Қазіргі әлемдегі саясат және жаһандық мәселелер. Қазақ тілі, 10 сынып, сабақ жоспары. 3 сабақ. 1 нұсқа.


Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі: 8

Мектеп:

Пән:3-сабақ

қазақ тілі

Күні: 2019 ж.

Мұғалімнің аты- жөні: Қ.Н. Амиргазина

Сынып: 10

Қатысқан оқушылар саны:

Келмегендер:

Сабақ тақырыбы

8-бөлім: Қазіргі әлемдегі саясат және жаһандық мәселелер.

Осы сабақта қол жеткізілетін оқу мақсаттары (оқу бағдарламасына сілтеме)

10.2.4.1 әртүрлі стильдегі (ғылыми, ресми ісқағаздар, публицистикалық, ауызекі сөйлеу, көркем әдебиет стилі) мәтіндердің тақырыбын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау

Сабақ мақсаты:

Әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдайды

Бағалау критерийлері

Бағалау критерийлері

Дескрипторлар

10.2.4.1 әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау

әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын салыстыра талдайды;

әртүрлі стильдегі мәтіндердің мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін салыстыра талдайды;

әртүрлі стильдегі мәтіндердің құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдайды

Тілдік міндеттер

Негізгі тақырып бойынша лексикалық минимум: жаһандану, қарқынды даму, байланыс жүйесі, нарыққа шығу, жеңілдей түсті, бедел, салық, іргесі, аңсайды, кері шегінеді, үрдіс, мойындағысы келмейді, бойға сіңіру, руханият, өркениет, көлегейлену, сабақтастыру және т.б.

Неге? Қалай? Қашан? сұрақтарын пайдалану арқылы айтылым алды дайындық сөйлесуін жүргізеді.

Мен осы көзқараспен келісемін/келіспеймін. Өйткені ...

Құндылықтарды дарыту

 

  • өмір бойы оқу- білімін тереңдету
  • азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рух -сабақ мәнмәтінінде көтерілген мәселеге сыни ойларын арттыру
  • ынтымақтастық: бір-бірін қолдау, өзгенің пікірін сыйлау
  • өз пікірін білдіру барысындағы ашықтық

Пәнаралық байланыс

Сабақ елтану, тарих пәндерімен байланыста өтеді.

АКТ –ны қолдану дағдылары

Интерактивті тақта мүмкіндіктері

Алдыңғы білім

Оқушылар алдыңғы бөлімдер бойынша білгендерін бір-бірімен сөйлескенде пайдаланады.

Сабақ барысы

Жоспарлан

ған сабақ кезеңдері

Сабақта жоспарланған жұмыс түрлері

Ресурстар

Сабақтың басы

10 мин

Қызығушылықты ояту.

Оқушылар 1,2,3,4,5 топқа бөлінеді. «Стиль» сөзін әр топтан бір оқушы түсіндіреді.

Мағынаны тану.

  • Оқылымалды тапсырмасы.

Әр топ оқушылары өз нөмірі бойынша ұсынылған сұрақтарға жауап береді.

1. Қандай стиль түрлерін білесіздер?

2.Ресми стиль қай кезде, қашан қолданылады?

3.Көркем әдебиет стилін қайдан кездестіруге болады?

4.Ауызекі сөйлеу стилі көбінесе қайда кездеседі?

5.Публицистикалық стиль деген не? Мысал келтіріңіз.

Кері байланыс. Соңында әр топ оқушылары «Стиль» сөзін түсіндіріп, қорытынды айтады.

Оқушы дәптері

Сабақтың ортасы

25 мин

Оқылым тапсырмасы. Әр топтағы оқушылар жұпқа бөлініп, берілген мәтіндерді ұсынылған кесте бойынша

салыстыра талдайды.

Оқушылар екі мәтін бойынша талдау жасайды, бір-бірімен ой бөлісіп, жұмыстарын толықтырады.

Мәтіндерді жұптарға бөлу:1-2 –мәтін І жұпқа; әтін І жұпқа;

3-4–мәтін ІІжұпқа, 5-6–мәтін ІІІ жұпқа.

Кесте бойынша өз тапсырмаларын жазып дайындайды.

1-мәтін

2-мәтін

Стилі

Тақырыбы

Мақсатты аудиториясы

Құрылымы

Тілдік ерекшелігі

Тапсырманы бағалау 1-2-3-1 жұптар ретімен бағалау критерийлерімен жүргізіледі.

Бағалау критерийлері

Дескрипторлар

10.2.4.1 әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау

әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын салыстыра талдайды;

әртүрлі стильдегі мәтіндердің мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін салыстыра талдайды;

әртүрлі стильдегі мәтіндердің құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдайды

Қосымша мәтіндер дидактикалық материалда берілді

Сабақтың соңы

5 мин

Рефлексия.

Дифференциация – қалай жүзеге асырылды.

Көбірек қолдау көрсетуді қалай жоспарлайсыз?

Мақал- мәтелдерді қолдандыруға көбірек көңіл бөлу. Селқостық танытатын оқушыларға көшбасшылық қызмет жүктеу.

Қабілетті оқушыларыңызға қандай жоспар құрған болар едіңіз?

Қабілетті оқушыларға зерттеу, жинақтау тапсырмаларын беруге баса назар аудару

Бағалау.

Сіз оқушылардың материалды меңгеру деңгейін тексеруді қалай жоспарлайсыз?

Бағалау 1-2-3-1 жұптар ретімен бағалау критерийлерімен

бағаланады

Денсаулық және қауіпсіздік техникасын сақтау

Жайлы атмосфера қалыптастыру

Сабақ бойынша рефлексия

Сабақ мақсаттары Оқыту мақсаттары шынайы болды ма?

Барлық оқушылар оқу мақсаттарына жетті ме? Егер оқу мақсаттарына жетпесе, неге?

Сабақта дифференциация дұрыс жүзеге асты ма?

Сабақ кезеңдері уақытқа сәйкес келді ме?

Мен жоспарыма қандай өзгерістер енгіздім және неліктен?

Бұл бөлімді сабақ туралы ойларыңызды жазу үшін қолданыңыз. Сабағыңызға қатысты деген сол жақта келтірілген ең маңызды сұрақтарға жауап беріңіз.

 

 

Жалпы бағалау

Қандай екі дүние сабақтың одан да жақсы өтуіне ықпалын тигізуші еді? (оқытуға және үйренуге қатысты

Сабақтың қандай екі аспектісі жақсы өтті (оқыту мен оқуға қатысты ойланыңыз)

1:

2:

Қандай екі дүние сабақтың одан да жақсы өтуіне ықпалын тигізуші еді? (оқыту мен оқуға қатысты ойланыңыз)

1:

2:

Осы сабақтың барысында мүмкін барлық сынып немесе жекелеген оқушылар туралы менің келесі сабағыма қажет болуы қандай ақпаратты білдім?

Қосымша

Дидактикалық материал

1-мәтін. І жұп. Қазіргі заманның жаһандык мәселелерін философиялық пайымдау.

Жаһандану (ағылш. Global - «әлемдік», «дүниежүзілік», «жалпы») - жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі. Терминді ғылыми айналымға алғаш рет 1983 жылы енгізген америкалық экономист Теодор Левитт. Жаһанданудың жаңа сатысының түрлі аспектілерін 20 ғасырдың ортасынан бастап Уолт Ростоу, Дэниел Белл, Алвин Тофлер, Питер Дракер, Джон Нейсбитт, Лестер Туроу зерделеді. Олар ғылымға “интеллектуалдық индустриялар экономикасы”, “ақпараттық қоғам”, “техникалық революция”, “ақпараттық жарылыс”, “ғаламдық ауыл” деген ұғымдарды енгізді.

    «Жаһандану» деген терминді қазіргі таңда естімеген адам жоқ шығар. Қазіргі таңда жаһандану, ең алдымен, бүгінгі орын алып отырған халықаралық экономикалық қатынастардың сипаты мен серпінді техникалық прогресті қамтамасыз ететін өндірістік күштердің (көлік, байланыс құралдары, әлемдік компьютерлік желілер және т.б.) даму деңгейіне қатысты болып келеді. Осы орасан ғылыми-техникалық прогресс әлемнің бейнесін түбірімен өзгертіп, жаһандануға алып келді, алуан түрлі халықтарды бір-біріне жақындата түсті. Дегенмен, қазіргі жаһандану бір жақты сипатқа ие емес. Өте ауқымды болып келетін өндірістік-қаржы ресурстарының трансұлттық корпорациялардың қолына шоғырлануы оларды, шындығында, әлемнің нағыз қожасына айналдырады. Нәтижесінде трансұлттық мемлекеттер өз егемендігінен айрылып, өз елдерінің нарықтарындағы қаржы-экономикалық жағдайды бақылау тізгінін босатып алады. Бұл жаһандық мәселелердің біреі ғана болып табылады.

    Жаһандық мәселелер дегеніміз шешімі өркениеттің ары қарай өмір сүруіне әсер ететін мәлелердің жиынтығы болып табылады. Бұл мәселелер жалпы адамзаттың өміріне әсер етеді.

    Адамзаттың жаһандық мәселелері - ғаламшар тұрғындарының өмірлік қызығушылығын қозғайтын және бұл мәселелерді әлемнің барлық мемлекеттері ортақтасып шешетін мәселелер. Олар: азық-түлік, кедейлік, қуат көздері, экология мен тұрақты даму, әлемдік мұхитты меңгеру, демография мәселелері, АИВ инфекциясы және т.б. Бұл тізім тұрақты емес, өркениеттің дамуымен бірге жаңа жаһандық  мәселелер туындап отырады.

       Азық-түлік мәселесі дегеніміз - қазіргі кездің өзінде адамдардың өзін - өзі өмірлік маңызы бар азық-түлікпен толық қымтамасыз ете алмауы. Бұл мәселе неғұрлым төмен дамыған елдерде азық-түліктің жетіспеушілігі (ашығу) деп танылса, дамыған елдерде тамақтану теңгерімсіздігі болып табылады. Бұл мәселенің шешімі табиғи ресурстарды тиімді қолдану, ауыл  шаруашылығындағы ғылыми-техникалық прогресске және мемлекет тарапынан қолдау деңгейінен тікелей тәуелді.

    Кедейлік мәселесі жаһандық мәселелердің ішінде ең негізгілерінің бірі. Кедейлік деп отырғанымыз мемлекеттің сол елдегі адамдарды ең қарапайым және ең арзан өмір жағдайымен қамтамасыз ете алмауы.

    Жаһандық энергетика мәселесі - адамзатты қазіргі кезде және жақын болашақта энергия мен отынмен қамтамасыз ету проблемасы. Бұл проблеманың шығуының негізгі себебі ХХ ғасырда минералды отынды пайдаланудың күрт өсуі. Дамыған елдер энергияның жұмсалуына сұранысты кеміту арқылы шешсе, қалған елдерде салыстырмалы түрде энергия жұмсалуы өсуде. Әлемдік экономиканың экологиялық потенциалы адмзаттың шаруашылық қызметі себебінен жиі бұзылып отыруда. Бұған жауап болған экологиялық тұрақты даму концепциясы болды. Қоршаған ортаны қорғау дамудың маңызды бөлігі болып табылады. Қоршаған ортаның деградацияға ұшырауы ресурстардың толықтай жойылып кетуіне алып келуі мүмкін.

    Әлемдік мұхиттар порблемасы  - мұхит кеңістігі мен оның ресурстарын сақтап қалу мен тиімді пайдалану порблемасы. Қазіргі кезде әлемдік мұхит тұйық экологиялық жүйе ретінде бірнеше есе өскен антропогенді күштерге әрең шыдап отыр. Оның өзі мұхит өліміне әкелетін үлкен қауіп болып табылады. Сондықтан, жаһандық мұхиттар мәселесі деп отырғанымыз  - ең алдымен оның аман қалуы.

  Демографиялық мәселе екі түрлі көрініс табады: дамушы елдердегі демографияның күрт өсуі және дамыған және өтпелі кезеңдердегі елдердің демографиялық қартаюы. Біріншісінің шешімі - экономикалық даму қарқынының дамуын жоғарылатып, халық санының өсу қарқынын төмендету болса, екіншісінің шешімі - эмиграция мен зейнетақы жүйесін реформалау болып тұр.

Қорыта айтқанда, адамзат дамуының жаһандық мәселелері оның кез келген даму кезеңдерінде өзекті болды. Десек те, аталған мәселелер ХХІ ғасырда ерекше маңыздылыққа ие болып, бүкіл халықаралық қоғамдастықты алаңдатып отырғаны жасырын емес. 

2-мәтін. І жұп. Келіссөзде

А: -Кешіріңіз, кездесуіміз сәл кеш басталып жатыр. Оның өзінің себептері бар. Кешірім сұраймыз.

В: -Оқасы жоқ! Серіктес болу оңай емес!

А: -Дұрыс айттыңыз! Сіздің компаниямен серіктес болу біз үшін үлкен мәртебе.

В: -Бірден іске көшейік. Сіздердің талаптарыңызбен таныстық, көп ойландық... Бірақ тауардың көтерме бағасы бізге тиімді емес.

А: -Біздің бағамыз қаладағы ең төмен баға.

В: -Солай екені рас. Бірақ біз тапсырысымызды келісілген көлемнен үш есеге көбейткіміз келеді. Оның үстіне... біз сіздің компаниямен ұзақ мерзімді келісім-шартқа отырғымыз келеді. Сондай-ақ, біз сіздердің тасымалдау компанияларыңызбен де қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

А: -Біздің компанияға деген сенімдеріңіз үшін көп рахмет. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамыз. Бірақ сізге ұсынған баға біздегі ең төменгі баға. Одан артық түсіру бізге қосымша шығындар әкеледі.

В: -Әлбетте. Бірақ біздің ұсынып отырған бағамыз сізге де, бізге де ұтымды деп ойлаймын. Қазақстандық нарықта сіздің бәсекелестеріңіз аз емес екенін білеміз. Бізбен серіктес болсаңыздар, тауарларыңызды сыртқы нарыққа шығаруға мол мүмкіндік ашылатынын ескерсеңіздер деймін. Оның үстіне біздің компанияның атақ-беделі сіздің отандық нарықтағы имиджіңізді көтере түсетіні анық.

А: -Сіз өте жақсы ой айттыңыз. Біз сыртқы нарыққа шығуға талпынып жатырмыз. Тауар көлемін күн сайын өсіріп жатырмыз. Қазір сақтандыру компаниясымен тауарды сақтандыру тарифтері туралы келіссөздер жүргізудеміз.

В: -Тауар көлемін ұлғайту туралы шешімдеріңіз өте дұрыс шешім. Болашақта сіздің тауардың 40 пайызын тек біздің компания ғана сатып алып отыратын болады. Біздің болашаққа жоспарларымыз өте көп.

А: -Әрине, әрине. Еш күмәнім жоқ. Мен бұған қатысты шешімді қазір айта алмаймын. Ұсыныстарыңызды компания мәжілісінде көтеремін.

В: -Өте жақсы. Екі жаққа да ұтымды шешімге келетіндеріңізге сенемін.

А: -Мен сізге ешнәрсеге уәде бере алмаймын. Акционерлердің ортақ шешімін тосуға мәжбүрміз.

В: -Түсінікті. Алайда бізге жауаптарыңызды тез арада берсеңіздер екен. Тауардың алғашқы партиясын біз келесі айда алуымыз керек. Төлемақысын есеп-шоттарыңызға бірден аударамыз.

А: -Әлбетте. Жақын күндерде хабарласамыз.

3-мәтін. ІІ жұп. Қазақстан халқының жартысы кедей

Токио қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы  даму бағдарламасының кедейлікке арналған жылдық баяндамасының тұсаукесері болып өтті. Баяндамада айтылғандай, әлемнің  2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедейліктің құрсауынан шыға алмай келеді. Бұл – бүкіл адамзаттың 14 пайызы деген сөз. 

БҰҰ-ның тұжырымына сәйкес күніне 1 АҚШ долларына күн көретін адам кедей саналады, ал 1 доллардан аз ақшаға күнелтетін адам – пақыр кедей немесе қайыршы деп танылады. 

