Қазіргі әлемдегі саясат және жаһандық мәселелер. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 5 сабақ. 1 нұсқа.
Қосымша
Мақала жазу үшін көмек
Мақала жазып үйренейік
Газетке немесе журналға, тіпті болмаса Massaget.kz сайтына сапалы мақала жазғыңыз келе ме? Ендеше, мағыналы әрі қызықты жазба жазу үшін біздің бірнеше кеңесімізді оқып алыңыз.
Мақаланың не туралы жазылатынын, не мақсатта жазылатынын анықтап алыңыз.
Аудиторияны анықтап алу керек. Жазудан бұрын кім үшін, қанша жастағы оқырман үшін жазатыныңызды анықтап алыңыз. Мәселен, ғылыми мақала мен балаларға арналған мақаланы шатастырмау керек. Аудиторияға сәйкес, дайындығыңыз да өзгеріп отыруы керек.
Оқырманға не керектігін іздеңіз. Оқырмандар не туралы білгісі келеді? Олар іздеген мәліметті беруге сіздің білім қорыңыз жеткілікті ме? Бұл арқылы мақала жазуға сюжет табу оңай болады. Бірақ өз білім қорыңызбен ғана шектелмей, жаңа деректер іздеп, оларды меңгеру арқылы пайдалы мақала жаза аласыз.
Жазатын мақалаңыз еш жерде талқыланбаған, жаңа, өзекті болсын. Ал егер сіз жазғыңыз келген тақырып жауыр болса, оның берілу форматын өзгертіңіз, яғни өзге бір қырынан беруге тырысыңыз. Бар дүниені қайталап жазып шығу емес, ең болмағанда сол ақпаратты толықтыру сіздің мақалаңыздың өзектілігін арттырады. Бұл арқылы оқырманның назарын аударасыз әрі олар әр жазған мақалаңызға қайта оралып оқитындай болады.
Жазатын тақырыбыңызды өзге ешкім, ешқашан жазбаған болсын. Мақалаға өзгеше реңк, жаңа тұрпат беріңіз.
Тақырыпқа жаңа ойлар қосыңыз. Өз ұсыныстарыңызды немесе өзге авторлардың мақаласында жоқ деректерді қосыңыз. Бұл – оқырманның бүгінгі ақпарат тасқынында дәл сіздің мақалаңызды таңдап оқуға себеп болады.
Қызықтыра жазыңыз. Оқырман ғана емес, жазып жатқан тақырыпқа өзіңіз де аса үлкен мән беретініңізді көрсетіңіз. Сіздің қызығушылығыңызды көрген оқырман да мән бере бастайды. Тіпті оқырманның ой қорытуына, сараптауына мүмкіндік беретіндей етіп жазыңыз.
Таңдалған тақырыпты зерттеңіз Негіздерін біліңіз. Жазғалы жатқан мақалаңыздың жалпы сипатын ойластырыңыз. Бұл арқылы көп тақырыптың ішінде адаспай, айтқыңыз келген ойды жинақтауға мүмкіндік болады. Әрине, жазғыңыз келген тақырып төңірегінде ақпарат болмауы мүмкін, сондықтан тақырыпты білетін адамдардан, газет-журналдан, интернет басылымдарынан, кітаптардан іздеп, тапқан жағдайда оларға сілтеме беру арқылы қолдана аласыз.
Мұнда назар аударарлық бір мәселе – сіз тапқан ақпарат негізсіз, өтірік я толық емес болып шығуы мүмкін. Сондықтан іздеуді жалғастыра түсіңіз.
Сенімді ақпарат көздеріне жүгініңіз. Талқыланатын тақырыптың оң да, теріс те көзқарастарын жинақтап, оларды салмақтау арқылы сіз бұл салада маман бола аласыз.
Әрине, деректерді интернеттен табу оңай. Десе де, мұнда да көрегендік, тапқырлық қасиеттер керек. Ақпараттардың сілтемесіне өтіп, ғылыми деректер мен қайнарын қарастыруға ерінбеңіз.
Ақпаратты түрлі жолдармен беруге болады. Табылған ақпаратты мәтіндік нұсқада емес, кесте, диаграмма, суреттермен де беруге болады. Бастысы, оқырманға ақпараттың түсінікті болуы екенін естен шығармаңыз.
Мақаланы жазыңыз.
Көлемін анықтап алыңыз. Жазбаны қай басылымға беретініңізге байланысты сөз санын, қанша парақ жазатыныңызды ойластырып алыңыз. Тақырыпты аша түсу үшін қаншалықты көп жазуыңыз керектігін анықтаңыз.
Мақаланың жоспары
Жазу алдында оның неден басталып, қалай аяқталатынын, негізгі бөлімде қандай мәселе айтылатынын белгілеп алыңыз. Егер жоспар құратын болсаңыз, мақаланың қай бөлімінде композициялық қате барын, қай бөліміндегі деректі толықтыру керектігін біле алатын боласыз.
Жазу стиліне, құрылымына уақыт бөліңіз. Мәселен, мақала мазмұны балалар туралы болса, онда архаизм, термин сөздер қосудың реті жоқ. Ал ғылыми мақалада ақпаратты ауызекі сөзбен жеткізе алмайсыз. Бұл үшін аудиторияның жасы мен көңіл-күйіне назар аударыңыз.
Мысалы, газетке шығатын мақала баяндау формасында, тым ғылыми емес болуы керек. Бірақ ауызекі сөздерді пайдаланбау керек. Ғылыми мақала эссе форматында 5 параграфтан тұратын ғылыми тілде жазылады.
Мақала
Мақаланың негізінде дерек пен жекелеген оқиға жатады, олар кең ауқымды құбылыс ретінде қарастырылады. Нақты деректер, оның тууына негіз болған құбылыстармен байланысқа түседі. Мақалада деректер автордың ойын жеткізу күралы ретінде қолданылады. Автордың көзқарасы, оның түйіндері кең ауқымды орынға ие және нақты дерекке негізделген жалпылама жинағы құрайды.
Мақаланың ерекшелігі оның бір ғана нақты ойды дамыта түсуінде жатыр. Логикалық ой мен дәлелдердің мақсаттылығы, сөйлемдер мен түйіндердің нақтылығы басты назарда болады. Мақаланың мәні ассоциация мен түйіндерден құрылатын автордың ойында жатыр. Сатылай келе тезистердің көмегімен автор оқырманды өзекті мәселеге жақындата түседі. Содан кейін өзінің дәлелдерінің логикалық тізбегін келтіріп, автор оқырманды өз ойының дұрыстығына иландыруға тырысады. Алайда, автор тек қана дәлелдердің логикасына ғана мән беріп қоймайды. Ол эмоциональды әсердің құралын пайдаланады.
Мақала жазу тәсілдері
Негізгі әдістермен таныс болыңыз.
Мақалаңыздың тақырыбын нақтылаңыз. Бір мақала тек бір тақырыпты ашуы тиістігін ұмытпаңыз. Бірнеше нәрсені қозғап, негізгі тақырыптан ауытқып кетуіңіз мүмкін. Ал бұл өз жолында мәтініңізді түсініксіз етеді. Бір мақала - бір мағына, бір тақырып.
Тақырып қойыңыз. Тақырыбыңыз оқырман аудиториясын бір қарағаннан-ақ қызықтыруы тиіс. Тақырып қою шеберлігі болса тіпті керемет. Себебі, тақырып - мақаланың құрылымынан да маңызды. Тақырыпты ашатын қысқаша үш-төрт сөйлем жазыңыз. Бұл тақырып таңдаудан кейінгі маңызды қадам - лид.
Мақалаңыздың негізгі фактілерін белгілеңіз. Факт, ой, мағына. Осының бәрін парақшаға сөздермен түсіріп, жоспар құрыңыз. Сөйлеммен емес, сөзбен. Енді жоспарыңызды оқып шығыңыз. Егер ол тақырыбыңызға сай болып, мағынасын ашып тұрса, мақала жазуға кірісіңіз.
Әр сөздеріңізге(факт, ой, мағына) бір абзацтан арнаңыз. Барлық абзацтың қалыңдығы(ұзақтығы) бірдей болған жөн. Себебі, оқырман мұндай құрылымды тез әрі жеңіл қабылдайды.
Мақаланың құрылымы жайлы ұмытпаңыз -
Кіріспе (негізгі ойға қысқаша тоқталу)
Негізгі бөлім
Қорытынды(негізгі ойларыңызды қорытындылаңыз)
5. Мәтіннен бос сөздерді алып тастаңыз. Сөйлемдер бастауыш пен баяндауыштан басталғаны дұрыс. Түсінксіз сөйлемдерді ауыстырыңыз. Бір сөйлем 6-7 сөзден тұруы керек.
6. Мақаланы дауыстап оқып шығыңыз. Стилистикалық қателер мен теріп жатқан кезде кеткен қателерді жөндеңіз. Қайталанатын сөздерді алып тастап, орнын синоним сөздермен толықтырыңыз!
Міне енді мақалаңыз дайын. Басты ережені ұмытпаңыз, мақала жазудың шебері болу үшін - күнделікті мақала жазып жүрген абзал.
ІІ Ғылыми-көпшілік мақала жазуға көмек (үзінді)
Жазу кезіндегі үйренуге тиіс мәселелердің бірі – ғылыми және ғылыми- көпшілік жұмыстардың құрылымы. Барлығымызға белгілі, ғылыми бағытта жазылатын жұмыстар кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан тұрады, алайда бір қарағанда, белгілі болып көрінетін осы жайт нақты тәжірибе барысында едәуір қиындықтар туғызып жатады. Дәріс алушы аталған құрылымдық бөліктердің тілдік, мазмұндық ерекшеліктерін білмейді, сол білмегендіктен жазған жұмыс өзінің коммуникативтік мақсат-міндетін дұрыс орындамайды. Жоғарыда сөз болған мағыналық бірліктердің осындай құрылымға қатысы бар екендігін айта кеткен жөн, әрбір бөлім өзіндік тілдік және коммуникативтік ерекшеліктен тұратынын ескерген жөн. Мәселен, бағалауыштық тілдік құрылымдарды алалық. Ғылыми, ғылыми-көпшілік мәтіннің қай бөлігінен болмасын бағалауыштық құрылымдарды табуға болады. Бағалауыштық құрылымдар жекелеген сөздер, сөз тіркесі, оралымдар, қыстырма тұлғаларында қолданылады. Тақырыптың өзектілігін білдіретін бағалауыштық құрылымдар көбінесе кіріспе бөлімде жұмсалады. Мұндай құрылымдар, әдетте, белгілі бір мәселенің зерттелу барысын баяндау барысында қолданылады:
зерттеу маңызды, ... зерттеу аса//өте маңызды, ... алатын орны орасан зор, бүгінгі күннің өзекті тақырыбы, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр, бүгінгі күн талаптарының бірі, орынды, үлкен сұранысқа ие болып отыр, өзекті, сөзсіз, даусыз, қажет, мүмкін, ықтимал т.б. Өз дәлелдемелерін ұсыну, негіздеу барысында менің ойымша, меніңше, біздің көзқарасымызша, біздіңше деген қыстырмалар арқылы берілетін бағалауыштық құрылымдар, олар автордың өзіндік көзқарасын білдіру үшін жиі пайдаланылады және көбінесе негізге бөлімге тән болып келеді. Сондай- ақ, эмоционалдық мәндегі бағалау да кездеседі: өкінішке орай, өкінішті т.б.
Жазудан кейінгі дағдылар Редакторлық жұмыстар, өз жұмысына басқаның көзімен қарай білу, жазба жұмыста кездесетін стилистикалық-функционалдық белгілерді нақты айқындау т.т. дағдылар – жазудан кейінгі дағдылар қатарына жатады. Бұл кезеңдегі жұмыстар негізінен дайын мәтіндермен жүргізіледі, дәріс алушы дайын мәтіндерді функционалдық және коммуникативтік белгілеріне қарай ажырата білу керек, бұл дағды әртүрлі редакторлық немесе стилистикалық өңдеулер негізінде дамытылады. Қорыта келгенде, жазу болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін, лингвистикалық сауаттылығын танытатын маңызды тұстардың бірі. Сауатты жазуды үйрену қандай мамандық болмасын дағдыланатын жалпы филологиялық мәні зор сапалық өлшем болып табылады. Сондықтан оған үйрету, баулу жолдарын жетілдіру – тілдік курстардың басты міндеттерінің бірі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?