Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан. ЭКСПО-2017. Қазақ тілі, 9 сынып, таратпа материал. 6 сабақ.
Сынып қабырғаларына ілінетін қағидалар
№ 1 таратпа материал:
Тезис (гр.) - әр түрлі көркем шығармалардың, мақалалардың негізгі мазмұнын аз ғана сөйлемдермен баяндап беру.
Ғылымда:
- Тезис- ғылыми жұмыстың, баяндаманың, мақаланың, курстық немесе дипломтық жұмыс т.б. басты ойларын, негізгі ережелерін қысқаша қисындап тұжырымдау
Аннотация, аңдатпа (лат.annotatіo – ескерту, аңдату) кітаптың, топтама жинақтың, қолжазбаның мазмұнын оқырманға қысқаша баяндау.
Аннотацияда шығармаға баға беріп, автор туралы мәліметтер келтіруі, кітаптың немесе жекелеген мақаланың жазылу тарихын қамтуы, әдебиеттерге және тағы басқа деректерге сілтеме жасауы да мүмкін. Оқырман аннотацияға сүйене отырып, өзіне қажетті әдебиетті таңдай алады.
Аннотация талаптары әр жұмыста әр түрлі болуы мүмкін, бірақ негізінен қамтылатын ақпаратты оқушыларға ұсыну.
І топ.
Тарих бетіне үңілсек
Ежелгі кезден бастап ата-бабаларымыз Күннің жоғары күшіне сеніп, оның энергиясын қолдану мүмкіндіктерін іздеген. От жағу дағдысы, энергияны игеру жолында алғашқы қадам болып табылады.Адамдар ертеден күннің жарығы мен жылуын пайдаланған. Ата-бабаларымыздың алғашқы баспаналары тас үңгірлер болғаны белгілі. Сол үңгірлерді жарықтандыру үшін төбе тұстарын тесіп саңылау жасайтын болған. Осы саңылаулар арқылы күн көзі қараңғы бөлмені жарық етіп, күн жылуы суық тас үңгірді жылытатын болған.Кейін киіз үйлер ойлап тапқан соң да күн сәулесін жарық әрі жылу көзі ретінде пайдалану жалғасады. Киіз үйге шаңырақ арқылы күн шуағы енген. Назар салып қарасақ, шаңырақ пен уық шуақ шашып тұрған күнге ұқсайды. Ал түндіктің төрт бұрышы арқылы күннің жарығын қажетінше пайдаланған.
Әлемдік тарих күн энергиясын қолданудың мысалдарын келтіреді. Аңыз бойынша, ежелгі грек ғалымы Архимед жандырғыш айналар көмегімен, өз қаласына жау флотын жеңуге көмектескен дейді кей деректерде. Ал, Түркиядағы сұлтандардың сарайлары күн сәулесінің астында қатты қызып кеткен сумен жылытылған деген мәліметтер де бар. Өкінішке орай, адам жер қойнауында көмір, мұнай, газ толып тұрғанын ашқан соң, күн энергиясы туралы ұмытылып кетті.Дегенмен, біздің ата-бабаларымыз күн көзін жарық және жылу ретінде қолданғанымен, «күн энергиясы» деген түсінік 1839 жылдан бастау алады. Эдмунд Беккерель 1839 жылы озініңкүн сәулесін таза энергияға айналдыруға болатындығы жөнінде еңбек жазды. Бұл сол кездегі ең үлкен жаңалықтардың бірі болғанмен, біраз уақытқа дейін қозғаусыз жатып қалады. Тек 44 жылдан соң Чарльз Фриттс күн энергиясын қолданатын алғашқы құрылғыны құрастырды. Сол себепті 1883 жыл күн энергетикасы дәуірінің туған жылы болып есептеледі. 1860 жылы күн сәулесін механикалық энергияға айналдыратын құрылғыны математика пәнінің оқытушысы Огюст Муш патенттеп алады. Оның бақытына орай сол кезде Францияны билеуші король оның жобасына қолдау көрсетіп, қаржы бөледі. Осының арқасында күн энергиясымен жұмыс жасайтын қозғалтқыш машина жасап шығаруына мүмкіндік туды. Бірақ кейін көмірдің арзандауына байланысты бұл іс аяқсыз қалып қойды. Бұдан кейін де бірнеше ғалымдар күн сәулесін энергияға айналдыру істерін зерттеп бірнеше құрылғылар ойлап тапты. Ағылшындық Вильям Адамс, американдық Джон Эрикссон, франсуз инженері Шарль Тейе, бостондық Обри Энисомды атап өтуге болады.
ІІ топ.
Экспо туралы не білеміз?
ЭКСПО бұл өнертабыстар алаңы. Бүкіләлемдік көрмелер немесе ЭКСПО осымен бір жарым ғасырдан аса уақыттан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында олардың танымалдығы өте артты – тіпті көрмелерді әлем чемпионаттарымен және Олимпиада ойындарымен салыстыратын болды. Сарапшылардың есептеуінше, 1851 жылы Лондонда алғашқы көрмені өткізгелі бері, ЭКСПО-ға бүкіл әлемнен миллиардтан аса адам келген. Жұртшылықты техникалық жаңалықтарды бірінші болып тамашалау мүмкіндігі қызықтырады. Дәл осы ЭКСПО-дан кейін телефон, рентген аппараты, сыдырма ілгек, балмұздаққа арналған вафлядан жасалған стақан, телехабар тарату, сенсорлық экран және т.б. дүниелер біздің күнделікті тұрмысымызға жол тартқан. Ал ЭКСПО-2017 бізді қандай жаңа техникалық дүниелерімен таңқалдырмақ? Өнертапқыштар қазір өз дүниелерін Астанада көрсетуге дайындалуда.
Қазақстанның астанасы EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрме өткізілетін орын болып сайланды. Астана – жеңімпаз қала. Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілетін ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрме болмақ.. Сондықтан да біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін EXPO-2017 көрмесін өткізудің маңызы өте зор. Әрбір қазақстандық біздің жеңіске жететінімізге сенеді және
Көрмелердің халықаралық бюросы делегаттары оң жауап береді деген үмітте. Өйткені біз үшін жеңіс маңызды.
Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған. 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру
барысында Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ.
2012 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізужөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №436 Жарлыққа қол қойды.Астанадағы бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасатын болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатыса алады.Көрмеге 5 миллионнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр.
ЭКСПО -2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін.
Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді.
ІІІ топ.
«ЭКСПО» және «жасыл» энергетика
Елбасы сөзімен айтқанда, «2050 – жай ғана бейнелі дата емес». Межелі жылға дейін қыруар шаруа, толайым іс, бағдарлы тірлік баянын табуы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы дәстүрлі Жолдауындағы жолдар осыған саяды. Ә дегеннен, жоспарлы жұмыстар бас-талып кетті. Бас құжаттағы міндеттер мен тапсырмалардың атқарылуына күллі қазақстандық мүдделі һәм жауапты. Сондықтан, әрқайсымыз болашаққа басатын әр қадам алдында ойы-мызды байыппен білдіріп, ұсынысымызды ортаға салған артықтық етпес.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясына үңілсек, Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдың жаһандық он сын-қатерін тізбелеп береді. Онда жер бетін алаңдатқан келелі он проблема сөз болады. Оны да өркениетке бет алған кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі бірінші мәселе екені даусыз. Соның бесіншісі – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. Енді Елбасының өз сөзіне жүгінсек: «Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 пайызына дейін өндіруге мүмкіндік береді.
Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр.Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады.Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады».
Президент көрегендігін тағы бір байқатты. Бірер жылдарда-ақ алдымыздан шығатын, жер беті тұрғындарының алдынан шығатын үлкен мәселенің шешімін табуды ойлады. Жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке бар адамзаттың назарын аудармақ.
Уақыт жаңарған сайын ескіретін дүниелер бар. Алып даламыздағы, байтақ жеріміздің астындағы мұнай мен газ да бір уақыттарда сарқылады, ада болады. Одан кейінгі энергия көзі не болмақ? Баламалы және «жасыл» энергетикалық технологиялар дәуірі. Күннен, судан, желден қуат алатын жаңа ғасырдың технологиясы. Адамзат энергияға тәуелді. Әр азаматтың туған еліне пайдасы тигені секілді, әр ел әлем халқы үшін бір игілікті істің басын қайырса, абыройының артқаны. Зерделей қарасақ, абыройдың ғана артқанын емес, ахуалымыздың да жақсара түсетінін айқын бағамдаймыз. Өйткені, жаңа дәуірге орай жаңаша бастамалар легін 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесінен көретін боламыз. «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы шара Елбасы жиырма бірінші ғасырдың тап бесінші сын-қатері деп таныған жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің алдын алады. Бұл жөнінде Президент: «Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған «ЭКСПО-2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» дейді. Ал, меніңше, тек қазақстандықтар емес, күллі әлем халқы көре алады.
Басқа елде, басқа жерде емес, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі адамзат тәуелділігін өтейтін технологияларды ұсынады. Яғни, баламалы және «жасыл» энергетиканы өндіретін құрылғыларды әлем жұртшылығы алдымен біздің бас қаладан тамашалайды. Астанадағы «болашақтың энергиясы» барша жер бетін Қазақстанға мойын бұрғызады.
«ЭКСПО» мен «жасыл» энергетика ел дамуын еселей түссе, әлем халқының сұрауын қанағаттандырары күмәнсіз. Өйткені, беделді шараға дайындық барысы осыны айғақтаса, «сен тұр, мен атайын» дейтін ғалымдардың жетістіктерінің жемісі көпті таңдай қақтырмай қоймайды.
Ойлау керек келешекті, ел жайын, Игеріліп жатыр кендер жыл сайын. Ей, адамдар! Табиғаттың берген молБайлықтарын үнемдеуге тұр дайын!
Асхат РАЙҚҰЛ
ІV топ.
«Болашақ энергиясы» тақырыбына ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстан елордасында 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі арасында өтеді. Көрмеге бүкіл әлемнен 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде.
Экспо 2017 иесі 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясы барысында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Астана үшін ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті дауыс берген, ал бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинады. Дауыс беру нәтижесі
Қала | Ел | 1-айналым |
Астана | Қазақстан | 103 |
Льеж | Бельгия | 44 |
Оны Халықаралық көрмелер бюросына тапсырады деп күтілуде. ХҚБ талаптарына сай көрмені өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласының әлемнің 100 мемлекетінен 3-4 млн. адамды қабылдайтындай шамасы болу керек. 21 Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі - ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілетін ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрме. EXPO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу - Қазақстанның негізгі жобаларының бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысы бастама көтерді.
2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті.
2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында ХКБ-ның сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында ЕХРО-2017 көрмесін өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өтті.
2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына жеке кепілдік берді. Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған.
http://complete.kz/kazakhstan/expo2017kaz.html
Ұсыныс: «Фараби Әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясында жасалған баяндаманың тезисін үлгі ретінде ұсынуға болады.
«Фараби Әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясы
ЖЫЛУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫНДАҒЫ КҮЛДІ КАТАЛИЗАТОР РЕТІНДЕ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ
Сейсембековa А.Б. Ғылыми жетекшілері: х.ғ.д., проф Каирбеков Ж.К. х.ғ.к., ассоц.проф. Мылтықбаева Ж.К. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті seysembekovaanar@gmail.com
Көмір өнеркәсібі Қазақстанның жылу – энергетикалық кешенінде маңызды рөл атқарады. Дәлелденген көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде бірінші ондықта, ал ол көмірдің әлемдік қорының 4% құрайды. Республикадағы тас көмірдің қоры 75 млрд.т бағаланады. Сонымен қатар еліміз көмір өндіруші мемлекеттердің алдынғы қатарына кіреді.
Жылу электр станцияларынан шығатын күл мен шлак типті қатты қалдықтар күрделі экологиялық проблемаларға алып келеді. Қазандықта көмірді жандыру кезінде органикалық бөлік (көмірсутектер) түтінді газ түзіп жанады, ал бейорганикалық бөлік күл түзеді.
Республикада көмірді жандыру кезінде түзілетін күл мен шлак қоспасының шығымы 19 млн.т құрайды, ал бүгінде күл қалдықтары 300 млн.т астам қалдық жиналған. Сондықтан қалдықтарды екіншілік шикізат ретінде қолдану мәселесі өзекті және басқарушылық , технологиялық жоспар жағынан да шешімдерді жобалауды талап етеді.
Бұл жұмыста “Жаңажол” кен орынынан алынған мұнай фракцияларын күкіртті қосылыстардан гидротазалау процесі үшін күлге және күлді қоспаларға отырғызылған молибденді катализаторлар жасалынды. Принципиалды жаңа құрымдағы және қасиетті көрсететін катализаторлар “сіңдіру” әдісімен алынды.
Жұмыс барысында мұнайөндіру саласында, атап айтқанда бензин фракцияларын гидробайыту процестерінде қолданылатын Mo∕күл катализаторының каталитикалық қасиеттері зерттелді.
Катализаторларды зерттеу нәтижесінде, алынған гидрогенизат құрамындағы күкірт мөлшері 0,001 % масс. (бастапқы шикізат құрамыдағы күкірт мөлешірі 0,002 % масс.) құрады. Жаслаған зерттеулер бойынша Mo∕күл катализаторы жоғары күкіртсіздендіру қасиетін көрсететіндігі анықталды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?