Ал Қазақстанда қанша кедей адам бар? Бұл мәселеде билік пен тәуелсіз экономистердің есебінің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Еңбек министрлігі мен Статистика агенттігінің есебіне қарағанда, мемлекеттен кедей адам ретінде көмек алатын адамдар саны 100 мыңға да жетпейді. Жалпы қазақ үкіметі кімді кедей деп есептейді? Қазақстанда билік сізді кедей деп есептеуі үшін кіріс адам басына шаққанда айына орташа 8 мың теңгеден аспауы керек.  Бұл – ең аз жалақының 40 пайызы. Төрт адамнан тұратын отбасына айына 50 мың теңгеден артық табыс кірсе, ол отбасыны мемлекет байлар тобына жатқызбаса да, кедейлер қатарына қоспайды. Ресми билік кедейлік шегін барынша төмендете отырып, елдің тартымды имиджін қалыптастырмақ болады.

Елдегі кедейлік жайлы тәуелсіз сарапшылар не дейді? Белгілі экономист Қанат Берентаевтың пікірінше, Қазақстан халқының жартысын  кедейлер табы құрайды. Ал, басқа бір зерттеулерге қарағанда, байлар – 12 пайызды, орташалар – 20 пайызды, ал кедейдер – 68 пайызды құрайды. Қазақстанда сол байлар мен кедейлер арасындағы айырма да өте үлкен: тәуелсіз сарапшылыр бұл көрсеткіш 30 есені құрайтынын айтады, ал, Еуропада бұл көрсеткіш 5-7 есе аралығында.

Қазақ билігі елімізге көрші Өзбекстаннан келіп жұмыс істеп жатқан еңбек мигранттарына меңзей отырып, «қазақтар жалқау, басқа елден адамдар келіп, өз нәпақасын тауып жатқанда, отандастардың  жұмыс жоқ деп отырғаны орынсыз» деген ойды алға тартады.

Бірқатар қоғам қайраткерлері елдегі кедейліктің басты бір себебі – жемқорлық деген пікірде. Елдің Бас прокурорының дерегіне қарағанда, өткен он жыл ішінде Қазақстаннан шет елге 140 миллиард доллардан астам қаржы шығып кеткен. Бұл, әрине, - өте үлкен қаржы. Бірақ, қазақстандықтар бұл байлық халықтың байлығы емес, билік пен сол ел ағаларымен біте қайнасқан олигархтардың басыбайлы меншігі екенін түсініп келеді. Азаматтық қоғамы әлжуаз, демократиялық институттары дәрменсіз, бақылаусыз билігі білгенін істейтін елде кедейлік мәселесінің шешілуі оңай емес. Мұндайда қара халықтың  «Билікке – ынсап, ал бізге – төзім берсін» дегеннен басқа шарасы жоқ. 

Сейіт ИМАТОВ

4-мәтін. ІІ жұп. Құрметті медиа форум меймандары!

Ханымдар мен мырзалар!

 Сіздерді бүгінгі ҮІ Еуразиялық медиафорумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Еуразияның кіндігіндегі Алматыда әлемдік деңгейдегі қоғамдық ой-сана өкілдері мен майталман журналистердің жиналғандарына қуаныштымын. Жаһандық көкейкесті мәселелерді ортаға салып, оларды бірлесіп талқылап, ортақ шешімге келу үшін Сіздердің осылайша бас қосуларыңыз игі дәстүрге айналды.

 Қазақстан Шығыспен Батыстың, Терістік пен Күнгейдің геосаяси векторлары мен мәдени ареалдары қиылысқан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті де біздің стратегиямыз ұлттық және халықаралық үдерістердің өзара байланысына негізделген.

 ХХІ ғасырдың ақиқаты шиеленіссіз келешек жөніндегі романтикалық қиялды жоққа шығарды. Халықаралық қатынастар жүйесі үдей түскен ғаламдық және аймақтық сипаттағы қауіп-қатер алдында әлсіз болып шықты. ...Бүгінгі әлемде жаһандық түйіндерді шешудің қарапайым жолы жоқ. Озбырлық тек зорлық-зомбылық туғызады. Ксенофобия, күдікшілдік және қорқыныш ХХІ ғасырдың жаңа обасына айналып келеді.

Жаһандық кеселдердің бетін қандай оң әрекеттер қайтара алуы мүмкін? Басы ашық нәрсе – әлемдік саясатта аса елеулі жаңарулар жүзеге асуы тиіс, халықаралық қатынастар мен халықаралық қауіпсіздік жүйесін қозғайтын жаһандық мәселелер өзгеруі тиіс.

