Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы. Қазақ тілі, 7 сынып, дидактикалық материал. 10 сабақ.
Дидактикалық материал
Домбыра
Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары халқымыздың тұрмысы мен тіршілік қам-қарекетіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі бірегей заттық мұрасы, рухани-мәдени байлығы болып табылады.
Қазақтың шертпелі аспаптарының ішіндегі ең көп қолданылатыны және көптеген үлгі нұсқалары бары – домбыра. Домбыраның шанағы тұтас ойып та, құрап та жасалады. Домбыралардың сырт нұсқалары әртүрлі болып келгенімен, жасалу әдіс-тәсілдері мен бөлшектері ортақ. Домбыра негізінен бес бөліктен тұрады.Олар бас, мойын, кеуде, шанақ, қақпақ. Осыларға қосымша құлақ, тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, шек, үндік (ойық), пернелер, қалқа, серпер, желкелік, түйме, өрнек, желбезек тақтайша деп аталатын қосалқы бөлшектері де бар. Тиектің де бірнеше түрі бар. Олар: бас (жоғарғы), негізгі тиек, түйме тиек, табалдырық (шайтан) тиек. Бұл бөлшектерсіз домбыра үн шығармайды, ойнауға келмейді.
Қазақ дүниетанымы бойынша, домбырада қолөнер, орындаушылық, күйшілік секілді танымдық құндылықтар жинақталған. Адам көкірегіне нұр құятын, жамандықтан сақтайтын күшке ие аспап ретінде оған үкі, қоңырау тағып, төрге іліп қастерлейді.
Шағын үлгіде жасалатын, балаларға арналған екі шекті түрі – шіңкілдек. Шіңкілдектің үні басқа аспаптардың дыбысымен қосылғанда , ашық естіліп, ерекшеленіп тұрады.
Домбыра тобындағы әлі де болса сирек қолданылатын нұсқасы – үш шекті домбыра. Аспап шек саны, бұрауы және үш шекте орындалатын күй шығармаларымен ерекшеленеді. Ұлы Абайдың кезінде өз ән-күйлерін сүйемелдеген үш шекті тарихи домбырасы сақталған.
Пайдаланылған әдебиет
- З. С. Жәкішева Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары «Алматыкітап» баспасы 2009 ж. 6-б., 9-б.
Қосымша материал
- Домбыра – қазақ халқының екі шекті музыкалық аспабы.
- Шанақ – қобыз, домбыра тәрізді шекті музыка аспаптарының үшбұрышты я домалақша келген дүмі.
- Бас – таяқтың, сойылдың бір жақ шеті, ұшы.
- Мойын – бір нәрсенің басымен жалғасқан жері.
- Кеуде – дененің белден мойынға дейінгі бөлігі.
- Қақпақ – әртүрлі ыдыстар мен іші қуыс заттардың аузын жабатын жапқыш.
- Құлақ – музыка аспабының шегін қатайтатын немесе босататын тетігі.
- Тиек – кейбір шекті музыка аспабының шегін көтеріп тұратын кішкентай кепіл ағаш.
- Кемер – бір нәрсенің жақтауы, жиегі, жарқабағы.
- Бастырма – үй жиhаздарының бетіне салынатын әшекейлі өрнек, бедер.
- Перне – домбыра, гитара сияқты шекті аспаптарды ойнағанда дыбысты күшейту үшін саусақпен басатын тетік.
- Қалқа-бір нәрсенің ық жағы, тасасы.
- Шек - бұрын домбыраға қой шегі тағылған болса, қазір нейлон шектермен ауыстырылды. [2]
Шайтан тиек
Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу шектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат. [3]
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі «Дайк-Пресс» Алматы 2008 ж. 204-б.,900-б., 110-б., 596-б., 392-б., 459-б., 537-б., 802-б., 382-б., 674-б., 464-б., 113-б.,
- http://bilimsite.kz/muzika/8022-dombyra-men-kobyz-aspabynyn-turlenui.html
- https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%94%D0%BE%D0%BC%D0%B1%D1%8B%D1%80%D0%B0
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?