Қыз баланың қайырымдылығы. Қазақ тілі, 8 сынып, қосымша ресурс. 2 сабақ.
Төмендегі сұрақтар бойынша ойланып көріңіздер:
- Қазіргі қазақ қоғамы қыздарын бұрыңғыдай қадірлей ме, немесе жаһанданудың салдарынан діліміз бен мәдениетіміз өзгеріп бара ма?
- Қазақ қызы батысқа еліктеймін деп өз құндылығын жоғалтпс үшін не ұсынуға болады?
Қазақ – қызды құрметтеген халық
Негізінен қазақ халқы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге бай халық. Осы салт-дәстүрлерді көзінің қарашығындай сақтап, дәріптеп, келешек ұрпағына аманат ретінде қалдырған еді. Қазақ халқының әр дәстүрі мен әдетінің өзіндік терең ұғымы бар, сондықтан да осы дәстүрлер жалғасын табу үшін қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше назар аударған. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» дейтін қазақ, қыз атаулысына ерекше көңіл бөлген-ді. «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық» деп ата-бабамыз текке айтпас. Сол себепті де, қыз баланың тәрбиесін халықтың ең басты байлығы ретінде білген. Қыз тәрбиесіне ауыл болып үлес қосқан, яғни қыздардың алдында дөрекі сөйлемей, оғаш қылық көрсетпеген, керісінше жақсы-дәмдіні алдарына қойып, жомарттығын жасаған. Әкесінің үйінде жүрген қызды қонақ ретінде қабылдаған, әрі төркініне келген қызын төрге шығарған. Бұл арқылы қазақтардың қаншалықты қызын сыйлағанын аңғаруға болады, өйткені төр – негізінен сыйлы адамдар отырғызылатын қасиетті де қастерлі орын. Алайда халық сол қызғалдақтарға ауыр міндет те жүктеген-ді, себебі қыздар қоғамның айнасы еді. Осының бәрін ескере отырып «қызды қырық үйден тыйған», яки тек қыздың ата-анасы емес, сонымен қатар бүкіл ауыл мен ру болып бетінен қақпай, үлгі-өнеге көрсетіп, өнерге баулыған. Қазақтың аруы дегенде қос бұрымды, аппақ жүзді, ажарлы, бұраң белді, алма мойынды, сымбатты жан елестейді. Бұл еріксіз қиял шынында да нағыз қазақ қызының сипаты ғой, сірә. Сондай-ақ, қазақ қыздары негізінен ақылды, тәрбиелі, тапқыр, биязы мінезді ғой. Осы қасиеттердің барлығы бойында тұнып тұрған әйел заты қаншама?! Мысалы, Жиренше шешеннің келіншегі Қарашаш сұлу – өз заманының ерекше бір бейнесі, өйткені ол – сабырлы, ақылды, байыпты, тиянақты әйел еді. Жиренше шешен мен Жәнібек ханның сынақтарынан сүрінбей өткен, халықты таңқалдырар жан ғой. Сонымен қатар, Ел анасы бола білген, кейінгі ұрпаққа көрегендігі, әулиелігі мен даналығымен танымал – Домалақ ана бар емес пе?! Қазақ халқының ұлы ақыны –Абай атамыздың анасы Ұлжан ханымды ерекше атап өткен жөн, өйткені Ұлжан ана Абайды даналыққа жетелеген адам. Ендеше, әйел атаулысы бір ұлттың болашағы мен тағдырының сүйеніші мен тірегі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?