Халықтар достығы. Қазақ тілі, 9 сынып, қосымша ресурс.


 Мұқтар Мағауин

 Бір атаның балалары

 (үзінді)

 – Ал, ағайын, тегіс жиналсаң, сөзіме құлақ сал, – деді басқарма. – Өздерің білесіңдер, мен жұмысшы әкелем деп кеттім. Ақыры былай болды. Үкімет біздің Бұлғыртау ауданының тоғыз қалқозына елу төрт бала жіберген екен. Жер аяғы шалғай, мен барғанша ересектерін бөлісіп әкетіпті. Соның өзі жақсы болды. Жетісіп отырған ешкім жоқ, түгел кем-кетікпіз. Төрт-бес жұмысшы қосылғаннан азаматтың орны толмас деп, ең ұсағынан таңдап алдым.

 Жұрт дабырлап кетті. Басқарма мен есепші екеуі шүпірлеген бір арба бала әкелді дегенді мана, жұмыс басында естіген. Рас боп шықты.

 – Сабыр, ағайын, сабыр, – деді басқарма қолын көтеріп.

 – Менің әкелгенім алты-ақ бала. Бәріңе жетпейді. Және, қазір баурыма салдым деп алып, ертең өгейсітіп жүрсек тағы қазақшылыққа жатпайды. Мүмкін, үкімет әлі де жіберер, сонда қалғаныңа тиеді. Әзір қолда барын құдай жолымен бөлем. Ай, бәйбіше, – деді содан соң дауыстап.

 – Тамағын ішіп болса балаларды алып шық.

 – Қазір, ақсақал, – деген дауыс естілді киіз үй ішінен,

 – Ал, былайырақ тұрындар, балаларға орын беріңдер, – деді басқарма.

 Жұрт жапырыла шегініп, есік алдың қоралай тұрды. Орталарын ашқанмен, кимелесіп, мүмкіндігінше алға шығуға тырысады. Бірі қызық көрмек, бірі үміт жетегінде.

 Ақыры басқарма әйелінің ақ шаршысы көрінді. Бірақ сыртқа шықпай, көтерме киіз есікті жамылған күйі бөгеле берді.

 – Жүріңдер, айналайындар, бері жүріңдер.

 Аппақ қаздың баурынан тұрған сары үрпек балапандай, сап-сары шашты сап-сары бала көрінді. Жұрттың дабыры пышақ кескендей тыйылды. Артынша бірінің соңынан бірі тізіліп, қара шашты, қоңыр шашты, жирен шашты балалар өріп шыға бастады. Күнге көздері шағылысты ма, әлде жадау киінген жат топтан именді ме, бәрі есік алдыңда ұйлығып қалды.

 – Өй, қалқабастар, қорықпаңдар, бері жүріңдер, – деді басқарма. Қолынан бір-бірлеп жетектеп әкеп, киіз үйдің күнес жақ қабырғасына қатарлап тұрғызды.

 Жаңа сілтідей тына қалған жұрт бадалардың ішінде қоңырқай өңді, қара көзділері барын аңдаған соң қайтадан күбір-күбір сөйлесіп, гуілдеп кеткен.

 – Ал, Дәуренбек, – деді басқарма, екі қолын кеудесіне айқастырып, алдыңғы қатарда сіресіп тұрған қара ғалифе шалбар, әскери гимнастеркалы жігітке қарап. – Дүкіметіңді оқы, балалардың мән–жайын айт.

 Дәуренбек төс қалтасынан төрт бүктелген бір жапырақ қағаз алды, қағаздың бүктемесін жазып, ернін жыбырлатып, ішінен оқып аз бөгелді. Содан соң балаларды санап шықты. Қағазына тағы бір қарады да балаларды орнын алмастырып, қайта тұрғызды. Тамағын кенеп екі-үш мәрте жөткірініп алып, қағазды мұқият бүктеді де қайтадан қалтасына салды.

 – Басекең дұрыс айтады, баланың саны алтау, – деді содан соң. – Смирна тұрып, внимательнатыңдаңдар. Мен ретімен таныстырып шығайын. Тылдағы еңбекшілерге көмекке жіберілген жолдастар төмендегіше. Стройдың  басында тұрған екеу – қазақ балалары, үлкені сегізде, кішісі алтыда, мынаусы – Нартай, анаусы – Ертай, екеуі ағайынды. Бұлардан соңғы – татар баласы, аты Рәшит, жетіде. Көзі сығырайған жалпақ бет, тақырбас қара – әйел бала, қалмақ, я дүңген, жасы алтыда. Қасындағысының аты – Яков, тоғызда, қолағаштай мұрнына қарағанда жойыт тәрізді, бірақ документте орыс деп жазылған; қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз, әрі мылқау. Ең соңындағы – жаңа алдымен шыққан қасқа, жетіде. Сіздерден жасыратын не бар, тегі жаман – неміс. Бұл баланың орны детдом емес еді, әке-шешеден бірдей айрылып, панасыз қалған соң алынған екен. Өкіметтің кеңшілігі көп. Енді осы араға келіп тұрған жайы бар.

 – Сонда қалай? – деді біреу.

 – Не қалай?..

 – Мына бала...

 – Қай бала?

 – Мына балалар... не... алған адам... алам деген адам... нетіп...

 – Мен бәрін де айттым, – деді Дәуренбек. – Тағы қандай сұрақ бар? Ешқандай сұрақ болмады.

 – Түсінікті, – деді Дәуренбек. – Мен болдым. Басеке, сөз өзіңіздікі.

 – Сөз дейтін не сөз бар... Осы ауылдан соғысқа сайдың тасындай қырық үш азамат кетіп еді. Әзірге оралғаны екеу–ақ. Дәуренбек қолдан, Берден аяқтан айрылып қайтты. Жиырма төртіне қара қағаз алдық. Хабарсызы қаншама. Тегіс жетімбіз. Жетім болмасақ, әліпті таяқ деп білмейтін Тоқажан қалқоз басқарма ма. Жетім болмасақ, жетпіске келген Ахмет күндіз мал қарап, түнде күшкөлік баға ма. Әйтеуір артының қайырын берсін... – Көзі жасаурап сол бөгелді де қайта жалғастырды. – Сөз дейтін не сөз бар, біз баладан айрылсақ, мына алдарында тұрған – атадан айрылған жетімдер. Екі жарты – бір бүтін... – Даусы жарықшақтанып, мұрты селтеңдеп, бұдан ары сөйлей алмады.

 – Тоқа! – деді сол аяғына көнетоз саптама етік, он аяғына былғары тысты жаңа протез киген сырма күртелі қарамұрт. Бұл – бригадир Берден еді. – Тегіс сәби жасындағы кішкентай балалар көрінеді. Шыққан жерін ұмытып, ертең-ақ ет-бауырымыз боп кетеді. Өз қолыңызбен үлестіріп беріңіз.

 – Ләббай, – деді қайтадан қатайып алған басқарма, – мен бөлмеймін, өздерің таңдаңдар. Тек ретін айтайын. Реніш-өкпе болмасын. Ақа! Жол сіздікі.

 Тысы тозған сеңсең тымағын құлағын қайырып бір жақ шекесіне қисайта киіп, жұрттың бәрінің басынан аса қарап, ат үстінде тұрған Ахмет шал қарына қыстырған құрығын лақтырып тастап, жерге ырғып түсті. Қимылы ширақ.

 – Таңдаған балаңызды алыңыз.

 Ахмет ысырыла жол берген жұртты киіп–жарып балалардың алдыңа барды да қалт бөгелді. Қайсысын алсам екен деп ойланғандай. Жетімдерді жағалай шолып шықты да, ең баста тұрған ағайынды қазақ балаларының қасына келді. Екеуі біріне-бірі тығыла құшақтасып тұрған. Қолдарынан тартып еді, айрылмады. Ахаң тізесін бүгіп, екеуін бірдей баурына басты. Кезек-кезек маңдайларынан сүйді. Содан соң орнынан көтеріліп, балаларды жағалай бастарынан сипап өтті де, ең шетте тұрған неміс баласының қолынан ұстады.

 – Мен осы мықтының өзін қаладым.

 Жұрт ду ете түсті.

 – Еркіңіз білсін, – деді басқарма.

 – Баланың аты кім? – деді Ахаң Дәуренбекке қарап.

 – Зигфрид Вольфганг Вагнер. Қарық болдыңыз, – деді Дәуренбек мырс етіп.

 – Зекпри Болыпкен... Қалай, қалай?..

 – Зигфрид Вольфганг Вагнер.

 – Е, жөн-ақ, – деді Ахмет ақсақал. – Келісті, жақсы ат екен. Айналайын, жүр, үйге кеттік. Апаң күтіп отыр.

 Қызыққа жиылған балалардың ересектеу біреуі шылбырынан ұстап тұрған атына барды да, Зигфридті аяғын тарбита көтеріп алып ерге отырғызды. Еңкейіп, жерден құрығын алып, сол жақ қарына қыстырды. Үзеңгіге аяғы тиер тиместен лып етіп өзі де ат үстіне қона кетті. Күміс қасты қазақы ер кең екен, екеуі де сыйды: алдыңда – жалбыраған ұзын сары шашты көккөз сары бала, артында – ширатылған ұзын бозғыл мұрт, шоқша сақалды, өңі жел мен күнге тотыққан ақсұр шал.

 

  



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
Пікір жазу