Алаш қозғалысы. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал.
ОҚЫЛЫМАЛДЫ ТАПСЫРМА
Төмендегі кестедегі ұғымдарды анықтамалары бойынша сәйкестендір.
Энциклопедия | белгілі бір ғылым туралы, сол ғылымды дамытқан ғалымдар жөнінде жазылған шығармалардың жалпы атауы. | |
Газет | анықтамалық бағытта шығарылатын ғылыми басылым | |
Ғылыми-көпшілік әдебиет | мерзімді, уақытша не бір рет қана шығатын басылым. |
ОҚЫЛЫМ ТАПСЫРМАСЫ
Төмендегі 3 мәтінді оқып, олардың қай дереккөзінен («Қазақ энциклопедиясы», «Ана тілі» газеті, Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш!..» кітабынан үзінді) алынғанын анықта.
Дескрипторлар:
- Энциклопедиялық деректі табады;
- Газет бетінде жарияланған мәтінді табады;
- Ғылыми-көпшілік деректі анықтайды.
Мәтін | Қай дереккөзінен алынды? | Дәлел (1-2 сөйлем) |
Алматыда «Алаш арыстары және ашаршылық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған шараны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген жиынның мақсаты – 1920-30 жылдардағы Қазақстан жерінде болған ашаршылықты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын, олардың тарихын, ұлт зиялыларының ел мүддесі үшін күресін, сол кезеңдегі тарихи шындықты зерделеу, зұлмат жылдар оқиғаларының зардаптарына талқылау болды.Конференцияға белгілі тарихшылар, саясаттанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.Тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков 31 мамыр – саяси-қуғын сүргін және ашарлық құрбандарын еске алу күніне байланысты бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салып, нәубет жылдарға байланысты тарихи деректерді алға тартты. «Алтаудың хатын» негізге ала отырып, өзінің пікір-пайымын жеткізді. Ашаршылық жылдарындағы қазақтар санының қаншалықты азайғанын тілге тиек етті. Қазақ даласында болған ашаршылықтың өзі қуғын-сүргіннен мүлде басқа мәселе екенін тұжырымдай келе «Бұл – әлеуметтік-саяси мәселе» деген баға берді. Осы орайда екі кезеңде болған ашаршылықтың айырмашылығы бар екенін жеткізді: «1921-22 жылғы ашаршылық пен 1930-33 жылдардағы ашаршылық екі түрлі. Оның себептері де бөлек. Ал қуғын-сүргіннің оқиғасы басқа. Егер 31 мамыр ашаршылық құрбандарының күні дейтін болсақ, онда бұл еске алу күні емес, аза тұту күні болу тиіс» деген ойын айтты. Бұл орайда тарихшы ғалым қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға басқа күнді белгілеуді ұсынды. «Өйткені бұл жеке қайраткерлерді еске алатын күн» деді Талас Омарбеков. | ||
Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында Ресейлік басқару жүйесінің күшейе түсуі, Ресейден көшіп келушілердің күрт артуы, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы бел ала бастады. Ендігі жерде қазақ халқының өзін-өзі сақтап қалуы үшін күресті күшейту мәселесі туындады. Бірақ енді зардабы көп қарулы көтеріліс жолымен емес, ұтымды саяси жолмен күрес жүргізу қажет еді. Осылайша Бірінші орыс төңкерісі жолдарында қазақ халқының мүддесі үшін күресті бастаған қазақ зиялыларның әрекеттері кейініректегі Алаш қозғалысының бастамасы болды.Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов жетекшілігімен ұлттық зиялылар ұлт азаттығы үшін саяси күрес жолдарын меңгере бастады. Олар түрлі қозғалыстарға қатысып, үгіт-насихат жұмыстары үшін газеттер, кітаптар шығаруды жолға қойды. 1911 жылдан «Айқап» журналы, 1913 жылдан «Қазақ», артынша «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ақжол» газеттері ұлт-азаттық күрес жолын айқындауға қызмет етті. Алаш қозғалысы- қазақ елінің өзін- өзі басқару және біртіндеп дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне қоныс аударуға шек қою, адам құқын қадір тұту, экономиканы дамыту, қазақ тілінің беделін арттыру жолындағы күресті басты мақсат етті. Алаш қозғалысы арқасында 1917 жылы қазақ комитеттері, Түркістан автономиясы және Алашорда үкіметі құрылды. 1917 жылыпайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылды. Алаш қозғалысының барлық жақтаушылары қуған-сүргінге ұшыратылып, өлім жазасына кесілді. Бірақ Алаш қозғалысынан басталған ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Одан кейін ұлт-азаттық жаңа сипатта Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Спандияров, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сынды зиялылар қызметінде жалғасын тапты. Алайда тоталитарлық билік оларды Алаш қозғалысы ізбасарлары ретінде жаппай жазалады. Сөйтіп, Бірінші орыс төңкерісінен бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30-жылдарға дейін жалғасты. | ||
Идеология - байсалды мiнезге, пайымды пiкiрге, тұрақты көзқарасқа ие тұлғаларды да жол айырығында әнтек аттатып, бұрыс бастырып жiбередi. Егерде сол идеология қандай да бiр кек пен өштiктiң, қарымта қайырудың қаруына айналса - қасірет. Ал ХХ ғасырдың отызыншы жылдары таптық тартыстың «жауынгерлiк құралына» айналған кеңестiк идеология мыңның емес, миллионның тағдырын талқыға салды. Соның ішінде қазақ ұлтының сана мәйегі iрiп тынды. Қазақтың көшпелi экономикалық қарым-қатынасы бұзылып, шаруашылығының шаңырағы ортасына түстi. Ұлттық емес, кәдiмгi мемлекеттiк мүдденiң өзi «жалаң айғайдың» құрбандығына шалынып, талан-таражға салынды. Ақырында бұл жанығу қазақ елiн орыны толмас қасiретке душар еттi. Сөйтiп, қазақ жұртын 1931-1932 жылғы ашаршылыққа алып келдi. Қазақ мемлекетiнiң апатқа бет алғанын аңғарған Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Нығымет Нұрмақов, Ораз Жандосов iспеттi қайсар қайраткерлер екi-үш жыл қасарыса күрестi. Бiрақ та Қужақ өзiнiң көбiкауыз әккiлігін пайдаланып, қазақ зиялыларының арасына сезік пен секем септi. Оларды тыңшылық әрекет арқылы iштен ыдыратып, ойсырата соққы берілді. Үш жылдың орайында шын мағынасындағы ұлт көсемдерiнің - «Алашорда» қайраткерлерiнiң бiрi қалмай қамауға алынды. Халық қамын ойлайтын қатардағы зиялылар қудаланды. Сөйтіп, ұлттық діл мен мәдениеттiң тамырына балта шабылды. |
ҮЙ ЖҰМЫСЫ
«Алаш қозғалысы жайлы менің ойым» тақырыбында 120-140 сөзден тұратын шағын дискуссивті эссе жаз.
Дескрипторлар:
- Эссенің құрылымын сақтайды;
- Мәселе жайлы өзінің ойын жазады;
- Жұмысында кемінде 1 сілтеме жасайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?