Дала сахнасы. Қазақ тілі, 8 сынып, қосымша ресурс. 7 сабақ.


7-сабақ «Дала сахнасы»

  • Тапсырма. Мәтіналды тапсырма

http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1178352&simple=true#

 

  «Дала сахнасы» Тұрсын Жұртбай, Астана «Фолиант» баспасы 2006ж

1-мәтін:

«Қалибек Қуанышбаев»

...Кішкентайынан жұрттың сүйкімдісі атанған Қалибек, өзінің өнерін сәт сайын дамыта берді, ойын кездерінде даусын неше түрлі құбылтып, жұртты күлдіру ол үшін әдетке айналды. Әр баланың даусын, мінезін салып, қалғандарының ішек-сілесін қатыратын, «Түйе-түйе», «Ақсақ қозы мен қасқыр» ойындарында ботаның боздауын, жалғыз қошақанның маңырауын, көкжалдың ұлуын айнытпай салатын.Жеңгелері қылықты қайныларын жанына жақын тартып еркелететін. Оның күлдіргі қимылдарын қызықтап, "Әй, Қараирек, қайным - ай" деп қалжыңдап та қоятын. Тумысынан сауыққой, қара өлең айтысында жайтаңдап шығып, қарсыласын қарлықтыратын Күніпия шешейдің өзі де баласын бауырына басып, әзіл – қалжыңның думанын қыздыруға себепкер болатын.

Қарапайым отауда дүниеге келгенімен, өнерлі ортадан тәрбие алған Қалибек ауыл арасының еркесі атанып, бұлаңдай өсті. Келе –келе жезде, жеңгелерінің әбес қылықтарын, күнделікті тұрмыстағы мінез – құлқын келтіріп, өнерін үстемдете түскен.

Оның осы «ойын - сауығынан», мазағынан құтылу үшән жеңгелері тәтті – дәмділерін беретін де, жезделері жорғасына мінгізетін, аңға бірге алып шығатын, той – думанға ертіп апаратын. Сый –сыяпаты артқан сайын «қара тентек Қарайрек те» бойдағы бар қасиетін «тиімді» пайдаланатын болыпты. Осындай импровизациялық сайқымазағы мен сауығының біреуінің дүниеге келуіне бір жеңгесінің «қараулығы» септігін тигізіпті...

 

 Тұрсын Жұртбаев

 

 2 –мәтін:

 Сахна (сцена; stage) — мультимедиалық қосымша программалар әрекеті болатын ұсыну ортасында жоспарланған логикалық кеңістік.

 Театр ойын-сауықтары көрсетілетін орын. Қазіргі Сахна үлгісі драматургияның эволюциялық даму жолымен байланысты қалыптасты. Ол Ежелгі Грекия театрларында орхестра, эллинизм дәуірінде проскений, Ежелгі Рим театрында нросцениум деп аталды. Орта ғасырда қала мен деревнядағы ашық алаңдарда Сахна сияқты діни жанрларының тууымен байланысты Сахнаның алуан түрі (педжент, т.б.) дүниеге келді. 17 ғ-да Англия театрларында Шекспир сахнасы деп аталатын Сахна түрі пайда болды. Қайта өркендеу дәуірінде Италияда сахна төрін кеңейте түсетін нерспективалық планшеттер қолданылып, оған декорациялар орнатылды. 1539 ж. Виченцада (Италия) Сахнасы алдыңғы және артқы бөліктерге бөлінген театр ғимараты (арх. СахнаСерлио) түрғызды. Осы театр Сахнасы кейінен пайда болған қораб-сахнаның негізін құрады. Бертін келе: кулисалық жабдықтау (1585, Франция), кулисалық машиналар (1619, Пармадағы Фар- незе театры), айналмалы (1896, Мюнхен) сахна сияқты дамыған Сахна түрлері туды. Қалыптасқан классик. Сахна түрі көрермендер залы жағы ашық (сахна айнасы) тұйық қорап іспетті болып келеді. Сахнаның үлкен-кіші болуы сахна айнасының (мыСахна, Сахна биіктігі сахна айнасынан 2,5 - 3 есе биік, ені 2 есе артық болады) көлеміне байланысты. Сахна алаңы: ойын алаңы, авансцена, аръерсцена және екі қапталдағы кулисалардан тұрады. Сахнаның қаптал-қабырғаларына бірнеше қабатты жұмыс галереялары орнатылады да, оған Сахнаға жарық түсіретін электр техникасы, түрлі механизмдер және оларды басқару тетіктері қойылады. Бұл екі қапталдағы жұмыс галереяларына аспалы көпір арқылы қатынайды. Әдетте драма театрлары Сахнасының еденіне айналмалы шеңбер алаңдар жасалады. Қазіргі кездегі театрлардың көбінің Ссында сахна қалталары бар. Оған көтергіш механизмдер арқылы спектакль декорациялары қойылады. Бұл спектакльді үздіксіз жүргізуге мүмкіндік береді.

 https://kk.wikipedia.org/wiki

3-мәтін:

http://almaty-akshamy.kz/sahnasy-dala-ty-darmany-k-shpeli-h/

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

САХНАСЫ – ДАЛА, ТЫҢДАРМАНЫ – КӨШПЕЛІ ХАЛЫҚ

  Бұл күні қобыз сарынымен даланы тербетіп, рухани дүниенің тамырын күйден іздеген Қорқыт, қазақтың жаны қоңыр домбырасында екендігін күй құдіретімен жазып кеткен Құрманғазы, қара сөзі мен ақ мылтық жыры болмаса жаны жүдеп тұратынын сүмбіле жырымен жырлап өткен Сүйінбай бабаларымыз, әнінің әуенін халқының арасынан іздеген Ақан, Біржан сал бабаларымыз орнынан бір аунап түсіп, аруағы риза болған күн десек те болар. Өйткені, бұл осы өнер иелерінің көптен күткен ақ ордасы еді. Алатау ауданы ашылып, осы мәдени ошақтың іргетасы қаланған күннен бастап, өнер жанашырлары осы ақ үйді қазақтың өнер ордасы болса екен деп тілеген еді. Міне, халқымыздың сол тілек-ниеті қабыл болды. Дәстүрлі өнер орталығы болса деген мәселені «Алматы ақшамы» газеті де талай рет мәселе етіп көтеріп, қала орталығындағы «Целинный» кинотеатрына « Қыз Жібек» деген атау беріп, ұлттық өнер ордасы болса деген ұсынысын да ортаға салған еді. Мұндайда қазағымыз «сабақты ине сәтімен» дейді емес пе, сәті келген күні ол күнге де жетерміз. Ал сәті келіп, салтанатымен ашылған Алатау дәстүрлі өнер театрының ашылуын қала жұрты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қамқорлығының арқасы деп бағалауда. Өнердің, ұлтының рухани дүниесінің жанашыры екендігін қала басшысы ұлттық өнеріміздің басын қосар үлкен отаудың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен-ақ аңғартты. Театрдың салтанатты ашылуының алдында қала басшысы Алматының зиялы азаматтарымен бірге ұлттық өнеріміздің көрмесін тамашалап, қолөнер шеберлерінің өнерлерін тамашалады. Әкім «Баршаңызды бүгінгі «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуымен құттықтаймын» дей келіп, еліміздің Тәуелсіздік алуы шығармашылық бастамалардың дамуына, ұлттық сана-сезімнің өркендеуіне, әрбір отандасымыздың өзге ұлт пен ұлыс азаматымен ашық сұхбат құрып, бәсекеге түсуіне даңғыл жол ашты. Біз әлем жұртшылығына өз үнімізбен сыйлы, өзіндік мәдениетімізбен құнды, төл өнерімізбен құрметті екенімізді сезіне бастадық. Ұлттық идентификация сол халықтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері арқылы жүзеге асатынын анық аңғардық. Бүгінгі күні мемлекет мүддесін білекпен қорғайтын заман артта қалып, елдің ертеңіне деген сенімін біліммен, биік мәдениетпен қамтамасыз ететін уақыттың жеткеніне көз жеткізіп отырмыз. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейтін көне мақал бүгінгі таңда тура мағынасындағы өмірдің шындығына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та «Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естелігі осы әні мен күйінде, жыр-толғауында жатыр», – деп мәдени мұраларымызға лайықты бағасын беріп қана қоймай, бізге қай бағытта жұмыс істеу керек екенін анық көрсеткен еді. Міне, бүгінгі ашылып отырған « Алатау» дәстүрлі өнер театры – осындай өмірлік қажеттіліктен дүниеге келген мәдениет ошағы. Жалпы, Алматының 1000 жылдығын тойлау аясында 100 мәдени іс-шара жоспарланған болса, бүгінгі күні оның жартысынан көбі іске асырылып үлгерді. Соның бірі де бірегейі – бүгін өздеріңіз ашылуына куәгер болып отырған елімізде тұңғыш рет ашылып отырған осы салтанатты сарай. Мәдениет пен өнердің киелі орталығы, дәстүрлі шығармашылықтың қасиетті отауы болатын бұл шаңырақ осы саладағы өнер иелерін ынталандырып, шабыттарына шабыт беретіндігіне сенемін. Ордаларыңыздың босағасы құтты болып, іші дәстүрлі өнеріміздің бай мұраларымен толықсын деген шын ықыласын жеткізді. Театрдың ашылу салтанаты осы өнер иелерінің үлкен концертіне ұласты. Жасанды дауыстан, даңғаза саздан құлақтары шаршаған жұрт «Сазген сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблі орындаған күйлерге, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әнші Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Мақашевалар шырқаған Балуан Шолақтың, Мұхиттың, халық әндеріне, сыбызғышы Талғат Мұқышевтың орындауындағы халық күйі «Салқұла», қобызшы Әйгерім Қарсақбаева орындаған « Аққу аңыз» күйі, Жанқожа Аяпов сазсырнаймен қосыла шырқаған Нартайдың «Игигайы», Кенен Әзірбевтың « Бастау» әнін нақышына келтіре шырқаған Шолпан Дәржанова, Тұрмағабеттің термесі «Тәлімді» тыңдарманының жүрегіне жеткізген Ұлжан Байбосынова, белгілі әнші Нұржан Жанпейісовтің орындауындағы «Аңшының әні» тыңдарманын өзіне тәнті етіп, ықыласпен қол соққыздыы. Кеш шымылдығы театрдың ашылу салтанатына жиналған көпшілік пен дәстүрлі әншілеріміз қосыла салған «Дедімай-ау» әнімен жабылды. Халық әнімен қауышып, дәстүрлі өнеріміздің ақ ордасының ашылғанына қуанған жұртшылық осы қуанышқа деген өздерінің ықыластарын шапалақтарының қызуымен, қала әкіміне деген алғыс сезімдерімен жеткізіп жатты. Кеш соңында жұртшылық қала әкімімен бірге театрдың кешкі жарықтану сәулетін тамашалады. Сөйтіп қаламыздың төрінде тағы бір ұлттық руханиятымыздың, мәңгілік жасайтын өнеріміздің рухани шырағы жанды.Шырағың маздап жана бергей, ұлтымның дәстүрлі өнерінің ақ ордасы.

 

Қосымша тапсырма:

Жоғарыдағы екі мәтінді салыстырып, публицистикалық және ғылыми стильдің

құрылымдық ерекшелігін анықтап, кестені толтыр.

 

Аудимәтін:

...А.Аманжолов Қазақстандағы көне түркілік жазба мұрағаттар тілін зерттеуші санаулы ғана ғалымдардың бірі ғана емес, санаттысы. Әрине, бұл жолға түсуі де кездейсоқ болған нәрсе емес, қайсар ғалымның саналы таңдауы болса керек. Кім білсін, кезінде, қазақ халқының этникалық құрамы туралы, көне қазақ ру-тайпаларының ежелгі тарихы туралы тереңнен сыр тартқан ғалым әкенің өзі іске асыра алмаған асыл арманына баласын жетелеген үміті жатыр ма екен? Ішкі сырын көпке жариялай қоймайтын, жариялылығынан гөрі қалтарыс сыры басым ағаның ғылымдағы жолының басталуын осылай топшыладық.

Түркілік деп танылатын жазудың қыр-сырын таныған қазақ ғалымының жүрегі осылайша елжірей соғып, тарихтың қатпар-қатпар көне шежіресінен қазақ жазуының да өзіндік сілем-ізін іздеп, заманалар шаңы басса да, тот баспас сары алтындай сақталған жазудың ізін қалың соқпақ жолдардың арасынан сарыла жүріп, тауыпты. Талас, Іле, Сыр, Ертіс өзендері бойынан табылған біршама көне руникалық жазудың бар екені анықталған тұста, соны оқып, сырын ашқан бірден-бір ғалым Алтай Сәрсенұлы екенін ел біледі, мойындайды. Айталық, Іле өзенінің Кетмен тау жотасының қия жартасына қашалған руникалық жазуды үш жерден тауып, суретін түсіріп, оқыған, Есік қаласының іргесінен ашылған сақ дәуіріне жататын үлкен қорғаннан табылған күміс тостағанның сыртқы түбіне ойылып жазылған жазуды оқып тиянақтаған, Сыр бойындағы Шардарадан табылған ескі қорғаннан шыққан алқадағы жазуды оқыған, Павлодар облысынан табылған қорымның сақ дәуіріне жататынын дәлелдеген, Марқакөлден табылған қола айнадағы руникалық жазуды оқыған профессор А.Аманжолов болатын.Алтай Сәрсенұлының тағы бір қайсарлығы түркі тіліндегі лексикалық бірліктерді шумерлік жазулармен салыстырып, Орталық Қазақстандағы Кеңгір өзенінің атын Шумер (Кеңгер) жерінің атымен үндес келуі тегін емес деуімен де байланыстырар едік. “Түркі тілі жөніндегі ең алғашқы мәлімет Месопотамияның оңтүстігінен (Шумерден) табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ-ІІІ мың жылдықтарды меңзейтін идеографиялық жазба ескерткіштерінен байқалатынын” нақты мысалдар арқылы дәлелдеген ғалымның тұжырымына назар аударыңызшы: “Тіл мен этностың бірегейлігін ескерсек, этностың өз ана тілін қадірлеуі әбден заңды болары хақ. Ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілік пен құрмет халықтың сана-сезімі неғұрлым дамыған сайын соғұрлым кемелденіп, өсіп, өркендей түсудің нышаны болып табылады”

(Түркі филологиясы және жазу тарихы, 27-бет).

  • Жинақы мәтін – бастапқы мәтіндегі негізгі идеялар мен ақпараттарды сақтай отырып, мәтін көлемін ықшамдау және өңдеу.

Оқушылар жинақы мәтін жазуда төмендегі мазмұндық өңдеуді басшылыққа алады:

  • Мәтінді мұқият оқу және негізгі, қосымша ақпараттарды анықтау; қосымша ақпараттарды сызып тастау.
  • Негізгі ойды білдіретін тірек сөздерді, сөйлемдерді белгілеу.
  • Автор ойын, баяндау желісін сақтай отырып, мәтіндегі негізгі ойды ықшамдау.
  • Мәтін түпнұсқасының сілтемесін көрсету. Мысалы: Автор айтқандай..., ғылымның арқасында ..., Мәтінде «.....» берілген, т.б.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу