Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал. 1 сабақ. 1 нұсқа.


Тыңдалым мәтіні

Латын әліпбиіне көшу: мәселе, пікір, ұсыныс

 Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Ал осы межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек?

 «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы атап өткендей, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

 Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы:

- Иә, бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу - елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Өкінішке қарай, дайындық мәз емес. Елбасымыздың көтеріп отырған гуманитарлық ғылым мәселесі өте орынды. Осы жердегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы аудармашылар дайындамайды. Жасыратыны жоқ, біз оны жоғалттық. Тек ағылшын тілінен аударма жасайтын мамандарды ғана «аудармашы» деп алданып жүрміз. Сол үшін уақыт ұттырмай осы мәселені назарға алуымыз қажет. 2018 жылдан бастап әлемге танымал, брендтік оқулықтарды, яғни саф алтындарымызды аударуымыз керек. Солармен жастар танысуы тиіс. Осы мықты 100 кітапты меңгерген жастардың ой-өрісі дамып, рухани тұрғыда байып шығатыны сөзсіз. Елбасының меңзегені – осы!

 Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина:

- Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын трагедияға ұшырамайды. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән - каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ.

 Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, белгілі ақын Арман Қани:

- Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде кириллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ.

 Бұқар жырау атындағы облыстық мәдениет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Ербол Қайыров:

- Жасыратыны жоқ, өз басым латын әліпбиіне көшуге әлі үрке қараймын. Десе де, нақты шешім қабылданғаннан кейін оның жүзеге асуына көпшілік болып атсалысуға міндеттіміз. Кезінде солақай саясаттың салдарынан халықтың мәдениеті, әдебиеті, тілі жойылып кетуге шақ қалғанын тарихтан білеміз. Сондай зұлмат замандарды басынан өткерген кейбір ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбалары бізде сақтаулы тұр. Мұндай мол мұраларды жас буынның кәдесіне жаратып, ғұмырлы ету үшін келешегі кемел латын әліпбиіне көшудің және шығармаларды сауатты аударудың маңызы зор деп білемін. Осы жолда көп жұмыстар атқарылуы қажет. Біз, музей қызметкерлері, бұл бағыттағы іс-шаралардың барлығына бір кісідей қолдау көрсетуге, қолдан келгенше тер төгуге әзірміз.

Талқылау сұрақтары:

  • «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы туралы не білесіз?
  • Латын әліпбиіне көшу қазақ еліне не береді?
  • Әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қайсы? Өз ойыңызды нақты дәлелдермен білдіріп көріңіз.

1-тапсырма: Тыңдалым мәтінін негізге ала отырып, сұрақтарға жауап беріңіз.

1.Қай кейіпкердің пікірімен келісесің? Не себепті?

2.Профессор Бекен Сағындықұлы қандай ой айтады?

3. Профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, латын жазуына көшеміз деп айта салу

оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Бұл қандай шаралар? Атап өтіңіз.

4. «Балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән - каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет» деген ұсынысты қай кейіпкер айтты?

2-тапсырма: Қай кейіпкердің ойы?

А. Профессор Бекен Сағындықұлы

В. Профессор Айман Зейнулина

С. Ақын Арман Қани

D. Ғылыми қызметкер Ербол Қайыров

Пікір

Кейіпкер

Бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын.

Кезінде солақай саясаттың салдарынан халықтың мәдениеті, әдебиеті, тілі жойылып кетуге шақ қалғанын тарихтан білеміз. Сондай зұлмат замандарды басынан өткерген кейбір ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбалары бізде сақтаулы тұр.

Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық.

Осы жердегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы аудармашылар дайындамайды.

Дескриптор:

1. Тыңдалым мазмұнын толық түсінеді;

2. 4 сұраққа дұрыс жауап береді;

3. 4 пікірді кейіпкерлерімен дұрыс сәйкестендіреді.

3-тапсырма: Тыңдалым мәтінін тыңдап, сұрақтар құрастырыңыз.

Дескриптор:

  • 2 жай сұрақ, 2 бекіту сұрағын құрастыра алады.
  • 1 интерпретация сұрағын, 1 бағалау және 1 шығармашылық сұрақтарын құрастыра алады;
  • Сұрақтарды мәтіннен алып құрастырады.

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу