда бір дау, мал берерде екі дау, үйге енгізерде үш дау, ұзатарда төрт дау, осы даулардың бәрі де тозады. Бірімен бірінің құдалығы да тозады. Құдай қосқан құдай емес, құшақтасқан дос емес. Бірінен бірі жан аяспайтын, көрмесе сағынып тұратын екі тату болады. Тозбағанда сол екі татудың достығы тозбайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?