Бауыржан Момышұлының тіл туралы хаты. Қазақ тілі, 10 сынып, таратпа материал.
Хат
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа
Қазақстан астанасы - Алматыға келіп, аз уақыт болғанымда үстірт байқау мен болжауларауыр ойға салып, көп толғантты. Олардың біреуі ішіме сияр емес. Сізге айтпай кетсем, өмір бойы көңілім тынар емес. Ойдағыны айтып кетуді міндетім деп біліп, кеселханада жатқан бос уақытымды пайдаланып осы хатты Сізге жазып отырмын.
Тіл маманы болмасам да, Алматыға келгелі Орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір, кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен күнге ұлғайып, шым-шытырықты көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным ТІЛ мәселесі туралы.
Тілі кедей елді - мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа - әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз - сондықтан «өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар.
Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес.
«Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халық нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам», дегендейін - қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң - қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып - туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді.
Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді.
Жоғарыдағы айтылған ылажсыздан өте ұзын сөз бастамасы, негізінде даусыз болса, осы кездегі тіл жөніндегі кемістіктерге төменде біраз, қысқаша - үстірт тоқтағым келеді.
1. Февральдің 15-і күні, кеселханаға түсе салысымен, көңілімді сұрағалы, көптен көріспеген бір орыс әйелі Сахарова дейтін келіп отырып, қазақша жазылған бір парақ қағазыма көзі түсіп:
- Бауыржан почему вы пишете по казахски, - деп таңқала сұрақ қойды.
- Вы меня удивляете Нина Александровна, почему я не должен писать по казахски на родном языке, - дедім мен.
- Ведь многие казахи не пишут и не разговаривают, потому что не выразишь свои мысли - то что хочешь сказать не скажешь... До того говорят Ваш язык бедный... - деп түйеден түскендей ұялмай-қызармай айтып отыр...
Не дерсің, сөзі өңменімнен өтіп кетті. Ол кісіге, әлімнің келгенінше, теріс ұғымын дұрыстап түсіндірдім.
Кейіннен білдім, Сахарова осындағы бір халық комиссарының бірінші орынбасары екен. Қазақстанға келгеніне он жылдан асқанын бұрыннан білуші едім. Жай орыстың шүйке бас, әйел-қыздары емес, көзқарасы, ұғымы қазақ тілі туралы осындайлығына ішімнен қапаланып «жарыған екенбізді» қалай айтпассың, қалай ойламассың. Осы қағаздағыларды жазуыма қамшы болғанның біреуі сол, он жыл тұрып, Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз ел басқарушылардың қатарына кіріп қалған (не арқылы екенін құдай білсін), надан-хабарсыз «Замнаркомша» елдің сорына біткен кейбіреулердің уәкілі болған соң, оларға ондай ұғым тудыруға алдымен өзіміз жазықты екенімізді мойынға ала отырып, бүгіп қалуды қажетсіз деп тауып мысалға келтіріп отырмын.
2. Осы таңда қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас, кедей тіл... Онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді, еркін айта алмайсың...» деп дұрыс бағаламай, жала жауып теріс - зиянды жағдайдың құлдығында жүрген ұғымсыз - жалқау «дүмше молда дін бұзардың» кебін киіп, сәлдесін орап, тіл бұзушы азамат - азаматшалар да, жүгенсіз арсыз топастар да қазақ арасында молайып келе жатқанға ұқсайды (Дәлелді Алматының әр көшесінен табуға болады).
Қазақ тілінің байлығы жетпегендіктен деген дәлелсіз былжыр, өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай - құр қалған, оған көңіл бөлмеген сормаңдайлардың, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалған қара беттердің надандықтарынан туған сылтау ғана болуы керек.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендейін, тілді ірітіп, шірітіп жүргендерде сол «шірік жетілгендер» екендігі айдан айқын емес пе.
3. Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр - батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады:
Ауырып жатқанда бір халық комиссарының орынбасары Мәнсейітов деген кісіге:
- Халіңіз қалай? - дегенімде.
- Дұрыс, самочувствием, общие состоянием не плохо, - деп жауап берді.
Бір артист:
- Сіз пошему кешегі бешірге не приходылы, - деді.
Бір жазушы:
- Мен сізге звонит еткен едім, но почему, то Вас не оказалась в кабинет, - деді.
Бір газет қызметкері:
- Сіздің статьяңызды просмотрет етіп болған соң маленки ғана редакционная изменение жасап, печатет етеміз, - деді телефонмен.
Радионың бір қызметкер әйелі:
- Передаче береміз... сіздің тыңдағандарыңыз Б-ның выступлениесі... - деген сияқтыларды күнде қаңқылдайтынын өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз.
Бір үй тіршілігіндегі әйел:
- Мен ошен удивлятся етем, менің дошкам өте странно бидет, - деді.
Жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала:
- Мама я кошу хлеб масю, - деп жылады.
4. Осындағы бір тіл маманымын деп жүрген жігіт, менімен сөйлескенде, сөйлемінің 40 - 50 проценті орысша болып, мынадай қисынсыз қисынды айтты:
Қазақ сөйлемі «простые предложение», орысшаны араластыра сөйлеген сөйлем - «сложные предложение», кейінгісін ол ғылым кісісі қазақ тілінің боюы, дамуы, өсуі деп біледі екен. Тілдің бұзылуына салдары тиіп жүрген ондай «ғалымпазға», «сенгендегім сен болсаң, күйсеген аузыңды ...» дегенді, лажсыздан тәртіп сақтап, ішіңнен айтпасаң, сыртқа шығарып айтуға болмайды ғой. Айтылған «теорияның» ықпалынан қазақтың бас жазушысымын дегендермен, ғылым адамымын деген азаматтарымыздың кейбіреулері сауға ұқсамайды. Мысалы - Сәбиттің атақты «Жұмбақ жалауының» 457-бетін оқып қарасаңыз былай дейді:
«Осындай физически де моральни де (латынша басылуында физишски, морални) қалжыраған қалшақ әскері, тәртіпті, қарулы қызыл әскер түгіл, партизан отрядының өзіне де үлкен қару көрсете алмады... Партизандар соғысында ерекше көзге түскен дружинаның біреуі Асандікі... Қарулы адамдарды көргесін беженцылардың керуеніндегі екі грузовик мылтық атқанға қарамай қаша жөнелді. Грузовиктегі қашқындар ешқайда бара алмайтынына күмән келтірмеген Асан, ат жеккен арбаларды тоқтатып, тексерсе - беженцылардың көбі орыс пен татарлар екен - ішінде төрт-бес қазақ семьясы да бар» - қазақ даласындағы партизандардың жауынгерлігін көркемдеп «суреттеген» түрі, «жазушының өскендігі, елге ұғымды түсінімдігі» осы болып танылса не айтасың.
5. Газет пен радио елге ең жақын, барлық жаңалықтарды елге түр-түрлерімен қоғамдық әр алуан арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын арнаулы үлгі - насихат құралдары деп саналады.
Біздің радионың айқайын тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретін, тілі түрпідей, добалдап аударған құрғақ, жатқан «Сложное предложение» болғандықтан, тыңдаушыларды зеріктіріп, бездіріп «мынау не оттап тұр» деп тыңдамастан, үйіндегі радио шеңберінің тығынын жұлып алып, үнін өшіріп қойғандарды көзіммен бірнеше рет көрдім.
8. Орыс, украин және басқа европа халықтарының тілін негізінен таза сақтап өсіріп, дамытқан солардың оқымыстылары (интеллигенция) әйтпесе олар деревняларындағы, әр аудан мен өлкелердің бұрмалануына, бұзуына жаргонына жол беріп, тізгінсіз жіберіп (стихияға) өз бетімен қоя берсе, шым-шытырық болып, осы уақытқа дейін әдебиет тілінен айырылып шыққан болар еді.
«Балық басынан шіридінің» кері келіп, бізде ант ұрғанда алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салып, тілді сақтап тұруға, үлгі болудың орнына, әдебиет тілімізден айырылуға себепкер болып барады. Оған дәлел: Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады. Оны үкімет, партия орындары адамгершілік жолына бөгет зиянды ауруы деп тануы керек.
Қазақ мектебінде оқымағаннан кейін, қазақ балалары көшеде ойнап жүргенде де орысша сөйлеп, үй-ішінде де ата-анасымен орысша былдырласып, осы кезде ана тілінен мүлде құр қалған жастар қалада көбейіпті. Жас балалар былай тұрсын, менің майданда қайтыс болған жолдасым Рахимовтың 22-дегі інісі үйіме келіп отырып: «Я по вашему не умею разговаривать» деп орысша сөйлесті.
Сондықтан - тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше мынадай ұсыныстарды тілейді:
1. 1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі, бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн.
2. Қазақстанда, қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары тездеп қолға алынып, тіл бұрмалау ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, іс жүзіне қатал төңкеріс түрінде асырылуы жөн.
3. Аяқ асты, елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп, қолға алынуы жөн.
4. Тілді азғындырып құрту, иә жандандырып өсіру, дамыту құралының алдыңғысы газет пен радио болғандықтан, Орталық «Социалистік Қазақстан» газетінің барлық мақалалары қазақтың еркін, анық таза тілімен көсіле жазылып «Правда» газетіне ұқсап тіл тазалығы жағынан басқаларға үлгі болуы жөн.
Алматы радиосына саналы, салмақты, жауапты қазақтың ана тілінің тазалығын қабырғасы қайыса ойлайтұғын адамдар дайындалып, осы кездегі қоқыр-соқырлар қуылып, құлақ құрышын қандырарлық тілі дәмденіп елге сүйкімді, түсінікті айтатын орынға айналуы керек.
5. Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы крек.
6. Осы кезде қаладағы қазақтың ұл-қыздарының ¾ тен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата, аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан барлық қазақ ұл-балалары, қыз балалары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға, қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар.
Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз. Ондай шара қолдануда орысшадан құр қаларлық ешқандай қауіп жоқ.
7. Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, коқсық-құрымнан мүлде арылуы керек.
Қазақ ана тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне, салт-санасына өте хауіпті, зиянды болғандықтан, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде, масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.
8. Тіл мәселесі бұдан былай да аяқ асты болып «Дүмше молдалардың» құрбандығы болып кетпес үшін:
А) Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «даусы жойылған» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта беріліп, қазақ тілінің бұқаралық қатарына қосылып, бұдан былайда ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек.
Б) Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер, теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салуы керек.
В) Дальдің «Толковый словарь»-нің үлгісімен атам заманнан бергі қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып түсіндіріп, ғылыми аумақты кітап жақында шығу шаралары қолданылуы қажет.
Г) Профессор Ушаковтың «Орфографический словарының» үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмек, құрал болатын кітапша кешікпей жазылып шығарылуы қажет. Кейінгі екеуі тіл жағынан өмірлік нұсқау, құрал және тіл жағынан қорған болар еді.
Мен әскери адаммын - тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын.
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы
15 - 25. 2. 1944 жыл. Алматы.
Тапсырма.
- Хат не туралы?
- Хатты жазудағы түпкі мақсат қандай?
- Автор келтірген мысалдар бүгінгі заманда кездесе ме?
Тапсырма.
- Мәтінді түсініп оқыңыз.
- Мәтіндегі тілдік құралдарды талқылау арқылы стилін дәлелдеңіз.
Дескриптор:
- Мәтін мазмұнын түсінеді
- Мәтіндегі тілдік құралдарды талдайды
- Стилін анықтап, дәлелдейді
Талқылау сұрақтарын құрау
Жіңішке сұрақтар – нақты, әрі қысқа жауапты қажет ететін сұрақтар. | Жуан сұрақтар – сын тұрғысынан ойланып, толыққанды, мазмұнды жауап беруді қажет ететін сұрақтар. |
Кім? Не? Қашан? Қайда? Қанша? Неше? Қалай аталады? | …не себепті деп ойлайсыз? …айырмашылықтары неде? ...келісесіз бе? ...екені рас па? Егер …болса, не болар еді? |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?