Мен қалай әртіс болдым? Қазақ тілі, 8 сынып, дидактикалық материал. 6 сабақ.
6 - сабақ
Сабақтың тақырыбы:
https://kz.otyrar.kz/2015/03/k%D2%AFl%D3%99sh%D2%9Ba-eliktep-%D3%99rtis-boldym/
Айша Абдуллина,
Қазақстанның Халық әртісі
– Айша апа, амандық сұрасып, бүгінгі тіршілігіңізді біле отырсақ… Театр түгілі бүкіл оңтүстік халқы сізді жоғалтып алды. Қазақстаннан іздеп, ақырында көрші мемлекеттен тауып отырмыз…
– Рахмет, айналайын, сахнаға шықпасам да бұл саладан алыс-тай қоймадым. Өткізіліп тұратын мәдени іс-шараларға қатысып тұрамын. Соңғы екі жарым жылдан бері Бішкекте тұратын қызымның қолындамын. Әрине, тұрғылықты мекенжайымды ауыстырғаным жоқ. Қыс ауасы түскенде осы елге тартып кететін әдет соңғы 20 жылдан бері мен үшін дәстүрге айналған.
– Мұнда сізді бағып-қағатын кім бар? Қызыңыз құпия болмаса, қай салада қызмет етеді?
– Әрине, Айгүл есімді бір қызым бар. Күтімімді жасап отырған сол қыз. Талай жыл Қырғызстандағы мұрағат мекемесін басқарды. Күйеу балам Сейіт ғылым қуған адам. Қызым биыл 76-ға, күйеу балам 80 жасқа келеді. Ол екеуінен тараған 3 немерем бар. Үлкен немерем Арман Бішкекте кәсіпкерлікпен айналысады. Айсұлу – Канадада, Азизым Америкада тұрып жатыр. Аллаға шүкір, шөберелерім де өсіп келеді. Үлкені, яғни, Арманның тұңғышы Дастан 9 сыныпта оқиды. Шөберелерім әлі белгілі бір саланы таңдайтындай жаста емес. Бәлкім өнерді таңдап қалар. Оған қарсылығым жоқ.
– Көбіне бізде өнер адамдары осы саланың қызу қайнаған ортасы Алматыға жетуге асығады. Ал сіз сол әсем қаланың үлкен сахнасында өнер көрсетіп жүріп Шымкентке келдіңіз…
– Әлі күнге дейін «сахна саңлағы болып жүріп, Шымкентте қалып қоюыңызға не себеп» деп сұрайтындар көп. Бұны мен тағдыр деп қабылдаймын. Рас, өнердегі алғашқы қадамымды үлкен мектептен бастадым. Нақтырақ айтқанда, 1933 жылы Алматыдағы драма театр жанындағы актерлар дайындайтын студияға оқуға түсіп, білім алып жүріп, шағын рөлдерді ойнадым. Оқуды бітірген соң Ленинградтағы өнер училищесіне түсемін деп жүргенімде аға буын өкілдері қара шаңырақтың белді әртісі Күләш Байсейітованың операға ауысқанын, театрға әртіс керек екенін айтып, өздері тәрбиелейтінін жеткізді. Ұсынысты қабыл алып, алғаш рет үлкен сахнада 18 жасымда «Еңлік-Кебек» қойылымында Еңліктің рөлін сомдадым. Осы сәттен бастап үлкен театрға жол ашылды. Әрине, Күләш Байсейітова секілді әртіс болу мүмкін емес. Өйткені ол кісі қайталанбайтын тұлға. Әрбір қойылымындағы образын мұқият зерттеп, ұқсап-бағуға тырыстым. Күләшқа еліктеп, әртіс болдым десем артық айтқандық емес.
Біздің кезімізде бүгінгідей ұшақ деген жоқ. Гастрольдік сапармен айлап жүретінбіз. Ауыл-аймақты аралап, өнер көрсетіп жүріп Шымкентке жол түсті. Дәл осы кезде Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының белді әртісі әрі сол уақытта жүріп жатқан спектакльде басты рөлді сомдаушы қыз сырқаттанып қалған екен. Қойылым туралы жарнама беріліп қойған, кейінге қалдыруға болмайды. Содан «Достық пен махаббат» атты пьесасында басты рөлді сомдау маған бұйырды. Содан осында қалып қойдым. Еш өкініш жоқ. Өнер адамы шын талантты болса, қай жерде жүрсе де ел қошеметіне бөлене береді.
– Ғұмырыңыздың 80 жылын театрға арнаған жансыз. Осы уақыт ішінде «әттең, өнерде жүргенімде осы рөл бұйырмай кетті» деген өкініш болды ма?
– Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов секілді театр корифейлерінің тәрбиесін алдым. Сондай тұлғалардың шәкірті болған менде арман жоқ қой (күліп). Сахналық өмірімде «Отеллодағы» Дездемонаны сомдаған бірінші қазақ қызымын. Қазақ қыздарының шыққан тұңғыш режиссер Ғайни Хайруллинамен талай жыл бірге еңбек еттім. Баян мен Қыз Жібектен бастап көптеген қойылымдарда басты рөлді сомдадым. Негізі рөл таңдамаймын. Мейлі жай эпизодтағы, мейлі басты рөл болсын, образымды шынайы ашуға тырысатынмын. Сомдап отырған рөлімді көрерменнің жүрегіне жеткізе білу – басты мақсатым еді. «Менің айнам – адалдық» деген өмірдегі басты қағидам болды. Бір сөзбен айтқанда, театрда мен ойнамаған рөл қалған жоқ.
– Киелі сахнаға деген сағынышты қалай басасыз?
– Адам 100 жасқа келсе де, жүрегі, көңілі жас екен. Үнемі сахнаға шыққысы келіп тұрады. Себебі біз сахна үшін жаралған адамбыз. Сахнадан алшақтасақ, тынысымыз тарылғандай сезімде боламыз. Алла бұйыртса, биыл 99 жасқа толамын. 95 жасыма дейін сахнадан түскен жоқпын. Тек театр емес, кино әлемінде де сомдаған рөлдерім бар. Арманы жоқ әртіспін. Ал сағынышқа келсем, шынымды айтайын, сахнадан кеткен өнер адамының сағынышы тек бір жағдайда ғана басылады. Ол – сахнаға қайта оралғанда.
– Егер ұсыныс түсіп жатса ше?
– Аллаға шүкір, жасым келсе де денсаулығым мазалаған емес. Өзім жүріп-тұрамын. Әлі күнге дейін газетті көзілдіріксіз оқимын. Мұның өзі өнердің құдыреттілігі шығар. Ұсыныс түсіп жатса, бас тартпаймын. Әрине, театрға қайта оралмасам да, сеніп тапсырған рөлді сомдап шығуға денсаулығым жарайды.
– Сұрапыл соғыстың куәгерісіз. Сол жылдарды еске алыңызшы…
– Ол жылдар бәріміз үшін жүрегімізге өшпестей жара қалдырды ғой. Бірін әкесінен, бірін бауырынан, енді бірін ұлынан айырған қан майдан талай боздағымыздың қыршын кетуіне себепші болды. Осы ретте мына бір оқиға есіме түсіп отыр. 1942 жыл болуы керек. Мен ол кезде академиялық қазақ драма театрында еңбек етемін. Іріктеу жүріп, майданға бір топ әртістер аттанатын болды. Олардың қатарында мен де бармын. Әрине, қолға қару алып, жауға қарсы шабуыл жасау үшін емес, өнерімізбен жауынгерлерімізге титтей де болса рух беру басты мақсат тұғын. Соғыста концерт қою үшін екі әскери мәшінені қатар қойып, үсті сахнамыз болды. Жақын маңда атылған оқ пен пулеметтің дауысы шығады. Оқ бізге тиіп кетеді-ау деген қорқыныш болды, әрине. Бірақ «Бәрі де Отан үшін» деген ұранды ұстандық.
– Өзіңіз талай жыл еңбек еткен Шымкенттегі облыстық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Биыл 80 жылдық мерейтойы. Мұның бәрін айтып отырған себебім, кей шәкірттер бәрін білермен болып тәлімгерлерін ұмыт қалдырып жатады ғой. Ал сіздің шәкірттеріңізбен байланысыңыз қалай?
– Жоқ, менің шәкірттерім еңбегіңді бағаламайтындар қатарынан емес. Туған бауырымдай болып кеткен шәкірттерім Құпия Рахманбердиева мен Айжан Жұмабековалармен байланыс үзілген емес. Құпияның жолдасы Сансызбай да өнер адамы. Қазіргі таңда тұрғылықты мекенжай бойынша Сансызбай мен Құпияның пәтерінде тіркелгенмін. Асанбай Асқаровтың кезінде берілген екі бөлмелі пәтерім ескірген соң оны сатып, бір бөлмелі баспана аламын деген жоспар болған. Алла қаласа, ол да орындалып қалар. Шәкірттерім Раушан Салова, Күлшат Есбай, Ұлжалғас Сапаралиева, Алтын Айнабалаева және тағы да басқалары жиі жағдайымды біліп тұрады. Кеңес те сұрап келетіндері жоқ емес.
Театрдан кеттім деп ондағылармен байланысты үзбеймін ғой. Облыста өтетін іс-шараларға шақырып жатады. Мүмкіндігінше баруға тырысамын. 80 жылдық мерейтой тек Ж.Шанин атындағы театр ұжымының емес, бүкіл қазақ жұртының тойы. Өйткені бұл театр – қара шаңырақ. Мерейтойды наурыз айында өткізу жоспарланып отыр екен. Бұйыртса, көпшілікпен бірге мен де бармақпын.
– Қазақ театрының болашағын көз алдыңызға қалай елестетесіз?
– Мен сахнаға шығар алдында сомдағалы отырған рөлімді жатқа білсем де жіті дайындалатынмын. Мүмкіндігінше ешкіммен сөйлеспеуге тырысып, кешкі жеті жарымда болатын спектакльге таңертеңнен жаттығушы едім. Ал қазіргі әртістер қойылымға 15-20 минут қалғанда асығысып келіп гримденіп, сахнаға жүгіре жөнеледі. Бәріне бірдей топырақ шашуға тағы болмайды. Тума таланттар да баршылық. Кей әртістер жұмысқа шаршаңқы келеді. Әрине, оларды да түсінуге болады. Өйткені мәдениет саласына еліміз тиісті деңгейде назар аударып отырған жоқ. Бізде кез келген іс-шара өнер адамдарынсыз өтпейді. Күн-түн демей, гастрольдетіп жүреді. Алатын жалақысы еңбекті ақтамайды. Амалдың жоқтығынан той жағалауға тура келеді. Айналайын-ау, біз мұндай қарқынмен мәдениетті қалай дамытпақпыз? Мұнымен мемлекет мәдениетке мүлдем назар аудармайды дегім келіп отырған жоқ. Еңбегі еленгендері де бар. Бірақ, бәрі емес. Өзім Қазақстанның Еңбек сіңірген және Халық әртісі атағын алып, «Құрмет» белгісін төсіме таққан адаммын. Бұл – сахнада жүрген жылдардың еңбегі. Бір білерім, өнер адамдары нағыз большевиктер. Біреудің басына күн туса, бірлесе көмек беруге асығып тұрады. Демек, ұйымшылдық бар. Осы қасиеттің арқасында болашақ жарқын боларына сенімдімін. Өнерде адалдық керек. Егер адал болмасаң, ешкімге зияның тимей тұрғанда сахнадан кеткен жөн. Сахна – киелі. Тек талантты емес, адалдықты, тазалықты талап етеді.
Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.201
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?