Жеңіс күні. Ұлы ерлікке тағзым. Қазақ тілі, 7 сынып, дидактикалық материал. 7 сабақ.
Бауыржаның соғыс тарихында болмаған 27 тактикалық жаңалығы
Жас сардар Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінің қалың қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды бұзып, жалпы саны 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, 27 рет әскери ғалымдардың айтуынша, соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасады. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та еді. Момышұлы өмірбаянының осы ең жауапты кезеңінде Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады. 1941 жылы қазанның он бесі күні таң атар-атпастан панфиловшылардың И. В. Капров басқарған 1073-полктің қорғаныс шебіне фашистер шабуылын тынымсыз қайталай берді. Алған жолынан, айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан роталардың соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды басқара білді. Осы күндердегі арпалыс кезеңдерінде жауға қайсарлықпен қарсы тұрып, майдан даласында ерлік көрсеткендердің ішінде Қ. Шәріпов, Р. Жанғозин, Б. Жетпісбаев, М. Әлімжанов, Д. Снегин, Е. Таймасов, Т. Ахтановтардың ерлігі бір төбе. Алайда аласапыран қысылшаң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соқты. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасады. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарды. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарды. Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырды. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырды. Қалың қарағайлы тоғай іші қар. Жауынгерлер шаршады. Әйтсе де табанды төзімділік көрсеткен батальон екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шықты. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспапты. Әдісқой, тәжірибелі комдив И. В. Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б. Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И. В. Панфилов қуанғаннан көзіне жас алды. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қақты.
Талғат Бигелдиновтың жауынгерлік шабуылы
«Қазақстан кітаптары» бөлімінде аты аңызға айналған ұшқыш-штурмовик, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновтің 90 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалақ ауылында туылған. Орта мектепті бітіргеннен кейін, 1940 жылы Фрунзедегі авиаклуб мектебінде, 1940-42 жылдары Саратов және Чкалов әскери-авиациалық училищелерінде оқыған. Өзінің бірінші әскери шабуылын 1943 жылы 17 ақпанда жасады.
Талғат Бигелдинов - 144 гвардиялық шабуылшы авиация полкінің эскадриль командирінің орынбасары, Калинин, Воронеж, Далалық, 1-ші және 2-ші Украина майдандарында шайқасты. Украина мен Польшаны азат етуде, Бреслау мен Берлинді алуда ерен ерлігімен көзге түсті.
Т.Бигелдинов 2 жылдың ішінде 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жаудың көптеген зеңбіректері мен танктерін, жаяу әскерінің көзін жойды, әуе шайқастарында фашистің 7 самолетін атып түсіріп, бірнеше авиатұрақтарының күлін көкке ұшырды.
Соғыстан кейін Әскери әуе күштері академиясын (1950), Мәскеу инженер-құрылыс институтын (1968) бітірді. 1956 жылы әскери қызметтен босап, 1957-1970 жылдары Қазақстан территориалдық азаматтық авиациясы басқармасында аға инспектор және бастықтың орынбасары, ұзақ уақыт Қазақ КСР-інің құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарды.
КСРО-ның Ленин ордені, 2 рет Қызыл Ту ордені, 1-ші- және 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Александр Невский, Қызыл Жұлдыз және 3-ші дәрежелі Даңқ ордендерімен, медальдармен марапатталған. Т.Бигелдиновтың балалық шағы өткен Бішкек қаласында Батырдың қоладан жасалған ескерткіш-мүсіні орнатылған.
Кітап көрмесінде Т.Бигелдиновтың әскери өмірі мен қызметі туралы әдебиеттер, оның еңбектері ұсынылған, соның ішінде Батырдың ерлігі жайлы: «Аспандағы айқастар» (1963), «ИЛы атакуют» (1966), С.Морозов. «Дважды Герой Советского Союза Т.Я. Бегельдинов» (Москва, 1948), С.Бакбергенов. «Талғат» (1950), «Талғат Бегельдинов» (1965), «Отан үшін от кешкен» (1985), А.Сергеев. «Звездное небо Талгата» (1997), А.Н. Бедельбаев «Тринадцатый, на взлет» . – 1-2 т. Повесть о Бегельдинове Т.Я. ( 2004), К.Абенов. «Великая Отечественная война в моей жизни: 60 лет спустя» (2008), Б.Омарұлы. «Жүректiң көзi» (2011) және т.б. кітаптар бар.
Пулеметші Мәншүктің ерлігі
Шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен.Мәншүктің өз әкесі - Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, 1925 жылы Мәншүкті сол кісінің қолына берген.Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғалидің аштықтан көз жұмған екен. Ахмет Мәметов - қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылдың қаңтар айында ұсталып кетеді.Ахметтің әйелі Әмина Мәметова - Әбілқайыр ханның тұқымы. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйелдер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге сыни мақала жазып тұрған.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді.
1942 ж. тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-нші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.
Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.
Барлаушы – Қасым Қайсенов
Сұм соғыстың біткеніне биыл 70 жыл толды. Бұл аз уақыт емес. Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да ұрпақ майдангерлердің ерлігін ұмытпайды. Олардың қайсарлығы мәңгі жұрт жадында. Ұлы Отан соғысында әсіресе, қазақ жауынгерлері өзінің батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске жетуге елеулі үлес қосты. Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасағаны үшін 500-ге тарта қазақ жауынгері Кеңес Одағының батыры атанды, 100-ден аса адам Даңқ орденін иеленді. Бұл марапатқа ілінбей қалғаны қаншама. Мен бүгін қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсенов туралы жазғанды жөн санадым. Отан қорғау жолында ерлік көрсетуде қазақтың ер жүрек азаматтары ешқашан аянып қалған емес. Әсіресе Ұлы Отан соғысы кезінде толарсақтан қан кешкен қазақ сарбаздары өздері әлемді ат тұяғымен дүбірлеткен жауынгер, ер жүрек көшпенді елдің ұрпақтары екенін сан мәрте дәлелдеп бақты. Сұрапыл соғыс жылдары от кешіп, ерлік көрсеткен қазақтың аяулы ұлдарының бірі – Қасым Қайсенов. Болмыс-бітімі батырлық пен өрлікке толы атамыз бейбіт кезеңде де тегеурінділік танытып, ұлт рухын асқақтатып, басы ноқтаға сыймай өтті. Асаулығы мен өр мінезінен айныған жоқ.Қазақстанның халық қаһарманы, атақты партизан, әрі жазушы Қасым Қайсенов 1918 жылғы сәуірдің 23-інде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде соғыс әліптерін танығаннан кейін, Қасым Қайсенов жау қолында қалған Украина жеріне аттандырылады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап, Қасымның партизандық өмірі басталады. Өмірге Қасым Қайсенов болып дүниеге келген ол Украинаға барғанда бәрі оны "Василий, Вася" деп атап кеткен. Ол кезде Украина жеріне аттану жау тылына, ажал аузына барумен тең болатын. Қазақтың қас батыры Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Соғыс жылдары «Вася» деген атпен бүкіл Украинаға танылған Қасым Қайсенов бұрын қазақ деген халықты көрмек түгіл, атын естімеген алуан түрлі ұлттардың арасында жалғыз өзі жай оғындай жарқылдап, қазақтың батырлығын сан мәрте дәлелдеп, еліміздің абыройын асқақтатқанын мақтанышпен айтуға болады.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы халықтың ерлігі туралы
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті. Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ін ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Мысалы, Алматы облысының 9 ауданының 277 колхозында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өскен.
Қазақстандықтар соғыс жылдары майданға өз қаржысына алынған қару-жарақ, техника да жіберіп тұрды. Мысалы, Шымкент теміржол жүйесінің комсомолдары Москва түбіндегі майданға танк колоннасын жабдықтау үшін қаржы жинауды бастайды. Шымкент комсомолдарының бұл бастамасын бүкіл Қазақстан қолдап, жиналған 11 650 мың сомға жасалған 45 танк 1942 жылдың қыркүйегінде “Қазақстан комсомолы” деген жазумен Сталинград майданына жөнелтілді. Жүздеген оқушылар егіс алаңдарында жұмыс істеп, металл қалдықтарын жинап, “Қазақстан пионері” фондына 4 млн. сом ақша жинады. Бұл ақша “Қазақстан пионері” атты коллонаны жабдықтауға жұмсалды. С.И.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен жоғарғы оқу орындарының студенттері “Кеңестік студент” деген танк колоннасын жабдықтауға 600 мың сом ақша жинады. Танк колонналары мен ұшақ бөлімдерін жасақтауға Республикада 480 млн. жуық ақша жиналып, Қорғаныс Комитетіне тапсырылды. 1943 жылы Алматы қаласында С.Луганскиймен кездесу ұйымдастырылып, бұл кездесуден кейін Алматы жастары 400 мың ақша жинап, батырға жаңа ұшақ сыйлады. Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылым институттары көшіп келді. Олардың ішінде КСРО Ғылым Академиясының физиология институты, Украина Ғылым Академиясының физика-механика институты, Москва, Ленинград, Киев институттары болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?