4.Қазақ тілі_3-сынып_2-бөлім_Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен_№25 сабақ_Ф дыбысы_Әдістемелік нұсқау
Мұғалімге әдістемелік нұсқау
Бөлім: Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Сабақ тақырыбы: Ф дыбысы. (Болжам жасап үйренемін)
Сабақ мақсаттары:
3.4.1.1 э, ф, в, ц әріптері бар сөздерді сауатты жазу;
3.2.5.1 берілген тақырып/сұрақ бойынша түрлі дереккөздерден (мәтін/сөздік/сызба/кесте/карта) алынған ақпараттарда кездесетін жаңа сөздердің мағынасын сөздіктер арқылы ашу, жүйелеу, мағлұматтардың маңызды тұстарын анықтау;
3.1.2.1 мәтіннің тақырыбы мен берілген суреттер/фото/диаграмма бойынша мәтіннің мазмұнын болжау.
Ресурстар: Ф дыбысы бар сөздер кестесі, суреттер, т.б.
Қауіпсіздік және денсаулық сақтау: оқушылардың жұмыс формасын түрлендіріп, сынып ішінде қозғалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылады.
Сабаққа қажетті теориялық материалдар
Ф – қатаң дауыссыз дыбыс. Ф дыбысы сөздің барлық буынында кездеседі. Өзге тілден енген жалпы есімдерде жазылады.
Өзге тілден енген сөздер Ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген жалқы есім мен жалпы есімдерде жазылады. Мысалы: Файзолла, Фатима, Мұстафа, Фархад, саф.
Сабаққа қатысты ескертпелер
«Сөзжұмбақ шешу»
Сынып оқушыларын қатар тұрған парталар бойынша 4 оқушыдан шағын топ құрастыру ұсынылады. Топ оқушылар үй тапсырмасы бойынша құрамында э, в әріптері бар сөздерден құраған сөзжұмбақтарымен алмасады. Топ мүшелері ақылдасып, сөзжұмбақты шешеді. «Кезекші қалам» тәсілімен топ мүшелері кезекпен 1 сөзден сөзжұмбақтың жауаптарын жазады. Топ мүшелері сөзжұмбақ шешуін таныстырады.
Жұмбақты шешу. 24-жаттығуды ұжыммен орындау ұйымдастыралады. Ф дыбысы туралы не білетінін, ф дыбысы сөздің қай буынында кездесетінін еске түсіреді. Артикуляциялық жаттығу жасату: п-ф дыбыстарын салыстыру
Есте сақтау диктанты. 25-жаттығу
1. Өлеңді оқу, қайталап жаттау.
2. Өлеңнің тыныс белгілеріне назар аудару
3. Жатқа жазу.
4. Құрамында ф әрпі бар сөздің астын сызу.
5. Түпнұсқамен салыстырып, тексеру.
6. Қатесіз жазуын өзіндік бағалау.
Орындалған жұмысты өзара қайта тексеру, бағалау іске асырылады. Бір-бірінің жұмыстарын өлең мәтіні бойынша тексеріп, қате кездескен жағдайда астын жай қарындашпен сызып белгілейді. Сыныпта жиі жіберілген қате түрімен арнайы қатемен жұмыс ұйымдастырылады.
Дереккөзбен жұмыс. Жаңа сөздердің мағынасын анықтау. Жұпта өлеңде кездескен фойе, фестиваль, Фатима, финал, флейта сөздерінің мағынасын талқылайды. Мағынасы анықталмаған сөздерді түсіндірме сөздік арқылы анықтайды. Техникалық мүмкіндік болса ғаламтор арқылы Түсіндірме сөздікті табу, ізделетін сөзді енгізу жолын көрсетіледі. Болмаған жағдайда арнайы кітапханадан түсіндірме сөздік алып және қажетті беттерді көшірмеден өткізіп дайындауға болады. Оқушылар сөздің әліпбидегі реті бойынша сөздік кітабын қалай қолдану керектігін еске түсіреді, қолданады.
Фойе – негізгі бөлменің алдындағы дем алып, тыныстайтын зал
Фестиваль – қоғамдық мереке
Флейта - ағаштан жасалған, үрлемелі музыка аспабы, сырнай.
Оқушыларды қатар тұрған парталары бойынша 4-тен топтау. Ф дыбысы анықтамасы таратылады. Топта оқып танысып, өзіндік ой қорытындысымен таныстыру сұралады. №1 қосымшаны топ санына қарай дайындап қою қажет.
«1 минуттық жазу» әдісі арқылы оқушылардың сөздік қоры деңгейі, сауатты жазу қабілеті анықталады.
1. Оқушылар құрамында ф дыбысы бар сөздерді 1 минут ішінде жазып шығады. Жазған сөз санын жай қарындашпен белгілеп алу ұсынылады.
2. 1 және 2 -нұсқада отырған оқушылар сынып бөлмесінің екі жағына топтасып, өз жазған сөздерімен бөліседі. Бір оқушы жазған сөздерін оқиды, тыңдап тұрған оқушылар өздерінің жазбасында сөз кездескен жағдайда белгілеп, болмаған жағдайда сөзді жазып алады. Келесі кезекте оқушылар тек аталмаған сөздерді ғана оқиды. Топта идея алмасуға 2-2,5 минут уақыт беріледі. Топтық жұмыстан соң, сөз саны қанша болғанын белгілейді.
Қатені анықтау мақсатында «Құрамында ф дыбысы кездесетін жалпы және жалқы есімдер кестесі» беріледі. Оқушылар жазған сөздерін кестемен сәйкестендіру арқылы тексереді. Қателерді анықтайды. Сыныпта бірдей қате жіберген оқушылармен топтасады.
Қате жіберілген сөзге дыбыстық талдау жасайды.
Болжау тапсырмасы «Ойлан. Жұптас. Пікірлес» әдісі арқылы ұйымдастырылады. Әр оқушы алдымен бұларды не байланыстыру мүмкіндігін тірек-сөздер ретінде белгілеп алады. Мысалы,
- бұзау мен бала – қамқорлық, күтіп-бағу, ойнау;
- футбол добы мен бала – ойын, жаттығу, жарыс;
- бұзау мен футбол добы – ойын, тебу, жару, т.с.с
Парталас оқушымен өз ойларын ортаға салып талқылап, бір болжамға келеді. Көршілес парта оқушыларымен ой бөлісіп, төртеуі болжамды жетілдіріп, қандай оқиға болуы мүмкіән екендігін талқылайды. Топ жұмысын сынып алдында бірлесіп таныстырады. Топ мүшелерінің оқу әрекетінде белсенділігін арттыру мақсатында таныстырылымды барлығы бірлесіп кезекпен ой жалғап сөйлеу талабы қойылады. Мұғалім жұмыс үдерісін бақылап, оқушылардың топ ішінде айтылған жақсы идеяларын атап өтеді.
Мәтінмен жұмыс. Сыныптағы дауыс дикциясы қойылған, мәнерлеп оқу дағдысы жақсы оқушылардан іріктеп, 3 оқушыға «Доп ойнаймын деп...» мәтінін рөлге бөліп оқуын ұйымдастыру. Сынып оқушыларына мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап беруге дайындалу тапсырылады. Оқушылар парталас көршісімен сұрақтарға жауап дайындап, топ алдына ұсынады. Топтық талқылау нәтижесі таныстырылады. Оқушылар кейіпкерге қатысты айтар ойларын қағаз бетіне түртіп отырады.
- Мәтіннің тақырыбы неліктен «Доп ойнаймын» деп аталған?
- Осы мәтіннен өзің үшін қандай қорытынды жасар едің?
- Өзенбайға кешіріммен қарауға 2 дәлел келтір.
- Өзенбайға кемшілігін жою үшін кеңес бер.
Мәтіннің соңын болжау. Оқушылар оқулықта ұсынылған нұсқалармен танысып, талқылайды. Қай жауап өзіне ұнағанын негіздеп береді.
Егер сен автор болсаң, оқиғаны қалай аяқтар едің? Әр оқушы мәтіннің соңын
қалай болжайтынын дәптеріне жазады.
Дескриптор:
- негізді болжам жасайды;
- өз ойын тұжырымдай алады.
Қалыптастырушы бағалау
Оқушылардың әр тапсырманы орындау барысындағы оқу әрекетін қадағалау. Оқушылар қиындық туындаған жағдайда дер кезінде қолдау (үлгі, ресурс) көрсету. Бағалау критерийлері бойынша өзін-өзі бағалауға, өзара бағалауды жүзеге асыру дағдыларын жетілдіру. Оқушылардың жетістіктері мен назар аударатын тұстары туралы кері байланыс беру.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?