EXPO-2017 — Тәуелсіздік жемісі. Қазақ тілі, 9 сынып, қосымша материал. 5 сабақ.


EXPO-2017 — Тәуелсіздік жемісі

Бес жылдан кейін Елорданың төрінде дүние жүзіне 160 жылдық тарихымен танымал болған халықаралық EXPO көрмесі өтеді. Парижде өткен тартысты бәсекеде Қазақстанның жеңіске жеткені ұлтын сүйген, елін сүйген әр қазақтың қуанышына айналды десек жарасады. Бұл — тәуелсіздіктің табысты жемісі. Осыған дейін ЕҚЫҰ саммиті мен Азиаданы абыроймен өткізген Қазақ елі үшін әлемдік деңгейде маңызы бар ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үлкен сын болып отыр. Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша ең алғашқы болып мәртебелі шараны ұйымдастыру миссиясы біздің еншімізге бұйырды. Бұл тарихымыздағы айтулы күн әлемде тәуелсіз Қазақ елінің абыройын асқақтатар оқиға болмақ. 

103 ел бірауыздан қолдады

Франция астанасы Парижде өткен Халықаралық EXPO көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясы аясында Қазақстанның елордасы Астананың 2017 жылы халықаралық көрмені өткізетін орын ретінде таңдалып алынуы ең алдымен тәуелсіздікке қолы жеткен жылдардан бері кемесі алға жүзген қазақ ұлтының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы абыройы мен зор беделінің айғағы екенін жұрт мойындады. Парижде өткен сессияда EXPO-2017 көрмесі өткізілетін қаланы анықтау үшін 161 мемлекеттің өкілі жасырын дауыс берді. Астана үшін Халықаралық көрмелер бюросына қатысушы 103 ел,  ал Бельгияның Льеж қаласына 44 ел дауыс берді.

Бельгиялық Льеж қаласы көрмені өткізу үшін «Адамдарды біріктіре отырып…» деген тақырып ұсынса, Астана энергияның баламалы көздеріне және «жасыл» технологияларға арналған «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен біздің елдің көрмені өткізуге толық мүмкіндігі барын дәлелдеп, қорғап шықты.

Бельгияның Еуропа кеңістігіндегі экономикасы қарыштап дамыған ел екенін, Брюссельдің кәрі құрлықтың астанасы екенін ескерсек, бұл елден басым түсу тәуелсіз жас мемлекетімізге әлем қызығушылықпен қарағанын аңғартады. Халықаралық деңгейдегі дүниелерді өткізуге құқы бар, беделі мықты мемлекеттер біздің еліміздің бейбітшілік сүйгіш халқын, оның бастамашыл Президентін тани түскісі келген болу керек. Себебі, өткен жылдың маусымында ғана Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының штаб-пәтеріне Астанада EXPO-2017 көрмесін өткізу туралы өтінішін тапсырған еліміздің араға жыл салып үлкен жетістікке қол жеткізуі осыны меңзейді. Қазақстанның Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының қатарына мүшелікке 1997 жылы қабылданғанын ескерсек, аз уақытта әлем елдерінің сеніміне ие болу — үлкен мәртебе.

 

Сарагоста ашылған жол

Қазақстан 2004 жылдан бері қарай EXPO халықаралық көрмелеріне тұрақты қатыса бастады. Атап айтсақ, Ганновер, Аичи, Сарагос қалаларында өткен көрмелерге белсене қатысты. Соңғысының, яғни Сарагостағы көрмеге Қазақстан «Су және тұрақты даму» тақырыбын ұсынды. Қорытындысы бойынша, 104 мүше мемлекет арасынан тағайындалған тәуелсіз сарапшылар алқасының ортақ шешімімен Қазақстан Республикасының павильоны сыртқы және ішкі дизайны, ұсынған тақырыбымен байланысты экспозициясының сапасы жағынан жоғары бағаланып, үшінші орынды, яғни қола жүлдені иемденген еді. Ел үкіметі сол Испанияда өткен мамандандырылған халықаралық көрмеде 2017 жылы оны өз елімізде өткізу туралы идеяны алға тартқан болатын. Бір жылдан соң Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висент Гонсалес-Лоссартелес жұмыс сапарымен елордаға бас бұрғанда осы мәселе тағы да көтеріліп, келіссөздің негізгі тақырыбы халықаралық көрменің Астана қаласында өткізу құқығы бойынша бәйгеге қатысуы жайында болды. Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстырушы және EXPO көрмесін өткізу туралы идеяны Президенті мен Үкіметі бірауыздан қолдаған мемлекет ретінде әлемді назарына аударды. Әрі EXPO көрмесінің 2004 жылдан бері Германияда,  Испанияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Италияда өткізілгенінен кейін 2017 жылы оны Орталық Азияның жүрегінде орналасқан Қазақстанда ұйымдастыру маңызды болғанға ұқсайды.

Жаһандық даму бағыты айқындалады

ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді. Олар жаһандық дамудың жаңа бағытын айқындау үшін адамзаттың қандай мүмкіндіктерге қол жеткізгенін көрсету арқылы, ғаламшардың даму бағдарына деген көзқарасты қалыптастырады. Төрт мұхит пен алты құрлыққа мәшһүр болатын мұндай іс-шара әлем елдерінен келетін миллиондаған адамның басын қосатын орта болады. Астанаға көз тіккен әлемнің назарын өзіне аударатын Қазақ елі халықаралық көрмені өткізудің осы заманғы талаптарына толық жауап беруі тиіс. Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқанын тағы бір айшықтады. Таңдаудың Қазақстанға түсуі тәуелсіздік табыстары жоғары бағаланғанын және Еуразия кіндігінде орналасқан біздің еліміздің болашақтағы даму қарқыны зор болатынын білдіреді.

 

Болашақтың энергиясын үнемдеу

Астана тарапынан «Болашақтың энергиясы» атты әлем үшін өзекті тақырыптың ұсынылуы Қазақстан үшін жеңіс әкелді.

Әлемнің өндірісі дамыған барлық мемлекеттерінде энергия үнемдеу мәселесіне деген көзқарас әлдеқашан қалыптасқан. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдер энергия үнемдеу саясатын жүзеге асырудың арқасында ғана 25 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылық көрсеткішін 28 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізген. Әлемдік тәжірибе бойынша энергия үнемдеуге кететін қаражат энергия ресурстарын өндіруге жұмсалатын қаражаттан үш есе аз көрінеді.

Мәселен, Ресей Федерациясы елдегі өзінің табиғи энергетикалық ресурстары мен қуатты энергетикалық инфрақұрылымдарының молдығына қарамастан, энергия үнемдеу саясатын алдыңғы орынға қойып отыр. Дәл қазір қазақстандықтар энергия үнемдеу мәселесі бойынша Ресей Федерациясы, Украина, Белоруссия елдерінде осы бағытта жүргізіліп отырған саясатқа төтеп бере алмайды. Қазақстанның энергия тұтыну жағынан көрсеткіші дамыған елдердің көрсеткішінен 3-4 есе асып түседі. Яғни республикамызда энергия ресурстары тиімді пайдаланылмайды, тұтынылатын энергияның үштен екі бөлігінен астамы оны пайдалану кезінде жоғалады екен.

 

Жел мен күннің қуаты

2050 жылға дейін әлемдегі энергияның үштен бір бөлігі күннен, желден, басқа да баламалы көздерден алынуы тиіс. Адамзат энергияны үнемдемесе, әлемдік проблемаларға ұрынуы мүмкін екенін дүние жүзінің екі ірі мұнай компаниясы «British Petroleum» пен «Royal Dutch Shell» жариялады. Ғаламшарда климаттың өзгеруі, жер бетінде адам санының өсуі, сондай-ақ қазба байлықтар қорының түгесілуге жақындығы  болашақта энергия үнемдеу мәселесінің үлкен рөл атқаратынын көрсетіп отыр. Мәселен, сарапшылар жер бетінде 1,5 миллиард адамның электрэнергиясын қолдануға мүмкіндігі жоқтығын, ал бір миллиардтан астам адам сапасы төмен электрэнергиясын пайдаланатынын анықтаған.

Осының бәрін сараптаған Қазақстан EXPO-2017 көрмесіне «Болашақтың энергиясы» тақыбырын ұсынды. Жерінде минералды ресурстары мен қазба байлықтардың үлкен қоры бар, елдегі өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызға жуығын мұнай мен табиғи газ өндірісі құрайтын және осы байлықтардың қоры жағынан әлемде 11-орынға ие Қазақстан аталған тақырыпты халықаралық деңгейге алып шығуға толық құқылы. Әрі аумағы 2 миллион 700 мың шаршы шақырым болатын қазақ даласының жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынға табан тірегені туралы да деректер Халықаралық көрмелер бюросына тіркелген елдердің назарын аудартпай қоймады.

Осы тақырып шеңберінде зерттеу жүргізген мамандар қазақтың байтақ даласында жел энергиясын пайдалану мүмкіндігі мол екенін алға тартып отыр. Қазақстан аумағының көп бөлігінде желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына алты метр екен. БҰҰ-ның даму бағдарламасының негізінде Қазақстанда энергия ресурсы ретінде желден энергия өндіруге байланысты зерттеу жасалған. Еліміздің климаттық ерекшеліктері сондай — кейбір аймақтарда жылына 3000 сағатқа дейін күн сәулесі түсіп тұрады екен. Халықаралық сараптаулар нәтижесінде Қазақстанда күн сәулесінің энергиясын пайдалануға да жол ашатын мүмкіндік бары анықталды. Сөйтіп, Астана «Болашақтың энергиясы» тақырыбын әлемдік деңгейге алып шығып, адамзат үшін маңызды мәселе көтеріп отырғанын Парижде берілген мүмкіндік арқылы дәлелдеді.

 

EXPO: мақсаты мен міндеті

Негізінен, EXPO – таза әрі ашық бәсекелестікке арналған әлемдегі беделді алаң. Оның басты мақсаты – қатысушы мемлекеттердің адамзат өміріне қажетті барлық саладағы жаңа зерттеулері мен тың жаңалықтарын барынша насихаттау. Халықаралық көрмелер экспозиция ерекшелігіне байланысты екі түрге бөлінеді: Дүниежүзілік әмбебап көрмелер және Мамандандырылған халықаралық көрмелер.Дүниежүзілік әмбебап көрмелер бес жыл сайын алты ай бойына өткізіледі. Әрі тақырыбы жағынан онда шектеулер болады. Егер, Қазақстан 2017 жылы мамандандырылған көрмені сәтті өткізсе 2020 жылы өткізу үшін , әмбебап көрмені мүмкіндік алады. Мамандандырылған халықаралық көрмелер ең көп дегенде үш айға созылады. Көрменің алаңы 25 гектардан аспауы тиіс, ал тақырыбы алдын ала ұйымдастырушыларға ескертіледі. Негізінен, көрме тақырыбында оны ұйымдастырушы мемлекеттің белгілі бір салалардағы, соның ішінде гуманитарлық, әлеуметтік және экологиялық аспектіде қол жеткізген ғылыми технологиялық және экономикалық жетістіктері қамтылуы тиіс. Мәселен, Сарагостағы қазақстандық көрме «Су және тұрақты даму» тақырыбына арналғаны белгілі. Бұл арада көрме тақырыбын тек Халықаралық көрмелердің бюросы ғана емес, БҰҰ және басқа да дүниежүзілік ұйымдар міндетті түрде мақұлдауы тиіс.

Көрме бізге не береді?

Жалпы, әлем елдерінің бұл көрмені өткізуге барынша құлшыныс білдіретін салмақты себептері бар. Біріншіден, көрмені өткізу құқығына ие болған мемлекет қала экономикасына белгілі бір деңгейде инвестиция тартуға қол жеткізеді. Бұл арада Халықаралық көрмелердің бюросының өзі ірі инвестор болып табылады. екіншіден сырттан қаржы тартудың арқасында қаланың инфрақұрылымы жетілдіріліп, көрме нысандарын салу кезінде он мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Үшіншіден, мемлекет пен көрме өтетін қалаға шетелдік туристерді тартуға үлкен мүмкіндік туындайды, төртіншіден, ол көрмені өткізуші мемлекеттің сөзсіз халықаралық аренада беделі өседі.

Мысалы, EXPO-2008 көрмесін өткізу үшін 650 мың тұрғыны бар Сарагос қаласында  61,7 мың шаршы метрді қамтитын павильондар салынып, 20 мың жұмыс орны ашылған, ал инфрақұрылым мен құрылысқа тартылған инвестиция көлемі 1,5 млрд. еуроны құраған. Сарагос қаласындағы осы көрме кешендері кейіннен ЮНЕСКО-ның қолдауымен тұрғызылып жатқан Халықаралық су мәселелерін зерттеу жөніндегі ғылыми орталықтың бір бөлігіне айналды.

 

Дайындық бүгіннен басталды

Сарапшылар Астанада осы көрмені өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін беретінін айтып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда болашақ энергиясы саласын зерттеу жұмыстарын қолдау үшін ЕХРО-2017 қоры құрылды, мемлекетіміз дамушы елдерде зерттеу жобалары мен ғылыми жұмыстарды қаржыландыруды бастап кетті. Бұл 69 елге қаржылай және техникалық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Халықаралық көрмеге лайықталған құрылыстар салу үшін қала аумағында ауқымды жер учаскелері қажет болатындықтан, көрмені өткізудің дайындығына байланысты өткен кеңесте Астана маңындағы жер телімдерін сатуға тыйым салынды.

Астана көп жылғы тарихы бар көрмеде ғасырдың технологиялық жетістіктерін, қатысушы елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсетуді, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыруды мақсат етеді. Бұл көрме бүкіләлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға болмақ. Ол 3 айға – 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің жүзге тарта елі және онға жуық халықаралық ұйымы қатысады деп күтілуде. Халықаралық көрмелер бюросының талаптары бойынша көрмені өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласы әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық туристі қабылдай алатындай мүмкіндігін көрсете алуы тиіс.

Айгүл Байменова.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=20510



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу