Тілдік жүйе және норма. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал. 4 сабақ. 2 нұсқа.
Дәрігердің үш қаруы
— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! — деді диктор да қуанып. — Қарағайлыға қарай ұшатын самолетке отыру басталды. Қайталаймын...
Әшім көзілдірігін асығыс киіп, орнынан атып тұрып, кассаға қарай жүгірді. Геологтар артынып-тартынып тысқа шығатын есікке қарай анталады. Қону алаңында «АН-12» самолетінің моторлары бірінен соң бірі от алып, қалақшалары әуелі жайлап айналып, бірте-бірте боран таптаған ақ қарды құйындай ұшырып, көзге көрінбей, бұлдыр ауаға сіңіп кеткендей болды.
— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! — деді диктор дәл бір Әшімге ғана арнап айтқандай бір түрлі салтанатты дауыспен. — Көктоғайға ұшатын самолетке отырғызу басталды.
— Ал, сау-саламат болыңыз! Сіздің самолетіңіздің тезірек келуіне тілектеспін, — деді Әшім кішкентай қол чемоданын келіп алып тұрып.
— Сау бол, Сырғаға сәлем айт! — дедім мен шын пейіліммен. — Оның сауығып кетуіне, арманына жетуіне тілектес тағы бір бейтаныс адам бар екенін айт.
— Рақмет! — деді Әшім. Сөйтіп студент күннен мұраға қалған мақталы шолақ пальтоның жағасын көтеріп, көзілдірігін түзеп қойып, самолетке беттеді.
Сонда орта ғасырдың ұлы ғалымы Ибн-Синаның бір сөзі есіме түсті: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі — пышақ, екіншісі — шөп, үшіншісі – сөз» деп еді ол. Пышағы — хирургтің қандауыры, дәрі-дәрмек атаулының бәрі шөптен шығады. Ал шын жүректен шыққан жылы сөз, ауру адамға деген сүйіспеншілік сөзі — өте құдіретті сөз. Әне, анау самолеттің баспалдағына аяғын аттап салған жігіттің кішкене чемоданындағы әрең іздеп тапқан жаңа дәріге жас доктордың ауру адамға деген сүйіспеншілігі, жалынды сөзі қосылмаса, жалаң дәрінің өзі дәрменсіз болар ма еді...
Шерхан Мұртаза
Түбектегі тұңғыш педиатр
1985-жылдың он үшінші декабрі. Бұл күні Шевченко қаласындағы Абай атындағы Мәдениет сарайында кезекті облыстың партия конференциясы басталған. Оған басқа да коммунистермен бірге апалы-сіңлілі Жұмагүл мен Бақыт – түбектің тұңғыш педиатры, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері мен Халық депутаттары Форт-Шевченко қалалық Советі атқару комитетінің председателі де қатысып отырды. Ағайынды делегаттарға конференция тағы да бір үлкен қуаныш сыйлаған: Жұмагүл Орынбайқызы Сарина Қазақстан Компартиясының кезекті XVI съезіне делегат болып сайланды.
.. Бір жолы Тұрыштағы интернат балалары арасында эпидемия тарады. Жұмагүлдің осы балаларды емдеуіне тура келген. Күнделікті дәрі-дәрмектерін өз қолынан ішкізбесе, көңілі көншімеді. Әрбіреуінің жанына отырып, жылы қабақпен жағдайын сұрамаса, жетімсіретіп алатындай. Жұмагүл көңілі сонда да тыншымаған. Күнделікті емін жасап өзге де жұмыстарын реттеген соң бір күні қолына дорба алып, үй-үйді аралап кетті.
— Интернат балалары үшін көк сарымсақ керек еді. Үйлеріңізде ондайдан ештеңе жоқ па, — дейді сонда айтатыны. Өзі үшін өмірінде біреуден сабақ жіп сұрап көрмеген басы, сол жолы басқаның бәрін де ұмытқан секілді. Көз алдында тек қана өзіне жәудірей қарап, көмек күткен балалар ғана...
Ауыл адамдары дәрігер қыздың мұқтажын жүректерімен ұққандай. Бір-екі тал болса да, қолына ұстатып жатыр...
Ақыры күткен күн де жеткен. Балалардың бәрі де бастарын көтерді. Аурудың беті қайтты. Осылайша он күн бойына күнімен-түнімен дерлік тыным таппаған дәрігер қыз жеңіспен үйіне оралған.
Гүлжауһар Сейітжан
Очерк дегеніміз | Очерктің мақсаты |
Очерк дегеніміз - шынайы адамдар мен шынайы өмір суреттелетін көркем әдеби әрі деректі шығарма. Очерк новелла не романдар сияқты тұлғаның мінезі, қоршаған ортамен түсінбеушілігі, қақтығысына емес, қоғамның азаматтық, рухани ахуалына негізделіп, руханият, тәрбие мәселесін көтереді. Оған қоса, онда танымдық дүниелер де мол. | Очерк мақсаты – қызғылықты етіп және байытып беру, алған әсерімен бөлісу арқылы оқырманды қызықтыру. Очерк журналистің құрғақ фактілерді ой елегінен өткізіп, жанымен сезініп, оқырман жүрегіне жеткізуді талап етеді. Фактілер барынша көркемделіп, әдеби бағытта өрбиді және оларды баламалап беруге болады. |
Әңгіме дегеніміз | Әңгіменің ерекшелігі |
Әңгіме - оқиғаны қара сөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры. | Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді. Оқиға көбіне бірінші жақтан баяндалып, әңгімешінің оқиғаға тікелей қатыстылығын көрсетеді. |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?