Ит- адамның досы. Өмірде болған ұқсас оқиғалармен салыстыра отырып баға беру. Қазақ тілі, 4 сынып, дидактикалық материал.
Кейіпкердің мінез-құлқы мен іс-әрекетін бағалау
Көшер кезде
(үзінді)
... Майлыаяқ жедел өсіп, середей ит болып қалған. Аяқтары сидам, үлкен жарғақ құлақтары салпиған, жүні тықыр. Дене бітімі қазақы төбет иттен гөрі тазы тұқымына көбірек ұқсас.
Майлыаяқ – байлау көрмей, ауланың ішінде еркін шапқылап өскен ерке күшік. Сырттан біздің қақпаға қарай бөтен адам, бөгде мал келе жатса, арс-арс етіп, алдынан тұра жүгіретін әдеті. Жоқ, Майлыаяқ қабаған емес... Балалық шолжаң мінезі ұстап, тек қорқытып-үркіткісі келгендей одыраңдап, айнала шауып өтеді. Кішкене бала-шаға болса, басынан секіріп те кетеді...
Біраз күннен бері Майлыаяқ бұрынғы еркін өміріне зар. Үйді, малды сата бастағалы біз оны шынжырлап қоятын болғанбыз. Себебі ауылдан Алматыға көшетін болдық. Байлап қою себебімізді өзі түсінбейді, әрине. «Менің не жазығым бар? Неге байлап қойдыңдар?» – дегендей, балаша жылап, қыңсылап, аяғымызға оралады. Жалынып-жалбарынғандай болады.
Тап бүгін бір сұмдықтың болатынын Майлыаяқ енді сезді. Таңертең итаяққа құйған асты ішпей, легеннің шетінен тұмсығымен қағып, төгіп тастады. Сосын шоңқиып отырып алып, тұмсығын көкке созып, ұлуға кірісті. Дәл бір басына күн туып, зарланған адам тәрізді.
– Әй, Еркін, мына ит біздің бүгін кететінімізді біліп, соған ұлып отыр. Өзін бірдеңе етіп алып кетсек қайтеді? Жамалыммен қатар туған ит еді, – дейді әйелім Зағипа.
Майлыаяқтың зарлы даусы оның көңілін босатып жібергендей.
Итімді мен де қимаймын. Бірақ... Қалай әкетеміз? Пойызға бірдеңе етіп мінгенмен, Алматыға барған соң өз үйіміз жоқ, қайда ұстаймыз бұны? Әбекең: «Келем», – деп еді ғой. Сол кісіге аманат қып тастап кетеміз. Қор қылмайды. Әбекең – осы ауылдың қойшысы, жақсы адам. «Майлыаяқты маған бер», – деп өзі сұраған болатын.
Таңертеңгі шайымызды ішіп бола бергенде Әбекең де жетті. Сүйікті итімізді тіліміз жеткенше аманат етіп тапсырып жатырмыз. Қолына жарты таба нан ұстаған Әбекеңді байлаулы Майлыаяқтың қасына ертіп келдім. Ол алдыңғы екі аяғын көсіліп салып, басын аяқтарының үстіне қойып, біртүрлі ойға батқан секілденіп сұлық жатқан. Біздің не оймен келе жатқанымызды сезгендей, зып беріп, қасындағы тақтай үйшікке кіріп алды.
– Майлыаяқ, шық бері!
Шықпайды.
– Майлыаяқ, кел, келе ғой!
Бері шығу орнына, үйшіктің түкпір жағына тақала түседі.
– Майлыаяқ, қазір бізге мәшине келеді. Біз кетеміз.
Сенің жаңа иең – міне, мына кісі. Танып, біліп ал.
– Майлыаяқ, мә, жей ғой, – деп Әбекең қолындағы нанды үйшіктің аузына алып барды. Қыбыр еткен Майлыаяқ жоқ...
– Ақылды ит, біліп жатыр... Біз кеткен соң, Әбеке, өзіңіз бірдеңе етіп көңілін табарсыз Майлыаяқтың.
Бердібек Соқпақбаев
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?