Қазақстан эпиграфикасы. Қазақ тілі, 8 сынып, дидактикалық материал. 6 сабақ.
6 - сабақ
Сабақтың тақырыбы: Қазақстан эпиграфикасы
Төмендегі сұрақтарды жұбыңмен талқыла.
1.Ен, таңба дегенді қалай түсінесің?
2.Таңба не үшін қажет деп ойлайсың?
3.Тасқа ойылып жазылған таңбалар нені білдіреді?
Мәтінмен жұмыс кезеңі
1-тапсырма.
Мәтінді мұқият тыңдап, берілген ақпараттан астарлы ойды анықта. Географиялық атаулар қазақстанның қай өңірінде орналасқаны жөнінде жұбыңмен ойбөліс.
Түркі филологиясында ерекше орын алып, дамып келе жатқан және болашағы зор салалары – түркі эпиграфикасы мен түркі палеографикасы. Олар көне таңбаларының эволюциясын, яғни графиканың даму тарихын зерттеуді өзінің еншісіне айналдырған. Былайша айтқанда, эпиграфика тас, металл, сүйек, саз балшық т.б.бұйымдарға ойылып жазылған таңбаларды тексерсе, палеография қолжазба мен кітаптағы жазба таңбаларды зерттейді.
Қазақстандағы түркі эпиграфикасы салаларындағы ірі жетістік – Талас, Іле, Сыр, Ертіс өзендері бойынан біршама көне түркі руникалық жазуының табылуы. Соның бірі Есік қаласының іргесінен сақ дәуіріне жататын үлкен қорғаннан табылған күміс тостағанның сыртқы түбіне ойылған жазу болып табылады.
Сыр бойындағы Шардара су қоймасын жасар алдында 1960 жылы қазылған ескі қамал орнынан табылған саз балшықтан күйдіріліп жасалған мөр іспетті алқаның бетіне ойылған жазу көңіл қоярлықтай. Жазу мазмұны – ханзадалар әулетінің пірі тұтынған киелі түсінігі де , ал дөңгелектің айнала шеті күн шапағатының нұрлы кескінімен көмкерілген екен. Оның оқылуы жөніндегі түсінік деректер бұдан бұрынырақта жарияланды.
Ертіс өңірінен табылған жүз қарайтын ескі қола айнадағы көне жазуының бірін атақты археолог А.Н.Бернштам 1948 жылы жариялаған. Ол Семей облысының Үржар ауданынан табылса, екіншісі жуық арада ШҚО Шемонайха ауданынан ұшырасып отыр. Ал, сүйек тұмарға ойылған руникалық жазу – Павлодар облысының Бобровое селосындағы қорымды қазғанда табылды.
Сондай – ақ 1985 жылы ШҚО Марқакөл ауданынан табылған жартастағы көне түркі жазуы мен Жайықтан әкелінген қола айнадағы руникалық жазудың ғылым үшін айтары да, тарихи мәні де зор.
А.Аманжолов «Түркі филологиясы және жазу тарихы»
2-тапсырма.
Тыңдалым мәтінідегі негізгі және қосымша ақпараттарды кестеге толтырып, негізгі ақапартты басшылыққа алып, Қазақстан эпиграфикасы жөнінде жұбыңмен әңгімелес.
Негізгі ақпарат | Қосымша ақпарат |
Эпиграфика тас, металл, сүйек, саз балшық т.б. бұйымдарға ойылып жазылған таңбаларды тексереді, палеография қолжазба мен кітаптағы жазба таңбаларды зерттейді. | Олар көне таңбаларының эволюциясын, яғни графиканың даму тарихын зерттеуді өзінің еншісіне айналдырған. |
3-тапсырма. «Қазақстан эпиграфикасы» тақырыбындағы мәтінді тағы бір рет тыңдып, мәтіндегі бас әріппен жазылатын күрделі-құрама атауларды анықтап, орфографиялық нормаға сай жаз.
Үлгі. Өзен атаулары: Талас, Іле, Сыр, Ертіс т.б.
4-тапсырма.
«Кезбе тілші»
«Ұлттық байлық халық игілігіне қаншалықты деңгейде жұмсалуы керек?» сұрағына ортақ талқылау жүргізіңдер. Топтарда талқылау басталғанда әр топтан бір «кезбе тілші» ерікті түрде шығып, басқа топтардағы оқушылармен сұхбаттасады. Сұхбаттасу немесе диалог құру барысында ғылыми терминдерді, ғылыми деректерді, жалқы есімдерді орынды қолдану керек. Жинаған мәліметтерін өз тобының басқа мүшелерімен бөліседі.
Сұхбат жазудың алгоритмі:
- сұхбат берушімен амандасу;
- сұхбат алу мақсатымен хабардар ету;
- сұхбат алу мақсатына орай сұрақтарды іріктеу;
- сұхбат беруші үшін қолайлы тілдік қорды қолдану;
- сұхбат берушінің жауабына қарай сұрақтарды өзгерту.
Сабақ соңы:
1-тапсырма.
Кері байланыс «3-2-1»
- Сабақтан алған 3 маңызды ақпарат
- Қиындық тудырған 2 аспект
- Сабақ барысында туындаған 1 сұрақ
2-тапсырма.
- «Идеялар галереясы»
Көне таңбалар туралы өз тұжырымыңды жазып, сынып қабырғаларына орналастыр. «Идеялар галереясын» аралап, сыныптағы бір оқушының тұжырымдамасына стикерге кері байланыс жазып іліп қой.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?