Отбасы және демографиялық өзгеріс. Қазақ тілі, 9 сынып, қосымша материал.


ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМ ДӘРМЕНСІЗ

Кез келген мемлекеттің дамуына халық саны ықпал етеді. Мәселен, кей елдерде халық санының көптігі үлкен проблема туғызса, ал енді бір елдердің дамуы үшін халық санының арта бергені маңызды. Біздің елдің жағдайында халық санының өскені керек. Олай болса, елдегі демографиялық жағдай қандай деген сауалға жауап іздеп көрелік. Ә дегеннен елдегі демографиялық өсімнің баяулай бастағанын байқадық. Экономика министрлігінің Ста­тис­тика комитетінің ресми сайтында жарияланған дерекке сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстан халқының саны 18 332 071 адамды құрап тұр. Бұл ке­шегі, яғни 25 қыркүйектегі сағат 17:40 кезіндегі мәлімет. Бұл дерек бүгін басқа цифр­ларды көрсетіп тұр. Себебі, елімізде әр 76 секундта 1 бала дүниеге келсе, әр 245 секундта 1 адам бақилық болады. Сонымен, кешегі дерек бойынша елімізде ерлер саны 8 790 954, әйелдер саны 9 366 124 адамды құрады. Жыл басынан бері кешеге дейін 287 898 бала өмірге келсе, өлім-жітім саны – 97 511 адамды құраған. 25 333 адам шетелге қоныс аударыпты, ал 10 405 адам біздің елге көшіп келген. Соның бәрін есептей келгенде, жыл басынан бері демогра­фия­мыздағы табиғи өсім – 174 459 адам. Статистика комитетінің болжа­мына сүйенсек, жыл соңында халық саны 18 392 334 адамға жетеді. Табиғи өсім – 235 256 адам. Яғни, 2018 жылы өмірге 388 933 бала келеді деп болжанып отыр. Елге келушілерден кетушілер, әдеттегідей екі есе көп болмақ, 35 мың­нан астам адам сырт елдерге қоныс ауда­рады, ал шет елден біздің елге тұрақтаушылар 14 мыңнан асады деген болжам жасалған. Демек, ел үкіметіне шетелге қоныс аударушылар санын азайту мақсатында демографиялық саясатын қайта қа­рауына тура келеді. Ол үшін, әрине, шетелге кімдердің қандай мақсатпен кетіп жатқанын зерделеп, соған сай іс-әрекет жоспарына өзгеріс енгізуі қажет-ақ. Сонымен бірге, елдегі өлім-жітім санын тағы да азайта түсу үшін тиісті шаралар қабылдамаса болмайды. Мәсе­лен, медициналық қызметтің сапасын көтеріп, қолжетімді ету өте өзекті. Өйт­кені бүгінгі күнге дейін қабылданған, жүзеге асырылған шараларға қарамас­тан, халықтың медициналық қызметтің сапасына қатысты шағымы азайған емес. Ал тегін медициналық қызметтің ауылы тым алыс екені де жиі сөз болып жүр. Демография дегенде, бірден еске түсетіні туу көрсеткіші. Статистикалық деректерге шолу жасағанда халық санының өсуі бірінші кезекте дәл осы туу көрсеткішіне тәуелді болып отыр. Халық саны көп әрі тығыз орналасқан өңірлер – оңтүс­тікті туу бойынша көр­сеткіші жоғары деп қабылдау дағдысы қалыптасқан. Алайда статистикалық дерекке жүгін­сек, бүгіндері туу бойын­ша ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысына тиесілі болып отыр. Әрине, бұрынғы Оңтүстік Қазақ­стан, бүгінгі Түркістан облысында да туу көрсеткіші жоғары. Алайда Маң­ғыс­тау облысымен салыстырғанда, артта қалған жайы бар. Әйтпесе, елі­міздегі әрбір бесінші азамат осы өңірде дүниеге келеді. Әуесқой демограф Мақ­сат Имандосов Түркістан облысын «еліміздің басты перзентханасы» деп тегін айтпаса керек. Демограф дегеннен шығады, бүгінгі таңда елдегі демографиялық жағдай туралы пікір айта қояр маман табу қиындап кетті. Ал ағылшын тілінің маманы Мақсат Имандосов еліміз бен шет елдердегі демографиялық ахуал жөніндегі ой-пікірлерін әлеуметтік желі­лерде жариялай жүріп, желі қолда­нушыларының ықыласына ие болып үлгерді. Өзінің айтуынша, ол кәсіби демограф емес. Тек демографиялық ахуал­ды зерттеп, зерделеу, өзге елдермен салыстыру – ол үшін қызықты шаруа. «Солтүстік, Шығыс, Орталық Қазақ­станда туу көрсеткіші айтарлықтай төмен. Салыстырмалы түрде алғанда, Батыс Қазақстанның төрт облысындағы жағдай жаман емес. Соңғы бірнеше жылда Атырау жап-жақсы көрсеткішке ие болып отыр. Одан соң Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары тұр. Туу көрсеткіші бойынша Жамбыл облысында да жағдай жаман емес, бірақ көрсеткіштер бойынша облыс­тан кетуші адамдардың үлесі көп. Егер қателеспесем, былтыр Тараз халық саны­ның азаюы бойынша анти-лидер болды» дейді ол. Әуесқой демографтың дерегіне сүйен­сек, еліміздегі бала туудан рекордтық көр­сеткіш 1987 жылы тіркелген. Әзірге ол рекорд жаңармай тұр. «2016 жылы Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­дағы ең көп көрсеткіш 400 мың балаға жеткен болатын. Ал рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болды. Ол кезде Қазақстанда 417 мың бала дүниеге келген» дейді ол. Қазақстан қалаларындағы 2018 жыл­дың бірінші жартысында туғандардың санын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Алматы және Астана қалаларында туғандар санының өсуі сәйкесінше (+4,4) және (+4) пайызды құраған. Ақтөбе қаласында (+5.3), Атырау (+6.8), Орал қаласында (+7.5) пайыз. Са­лыс­тыруға назар аударсақ, Қазақстан­ның батысындағы үш қала да – туу көрсеткіші бойынша алда тұр. Демографиялық жағдайға көші-қон­ның ықпалы ерекше екені белгілі. Соның ішінде ішкі көші-қон туралы айтсақ, елі­міздің оңтүстік өңірлерінен адамдар көп­теп көшіп жатыр. Түркістан облысы, Шым­кент қаласы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы және Алматы облысынан көшу­шілер көп. Жамбыл облысынан негізінен Алматы қаласына қоныс аударушылар басым. Сондай-ақ Түркістан облысының көр­шілес облыстарынан Шымкент қаласына қоныс аударушылар санында өсім байқала бастады. Соның есебінен қаңтар мен маусым аралығында қала халқының саны 43 мың адамға көбейген. Мұны Шым­кенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуымен байланыстыруға болады. Ал Алматыға қоныс аударушылар 17 мың адамды ғана құраған. Әдетте, елдің бәрі Астанаға қоныс аударып жатқандай көрінеді ғой, шындығында, жағдай олай емес. Деректерді сөйлетсек, елордамызға ел ішінен қоныс аударушылар көп емес, бар болғаны 5 мың адам. Ал шетелге көшушілерге келсек, негі­зінен орыс ұлтының өкілдері яки орыстілді халықтар тұратын өңірлерден – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарынан шет елдерге қоныс аударып жатқандардың үлесі басым. Статистика деректері солай дейді. Ішкі көші-қон өңірлер статистикасына ғана өзгеріс жасағанымен, жалпы халық санына қандай да бір өзгеріс әкеле қой­майды. Ең бастысы, эмиграция қауіпті қар­қынға айналмауы керек дейді демо­графтар. Әрине, тарихи Отанына қоныс аударып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көші-қоны түсінікті жағдай. Солардың арасында елдің «ақыл-ойы» да сыртқа бет алса, ол үлкен проблемаға айналады. Өскемендегі «Алтайтану» ғылыми зерт­­теу орталығының директоры, демо­граф Александр Алексеенконың айтуын­ша, шет мемлекеттерде шетелден келген жастарды тегін оқытуға арналған бағдар­ламалар қарастырылған. «Соған қызыққан жастар шетке кетіп, сол жақта жұмысқа орналасып, соңынан әке-шешесін, отбасын көшіріп алып жатады. Бала туу және өлім көрсеткішімен қатар демографияға осы мәселе де әсер етіп отыр» дейді. Ғалым бұл үдерісті жастардың өз елімізде білім алуына жағдай жасау арқылы шешуге болады деген пікірде. Оның айтуынша, техникалық ма­ман­дыққа 20 мың қосымша гранттың бөлі­нуі тегін білім алу мүмкіндіктерін кеңейте бастаған. Сонымен бірге, биыл 450 түлекке облыстық бюджеттен грант бөлінген, бұл былтырғыдан екі есе көп. Енді осы грантқа ие болғандар оқуын бітір­ген соң өз өлкесінде еңбек етумен бірге, демографиялық дамуға да үлес қо­сады деген сенім бар. Демографтар байқаған тағы бір үдеріс – Қазақстан қалаларында халықтың табиғи азаю көрсеткіші азайыпты. Бұл қуанарлық жағдай. Алайда Қарағанды және Көкшетау қаласында халық санының азаюы басылар емес. Бұл аталған қала­лар­дың Астанаға жақын орналасуына бай­ланысты дейді мамандар. Қалай десек те, демографиялық жағ­дайды жақсарту күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуы тиіс. Мемлекет демогра­фиялық саясатын қайта қарамаса туу көрсеткіші азая бермек. Себебі, бүгіндері ақысы төленетін демалыс пен бала туған кезде берілетін түрлі жәрдемақылар көле­мі халықтың көңілінен шықпайды. Одан бөлек, көпбалалы отбасылардың баспа­налы болуына жеңілдіктер жасалуы тиіс деген ұсыныстар қанағаттандырылмаса, балалы болуға асықпайтын отбасылар саны арта береді. Ана мен бала денсау­лы­ғын сақтау, жұмыс істейтін әйел-ана­лардың еңбек тәртібін, ішкі және сыртқы көші-қон сияқты бірқатар мәселелерді реттеу – демографиялық өсімге тікелей ықпал етері анық.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

https://aikyn.kz/2018/09/25/68496.html



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу