Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 1 сабақ. 1 нұсқа.
Тыңдалым мәтіні (аудиоматериал ретінде пайдалануға болады)
Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам
Латын әліпбиіне ауысу – еліміз үшін маңызды шешімдердің бірі. Ал тіл – халқымыздың негізгі ұлттық коды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген болатын. Менің ойымша, бұл – дұрыс қадам әрі еліміз үшін үдемелі ілгерлеушіліктің қадамы деп білемін. Себебі, мектеп қабырғасында білім алушылар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Сондықтан да Елбасымыздың бұл бастамасы ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі-ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білемін. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп және ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп, тіл тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да маңызды деп білеміз. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, қазіргі 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де өзгермейтіні баршаға аян. Сондықтан әліпби реформасы нақты ғылыми ұстанымдарға сүйенеді. Иә, қиындықтар болмайды емес, болады. Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, қиындықтан қорқып қол қусырып отыруға да болмайды. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекеті өздерінің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи мұрасын бір әліпбиден екіншісіне көшірудің мүмкін еместігінен өз иероглифтерінен айырылмай отыр. Бірақ Қытайда да латын әліпбиінің өз орны, осы әліпбиге деген қызығушылық бар. Қытай 1949 жылы өз иероглифтерін латын әріптерінен транскрипциялады, соның арқасында қазір шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскен. Ал жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуы қолданылады. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлде қайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Себебі, латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенемін.
Камшат Абдикова
Латын әліпбиіне көшу – нағыз халықтық ұйғарым
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл, шын мәнінде, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұраты жүзеге асқан тарихи күн болды.
Қазақ жерінен табылған орта ғасырларға тиесілі «Орхон-Енисей жазулары», Жамбыл облысының Шу өңірінен табылған Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білігі» біздің жазу мәдениетіміз ертеден басталғанын көрсетеді. Ал «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы біздің халқымызға да ортақ. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі. Халқымыз ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. 900 жыл бойы қазақ жерінде араб әліпбиі қолданылып келді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев әліпбиіміздің жиі ауысқаны туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде атап көрсеткендей, 1929 жылғы 29 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін енгізу туралы» қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, ол кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ әліпбиін өзгерту тарихи, негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Иә, шын мәнінде, ұзақ жыл бодандықтың бұғауында, саясаттың салқынында қалған Қазақ елі үшін кириллицадан құтылып, әлемдік өрениетке негізделген латын әліпбиіне көшу ежелгі арман болғаны даусыз. Жалпы, кириллицадан латын алфавитіне көшу – еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері дүркін-дүркін көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал ресми түрде ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен басталады. Сол жиында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік кейбір елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», деген салиқалы ойын білдірді. Бұдан кейін де Елбасы бұл мәселеге бірнеше рет қайта оралды. Кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын», дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс қағидатты мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», деген болатын. Елбасы бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауымызды талап етті. Біздің еліміз көп ұлтты болғандықтан, латын әліпбиіне көшуді жан-жақты саралай келіп, бірте-бірте жүзеге асырудың қажеттігін ескертті. Латын әліпбиінің қажеттілігіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр. Әуелі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Және түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайларын да қамтитын жақсы алфавит болып шықты деп ойлаймын. Биыл латын әліпбиінің жаңа нұсқадағы бірнеше жобасы тілші-ғалымдардың, әдебиетшілердің, жалпы жұртшылықтың талқылауынан өтіп, осы бекітілген нұсқа қабылданып отыр. Бұл әліпбиді жасауда бұрынғы нұсқалар, латын әліпбиіне көшкен туыстас елдердің тәжірибесі ескерілді. Әрине, талас-тартыс та, келіспеушіліктер де аз болмағаны белгілі. Пікірдің әр-алуандығы мұндайда өте қажет. Сол пікірлердің ең бағалысы іске септігін тигізгені анық.
Тахир БАЛЫҚБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор
Тыңдалым дағдысы бойынша оқу мақсатына сәйкес (10.1.5.1 мәтінде көтерілген мәселеге автор мен оқырманның қарым-қатынасын ескере отырып, сұрақтар құрастыру және бағалау) төмендегідей тапсырманы жүзеге асыруға болады:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?