Біріншіден, қазіргі дүниені біртұтас жанды ағза деп ұғыну халықаралық саясатта жаһандық бәсеке парадигмасынан жаһандық жауапкершілік парадигмасына жаһандық бәсекеге ауысуды талап етеді. «Жаһандық пайымды ой» мен «жаппай жауапкершілік» қағидаттарымен қаруланатын кез келді.

Екіншіден, мен халықаралық қатынастарда өзара төзімділік, түсіністік ұғымын қайта қарап, оған сапалық жаңа рең беру керек деп есептеймін. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты негізгі ықпал ету тұстарының бәрімен – Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, ЕО-мен, Үндістанмен, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен әріптестік қарым-қатынас орнатуға бағытталған.

Халықаралық сахнада өзін ұстаудың үшінші қағидатының маңыздылығын мен мәмілеге келмеу болашағы моделінен қағидаттық түрде бас тарту және сенім мен стратегиялық жауапкершілікті белсенді түрде қалыптастыру дер едім.

Сөзімді қорытындылай келе, біз осынау Форумға адал болып отырғандарыңыз үшін сіздерге ризашылықтамыз. Осында әлемнің саясатшылары, әлемнің танымал журналистері жиналуының өзі Қазақстанға деген сенімді көрсетеді. Барлық талқылаулар бір-бірімізге деген төзімділік аясында өтеді және бұл біздің бәрімізге зор пайда әкеледі деген сенімдемін.

Ықыластарыңызға рахмет. Сіздерге зор табыстар және мықты денсаулық тілеймін.

5-мәтін. ІІІ жұп. Бай мен кедей арасындағы айырмашылық күннен-күнге ұлғаюда

 Атлант мұхитының арғы жағы мен бергі жағындағы елдерде тұратын бай мен кедейлердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Еуропалық орталық банк АҚШ-тың Федералды қорының кеңесімен мемлекеттік құнды қағаздарды күн санап көбейтіп жатыр. Оларды баяғыдай тек қалтасы қалың азаматтар ғана сатып алуда.

 Ал тұрмысы нашар адамдардың жағдайы керісінше құрдымға кетіп барады. Еуропалық орталық банк басшысы Марио Драги америкалық әріптестерінің айтуымен еуроаймақтағы елдердің мемлекеттік облигацияларының сатылымын ұлғайтуда. Еуропадағы басты қаржылық құрылым мұндай қадамға экономикалық жағдайы нашар елдерге аяғынан тік тұруға дем беру үшін барып отыр. Алайда аталған аймақтағы бай мен кедей қауымдарының арасындағы айырмашылық уақыт өткен сайын алшақтап баратындығын айтады сарапшылар. Оған әсер етіп жатқан басты нәрсе – құнды қағаздар қалталылардың ғана қолында. Шыны керек, экономистердің бұған келгенде пікірі сан алуан. Дегенмен АҚШ- тың Федералды қорының басшысы Джанет Йеллен бай мен кедейдің арасы жер мен көктей болып кеткеніне алаңдаулы.

 Джанет Йеллен, АҚШ Федералды қорының басшысы: - Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық қазір ХІХ ғасырдан бергі ең жоғарғы шегіне жетті. Осы айырма төменде тұрғандардың экономикалық ресурстарға қол жеткізуіне тосқауыл қойып, теңсіздіктің өміршеңдігін арттыруда. Мен «Бұл үдеріс біздің ұлттық тарихымызға енгізілген құндылықтарға лайық па?», - деп сұраудың өзі өрескел деп ойлаймын.

Қауымның қақтай екіге бөліну мәселесі батыста осы жылы жарық көрген Томас Пикеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» атты кітабынан кейін қызу талқыға салына бастады. Автордың айтуынша, қазіргі капитализм – ауқаттылардың заманы. Олар байыған үстіне баюда. Бірақ оның кесірінен әлеуметтік теңсіздік өршіп, салдары экономикалық өсімге кері әсер етеді.

 Томас Пикетти, Париж экономика мектебінің профессоры: - Мен статистикалық мәліметтер негізінде айтқым келіп тұрғаны мынау: біздің бүкіл тарихымыздағы капитал теңсіздіктің тереңдеуіне негізделіп келген. Бұл тенденцияны түсіндіру оңай. Үнемі толығып жатқан байлық ғаламшардағы халықтың 1%-ының ғана қолына жинақталуда. Бұл өз кезегінде кірістің өсіп, шығыстың азаюына алып келеді. Қаржыға қатысты ең басты түйткіл осында.

 Мәселенің мән-жайын сандармен сараласақ. Мәселен, АҚШ – соңғы мәліметтер бойынша, қоғам арасында теңсіздік жайлаған әлемдегі Түркия мен Чилиден кейінгі үшінші ел. АҚШ-та етек алған проблеманың коэффициенті – 0,39. Ал еуроаймақта мұндай көрсеткіш бойынша қара тізімді бастап тұрған – Испания. Онда бұл коэффициент 0,34-ке жеткен. Оған бірнеше жайт себеп. Соңғы кездері жалпы халықтың жалақысы тым баяу өсуде. Жұмыссыз сабылғандар мен тұрғын үй бағасының қымбат болуынан жеке баспанасыз жүргендер қаншама. Оған қоса, жоғарғы білім алу үшін несие алып, оны өтей алмай жүрген америкалықтар мен еуропалықтардың қарасы көп.

 6-мәтін. ІІІ жұп. Стильдердің қолданысы

Стилистикалық нормада жалпыға ортақ міндеттілік, шекараларының айқын болуы жалпы нормадағыдай емес, аздау мөлшерде болады. Әр функционалды стильдің нормасы әр түрлі болып келеді. Біреуіне тән норма екіншісіне тән болмайды, не аз мөлшерде деректі болады. Мысалы, ғылыми стиль мен ауызекі тұрмыстық сөйлеу стилінің нормалары бір-біріне қарама-қарсы, ал ғылыми стиль мен ресми стильдің нормалары бір-біріне жақындау болады.

Ғылыми стильде сөйлемнің синтаксистік құрылымы толық, сөйлемдер шұбалаңқы, ұзын болады. Сөйлемдегі сөздердің орны логикалық қатаң тәртіпке бағынады. Мағынасы жалпылама – дерексіз сөздер басым қолданылады. Ғылыми стильдің дайындалу, көріну жағдайы да ерекшелікке ие: ол алдын-ала мұқият дайындалады және мұнда қарым-қатынас тікелей емес, жанама түрде орнатылады, көп жағдайда жазбаша көрініс табады.

Ресми стильдің ғылыми стильге синтаксистік деңгейде біршама ұқсас жақтары бар (сөйлемдер ұзын, орын тәртібі тұрақты, бір мағыналы сөздер қолданылады), алайда одан мәнді айырмашылықтарға ие болып келеді. Сөйлемдер дайын үлгіге құрылып, бір қалыптан шыққандай, тілдік құралдары да шектеулі болады.

Публицистикалық стильде екі жақтың да қоспасы бар, ол мынаған байланысты: бұл стильдің жанры әр алуан және жазбаша да, ауызша да көріне береді. Оған хабарлау және әсер ету функциялары тән. Осы жағдайлар оның тіліне де ықпалын тигізеді. Сондықтан онда ақпарат тасушы және экспрессивтілікке ие құралдар бірлікте қолданылады. Сонымен қатар газет тілінде, оның жедел шығуына байланысты, әбден тұрақталған (стандартқа айналған) құрылымдар да орын алады.

Көркем сөз стилінің нормасы өте кең, тіпті ол әдеби тіл нормасы ауқымынан шығып кете алады. Көркем әдебиет тіліне жазба және ауызша тілдік құралда бірігуі тән. Біріншіден, көркем шығармада кез келген әдеби, әдеби емес тілдік

бірліктер қолданылады. Бірақ олар өнер құбылысының заңдылықтарына бағынады. Әдеби-эстетикалық өңдеуден өтеді. Екіншіден, көркем шығармада жазушының өзіндік дүниетанымы, көзқарасы бейнеленеді. Шығарманың жанрлық, тақырыптық т.б. ерекшеліктері көрініс табады. Әрі әр жазушының стильдік даралығы, қайталанбас сөз қолданысы бейнеленеді.Осы жағдайларға байланысты көркем сөз стилінің басқа стильдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі болады.

edu.semgu.kz/.../e136aa14-04eb-11e7-bfa7-a692e7d05c5e...

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
Пікір жазу