Мәдениет және өркениет ұғымдары жайында. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал. 2 сабақ.
Тарапта
Оқу мақсаты: 10.2.3.1 көпшілікке арналған интервьюдің құрылымы мен рәсімделуін білу, жанрлық ерекшеліктерін талдау;
Талқы сұрағы:
- Қандай құндылықтарды жете меңгергенімізде біртұтас қоғам қалыптастырамыз?
Оқылым тапсырмасы Мәтінді зейін қоя оқыңыз
Қоғам құндылығы - халықтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Нұрғисаев ұлттық құндылықтар туралы сұхбатынан үзінді
Серікбай Өрікбайұлы, біздің елдік мұратымыз не? Қандай мақсат жолында еңбек етуіміз керек?
- Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Келесі маңызды мақсат - ауызбіршілігі мол даму жолындағы қазақстандықтарды тәрбиелеп шығару. Соның негізінде қазақ ұлты тұруы керек. Ал енді ұлтты ұлт ететін - тәуелсіз мемлекет. Анығырақ айтсақ, мемлекеттік саясат. Бұл саясатты жүргізу үшін елдің заңы мен мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Елді дамытудағы атқарушы биліктің де, заң шығарушы органның да, жеке парламентшілердің де басты мақсаты - осы.
- Қазақ халқының өнері мен мәдениеті, оны әлем жұртшылығына таныту туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?
- Адамның өмірге келгенінен бергі жиі ойланатыны өзінің кім екендігін білу, сезіну, соны өз ортасына жеткізу. Қоғам құндылығы - халықтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі. Ұлты кім болса да, әр азаматқа адами қасиет ананың сүтімен, атаның қанымен дариды. Қазір ұлттық құндылықтарымызды шетелдерге танытуымыз керек. «Сен кімсің?» дегенде «Мен - қазақпын!» деп ана тілімізде айта аламыз. «Қазақ қайдан шықты?» дегенде әр азамат өз елінің, халқының тарихын білуі тиіс. Әрбір қазақ «Осыншама жерді қалай сақтап қалдың, жаугершілік замандардан қалай аман өттің?» деген сауалдарға тосылып қалмай, нақты жауап бере білуі қажет. Өйткені атамекенімізді қорғау жолында қаншама батыр бабамыз жанын да, қанын да аяған жоқ. «Халықты қандай құндылықтар біріктіріп отыр?» десек, әрине тілің, ділің, дінің, патриоттық сезімің, бауырмалдық қасиеттерің екені анық. Жаугершілік заманында еліміздің бір қиырында шу шығып, «Аттан!» салғанда, екінші шеттегі қандастарымыз жетіп барған. Соның барлығы туған Отанды қорғау қасиеті, ар намыстың биіктігі. Бұл атадан балаға, одан немере мен шөбереге беріліп келе жатқан аманат. Осындай ұлттық құндылықтар бізге де үнемі қуат беріп тұрады. Келер ұрпақтың бойына да сіңеді деп ойлаймын. Бүгінгі замандағы технологиялық бәсекелестік қарқын ала түскен қоғамда, осы әлемдік тартыста біздің бабадан балаға беріліп келе жатқан сол құндылығымыз бізді сақтап, әрі қарай дамуымызға серпін береді деп есептеймін. Өзге елге барсаң, «Сен кімсің?» деп саған да қарайды, «Қайдан келдің?», "Ой-санаңа жинаған білімің, тарихың, бойыңдағы қасиетің қандай, денсаулығың қалай?» деп сынайды. Шетелге барғанда, кейбір тамырсыз ұрпақтың «Ана тілін білмеймін, қазақтың өнерін, тарихын білмеймін, сенің тіліңді білемін, сенің валютаңды білемін» дегені кімге керек? Жер шарының өзі кішкентай ғана. Онда мыңдаған халық, екі жүзден астам мемлекет бар, қаншама тіл мен мәдениет бар? Соның барлығы әртүрлі сөйлесе де, әртүрлі дінге сенсе де, Біріккен Ұлттар Ұйымының бір шаңырағының астында тұр. Тәуелсіз Қазақстанымыз татулықты сақтап, дипломатиялық қатынаспен 150-дей елмен байланыс орнатқан. Осы орайда «Бұл қай жолмен келе жатыр?» деп біздің елді де өзге жұрттар зерттеп, қарап отыр. Қазір жаңа заманауи технология тұрмысымызға еніп жатыр. Бірақ адамзаттың ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеті, тілі, мәдениеті, діні сақтала бермек. - Тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтарын тәрбиелеудегі өнердің, рухани қазыналарымыздың рөлі қандай?
- Иә, азаматтарымызды өзіміздің тіліміз, өнеріміз бен мәдениетіміз сынды рухани құндылықтарымыз ғана тәрбиелей алады. Одан басқа тәрбиенің балама түрі жоқ! Бәрі тілге байланысты. Мәселен, орысша тәлім алған қазақтар мен ана тілінде оқыған ұл-қыздарымыздың психологиясы мен көзқарасы бөлек. Ол тұрмақ, бүгінгі күні қазақша оқып, тілді меңгеріп алған басқа ұлт өкілдері өз ұлттарынан көрі бізге жақындау болып тұр. Мысалы, Қызылорда облысында адамдар «Қазақ пен кәрісті ажырата алмаймыз» деп күлетін еді. Өйткені ондағы кәрістер таза сөйлейді, жүрісі, тұрысы, психологиясы 100 пайыз қазақ болып кеткен ғой. Бәрін біліп алған. Өздеріне «Кімсің?» десең, қазақтың бір руының атауын айтады да жүре береді. Соған сеніп қаласың. Демек, бір халықтың тілін, ділін, дәстүрін терең білген адам сол халықтың қасиеттерін де өз бойына жинайды. Сондықтан тілдің ерекшелігі, барлық рухани ұлттық құндылықтарымыз бір азаматты ғана емес, қоғамдық ортаны, халықтың санасын өзгертіп жібереді. Мемлекет азаматын тәрбиелеудің жолы - қазақ тілі мен тарихы, қазақ мәдениеті мен өнері және қазақ болмысы. Бір қуанарлығы қазір оң өзгеріс басым. Бүгінде әншілер арасында да, жүрналистер қатарында, мемлекеттік қызметте де қазақ тілін терең меңгерген өзге ұлт азаматтары бар.
1-тапсырма. Мәтінді зерттеп, төмендегі оқу стратегиясы бойынша оқыңыз, талдаңыз, жазыңыз:
- Мәтіннің кіріспесінде не туралы айтылған?
- Мәтін мазмұнын қалыптастыруда кіріспенің рөлі қандай?
- Мәтін кімдерге арналған ?
- Аудиториясын қандай белгілері арқылы анықтауға болады?
- Мәтіндегі логикалық байланыс неден көрініс табады?
- Сұхбат беруші өз пікірін білдіруде қандай тәсілдерді қолданды?
Бағалау критерийі | Дескриптор |
көпшілікке арналған интервьюдің құрылымы мен рәсімделуін білу, жанрлық ерекшеліктерін талдау; | -мәтіннің аудиториясына, құрылымдық ерекшеліктеріне талдайды; -тілдік қолданысына талдау жасай алады; --мәтіннің жанрын анықтай алады. |
Тапсырма атауы: «Менің сұрағым бар» әдісі
Сұхбат сұрақтары:
- Сабақ барысында нені меңгердің?
- Сабақта саған не қиын болды?
- Келесі сабақта неге мән беру керексің?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?