Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы. Қазақ тілі, 7 сынып, дидактикалық материал. 7 сабақ.


 Домбыра – дала киесі

 

 Сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі небір қатал сындардан өтсе де, халық рухының алтын діңгегі саналатын домбыра өнерін ешқашан жоғалтпады, ұлттық, көркемдік сипатын сақтады. Оны дамытып, өркендетті. Оны әлемге паш етіп, еліміздің рухын асқақтатты. 

 Қоғамдық өмірдің жаңғыруына байланысты орындаушылық дәстүр мен оның қызметтері де қазіргі уақытта өзгеріске ұшырады. Алайда, домбыра күйлері бұдан жүздеген жыл бұрынғыдай, халықтың рухани серігі болып, жас ұрпақтың болашағына деген толғанысын, арманы мен бақытына деген сенімін сақтап келеді. Себебі, қай заманда болсын жан азабы жай таптырмағанда, тұяқ дүбірі мен домбыра сарыны әлемді шарлап, сарнап алған. Қай заманда болсын, адамзат құсасын да, қысасын да ән мен күйге шаққан, домбыраға жүгінген. Сонау өткен ғасырдағы «Ақсақ құлан, Жошы хан» аңызы, жазушы Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» шығармасы домбыра өнерінің, күйдің биік құдіретін, оның қасиетін көрсететін туындылар. «Ақсақ құлан, Жошы хан» аңызында Жошы хан баласының қайтыс болғанын көпшілік ордада бір домбырашы домбыра арқылы күймен естіртеді. Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» шығармасында Естеміс күйшінің қасиетті домбырасы ботасы өлген бозінгеннің тарамыс болған терісіне жан беріп, суалып біткен желінін сүтке толтырады. Күмбірлеген күй ет жүректі адамды да, тамылжыған табиғатты да толқындағы қайықтай шайқалтады, шамырқандырады,- деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек-ті. 

 Иә, күй – құдіретті, күй – сиқыр. Күй – әсері шексіз, күй құдіреті – шетсіз. Оны түсіну, игеру адамзат мәдениеті қанша жасаса, сонша кезеңде жалғасып отырады. Күйдің өз тыңдаушысы, оны жанымен ұғып бағалайтын өнерсүйер қауымы баршылық және олардың көкжиегі кеңейе түсуде. Қазақ күйі қазір өз отаны Қазақ елі шеңберінен шығып, өзге елдердің салтанатты сахналарынан да естілуде. Қазақтың дархан даласынан шығып, шет елдерде домбыра өнерінің шарықтауы, өрістеуі көне заман саңлақтарының, бүгінгі дарынды азаматтарымыздың арқасы. Осылайша, киелі домбырамыз еліміздің өрісін биіктетіп, өрісін шыңдауда. Мұның өзі біз үшін үлкен мақтаныш, халқымыздың мәдени дамуына қосылған қомақты үлес. 

  Домбыра өнері, қазақ күйі – адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, адамның жан жүрегін тербетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Оның қасиеті де, құдіреті де – мәңгілік!

 

Синоним дегеніміз - айтылуы бөлек, мағыналары бір сөздер. Мысалы: әдемі - сұлу, көрікті, келбетті.

 Сөйлем ішіне қойылатын тыныс белгілері мыналар: үтір (,), сызықша (–), нүктелі үтір (;), қос нүкте (:), жақша ( ), тырнақша (“ ”).

 Сөйлем ішіндегі ең көп қолданылатын белгінің бірі – үтір.

 Үтірдің қойылу орындары:

  • бірыңғай мүшелердің арасына;
  • қаратпа, қыстырма, оңашаланған айқындауыш сөздерге;
  • құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің ара жігіне.

 

 Егер қаратпа немесе қыстырма сөз сөйлемнің басында клсе одан кейін, ортасында келсе екі жағынан, соңында келсе алдынан үтір қойылады.

 Сызықша - сөйлемдегі белгілі сөзді, сөйлемді, сөйлем мүшесін ерекшелеп, даралап, бөліп  көрсету үшін және қызметі бірдей, мағынасы ыңғайлас сөздерді жинақтап, топтап, тұжырымдап айту үшін қойылатын белгі.

Сызықшаның қойылу орындары:

  • Бастауыштан кейін қойылатын сызықша .

Бастауыш зат есімнен немесе заттанған басқа сөз таптарынан жасалып, баяндауыш та атау тұлғадағы зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан болғанда, бастауыштан кейін сызықша (–) қойылады.

2. Бірыңғай мүшелерге ортақ жалпылауыш сөздің алдынан қойылатын сызықша.

3. Оңашаланған айқындауыш сызықшамен ажыратылатын жағдайлары.

4. Құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын сызықша.

 

Тырнақша мынадай орындарда қойылады:

  • Сөйлеуші я жазушы өз сөзінің ішінде басқа біреудің сөзін өзгертпей, сол қалпында қолданса, ондай сөздер мен сөйлемдер тырнақшаға алынады. Бұл - тырнақшаға алынған сөздер мен сөйлемдердің аутордың өзінікі емес, бөгде біреудікі екендігін, төл сөз екендігін білдіреді.
  • Мақалдар мен мәтелдер, афоризмдер тырнақшаға алынады. Мұндайда оның алды-артынан төл сөзге тиісті тыныс белгілері қойылмайды.
  • Ойға тірек етіліп отырған сөздер мен сөйлемдер, жеке дыбыстар жазуда тырнақшаға алынады.

Мысалы:"А" дыбысы - дауысты дыбыс, буын құрайды.

  • Әжуа, сықақ, кекесін, мысқыл мағынасында қолданылған сөздер мен сөйлемдер тырнақшаға алынады.
  • Дәйексөз тырнақшаға алынады.
  • Газет, журнал, кітап, шығарма, қаулы-қарар аттары өзге біреудің сөзінің ішінде қолданылғанда, бұлар тырнақшаға алынады.
  • Кәсіпорын, фирма, зауыт, фабрика, ұйым аттары мен машиналар мен құрал-жабдық маркалары түсініктемесіз айтылғанда, тырнақшаға алынады.

 

 

 Жинақтау – мәтінді қайта өңдеудің негізгі түрі. Белгілі бір іс-әрекет түрлері арқылы бастапқы мәтінді өңдеп, жаңа жанр түрлерін – тезис, конспект, аннотация, реферат, резюме құрастыруға болады. Ол үшін бастапқы мәтін мазмұнын және мәтін бөліктерінің өзара мағыналық байланысын дәл, нақты түсіну қажет.

Жинақы мәтін – бастапқы мәтіндегі негізгі идеялар мен ақпараттарды сақтай отырып, мәтін көлемін ықшамдау және өңдеу.

Мәтінді толықтай түсіне отырып, мәтіндегі негізгі ойды басқа формамен бекіту процесі.

Түпнұсқа мәтін өңдеу барысында жинақы мәтінге айналады.

Жинақтау – тыңдалым және оқылым материалдары негізінде жүргізіледі.

Жинақы мәтін түрлері:

  • Диалог
  • Тезис
  • Аннотация
  • Презентация
  • Конспект
  • Кесте
  • Схема
  • Тезистік жоспар
  • Ықшамдалған мәтін

Мысалы: берілген ақпараттарды ықшамдап кестеге түсіру; авторлық баяндауды диалогке айналдыру; диалогтен баяндау мәтінін құрастыру; мәтінді тірек сызбаға айналдыру; ақпарат желісін сақтап, тезис түрінде беру, т.б..



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу