Қазақстандағы көрікті жерлер. (Науырзым қорығы). Қазақ тілі, 6 сынып, таратпа материал. 8 сабақ


1-топ:

Қазақстанның көрікті жерлерінің галереясында жазық далалы, бетегелі-жусанды алқапта орналасқан, 80 жылдан астам тарихы бар байырғы Науырзым қорығының алатын маңызы зор. 1931 жылы ұйымдастырылған бұл мемлекеттік қорық Қостанай облысының Науырзым және Әулиекөл аудандарында орналасқан.

Оған Тірсек, Сыпсың, Науырзым орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енеді.

Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік; қысы - суық, ызғарлы; жазы - ыстық. Топырағы құмайтты. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 700-ге жуық түрі өседі, жануарлар дүниесі де бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады.

2-топ:

Науырзым қорығы - республиканың солтүстiгiнiң басты және бiртума табиғи кереметтерiнiң бiрi. Қарағай ормандардың ғажайып сұлулығы еліктіреді, бірде күн шуағымен күмістей жылтыраған ағаштар, бірде оларды күңгірт басып алакөлеңкеге айналады. Тұмса жайлауды көктемде көкжиекке дейін таңғажайып гүлденген кілем басады, ал мамыр айында оның бетінде Шренк лалагүлдері пайда болады. Сонадайдан меруерттей үлкен және шағын айнакөлдер толқынданып, күмістей жарқырайды. Ғалымдар тілімен айтқанда, жайлаулы Қазақстанның табиғат кешендерінің эталоны, орман, жайлау және су-батпақ ландшафтарының бірегей үйлесімі.

Наурызым қорығының эмблемасы - аққу. Қорықтың символы бүркіт те бола алар еді - мұнда олардың 30 жұбы мекен етеді.

3-топ:

Қорықтың бірегейлігі - оның су-батпақты жерлері құстардың ең мықты миграциялық маршруттарында орналасқандығы және көші-қон құстардың патшалығы болып табылатындығы. Жүздеген мың арктика қаздары, үйректері, тырналары, балшықшылары және өзге де құстар көктемде және әсіресе күзде көлге ұшып келеді.

Жыртқыш құстар бойынша маман, орнитолог Тодд Катцнер Науырзымда жыртқыш құстардың тығыздығы әлемдегі ең жоғары екендігіне сенімді. Тодд бүркіттерді зерттейді, барлық ұяларын бес саусағындай біледі, әрбір құспен жеке таныс секілді, қорықтың өз адамына айналды. Өз зерттеулерінің нәтижелерін, бүркіт фотосуреттерін ғылыми журналдарда жариялайды және Қостанайға ұшып келу үшін маусымның басталуын асыға күтеді.

Науырзым қорығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген. Шетел ғалымдары қорықтың бірегей табиғатын зерттеуге үлкен қызығушылық танытып отыр.

4-топ:

Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азияда бірінші болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұра мәртебесін алған Қазақстандағы қорықтың бірі. Ақын тілімен айтсақ, ұшқан құс, жүгірген аң мекені. Көне қорық аумағында өсімдіктің 700-ге жуық түрі бар. Бүркіт, ақсұңқар, қарақұс, дала қырандары сияқты жыртқыш құстардың топтасқан, тығыз орналасқан жері де осы - Науырзым. Бірегей табиғи кешен - зерттеуші ғалымдар үшін таптырмас құнды қазына.

Науырзым қорығы - үнемі зерттеулер жүргізіліп келе жатқан аймақтардың бірі. Болашақта Науырзым қорығында бірыңғай биосфера аумағын ұйымдастырып, оның ғылыми-экологиялық маңызын арттыра түсудің пәрменді шараларын қолға алу қажет-ақ.

1. Сөз ішіндегі бір буынның көтеріңкі айтылуы сөз екпіні деп аталады. Қазақ тілінде сөз екпіні, негізінен, соңғы буынға түседі. Мысалы: Бала далада ойнап жүр. Сөз ішіндегі екпін дауысты дыбысқа түседі.

2. Ой екпіні — сөйлем ішіндегі ерекше назар аударылатын сөзді оқшаулап, бөлектеп айту. Ой екпіні сөйлем ішіндегі сөзді бөлектейді. Мысалы: Айбек ерте тұрды. Айбек ерте тұрды. Айбек ерте тұрды. Ой екпінін түсіру арқылы нақтылау, дәлелдей түсу мақсаты көзделеді.

3. Тіркес екпіні — бірнеше сөздің тіркесе, тізбектеле біртұтас екпінмен бөлектене айтылуы. Бұл көбінесе күрделі сөздерге, негізгі және көмекші сөздердің тіркесіне тән. Мысалы: мектепке дейін, әке-шеше, әдет-ғұрып т.б.

4. Дыбыс екпіні — сөз ішінде дыбыстың бөлектеніп, көтеріңкі дауыспен немесе созып айтылуы. Мысалы: по-ой-па-ай, та-ма-ша! Дыбыс екпіні көңіл-күйін білдіретін сөздерді айтуда жиі қолданылады. Айтылуда сөйлеушінің эмоциясын білдіреді.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу