Қазіргі әлемдегі саясат және жаһандық мәселелер. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 4 сабақ. 1 нұсқа.


Қосымша

Дидактикалық материал

1-мәтін. І жұп. https://massaget.kz/blogs/6896/

Жаһандану және ел тағдыры

 Мен ұлт пен ел мәселесін қозғамай тұрып, алдымен мынадай мәселеге тоқталсам: Жаһандану дегеніміздің өзі не? Ол қандай құбылыс? Бұл құбылыс адамзат тарихында көрініс тапқан ба, әлде бұл тек қана ХХІ ғасырдың дүбірі ме?

Бұл сөз ағылшын тілінен "global" - "дүниежүзілік" деп аударылады, орыс тілінде "глаболизация" деп айтылып жүр. Қазақ тілінде: ғаламдану, жаһандасу, ғаламшарлану, әлемилену дегенді де естиміз. Ал енді ғаламдану – жаһандасу, ғаламшарлану дегеніміздің ұғымдық-мағыналық жағын айтсақ, аты айтып тұрғандай, ғаламдану қандай да болсын үдерістің, іс-әрекет барысының немесе мәдени-әлеуметтік феноменнің, құбылыстың бір ғана ұлт, халық, мәдениет, өркениет немесе құрлық шеңберімен шектелмей, бүкіл планеталық, жұмыр жерлік, бүкіл әлемдік деңгейде көрініс тауып, маңызға ие болуын танытатын ұғым. Жаһандану – үдеріс, орын алып отырған, әлі өз мәресіне жетпеген, аяқталмаған іс. "Жаһандану" бүкіл жер жүзінде жайылу, таралу деген мағынаны да, әлемдік елдердің біртұтас адамзаттық мәдениет қалыптастыру екпініне ілесу дегенді де білдіреді.

 Өзекті болып тұрған ғаламдану құбылысын біржақты талдау мүмкін емес. Яғни не бірыңғай жағымды, не бірыңғай жағымсыз үдеріс, идеология деп кесіп айту қиын. Өйткені әлемдік тарихта нақты орын алған оқиғалар сарыны глаболизмді біржақты дәріптеп жақтаушылар ғана бар деуден аулақ етеді. Күні кеше ғана көз алдымызда шаңырағы ортасына түскен социолизмнің жүйе ретінде күйреуі оның ашық жүргізген глаболистік саясатының жасындылығын паш етпеді. Демек жаһандану шым – шытырығы, қалтарысы көп күрделі де жауапты жол таңдау деп түсіндірілсе керек.

 Жаһандану – адамзатпен бірге келе жатқан үрдіс. Айтылуы, аталуы жаңаша болып көрінгенімен, оның түп тамыры ежелгі тарих қойнауында жатқандығын байқауға болады. Кезінде Шыңғыс хан, Атилла (Еділ), Македониялық Ескендір деген тарихи тұлғалар жер-дүниенің бәрін жаулап алып, өз үстемдігін жүргізіп, ортақ тілді, құндылықтарды әлемге таратпақшы болған. Демек жаһандану тарихта бұрын да көрініс тапқан.

 Бүгінгі таңда еуропа-американдық немесе батыстық мәдениеттің "мысы" басым болып тұр. Ал қалған елдер не батыстың құндылықтарын, мәдениетін қабыл алып, батыстың "жүрдек пойызының соңғы тепшегіне жабысады", яғни жаһанданады, не өздерін батыс ықпалынан шығарып алу үшін томаға – тұйықтық, жабықтық стратегия ұстанады.

 Жаһандану біздің елде де басталып кетті. Осы тұста бір үлкен мәселе туады, ол – жаһандану заманында біз елдігімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтай аламыз ба? – деген сауал. Батыстың мәдениет ықпалды болып тұрғаны рас. Бірақ осы орайда біз Батыстың нені алуымыз, нені алмауымыз керек. Жалпы мәдениеттің өзі екі жолмен пайда болады. Біріншісі – дүниетанымнан келіп шығатын, екіншісі – ғылыми – техникалық дамудан келіп шығатын мәдениет. Біз батыстан ғылым мен техниканың дамуынан келіп шыққан мәдениетті алумызға болады. Тіпті ХХІ ғасырда қазақ жастары озық технологияның барлық қыр-сырын білуі тиіс. Мұны меңгерумен біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз.Ал батыстың дүниетанымынан келіп шыққан мәдениет бізге керек емес. Себебі батыс дүниетанымы өмірдің қызығын бұрмалап, қоғамымызға жезөкшелік, түнгі клубтар, нашақорлық т.б. көріністерді енгізуде. Бұл әсіресе жас буынның санасын улап жатыр. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Егер жастарымыз осындай жеңіл түсінікке ұрынса, онда мемлекетіміздің болашағы не болмақ?

 Ұлтымыздың болмысында біткен асқар таудай биік, өмірдің бар асылына бергісіз, сан ғасырлық ғажайып, бірегей мәдениеті бар. Тіл – мәдениеттің құрылымдық элементі, мәдениеттің болу шарты, әрі ең жоғары құндылығы. Қазір ғаламдық тіл санатына романдық тілдер тобы, нақтырақ айтсақ, ағылшын тілі сақадай сай дайын тұр.

 Ендеше жөргегінде тұншыққандай күйдегі біздің тіліміз – біздің мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлігі. Сондықтан тілімізге қамқор болу – мәдени мұрамызды түгендеудің тағы бір жолы. Тіл ұлт болып қалудың соңғы қамалы екені баршаға аян. Сол қамалды сақтап қалу - әрбір қазақтың қасиетті борышы. Біз қатарлы жастардың негізгі мақсаты – ана тілімізде сөйлеу арқылы оның өміршеңдігіне қол жеткізу. Сол арқылы келешекке біртұтас ұлт, рухы биік халық ретінде жол тарту.

 

2-мәтін. ІІ жұп. Жаһанданудың жымысқы жақтары 21 ғасырдың басында әлемді жаһандану елесі кезіп жүр. Жаһандану анықтамасына да ортақ ең маңыздысы еркіндік, ашықтық, теңдік, қолжетімділік, өзгермелілік секілді ұстаным дарға сүйене отырып,  жаһандану барысында жер бетіндегі адамзат қоғамы көрінбейтін бір орталыққа бағынатын біртұтас әлем құруға ұмтылады.  Жаһанданудың идеологтары бұл болмай қоймайтын, жалпы адамзат баласын жарқын болашаққа бастайтын бірден-бір жол, басқа барар жер жоқ  деп, күндіз-түні жарнамалауда. Жан-жақты жарнамаланып, насихатталып жатқан жаһанданудың алғашқы жетістіктерінен-ақ Батыстағылар оның болашағынан үлкен үміт күтуде. Үстіміздегі ХХІ ғасырды бір сөзбен айтқанда, жаһандану дәуірі деп атауға болады. Қандай да бір ел болмасын, күнделікті тіршілікте томаға тұйық өмір сүре алмайды; өйтсе, артта қалып қояды; мұның арғы жағында  өмір сүруге қабілетсіз халық ретінде жойылып кету  қаупі тұр. Көршілерімен экономикалық, мәдени қарым-қатынастар жасап, олардың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп дегендей, байланыста болу – қоғамдық дамудың бірден-бір шарты. Сондықтан да, жаһандану бұрын да болған, қазір де жүріп жатыр, алдағы уақыттарда да күшейе бермек.  Жаһандану адамзат қоғамына не берді дегенде, алдымен, ғылыми-техникалық, экономикалық жетістіктерді айтар едік. Жер бетінде жаһандануға ұшырамаған ел кем де кем. Тілдік, ұлттық, мемлекеттік шекараларды білмейтін жаһандану бүкіл әлемді қоғамдық дамудың тайқазанында бұрқ-сарқ қайнап жатқан біртұтас дүниеге айналдыруда. Қазір әлемде жаһандану қамтымаған сала жоқ. Ішіп-жеген тамағымыздан бастап, киген киімімізге, мінген көлігімізге, өндіріс орындарының құрал-жабдықтарына, тұрғын, жатын, жұмыс жайларындағы жиһаздарға, техникаларға, рухани құндылықтарымызға, жалпы өмір сүру, еңбек ету салтымызға, рухани өмірімізге дейін қамтып, өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатыр. Демек жаһанданудан қорқа бермей, ақылға салып, оның жақсы жақтарын орынды пайдалана білсек, ұлттық мүддемізге қызмет еткізе білсек, ұтатынымыз анық. Қазіргі заманда әлемдік ауқымда барынша қарқынмен жүріп жатқан мәдениеттер мен өркениеттер қақтығысынан үркіп, жаңа заманға бейімделмей, өткенді аңсап, өткенмен ғана өмір сүру, консерватизм ұлттық дамуды тежейді; тіпті, жолда қалдырады. Сондықтан да жаһанданудың жақсы жақтарын ала білу ұлттық дамудың маңызды шарттарының бірі болып отыр. Бұл – жаһанданудың қоғамдық дамудың барысында туындаған қажеттілік, пайдалы жағы.  Жаһандануды қолдаушылармен бірге оған қарсылар да жеткілікті. Екі жақтың да дәлелдері тыңғылықты. Жаһанданудың ойланарлық, байқамаса, орны толмас зардаптарға, өкініштерге апарып соқтыратын тұстары да баршылық. Мұндағы бар мәселе, сыртқы құндылықтар мен ішкі құндылықтардың арақатынасына, яғни, сырттан келіп жатқан құндылықтардың ішкі құндылықтарға сәйкес келіп, оның ұлттық дәстүрлердің өзіндік табиғи жолымен дамуына кедергі келтірмейтіндей, керісінше, байыта түсетіндей болуына  байланысты болмақ. Өкінішке орай, ұлттық мәдениеттердің, тілдердің сырттан өзіне қажетті құндылықтарды алып, байи түсуімен қатар, сәйкеспей, ұлттық болмысты деформацияға ұшырату үдерісі де қатар жүруде.  Қазіргі жаһандануды сыпайылап «мәдениеттер тоғысы» деп те атап жүр. Демек әрбір ұлттың, елдің ұзақ жылдар бойғы эволюциялық дамуы барысында қалыптасқан ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәдениеті болады. Жаһандану барысында, міне, осы ұлттық мәдениет бір жағынан, басым, жалпыадамзаттық құндылықтарға жақындай түссе, екінші жағынан, оны басқалардан ерекшелендіріп тұратын, тек өзіне ғана тән аса пайдалы, бағалы құндылықтарынан айрыла да бастайды. Ұлтсыздануға апаратын жаһандану  ұраны – түптің түбінде ұлтты жоюға алып баратын тура жол. Ұлттық құндылықтар елдің басын құрайтын негізгі өзек болса, жаһандану барысында осылар біртіндеп мүжіле береді. Біз қаншалықты жаһандансақ, ұлттығымызды соншалықты жоғалта түсеміз. Осы бір-біріне қарама-қарсы екі бағыттағы үдерістің мүмкін болғанынша үйлесімді жүргені аса маңызды. Ал олай болмаған жағдайда, мұның аяғы біртіндеп, ұлттың жойылуына алып келеді; не белгілі бір шекке жеткенде, қарама-қарсылықтардың параллель дамуы тоқтап, шиеленіске, конфликтіге ұласады. Мұндай жағдайлар көпшілігінде басым мәдениеттің әлсіз мәдениетті өзіне сіңіріп алуымен, яғни, басым ұлттың әлсіз ұлтты «жұтып» жіберуімен аяқталып жатады. Мұның өзі жаһандануды әлемге ұлттық мәдениеттерді қиратушы, жоюшы ретінде көрсетіп отыр. Табиғаты мүлдем қарама-қарсы мәдениеттер арасындағы қақтығыс түрлі ұлттар мен діндердің, мемлекеттер мен саяси құрылымдардың арасындағы шиеленістерді барған сайын ушықтыра түсуде. Қазір жалпы адамзаттық ортақ құндылықтарға негізделген мәдениетпен бірге ұлттық мәдениеттердің де өмір сүріп жатқандығы, оның үстіне Батыс пен Шығыс мәдениетінің табиғаты мүлдем басқаша екендігі  жиі айтылуда.  http://akikat.kazgazeta.kz/?p=6549 Дандай Ысқақұлы 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу