Адам құқығы мен бостандығы. Қазақ тілі, 9 сынып, қосымша материал. 12 сабақ.
Бейнежазылым: http://www.youtube.com/watch?v=HQ1wQ1R1oYA «қазақстанда адам құқығы сақталған ба?»
Қосымша ақпарат:АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ
Дамыған және дамушы елдерде күн тәртiбiнде тұратын мәселе – адам құқығы, сөз бостандығы, тәуелсiз бұқаралық ақпарат құралдары, ой еркiндiгi мен басқа да демократиялық құндылықтар. Бүгiнгi сараптамада бiз Жер шарындағы аталған мәселелердiң ахуалын таразыға тарттық.
ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ ДЕ ДЕМОКРАТИЯ ДӘРМЕНСIЗ
2008 жылдың қаңтарында дүние жүзi бойынша адам құқығы, демократия мен сөз бостандығы саласында тер төгiп жүрген халықаралық ұйым – Хьюман Райтс Вотч 2007 жылды қорытындылаған баяндамасында Жер шарында, әсiресе, дамушы елдерде адам құқығын сақтау мәселесi сын көтермейтiндiгiн мәлiмдедi. Мәселен, Бахрейн, Нигерия, Ресей, Таиланд, Иордания, Зимбаба,Малайзия, Әзiрбайжанда өткiзiлген сайлаулар "демократиялық" ұғымына сөз жүзiнде ғана сәйкес келген. Беларусь, Куба, Египет, Иран, Израиль, Ливия, Уганда, Түркiменстандағы сайлауалды компанияларында оппозиция өкiлдерiне билiк тарапынан қысым жасалып, адам құқығы шектелген. Халықаралық бақылаушылар тарапынан айтылған сын мен ескертпенi жоғарыда аталған елдердiң көпшiлiгi қабылдаған жоқ. Өйткенi, аталған елдердiң билiгi "дауыс беру процесi – әрбiр мемлекеттiң iшкi саясаты, қалай өткiзем десе, өз еркi" деген сенiмде болды.
Хьюман Райтс Вотч былтыр жаппай қатыгездiкке тап болған елдердiң де тiзiмiн жасады: Чада, Колумбия, Конго, эфиопиялық провинция Огаден, Сомали, Ирак, Шри-Ланка, судандық провинция Дарфур, Бирма, Қытай, Куба, Ливия, Сауд Аравиясы, Вьетнам т.б. Кейбiр елдердегi қатыгездiктерден денең түршiгедi. Мысалы, Дарфурда миллиондаған адам тек гуманитарлық көмектiң күшiмен тiршiлiк кешуде. Мұндай аймақтардағы саяси, экономикалық және заңнамалық ахуалдың халықаралық стандарттарға сай болуын талап ету әсте мүмкiн емес. Бирмадағы әскери үкiмет ешқандай бейбiт шеруге рұқсат еткен емес. Наразылықтарын бiлдiруге талпынғандарды күшпен басып тастайды. Жуырда ғана жапондық бiр журналист белгiсiз бiреулердiң қолынан қаза тапқан. Ресми деректерге сүйенсек, қазадан бұрын бирмалық генералдар оған бiр емес, бiрнеше рет ескерту жасап, қоқан-лоққы көрсетiптi. Сонымен қатар былтыр тамыз-қазан айларындағы монахтардың, демократиялық белсендiлер мен қарапайым азаматтардың бейбiт шеруiн билiк қарудың күшiмен ыдыратқан. Бүгiнде қарапайым халық өз ойларын еркiн бiлдiрмек тұрмақ, шетелдiктермен немесе журналистермен тiл табысуға қорқады. Шри-Ланкадағы "Тамил Илам азат ету жолбарыстары" мен билiк арасындағы аяусыз ұрыста кейде абайсыз, кейде әдейi бейбiт тұрғындар жапа шеккен. Жүздеген адам "iз-түзсiз жоғалып" кетсе, 20 мыңнан астамын билiк күштеп қоныс аудартқан. Газа секторындағы израильдiктер тосқауылдарының кесiрiнен 1,3 млн. қарапайым тұрғын нансыз, iшiп-жемсiз, дәрi-дәрмексiз, яғни, аса қажеттi заттардан қағыс қалған. Бұл – халықаралық нормаларға қайшы келетiн жайт. Қытайдағы олимпиада қарсаңында орын алған тибеттiктерге қатысты жағдай да адам құқығының аяққа тапталғандығынан хабар бередi. Бейбiт шерушiлердi мемлекеттiк саясатқа қайшы келгендерге теңеп, күш қолданған Пекин әлемдiк қауымдастық танытқан наразылықтың астарынан саяси сарын iздедi.
Лаңкестiкке қарсы күреске қатысты қабылдаған шараларда тiптi, АҚШ, Франция, Ұлыбританияның өзiнде адам құқықтары аяққа тапталған жайттар кездескен. Сонымен қатар Гуантанамодағы базада орын алған заңсыздықтар да көңiл алаңдатады. Деректерге сенсек, онда қазiр қапастағы 275 тұтқынға ешқандай айып тағылмаған. АҚШ әкiмшiлiгi олардың кейбiрiн бостандыққа шығаруға шешiм қабылдаса да, қайда жiберерiн бiлмей дал: елдерiне керi қайтаруға болмайды, өзге елдер ондай тұтқындарды қабылдауға құлықсыз. Кезiнде езiлгендерге пана болған иммигранттар елi – Америкада да адам құқығының сақталуы аса мәз емес. Хьюман Райтс Вотчтың мәлiмдеуiнше, жан басына шаққанда, түрмеде отырғандар саны жағынан АҚШ алда. Әсiресе, ақнәсiлдiлерге қарағанда, қаранәсiлдiлердiң қолына кiсен салу мүмкiндiгi 6 есе жоғары көрiнедi. Камбоджа, Конго демократиялық республикасында, Эфиопия мен Ливанда саяси күш көрсетулер орын алса, Ресей мен Тунисте азаматтық қоғам құрудағы ең басты шарт – сөз бостандығы шектелген, БАҚ-қа қысым жасалған. Халықаралық құқықтық нормаларға қайшы келетiн әрекеттерге барған мемлекеттердi жазалауға дамыған елдер аса құлықты емес. Өйткенi, табиғи ресурстарға бай дамушы мемлекеттердiң мұнайы мен газынан қағыламыз деген коммерциялық мүдде бар. Оған лаңкестiк әрекеттерге қарсы күресте аса маңызды саналатын мәселелердi қосыңыз.
БАСПАСӨЗ БОСТАНДЫҒЫ
Демократиялық елдердегi басты құндылық – сөз бостандығы мен ой еркiндiгi. Өкiнiшке қарай, орталық азиялық аймақта ғана емес, посткеңестiк кеңiстiкте, жалпы дамушы елдерде сөз бостандығына қатысты қордаланып қалған қиындықтар жетерлiк. Мысалы, жуырда Freedom House 2008 жылдың мамырында 2007 жылға арналған есебiн жариялады. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда, сөз бостандығына қатысты ахуал ушыға түскен: 195 мемлекеттiң тек 72-сiнде ғана баспасөз еркiн де тәуелсiз, 59-ында жартылай тәуелсiз. 64 елде ақпарат алуда халықтың құқығы айтарлықтай шектеледi. Жер шары тұрғындарының 18 пайызы ғана бапасөз бостандығына ие, ал 42 пайызында мүлде жоқ. Қазақстан 170-орында – 78 балл. Баспасөз бостандығына келгенде, бiздiң елiмiз Ресей, Судан, Йеменмен бiр деңгейде екен. Бұл Ауғанстандағы ахуалдан 7 балл төмен… Ең төменгi орында Бирма, Куба, Солтүстiк Корея, Түркiменстан тұр.
Еуропалық Кеңес, Еуропалық Кеңестiң Парламенттiк Ассамблеясындағы БАҚ туралы комитетi мен Үкiметтiк емес ұйымдар конференциясы тарапынан посткеңестiк кеңiстiктегi дамушы елдердегi адам құқықтарының сақталуы, демократияның дамуы сияқты бiрқатар мәселелердi шешудiң төте жолдарын қарастыратын шаралар жиi ұйымдастырылады. Мысалы, жуырда Варшавада Беларусьтегi БАҚ бостандығын қамтамасыз етуге арналған халықаралық конференция өттi. Беларусь – сөз бостандығын сақтауға қатысты жүргiзiлген мониторингте 195 елдiң iшiнен 186-орынды иемденген мемлекет. Басқаша айтқанда, адам құқығы, сөз бостандығы, бұқаралық ақпарат құралдарының еркiндiгi шектелген ел.
Бүгiнде Ресейде электрондық ақпарат құралдарының 90 пайыздан астамы Кремльдiң ықпалында. Басылымдар арасында тәуелсiз бағыттағыларына билiк тарапынан қысым жиi жасалынады. Мысалы, жуырда ғана экс-президент Путин мен әлемге танымал ресейлiк гимнастка Кабаеваның үйленетiндiгi туралы мақала жариялаған "Московский комсомолец" газетiнiң бас редакторы "өз еркiмен" жұмыстан кеттi. Тiптi, басылымның жұмысына мүлде тыйым салынатындығы туралы хабар да желдей ескен. Бiрақ бас редактордың отставкасынан кейiн газет күйбең тiршiлiкке қайта араласты. 2007 жылдың наурызында Мәскеудегi Сахаров атындағы орталықта ұйымдастырылған Юрий Самодуровтың "Тыйым салынған шығарма – 2006" аталатын көрмесi "дiни арандатушылыққа жол бердi" деген РФ Қылмыстық кодексiнiң 282-бабына сәйкес, Самодуровтың үстiнен қылмыстық iс қозғауға себеп болды. Хьюман Райтс Вотчтың айтуынша, дәл осы бапты ресейлiк билiк саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерiне жиi қолданатын көрiнедi.
Беларустық журналистер билiктен БАҚ-тағы меншiк түрiне қарамастан, экономикалық тұрғыда (қаржыландыру, тарату, т.б.) тең көзқарас пен саясаттың ұсталуын талап етуде. Ресми деректерге сүйенсек, республикалық бюджеттен беларусьтық мемлекеттiк БАҚ-ты қаржылық қолдау 74 млн. долларға жетiптi. Экономикалық, әлеуметтiк ахуалы сын көтермейтiн шап-шағын мемлекетте осыншама көл-көсiр ақшаның саусақпен санарлықтай БАҚ-тың "қанжығасында" кеткенiне, билiктiң әдiлетсiздiкке жол бергенiне тәуелсiз журналистер наразы.
Дамыған елдер өздерiндегi демократиялық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн дамушы елдердегi азаматтық қоғамға тән игiлiктер мен жетiстiктердiң дамуына ықпал етуге мүдделi. Хьюман Райтс Вотч Еуропалық Одақ пен АҚШ-ты Жер шарындағы барлық дамыған және дамушы елдерден адам құқығы, сөз бостандығы, ой еркiндiгi, жасырын дауыс беру мен таңдау құқығын сақтауды қатаң талап етуге шақырады. Әрине, "мүйiздерi қарағайдай", демокра¬тиясы дамыған деген елдердiң өзiнде "лаңкестiк күрестi" сылтауратып, адам құқығын жиi бұзса, олардың өзге мемлекеттерден заңдылық пен халықаралық құқықтық нормаларды сақтауды талап етуге моральдық тұрғыда құқығы жоқ екендiгi сөзсiз. Сондықтан тiршiлiк бiткеннiң ең басты құндылығы – адамды, оның құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету үшiн демократиялық талаптарды сақтауға әрбiр мемлекет мүдделi болуы тиiс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?