4.Қазақ тілі_3-сынып_3-бөлім_Уақыт_39-сабақ_Тура және ауыспалы мағыналы сөздер_ Әдістемелік нұсқау


  Мұғалімге әдістемелік нұсқау

Бөлім: Уақыт

Уақыт туралы не білемін?

Сабақ тақырыбы: 39-сабақ. Тура және ауыспалы мағыналы сөздер

Ресурстар: кесте, түрлі түсті қарындаштар, жұмыс парақтары, «Сағаттың шығу тарихын білесің бе?» тақырыбындағы бейнематериал.

Қауіпсіздік және денсаулық сақтау

Оқушыларға «Достармен кездесу уақыты» әдісі жаттығуын жасату арқылы сабақ барысында топқа бөлінуге жағдай жасалады. Сонымен қатар сабаққа қызығушылығын арттыру мақсатында өткізетін «Бір қадам алға жылжы» әдісі арқылы оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландырып алуға болады. Бұл әдістерді оқушылардың сынып ішіндегі өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жасату көзделеді. Денені шынықтыру мақсатында сабақта «Кім тез» ойыны ойнатылады.

Сабаққа қажетті теориялық материалдар

Тура мағына – сөздің бастапқы, негізгі мағынасы. Тура мағына заттың немесе құбылыстың атын тура атап көрсетеді. Мысалы, адамның аяғы, адамның қолы, адамның көзі.т.б.

Ауыспалы мағына– сөздің тура мағынасының негізінде қалыптасқан, ойды көркемдеп жеткізу үшін қолданылатын келтірінді мағына. Мысалы, күннің көзі, жұмыстың аяғы, әңгіменің басы. т. б.

Сабаққа қатысты ескертпелер

Сабақ барысында топқа бөліну үшін мұғалім оқушыларға үлгі кеспе қағаз үлестіреді. Әр оқушы өзіне достар жинайды. Сағаттың кездесу уақытының тұсына оқушы аттарын жазады. Сол бойынша топқа біріктіріледі.

«Бір қадам алға жылжы» әдісі арқылы мұғалім есіктен кіргеннен өткен материалдарға байланысты сұрақтар қояды. Жауап дұрыс болса, бір қадам алға жылжиды, қате болса, бір қадам артқа шегінеді. Мұғалім үстеліне жеткенше, бірнеше сұрақ қою арқылы оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландырып алады. Бұл әдіс оқушылардың өткенді қайталап, еске түсіруіне мүмкіндік береді.

Көркем жазу

Кең жолды дәптерге Әә әрпінің жазылу үлгісі көрсетіледі. Дәптерде бас әріп пен кіші әріптің биіктігі мен мөлшерін сақтап көлбеу, үзбей және біркелкі жазу үлгісі тақтада түсіндіріліп, көрсетіледі. Жазу каллиграфиясы нашар оқушылармен дәптеріне үлгі көрсету, әріп элементтерін бастырып жазуға арналған материалдар ұсыну арқылы үйретуге болады.

Оқылым.

9-жаттығу. Жұмбақты оқып, шешуін табады: (сағат)

  • Жұмбақтағы қарамен берілген сөздерге назар аудар. Бұл сөздер нені білдіреді?
  • Тіл сөзі қандай мағыналарда қолданылады? (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі т. б), (тіл-дене мүшесі)
  • Сағат не үшін керек?
  • Суреттегі сағаттарға қара. Суреттер бойынша сағаттың шығу тарихын болжап көр.
  • Отбасы мүшелері қай сағат түрін пайдаланады? Сен өзің қай сағат түрін қолданасың?

Оқушылардың топтық жұмысы ұйымдастырылады. Олардың назары суреттегі сағаттарға аударылады. Суреттер бойынша сағаттың шығу тарихын болжайды. Болжау барысында дәлелдемелер келтіріп, ой тұжырым жасайды. Өз отбасы мүшелері қай сағат түрін қолданатынын, өзі қай сағат түрін қолданатынын айтып, өз ойымен бөліседі. Жұмыстарын топта жариялайды.

  • Жұмбақты оқып, шешуін табу.
  • Қарамен берілген сөздерге назар аудару.
  • Сағаттың шығу тарихын болжау.
  • Сөздердің қандай мағынада қолданылатынын білу.

10-жаттығу. Берілген сөздер тобын пайдаланып, сөйлем құрап жаз.

Жұппен жұмыс ұйымдастырылады. Мұғалімнің басшылығымен орындалған жұмысты өзара тексереді. Бір-бірінің қатесін тауып, түзетеді.

  • Берілген сөздер тобында алтын сөзі қандай мағынада қолданылып тұр деп ойлайсың?
  • Алтын уақыт деп неліктен айтады?
  • Өзің уақытты қалай пайдаланасың? Осы сұрақтың жауабын топта талқылауға қатыс.

Берілген сөздер тобында алтын сөзі қандай мағынада қолданылып тұрғанын түсіндіріп, дәлелдейді. «Алтын уақыт» деп неліктен атайды? сұрағын топта талқылап, бір-біріне түсіндіреді. Өз уақытын қалай пайдаланатыны туралы топта айтып, талқылайды. Жұмыс нәтижесінде қол жеткізген жетістіктер:

  • Сөздердің тура және ауыспалы мағыналарын ажырату.
  • Уақытты тиімді пайдалану керектігін түсіну.

Бейнематериалмен жұмыс

3.2.4.1 өз бетінше мәтіннің тақырыбын және мұғалімнің көмегімен негізгі ойды анықтау.

«Сағаттың шығу тарихын білесің бе?» тақырыбындағы бейнематериалды көріп, негізгі ойды анықтайды. Уақытты тиімді пайдалану ерекшеліктерін ұғынады.

 Әр топқа сағат түрлері бөлініп беріледі. Дереккөздерден тақырып бойынша мәліметтерді жинақтап, сағат түрлері, олардың ерекшеліктерімен танысады.

1-топ: «Астанадағы күн сағаты»

2-топ: «Құм сағаты»

3-топ: «Су сағаты»

4-топ: «Қазіргі заманғы сағаттар»

Әр топ мәліметтерді жүйелеп, топта идея алмасып, көпшілікке жарнама жасайды.

  • Сағаттың шығу тарихы туралы түсінік алу.
  • Бейнематериалдағы негізгі ойды анықтау
  • Жаңа маңызды мәліметтермен танысу, идея алмасу. Таныстыру барысында бастапқы болжамын негізеуге қажетті ақпараттарды ортаға салады.
  • Әр топ өз сағат түрлеріне қызықты жарнама жасау.

Мұғалім оқушыларды алдын ала керекті дереккөздермен қамтамасыз етеді немесе ғаламтор желісінен ақпараттарды алуына мүмкіндік жасайды.

Мәтінмен жұмыс

«Сағаты бар шортан» мәтінін мұғалім оқушыларға оқып береді.

  • Шортанның ішіне сағат қалай пайда болды? Осы сұрақтың жауабын топта ақылдасып, тап.

Оқушылар топта мәтіндегі қарамен жазылған сөздерді сөз құрамына талдап, дыбыстық талдау жасайды, сұраққа қатысты өз ойларымен бөліседі. №3, 4 жұмыс парақтарын толтыру ұсынылады.

  • Мәтіннің негізгі ойын анықтау.
  • Жұмыс парақтарын толтыру.
  • Сұраққа түрлі болжамдар жасап, дәлелдеу.

Саралау тапсырмасы. Шығармашылық үзіліс

«Сөздерді сәйкестендір!»

Мұғалім №2 жұмыс парағын оқушыларға таратып береді. Оқушылар тапсырманы алдымен өз бетінше орындап, жұпта тексереді. Қате болса, түзетеді. Неліктен ауыспалы, тура мағына екенін бір-біріне дәлелдейді. Жұптық жұмыс өзара бағаланады.

  • Сөздердің тура және ауыспалы мағыналарын ажырату.
  • Оларды дәлелдемелер арқылы түсіндіру.

Қалыптастырушы бағалау

Әр тапсырманы орындау барысында тиімді кері байланыс беру арқылы, оқушыларды ынталандыруға болады. Топтардың бір-біріне кері байланыс беруі ұсынылады, жұптар бір-бірін бағалауын ұйымдастырады.

Сабақ соңында «Табыс ағашы» арқылы бүгінгі тапсырмаларды қаншалықты меңгергендерін бағалау.

«Стикер» әдісі арқылы кері байланыс алынады.

  • Мен не үйрендім?
  • Маған не қиын болып көрінеді?
  • Не күрделі болды?
  • Мен енді нені үйренгім келеді?


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу