Үстеу. Кітапхана. Қазақ тілі, 6 сынып, қосымша ресурс. 7 сабақ


Үстеулер - қимылдың, іс-әрекеттің мекенін, мезгілін, жай-күйін, мақсатын, сын-бейнесін, себебін білдіріп, грамматикалық жағынан түрленбейтін сөздер. Үстеулердің ішінде бірде үстеу, бірде септеулік шылау болып қолданылатын сөздер бар. Ондай сөздерге мынадай сөздер жатады: бері, кейін, соң, бұрын, т.б. Бұл сөздер амал-әрекеттің мезгілін, мекенін, т.б. белгілерін білдірсе ғана үстеу болады. 

Үстеулерді көпшілік ғалымдар түрленбейтін сөз табы деп қарастырса, кейбір ғалымдар оларды аз түрленетін сөз табы деп таниды.

Сөйлемде пысықтауыш қызметінде жұмсалатын есімдер мен көсемше тұлғалы етістіктер бар, бірақ олар үстеулер емес. Бұл туралы А.Ысқақов: "... қимылдың белгілері пысықтауыш мүше ретінде қолданылатын басқа есім сөздер мен етістік формалары (мысалы, көсемшелер) арқылы да білдіріледі. Бірақ белгілі жағдайда ғана пысықтауыш болып қызмет атқаратын ондай есім сөздер мен етістік формалары өздерінің бастапқы қасиеттерін жоймайды. Осы себептен пысықтауыш мүше болған сөздердің барлығы бірдей үстеу болуы шарт емес" - дейді.

Үстеу сөздер іс-әрекеттің, қимылдың мезгілін, мекенін, сын-бейнесін білдіретіндіктен негізінен етістіктермен тіркеседі. Бірақ үстеу сөздердің есім сөздермен тіркесі де тілімізде жиі кездесетін құбылыс деуге болады.

Осы айтылғандар негізінде үстеулерді сөздерді таптастыру ұстанымдарына сай, лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық ерекшеліктері, синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке дербес сөз табы деп тануға болады. 

Үстеудің сөз табы ретіндегі бір белгісі - оның лексика-семантикалық сипаты. Үстеу амал-әрекеттің әр алуан мезгілдік, мекендік, мөлшерлік, сындық, себептік, мақсаттық сипаттарын білдіредіОсымен байланысты олар мынадай мағыналық топтарға бөлінеді:

Мезгіл үстеулері амалдың, іс-әрекеттің жүзеге асу мезгілін, уақытын білдіріп, қашан? қашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бүгін, ертең, қазір, биыл, енді, таңертең, кешке, күндіз, кеш, қыстай, жаздай, қыстыгүні, жаздыгүні, әзірше, жаңа, кеше, бұрын, ерте, т.б. сөздер.

Мекен үстеулері қимыл-әрекеттің орнын, мекенін білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: алға, артқа, артта, жоғары, төмен, әрі, бері, кері, ілгері, әрмен, тысқары, осында, мұнда, әрі-бері, жол-жөнекей, жолшыбай, т.б. сөздер. 

Мөлшер үстеулері амалдың, қимылдың мөлшерін, көлемін білдіріп, қанша? қаншама? қаншалықты? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: онша, сонша, соншалық, мұншама, едәуір, бірқыдыру, анағұрлым, т.б. сөздер.

Сын-қимыл (бейне) үстеулері қимылдың сан алуан бейнесін, орындалу амалын білдіріп, қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бірден, тез, жылдам, бірте-бірте, лезде, әрең, үнемі, қолма-қол, менше, құсша, емін-еркін, ақырын, шалқасынан, оқыс, дереу, зорға, қапыда, өзінше, ерекше, ретімен, жасырын, бір жола, шала-пұла, бетпе-бет, жападан-жалғыз, т.б. сөздер.

Күшейткіш үстеулері заттың сындық белгісін, қимыл, іс-әрекеттің сапасын, мөлшерін, көлемін күшейтіп я болмаса солғындатып көрсету үшін қолданылады. Күшейткіш үстеулер қашан? қандай деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: ылғи, кілең, тіпті, нақ, нағыз, әбден, мүлде, өңкей, дәл, керемет, орасан, т.б. сөздер.

Мақсат үстеулері қимылдың мақсатын білдіреді. Мақсат үстеулерге жататын сөздер сан жағынан көп емес. Олар: әдейі, жорта, қасақана.

Себеп-салдар үстеулері қимылдың себебін, нәтижесін білдіреді. Себеп-салдар үстеулері не себепті? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бекерге, босқа, текке, амалсыздан, шарасыздан, лажсыздан.

Топтау үстеулері қимылдың жасалуының топтық сипатын білдіреді. Топтау үстеулері нешеден? қаншадан? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен, т.б. сөздер.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу