Қиырдағы қазақтар. Қазақ тілі, 10 сынып, оқылым мәтіні.
"Дю Солейде" өнер көрсеткен қазақстандық
Кирилл Столбовских – Астана циркінің әртісі. «100 жаңа есім» жобасы үміткерлерінің арасынан Кириллдің кандидатурасын көріп сұхбаттасқан едік. Әңгіме Қазақстан циркі туралы басталып, «Дю Солеймен» өрбіді. Канаданың атақты циркі туралы пікірін сұрағанымызда Кирилл 2 жыл сонда жұмыс істегенін айтты. «Дю Солей» циркінің тобында өнер көрсеткен қазақстандық туралы білесіз бе?
Циркке қалай келдіңіз?Циркке кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Бұрын спорттық акробатикамен айналыстым. Циркке келуіме бұл да біршама себеп болды. Спорттан кеткен соң 10 жылдай жаттықпадым, залға да бармадым. Петропавлда актробатикадан жыл сайын өтетін халықаралық турнирде бұрындары бірге өнер көрсеткен қызды көріп қалдым. Жаттықтырушы екен. Көптен бері көріспегенбіз, әңгімелестік. Сонда ол менен неге циркке бармайтынымды, қазір немен айналысып жүргенімді сұрады. Сол кездері басқа іспен шұғылдандым, цирк туралы мүлдем ойламаппын. Сосын ол қызға «Залға қайта барамын, циркке кіруге әрекет жасаймын» деп уәде бердім. «Мүмкін, бірден «Дю Солейге» барармын?» деп әзілдегенім есімде. Расында солай болды...
Дәл не себептен осы циркті таңдадыңыз?
Уәде берген соң орындау керек. Барлығын басынан бастауға тура келді. Цехтағы жұмысым аяқтала салып күнде денемді ширату үшін залға жүгірдім. Біраз уақыт өткен соң алғашқы акробаттық трюгиімді видеоға түсіріп, «Дю Солейдің» кастинг бөліміне жібердім. Бірден жауап берді. Бірақ мен күткендей емес. Не осы жерден беріле саламын, не тағы да байқап көру керек деген екі жолдың бірін таңдау керек болды. Әлбетте, екіншісін таңдадым. Цехтағы демалыссыз 12 сағаттық жұмыстан соң залға барып, жаттығуды жалғастыра бердім. Екінші видеоны жібердім, бірақ жауапты бірнеше ай күтуге тура келді.
Іріктеу қалай болады?
«Дю Солей» циркінің кастинг бөліміне жыл сайын 1500-дей өтінім келіп түседі. Екінші рет талпынғанда жолым болып, Монреальдағы (Канада) бас офистеріне шақырды. 1500 адамның ішінен 30-ын ғана таңдап алды. Цирктегі карьерам осылайша атақты «Дю Солейден» басталды. «Дю Солей» циркі туралы жақсы білетінім сондықтан. 2 жыл сонда жұмыс істедім. Бұл туралы жақындарым ғана хабардар. Сол кезде цирк аренасына ғана емес, Канаданың іскерлік журналының мұқабасына да шығып едім.
Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырыңыз.
«Дю Солейдің» кастингінен үздіктер ғана өте алады. Бірақ бұл әлі келісім-шартқа отырып, әрі қарай жұмыс істеуіңе кепілдік бермейді. Үздік акробат болуың мүмкін, бірақ актер ретінде өзіңді танытпасаң, табысқа жету мүмкін емес. «Дю Солейге» қуана-қуана қайта оралғым келеді, ұсыныс та түсті. Бірақ ең алдымен өз елімнің мәдениетін дамытуға үлес қосуым керек деп шештім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?