Ахмет Байтұрсынов және Алаш тағылымы. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал.
Ахмет Байтұрсынов және Алаш тағылымы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан алып тұлға. Ол өзінің құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Қалың ұйқыдағы халқының қамын жеп, сауатын ашпақ боп сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, тілім деп түн ұйқысын төрт бөлген талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар тұлға тұтқан түрколог қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Өмірдегі өзінің басты мақсатын – туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) небір тар, тайғақ кешулерден өте келе тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен ұятына айналған өте күрделі де, көсем тұлға.
1873 жылдың қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде бұрынғы Торғай уезі Тосын болысына қарайтын Ақкөл жанындағы Сартөбек деген жерде Байтұрсын шаңырағында Ахмет есімді сәби келеді дүниеге.
Текті тұқым, жақсы тәрбие, құнарлы топыраққа түскен дән тәрізді, жемісін молынан береді емес пе? Ахмет те тумысынан зейін де зерек бала болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші Ахаң ең алғашқы тағлымды, жөн-жосықты өз шаңырағынан алады. Өз әкесі Байтұрсын, оның әкесі Шошақ Үмбетей еліндегі көзі ашық, көкірегі ояу, пікірін ашық та айқын айта білетін өте батыл болғанға ұқсайды. Әуелі Шошақ, кейін Байтұрсын балаларын Араб елдері мәдениетінен сусындатқысы келген. Иран, Түркияға жіберіп те оқытуды ойлаған.
Бұл оқиғадан бүкіл ел дүрлігіп, іс насырға шабады. Дереу жазалау отрядтары ойда жоқта шыққан қару-жарақсыз қарсылықты аяусыз жаншып, Байтұрсынның Ақтас және Собалақ дейтін екі інісімен бірге ұсталып, кісенделіп патша үкіметі тарапынан 25 жылға итжеккенге айдағандығы мәлім. Білімсіздіктің, тіл білмеудің зардабын әбден тартқан сол Байтұрсын айдалып бара жатқан сәтінде үміт етері Ахметке: «Аш-жалаңаш бол, қорлық көр, бәрібір оқы, балам. Тым болмаса артымда маған хат жазып тұратын халге жет» дегенін қайсыбір қариялар аңыз ғып бертінге дейін айтып жүріпті.
Семейде сегіз айдай ешқандай тергеусіз, сотсыз тас қамауда жатқан Ахаң ақыры қазақ өлкесінен бір жарым жыл мерзімге Орынборға жер аударылады. Сол кеткеннен мол кетеді. Ол онда 1917 жылдың аяғына дейін тұрады. Жазалы адам ретінде айдалған Ахаңның бұл сапары оның өміріндегі ең нәтижелі де өнімді еңбек еткен жылдар еді деуге болады. Ол ғылым, білімге бұрынғыдан да тереңірек үңіліп, әділетсіздік жайлаған мына қоғамды бұрынғыдан да бетер ащы тілмен түйрей, шеней түседі. Қазақ балаларын оқытудың әдістерін, қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы өрелі ойлар айтып, бастауыш мектептерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын жаза бастайды. Халық мұраларын, ауыз әдебиет үлгілерін, эпос, ертегі, жұмбақтар жинап бастыру ісімен айналысады. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданады.
А. Байтұрсынұлының қазақ елінің жоғын жоқтап, санасына сәуле құюға байланысты жасап жүрген еңбектері елге тарай бастайды. Әсіресе сол кезде Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарына Ахаңның туындылары, елдік істері қатты әсер етеді. Сол жастардың ұйғаруымен елден қаржы жиналады да, газет шығару мәселесі қозғалады. Ол бейресми газет «Қазақ» деп аталады да, оған редакторлыққа А. Байтұрсынұлы шақырылады. Міне, сол 1913 жылдың басынан 1918 жылға дейін бас редакторлық міндетін мүлтіксіз атқарған Ахаң елге жеткізсем, ұқтырсам деп жүрген көкейіндегі көптеген мәселелерді енді хатқа түсіріп, жария етуге мүмкіндік алады.
1911 жылы Орынборда басылған «Маса» жинағы халықты өз тағдыры үшін күреске шақырған, жұртшылықты шырт ұйқысынан оятқан дабылды топтама болатын. Ақын қалғыған халқын тым болмаса маса боп шағып оятайын, ойландырайын деген мақсат көздейді. Ол бұл жолда талай қаққы жеп, тауқымет шегерін де, тіпті өліп те кетерін білген.
ӨМІРЗАҚ АЙТБАЙҰЛЫ
филология ғылымдарының
докторы, профессор
1-тапсырма: оқылым мәтіні бойынша класстерді толтырыңыз.
Тапсырма дескрипторы:
- Мәтіннің тақырыбы мен идеясын анықтай алады;
- Мәтінде кездесетін 5-6 тілдік оралымды таба алады.
2-тапсырма: Мәтінде кездесетін тілдік оралымдарды пайдалана отырып, сөйлем құрастырыңыз.
Тапсырма дескрипторы:
- 5-6 тілдік оралымды орынды қолдана отырып, сөйлем құрастыра алады.
3-тапсырма: Мәтіндегі асты сызылған тілдік оралымдардың мағынасын түсіндіріңіз.
сары масадай ызыңдаған –
түн ұйқысын төрт бөлген –
текті тұқым -
жарық жұлдыздай жарқырап –
тар жол, тайғақ кешу –
Тапсырма дескрипторы:
- 5 тілдік оралымның мағынасын тауып, жаза алады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?