Әлем жаңалықтары. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал. 5 сабақ.
БАҒАЛАУШЫ ПАРАҒЫ ТОП- | |
1.Сарапшы (негізгі идея мен көтерілген проблеманы анықтайды) | |
2.Баяндаушы (қысқаша мазмұнын айтады) | |
3.Сұрақ қоюшы (1-нақты, 2-проблемалық, 1-шығармашылық) | |
4.Тілші (тілдік ерекшеліктерді атап кетеді) |
І топ. 1 мәтін.
Жаңалықтар қалай дайындалады?
Ирина (КТК телеарнасының тілшісі):
- Түсірілімге дайындық пен оның ұйымдастырылуы өте маңызды кезең. Көп уақыт ұялы телефонмен сөйлесумен өтеді және көп жерде келісу арқылы түсіреміз. Мысалы, ауруханада КТК-ны кіргізуге қорқады. Тақырыпқа кейіпкер табу керек болады, бірақ қайдан табарыңды білмей қалатын кездер болады.
Қазақ тіліндегі жаңалықтарды журналистер бірге түсіреді, яғни журналистік бригада бір оператордан және екі корреспонденттен тұрады. Біреуі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде жаңалық жүргізеді. Әрқайсысы түсірілген бейнеден әр түрлі сюжет жасайды.
Әсет (блогер):
- Сюжет түсіру үшін, оның жоспарын құру қажет. Осы кезден бастап қандай мәтін оқитыныңды ойластыра беру қажет, себебі уақыт жетпей қалады. Бір күннің ішінде бүкіл қаланы аралап шығу қажет болады және камераның алдында оқитын мәтінді тек редакциядан шыққанға дейін қайталап алуға уақытың болады. Одан басқа сюжетке қатысушылармен келісіп алу қажет және оларға қойылатын сұрақтар алдын ала беріледі.
Корреспонденттің жұмыс сызбанұсқасы қарапайым. Корреспондент таңертең тапсырма алады, түсірілімді ұйымдастырады, кетеді, түсіреді, келеді, алынған материалдарды дұрыстайды, мәтін дайындайды, видеода айтылмаған жерлерді айтады, монтаж бен жазылған дауысты жүзеге асырады. Соңында касетаны эфирге дайындауға береді. Кешке мәлімет жаңалыққа шығады.
2 топ. 2- мәтін.
«Оралман» фильмі Германиядан жүлделі оралды
Қарашаның 9-19 аралығында Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Одан бөлек, кинофестивальдің ұйымдастырушылары аталған кинотуындыны Германияда прокатқа шығаруына ұсыныс жасады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссері Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі аталған кинофестивальдің негізгі бағдарламасына іріктелініп алынған болатын. Биыл фестивальдің бас жүлдесіне 22 елден 21 картина таласқа түскен.
«Мәдени және діни өзгешеліктеріне қарамастан, өз еліне қайта оралған отбасының драмалық оқиғасы эмоционалды әсерлі баяндалғаны үшін марапатталады», – делінген фестивальдің ресми сайтында.
Мангейм-Гейдельберг кинофестивалінің нәтижесі бойынша, байқаудың «Үздік толықметражды фильмі» атты бас жүлдесі режиссер Вито Пальмиеримнің «Техаста көрісерміз» атты итальяндық картинаға бұйырды. Ал филиппиндық режиссер Багане Фиол түсірген «Ормандағы серуен» фильмі фестивальдің арнайы жүлдесімен марапатталды. Сонымен қатар «Күзетші» (Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико, Бразилия), «Қасиетті ауа» ( Израиль) және «Мұртаза» (Түркия) атты фильмдер қазылар алқасының құрметті сыйлықтарымен марапатталды.
66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінің халықаралық қазылар алқасының құрамына Германияның танымал киноматографистері Клаудиа Ландсбергер, Кристиан Юль Лемче және Клеменс Клопфенштейндер кірді.
Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. Фестиваль киноиндустрияның кәсіби мамандарына және киносүйер қауымға арналған. Жыл сайын фестивальге 500 кәсіби маман мен 60 мың көрермен қатысады. Бұл өз кезегінде кинофестивальдің ауқымы кең және Германиядағы ең ірі фестивальдердің бірі екенін дәлелдейді.
3 топ. 3- мәтін.
«Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауына 5 елден өнерпаздар келді
Ақтөбеде күй күмбірледі.
Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы «Ақжелең» халықаралық күйшілер байқауына 5 елден өнерпаздар келді. Бұл мәдени шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
Ресейдің Хакасия Республикасынан келген жас өнерпаз Юрий Шалғынов Қазанғаптың күйлерін құбылта орындайды. Қазақтың домбырасы болмаса да, өз ұлтының хомыс аспабымен шебер өнер көрсетті. 15 жастағы жеткіншек күйдің құдіретін жақсы түсінеді. Қазақстанға алғаш рет келуі екен. Өнер жетелеп әкелген Юрий қазақтың біраз күйін үйреніп алыпты.
Юрий Шалғынов, байқауға қатысушы (РФ, Хакасия Республикасы):
– Қазанғаптың күйлері философияға тұнып тұр. Себебі күйші ақылгөй дана болған. Оның шығармаларын орындау оңай емес. Күйші туралы аңыз әңгімелерді көп оқып, біраз зерттедім. Сондықтан болар күйлерін тез үйреніп алдым.
Күйшілердің өнеріне баға беріп, үздіктерді анықтайтын қазылар алқасына күйші Әбдулхамит Райымбергенов төрағалық етті. Қазақтың күй өнерін дамытуға бар күшін салып жүрген өнер зерттеушісі Қазанғап туралы бірнеше томдық жинақ шығаруды жоспарлайды. 30 жылдан бері дәулескер күйшінің ел арасындағы күйлері мен өміріне қатысты мәлімет жинап жүргенін айтады. Басты мақсаты – ұлы өнерді жастарға мұра етіп қалдыру.
Әбдулхамит Райымбергенов, күйші:
– «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз, ұлттық код деп жатырмыз. Осының бәрі осыған тығыз байланысты деп ойлаймын. Осы өнердің өзі қонатын адамдары болады. Соның ішінде мені қуантатыны – қазақ балаларының ішінен математик шығып жатыр, химбиолог шығып жатыр, неше түрлі спорттан жетістік көрсетіп жатыр. Бүгінгі сайыстың қуанарлық жағдайы, дені – 80 пайызы жастар.
Ақтөбенің төрінде өткен халықаралық байқауға еліміздің әр өңірінен және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан мемлекеттерінен 30-дан аса күйші қатысты. Олар байқау талабы бойынша Қазанғаптың күйлерін орындады. Сонымен бірге батыстың күй мектебінен өзіне ұнаған шығарманы таңдап тартты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда көзге түскен жас күйшілердің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында нақты шаралар жоспары жасалады.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев
4 топ. 4- мәтін.
Ұлы Жібек жолы жобасына Украина қызығушылық танытып отыр
Еуропа пен Азия елдерінің ықпалдастығын арттыратын Ұлы Жібек жолының мүмкіндігі Киев қаласында қызу талқыланды.
Қытай мен Қазақстан, Әзербайжан мен Грузия елдерінің көліктік-логистикалық дамуын арттыратын стратегиялық мегажобаның көздегені не?
Бүгінгі күні Жібек жолы аймағында 3 млрд-тан астам адам тұратындығын ескерсек, бұл жобаның ауқымы мен әлеуеті орасан екенін тануға болады. Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумы барысында Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы ең алдымен Қазақстанға көп пайда әкелетіндігін сөз еткен еді. Айталық, ауқымды жоба үзіліссіз үнемі жүзеге асқан болса, біздің ел Орта Азиядағы ірі іскерлік транзиттік хабқа айналады. Енді, міне, Ұлы Жібек жолының жобасына украин тарапы зор қызығушылық танытып отыр.
Владимир Омелян, Украинаның инфрақұрылым министрі:
- Қытай тарапы Ұлы Жібек жолы жобасын жүзеге асыратын арнайы қордың құрылғанын мәлімдеді. Бүгінде бұл қор Қазақстан, Украина мемлекеттерінің қолдауымен жұмыс жасайды. Желтоқсан айында тараптардың қатысуымен теңіз, темір және көлік жолдарының дамуына қатысты нақты бір келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр.
Қазіргі күні қаржылық қиыншылыққа тап болған Украина үшін Ұлы Жібек жолының жобасы үлкен олжа болып тұрғаны жасырын емес. Бүгінгі форумда Қытай елшісі Украинаның инфрақұрылымы үшін ауқымды инвестиция құйылатынын ресми мәлімдеді.
Микола Поворозник, Киев қалалық мемлекеттік әкімшілігі басшысының орынбасары:
- Ұлы Жібек жолы жобасының аясында Қытай мен Украина арасында бірқатар жоба жүзеге асады. Қытай мен Украина теңіз порты, жүк тасымалы аясында жұмыс жасап бастады. Қытай тарапы Киев қаласындағы төртінші метрополитеннің құрылысына 2 млрд долларға жуық қомақты қаржы құятыны мәлім болды.
Ұлы Жібек жолы жобасының болашағы аса зор. Тек төрт жылда Қытай жағы «бір белдеу, бір жол» жобасына 50 млдр долларға жуық қаржы құйған. Киев форумы аясында ежелгі жібек жолын қайта жаңғырту – экономикалық, әлеуметтік даму ғана емес саяси тұрақтылыққа алып келетіні жайлы көп айтылды. Тегін емес: ресми Киевке бүгінде қаржы ғана емес тыныштық да аса қажет болып тұр.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?