Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал.


Оқылым мәтіні

Әлихан Бөкейханов: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»

Әлихан ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда Әлихан дүниеге келген. Ұлтының тарихын зерттей келе әйгілі энциклопедист ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы, алты алаштың бірлігінің болмауы, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры - бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіндегі ру-жүздерді біріктіре алмауы екенін біледі. «Бұрынғының көбі, күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді» - деп жазды Әлихан Нұрмұхамедұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында. Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін ғұмыр кешкен, өзіндік салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп жіберген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» - деп жазды. Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды. Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ә. Бөкейхановтың тағы бір саяси маңызды тұжырымы - қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан дұрыс та, мүмкін де емес. Қалың қазақты өзін өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшісінің көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болды. Ғылымның әр саласын меңгерген ғалым XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысқал ол 1896 жылы көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланған. Әлихан «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатынасқан. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды. 1904 жылы қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф.А. Шербина экспедициясының құрамында болды. 1911-14 жж. Әлихан Бөкейхан «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері осындай көп еңбектенудің арқасында өз ұлты туралы көп нәрсеге көзі жетеді. Алашорда автономиялы үкіметінің тұңғыш төрағасы сол кездегі Алаш зиялылары сияқты әр саланың білгірі. Ресми түрде атайтын болсақ - ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға. Әлихан бүгінгі қазақ қоғамына несімен қадірлі? «Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», - дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ол идеялар мыналар: Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Ал бұл идеялардың ұйтқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят сені мен Махатма Гандиі - Әлихан Бөкейханов болатын. Сондықтан, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов мұраларын зерделеу болашақ ұрпақтың әрдайым назарында болуы керек.

Бейсен Сұлтан

https://www.inform.kz/kz/alihan-bokeyhanov-tiri-

bolsam-kazakka-kyzmet-kylmay-koymaymyn_a2844303

Оқылым мәтіні

Әлихан Бөкейхан және қазақтың жазба әдеби тілі

 Қазақ жазба әдеби тілі негізінің қалануы жөнінде сөз қозғалғанда Ыбырай, Абай, Ахмет сынды ұлтымыздың ардақты тұлғаларының есімдері алдымен аталады. Халқымыздың ұлы тұлғаларының, қазақ әдебиеті мен тіл ғылымының аса көрнекті өкілдерінің қазіргі ұлттық жазба әдеби тілдің негізін қалауға, оны қалыптастыруға айрықша үлес қосқанына ешкімнің таласы жоқ. Бұлармен бірге ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуына айрықша атсалысқан, қайраткерлік қарымымен де, қаламымен де елеулі үлес қосқан тағы бір тарихи тұлға бар. Ол – Әлихан Бөкейхан. Ұлттық жазба әдеби тіл дамуының ХХ ғасыр басындағы кезеңінде ол ұлт көшбасшысы ретінде үлкен тарихи рөл атқарды. Ғалым, журналист, аудармашы, қолынан қаламын тастамаған шығармашыл тұлға ретінде қазақ тілінің өркендеуіне жеке үлесін қосты.

 Өткен ғасыр басында-ақ Қошке Кемеңгерұлы: «Әлиханның қазақ еліне сіңірген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды», деп жазыпты. Біздің бұл мәселеге ден қоюымызға да Қ.Кемеңгерұлының осы пікірі басты себеп болды.

 ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан, есімі Ахаңнан кейін аталуға тиіс делініп жүрген Алаш білімпазы. Ахаңнан бастап тіл мәселесін зерттеген замандастарының еңбектерімен жақсы таныс, өзі де солардың қатарында болған білімпаз мұндай пікірді жайдан-жай айта салмасы анық. Сондықтан сол кезеңде өмір сүріп, Алаш мүддесі үшін Әлихан Бөкейханмен қатар еңбек еткен білікті ғалымның пікіріне ерекше мән беру қай жағынан алып қарасақ та негізсіз емес. Ендеше: «Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтың әдеби тілінің тууына қалай себеп болды?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

 Тарихымыздың ХХ ғасыр басындағы кезеңін Алаш көсемі Әлихансыз елестету мүмкін емес. Өйткені, ол осы кезеңдегі қазақтың тарих көшінің бағыт-бағдарын белгілеп, ел мен жер, тіл мен діл тағдыры, дін мен дәстүр тұтастығын сақтау үшін жұрт жұмысының жауапкершілігін мойнына жүктеп, басын бәйгеге тіккен тарихи тұлға. Иә, бұл кезеңде елге адал қызмет еткен ұлт зиялыларының әрқайсысының тарихымыздағы өзіндік орны, ұлтымыздың оянуына, өркендеуіне сіңірген зор еңбегі бар. Ол айдан анық. Алайда, солардың арасында қайсар мінез, табанды қайраткерлік болмысымен, саяси күрескерлік рухының биіктігімен және жан-жақты білімділігімен, бүтін бір елдің тағдыры мен оның алдыңғы қатарлы зиялы қауымын қалыптастыру, азаттық үшін бірігіп күресу жолында көшбасшылық қасиетімен ерекшеленіп, дараланып тұрған ең көрнекті тұлға – Әлихан. Мемлекет тізгінін ұстаған, ұлт көшін бастаған көшбасшылар мен көсемдердің сол қоғамға, сол халықтың өмір-тағдырына ілгерінді-кейінді ықпалы да зор болатынына адамзат тарихынан мыңдаған мысал табылады. Әлихан қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы көшбасшысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер. Ал тіл – кез келген мемлекеттің ішкі бірлігі мен сыртқы қарым-қатынасында, ұлттың тұтастығы мен мәдени дамуында негізгі рөл атқаратын басты құрал және баға жетпес рухани қазына. Қазаққа адал қызмет етуді өмірінің мәні санаған, өзі айтпақшы «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеген» Әлихандай ірі қайраткер, сұңғыла саясаткер мұны жақсы білген. Сондықтан да, ол Алаш қозғалысының көсемі, Алашорда үкіметінің төрағасы ретінде де, мектепті, училище мен институтты тәмамдап, толық әрі жүйелі білім алған өз заманының ең алдыңғы қатарлы, озық ойлы ұлт зиялысы ретінде де тілдің рөлін терең сезінген. Тіл қадірін, қазақ тілінің қасиетін білмейтін адам «Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақ тілі» деген сөзді айта ма? Академик Кеңес Нұрпейісұлы атап көрсеткендей, Әлихан Бөкейхан халқымыздың саяси көсемі. Бір халықтың саяси көсемінің елдің ішкі саясатының ең өзекті мәселесі тілге, тіл саясатына мән бермеуі, оны назардан тыс қалдыруы мүмкін емес еді. Дәлірек айтқанда, ол өзінің саяси жолының алғашқы қадамынан бастап қазақ тілінің ісқағаз жүргізу, сот пен тергеу, білім беру тілі болуын күн тәртібіне қойған, ресми органдардан талап еткен саясаткер.

 Ол өзінің төңірегіне топтасқан бүкіл алаш оқығандарын қазақша газет шығаруға, көркем шығармалар мен қазақша пән оқулықтарын жазып, қазақ баласын ана тілінде оқытуға жұмылдырды. Бұл оның ұлт көсемі ретінде жазба әдеби тілдің қалыптасуына жасаған үлкен ықпалы, басты тарихи қызметі. Қ.Кемеңгерұлының «…әдеби тіл тууына себеп болды» деген пікірінің ең басты әрі жалпы сипаты да осы болар деп пайымдаймыз.

 Алаш қайраткерінің жазба әдеби тілдің дамуына қосқан үлесі мұнымен ғана шектелмейді. Ол Алаш зиялыларын бұл іске жұмылдырып, ұйымдастырып, жөн сілтеп, жалпы басшылық жасап қана қойған жоқ. Өзі де солардың бел ортасында жүріп, қолынан қаламын тас­тамай өнімді еңбек етті. Қазіргі ғылым тілі, көркем әдебиет тілі, баспасөз тілі, ресми ісқағаздар тілі бір күнде қалыптаса салған жоқ. Тіліміздің функционалдық стильдік тармақтарының жіктелуіне қазақ тілінде газет шығарып, оқулықтар мен оқу құралдарын, көркем шығармалар мен ғылыми, ғылыми-көпшілік ең­бектер жазған ХХ ғасыр басындағы оқығандардың, көрнекті ағартушы-ғалымдардың қосқан үлесі орасан зор.

 Әлихан, Ахаңдар бастаған қазақ оқығандары, ағартушы-білімпаздар тобы ұлттық баспасөзді дамыту мен оның тілін қалыптастыруға да бар білімі мен тәжірибесін, көп күш-жігерін жұмсады. Әсіресе, «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» деп, М.Әуезов оның қазақ өміріндегі рөлін атап көрсеткен жалпыұлттық тұңғыш газеттің ұлт тарихында алатын орны айрықша болды. Сондай-ақ, ұлттың ой-санасын оятқан бұл басылым қазақтың баспасөз тілінің, бүгінгі ұлттық жазба әдеби тілінің де қалыптасуына негіз қалады.

 Ахметтанушы, алаш мұрасын зерттеуші тілші-ғалымдардың қай-қайсысы да қазақ тіл ғылымының атасы саналатын ғұлама-ғалым Ахаңның ұлттық жазба әдеби тілдің қалыптасуына да өлшеусіз үлес қосқанын атап көр­сетеді. Ғалымның соңына қалдырған құнын жоймайтын ғылыми мұрасы соған дәлел. Ал енді «Қазақ» газеті жазба әдеби тілдің үлгісін жасады» деген тұжырым тұрғысынан қарағанда, қазақ тіліндегі газет шығару мәселесін күн тәртібіне қоюдан бастап, қазақ өміріне үлкен серпін берген бұл тұңғыш ұлттық баспасөздің алғашқы санынан соңғы 265-ші санына дейін аянбай атсалысқандардың бірі ғана емес бірегейі алаш көсемі Әлихан Бөкейхан екенін де ұмытуға болмайды.

 Көрнекті тарихшы ғалым, академик Кеңес Нұрпейісов: «…Ұлттық бас­­па­сөз органдары қатарында «Қа­зақ» га­зетінің алатын орны ерекше. Өйт­кені, ол басқа басылымдармен салыс­тырғанда ұзақ мерзім (1913-1918 жылдар) шығып, 265 саны жарық көрді. «Қазақты» дүниеге келтірген және оның тұрақты авторларының қатарында Алаш қозғалысының халық таныған жетек­­шілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер болды. Осы азаматтар мен олардың сенімді серіктері «Қазақ» газетін жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерді», – десе, белгілі тарихшы, алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі М.Қойгелдиев: «1909 жылы Петербордан Абайдың тұңғыш кітабын шығарған Бөкейханов болатын және «Қазақ» газетін шығару идеясы да Әлекеңдікі. Әрине, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі орасан зор», – дейді. Алаш мұрасын терең зерделеген белгілі тарихшы ғалымдар Әлиханның газетті шығару идеясының және оның тұрақты авторы болғандығын анық жазады.

 Алаш ардақтысының соңында қалған мұраларының елеулі бөлігі – ау­дар­малары. Аудармашылық – оның шығармашылық қызметінің маңызды қыры. Әлихан Бөкейхан көркем аудармамен, ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси әдебиеттер мен түрлі пән оқулықтарын, оқу-ағартуға арналған құралдарды аударумен де айналысты. Олардың арасында қысқа-қысқа мысалдар мен әңгімелер де, көлемді повестер мен романдар да бар. Алаш зиялысы әлем әдебиетінің жауһарлары саналатын Ги де Мопассан, О.Уайльдтің, көрнекті орыс классиктері Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, И.С.Тургенев және В.Г.Короленко, Д.Н.Мамин-Сибиряктің шығармаларын, көне гректің әйгілі ақын-мысалшысы Эзоп мысалдарын, орыс генералы, этнограф, археолог, тарихшы, фольклор зерттеушісі, профессор Н.А.Маркстің «Қырымның ескі әңгімелерін» аударды.

 Әдеби тілді, ғылым тілін қалып­тастыруға қосқан Ә.Бөкейхан үлесінің бірі ол жасаған терминдер. Аударған оқулықтары мен ғылыми еңбектерінен оның қаламынан туындаған көптеген терминдерді кездестіруге болады. Мәселен, Қыр баласы аударған К.Фламмарионның «Астрономия әліпбиі» Мәскеудегі Кеңес Одағындағы халықтардың Кіндік баспасынан 1924 жылы жарық көрді. Осы еңбекте айдың жартылай тұтылысы – частное затмение луны, айдың толық тұтылысы – полное затмение луны, аспан кеңдігі – небесное пространство, аспан тасы – аэролит, ауыс­палы жұлдыздар – переменные звезды, жер белбеуі, белбеу – экватор, бұлтшық – облачко, егіз жұлдыздар – двойные звезды, жанартау – вулкан, жантайма – наклон (земной оси), жердің білегі – ось земли, жұлдызшық – звездочка, күннің беті – поверхность солнца, күн қотаны – солнечная система, қоралы жұлдыз – совокупность звезд, құс жолы – млечный путь, қырағы түтік – телескоп, пөліс шеңбері – полярный круг, терістік пөліс – северный полюс, толық тұтылыс – полное затмение, тұтылыс – затмение, ұзақтық – долгота, ұялы жұлдыздар – созвездия, үйек – пояс және т.б. терминдер бар.

 Әлихан: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ», деп алаштың жоғын жоқтап, барын түгендеп, ұлтымыздың қамын жеп өткен жұрт шырақшысы. Азаттық жолындағы арпалыспен өткен күреске толы ғұмырында ол ұлтының ертеңі үшін бар күш-жігерін, білім-тәжірибесін жұмсаумен бірге, басын бәйгеге тігіп, жанын да қиды. Қазақтың өз жерін еркін жайлап, өз елінің төрінде отырып, ұл-қызын қазақша оқытып, билік пен төрелікті қазақ тілінде айтуы үшін аянып қалған жоқ. Қазақ тілінде газет шығарды, қазақша кітаптар бастырды, жүздеген мақалалар жазды. Өзгелердің озық ойларын қазаққа жеткізем, көркемдік танымын кеңейтем деп аударма да жасады. Қайсар рухты, асыл текті қайраткердің көшбасшылық арынымен де, қаламының қарымымен де қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі де елеусіз қалмауы керек.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор Ұлттық ғылым

академиясының корреспондент-мүшесі.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу