Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын. Қазақ тілі, 9 сынып, дидактикалық материал.
БАЛАМ ДЕЙТІН ЕЛ БОЛМАСА…
Ресейдегі қазақтар дабыл қаға бастады. «1 миллионнан аса қазақ Ресейде тұрып жатыр. Өкінішке қарай, мұнда кеңестік дәуірде де, одан кейінгі кезеңде де қазақ балаларына арнайы білім беретін мекеме болған жоқ. Балаларымыз қазір қазақ тілінде жазып, оқып, тіпті сөйлей алмайтын жағдайда. Бұл үрдісті тоқтатудың бірден-бір жолы – оларды ана тілін үйренуге ынталандыру. Осы іске қол ұшын тигізсеңіз, алғысымыз шексіз. Балалардың жол қаражатын ата-аналары өз қалтасынан төлеуге дайын».
Бұл – Ресей федерациясы қазақтары ұлттық-мәдени орталығының Абай атындағы Қазақ ұлттық педогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлына жазған хаттың мазмұны.
Айдың басында Алматыға Ресейдегі Самара, Новотроицк қаларынан осы үмітті арқалап 9 бала келді. Олар – Руслан Төлебаев, Айсұлу Әлмағамбетова, Диана Көбекова, Әсел Шаймұханбетова, Дина Қалматаева, Елдар Мешеров, Жанар Әлиева, Батыржан Дүйсенбаев және топ жетекшісі, 22 жастағы Әділ Қалматаева. Біз олармен ҚазҰПУ-дың дәрісханасында жолықтық. Дәрісханаға кіргенімізде, олар Қазақстан Республикасының әнұранын жаттап отыр екен. Тілдері бұратылып, қазақы дыбыстарды әрең айтуда. Бір аптаның ішінде қазақ тілін аздап түсінетін жағдайға жетіп қалыпты. Бізге ана тілінде сұхбат беруге барынша тырысып бақты. Бірінші болып сөз бастаған Руслан: «Менің жасым 17-де. Ата-анамызда қосқанда отбасында 5 жанбыз», – деп сөзінің басын қазақша бастап, аяқ жағында тосылып қалды. Сосын әңгімесін ары қарай орыс тілінде жалғады. Алматыға келгелі бері қолына домбыра ұстап, «Абай ата», «Балбырауын» күйлерін тартып үйренгенін мақтан тұтты.
Айсұлу биыл 11-сыныпқа өтті. Өзінің айтуынша, сабақ үлгерімі де жаман емес. «Алматыда қазақтар көп екен. Олардың жүздері сондай жылы. Жалпы мұнда біздің Самараға қарағанда адамның көптігі бірден аңғарылады. Әдемі қала. Бастапқыда келгенде, Самараны сағындым. Ал жүре келе, мұндағы қазақтардың қонақжайлығын көріп, Қазақстан да жаныма жақын болып кетті. Жоғары оқу орнын бітірген соң осында келіп, жұмыс істегім келеді» дейді.
11 жасар Диана өзін ә дегеннен: «Мен – қазақ отбасынан шыққан қазақ қызымын. Отбасымда жалғыз қызбын. Театр үйірмесіне барамын, музыкамен айналысамын. Қазақша би билеймін», – деп өз жетістіктерімен мақтанды. Ал оның құрбысы Әсел де өнерлі қыз. Және ол бос уақытында фортепианода ойнағанды ұнатады екен.
Дина Қалматаева да өнерден құр алақан емес. Самарадағы №4 гимназияның үздік оқушыларының бірі. Ол өзінің әпкесі, яғни, топ басшысы болып келген Әділді үлгі тұтады. «Әпкем биді керемет билейді. Баскетболдан спорт шебері. Ол – тіс дәрігері. Әкем де – тіс дәрігері, анам – медбике. Әзірге болашақта кім болатынымды білмеймін. Бірақ ата-анам, әпкем «дәрігер болсаң, жақсы болар еді» дейді.
Елдар осы топтың ең кішкентайы. Жасы 10-да. Өзін қазақшалап таныстырған Елдардың сөзіне бәрі ду күлді. Сөйтсек, ол қазақ тілін үйренуден қатты қиналып жүрген балақай екен. Достары күлгесін, сөзін бірден орысша жалғап кетті. «Мен мұнда қазақ тілі мен домбыра тартуды үйрену үшін келдім. Алайда қазақша үйрену маған қиын соғып жатыр. Сөзіме біреу күлсе, орысша сөйлеп кетем» дейді қынжылып. Сөйлесуге сараңдық танытты.
Сосын біз әңгімемізді Жанармен жалғастырдық. «Отбасымызда ата-анамызды қосқанда 4 жанбыз. Әкем – кәсіпкер, анам – үй шаруасында. Ағам – болашақ сәулетші. Ал өзім мектеп бітірген соң, экономика саласына оқуға түскім келеді. Алматыға келгелі бері, түске дейін сабақ оқып, түстен кейін қаланы аралап жүрміз. Қала ұнады. Ресей қалаларына қарағанда Алматы тап-таза, гүлді көп өсіретін қала екен. Бізде болса, мұндай көп гүл өспейді. Адамдар гүлді жұлып алып, үйіне апарып қойғанды тәуір көреді. Ал мұнда көшедегі гүлдерге ешкім қол тигізбейді екен. Адамдары мәдениетті, қонақжай. Қалада ұнаған жерлер өте көп болды, әсіресе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қатты ұнады. Мектеп бітірген соң, бәлкім, сол университетке оқуға түсетін шығармын. Бұрын Қазақстан туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана білетінбіз. Біздің тарихи отанымыз шын мәнінде өркендеп келеді екен. Мұражайлары көп, тауы бар Алматы сияқты қалада тұру әрбір адамның арманы шығар». Жанар бұл сөздерді көзі оттай жанып айтты. Қазақ тілін үйренуді ары қарай жалғастыру үшін біздің де электронды мекен-жайымызды жазып алды. «Ұлан» газетінің сайтына қонақ болып тұратынын жеткізді.
Батыржан қазақ тілін ең жақсы меңгерген бала болып шықты. Өйткені, олардың отбасында қазақша жиі сөйлеседі. Әкесі кәсіпкер Төлеген Дүйсебаев – Ресей қазақта-ры ұлттық-мәдени орталығының президенті. Үйіне Қазақстаннан қазақтар жиі барып тұрады. Ресейлік қандастарымыздың отбасында көбінесе 2-3 баладан артық бала болмайды екен. Ал Батыржанның отбасында 4 бала бар. «Тойларда қазақ әндерін айтып, билейміз. Мысалы, маған Ерболат деген әншінің «Жігіттер» деген әні қатты ұнайды. Билеуге ыңғайлы. Сосын Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова сияқты әншілерді тыңдаймыз» деп Ресейдегі қазақтардың мәдени өмірімен таныстырды.
Топ басшысы Әділ Қалматаеваны да сөзге тартып көрдік.
Ұлан: Әділ, бағанадан бері іні-сіңлілерің қазақша сөйлеуге тырысып бақты. Сенің қазақшаң қалай?
Әділ Қалматаева: Шынын айтсам, онша емес. Бізге қарағанда, кішкентай балалар тілді тез үйренеді екен.
Ұлан: Ресейде мүлде қазақша сөйлемейсіңдер ме?
Әділ Қалматаева: Сөйлегіміз келеді. Бірақ кіммен сөйлесеміз? Қазақ тілін еш жерде үйретпейді. Мұндағыдай білікті мамандар жоқ.
Ұлан: Сендер Ресейде қазақтардың қандай мейрамын тойлайсыңдар? Қандай салт-дәстүр ұстанасыңдар?
Әділ Қалматаева: Наурыз мейрамын тойлаймыз. Онда қазақша ән айтып, би билейміз. Салт-дәстүр ұстана бермейміз. Шыны керек, Ресейдегі қазақтар орыстанып бара жатыр. Мысалы, біз бұрын мұнда келмей тұрып, жас қыздар ер-азаматтармен қол беріп, бет сүйіп амандаса беретінбіз. Дәстүріміз бен дініміз бойынша әйел заты ер-азаматпен олай амандасуға болмайды екен. Алматының орталық мешітіне бардық. Қандай ғажап! Біздегілер дінге өте берік. Қазақтар өздерінің мұсылман екенін жақсы сезінеді.
Ұлан: Ресейдегі қандастарға Қазақстан туралы не айтып барасыңдар?
Әділ Қалматаева: «Қазақстанның құшағы бізге ашық. Халқы қонақжай екен» дейміз.
Ресейдегі қазақ балаларының халі осындай. Ресей – алып держава. Ондағы 1 миллион қазақ осындай жағдайда біржолата орыстанып кетпесіне кім кепіл? Сабыр Адайша айтсақ, «әр қазақ – менің жалғызым». Қалай дегенде де, балам дейтін жұрт болмаса, елім дейтін бала қайдан шықпақ?
Жадыра Нармаханова
(«Ұлан», №34, 23.08.2011)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?