Музыка және поэзия. Музыка, 6 сынып, дидактикалық материал.


 Қараңғы түнде тау қалғып

 Абайдың 1892ж. М. Ю. Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, барлығы 8 жол. Өлең - Абай аудармаларының шоқтығы биік озық үлгісі. Лермонтов бұл шағын өлеңді 1840 ж. неміс тілінен тікелей тәржімалаған. 1780 жылдың күзінде Кикельхан шыңына жаяу сапар шегіп, И. В. Гете шың түбіндегі аңшы үйінің қабырғасына қарындашпен небәрі сегіз жол өлең жазады. Бұл кейін бүкіл дүние жүзіне танымал болған, сан-алуан тілдерге аударылған әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» еді. Бұл лирикалы-философ. миниатюраның негізгі түйіні, әлеуметтік мәні мен астары, көркемдік құдіреті аса тереңде жатыр. Адамзат өмірі мен тылсым табиғат құбылысының арақатынасын, байланысын, тынымсыз харекет-өмірден кейін тыныштық аңсау тақырыбын тұңғыш көтеріп, көркем бейнелеген көне грек ақыны Алкман (б. з. б. 7ғ.) болатын. Сонан соң бұл мәңгілік тақырыпты көне заманның ұлы ойшыл ақындары Вергилий, Овидий, Ариосто, Тассо тереңдетіп, құбылтып, толықтыра түсті, өлеңдеріне жаңа қуат берді. Гете «Жолаушының түнгі жырын» солардың үлгісінде жазып, сол ұлы ақындардың дәстүрін жалғастырды, өзіндік соны бояу, жаңа реңк енгізді. Өлеңнің философиялық түйіні соңғы екі жолында ашылады: «Тыншығарсың сен-дағы, сабыр қылсаң азырақ». Бұл жолдар Гетеде де, Лермонтовта да, Абайда да дәлме-дәл, сөзбе-сөз өрілген. Гетеде «Жолаушының түнгі жыры» еркін жазылған, буын саны, ұйқасуы да әр алуан. Өлеңді орыс тіліне тәржімалаған И. Анненский, В. Брюсов, Ю. Александров ырғақтық дәлдікті мүмкіндігінше сақтауға тырысқан, бірақ нәтижесінде аударма сірескен қалпында қалып, жасандылау шығып, көркемдік күш-қуатын әлсіретіп алған. Лермонтов, керісінше, Гетенің миниатюрасын еркіндеу аударып, орыс табиғатына лайық бірнеше тың бейне қосып, ырғақ, буын өлшемін дәл сақтамағанымен, түпнұсқадағы ойға, сарынға, сезімге ешбір нұқсан келтірмей, данышпан неміс ақынының философиялық ой- күйін, түйсік-сезім, дүние танымын айқын бере алған. Абай аудармасы жайында да дәл осыны айтуға болады. Ол Лермонтов тәржімесі арқылы ұлы Гетенің жан сырын тап басып, өлеңді қазақ топырағына бейімдеп, ұлттық әр беріп, жаңа, тың жыр туғыза алған. Абайдың шеберлігі, көрегендігі, сезімталдығы, әсіресе үш өлеңді қатар қойып оқығанда ерекше айқындала түседі. Бір ғажабы, Абайдың аудармасы өзіндік, тел шығармадай әсер етеді, «Қараңғы түнде тау қалғыпты» білмейтін, шырқамайтын қазақ жоқ. Оған бір жағынан Абайдың бұл өлеңге жазылған кең тынысты, нәзік өуенді әні себеп болуы керек. Өлең шалыс ұйқас үлгісімен жазылған. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Текстологиялық салыстырулар бойынша 1909 жылғы жинақта екінші шумақтың алдыңғы екі жолы былай болып келеді:

Таңдай алмас жол-дағы,

Сыбдырламас жапырак.

Ал, Мурсейіт қолжазбасында жөне 1957 жылдан бергі басылымдарда:

Шаң шығармас жол-дағы

Сілкіне алмас жапырақ, - делінген текст сақталынып жүр. 1979 ж. қазақ жазушысы Қ. Исабаев неміс қаласы Габельбахтағы Гетенің музейіне Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қашалып жазылған мәрмәр тақтаны және әнші М. Көшкінбаев домбырамен орындаған әннің магнит таспасын сыйға тартқан. Г. Бельер. Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңіне ән шығарған. Ән сипаты көңілге қонымды, жүрекке жылы, құлаққа жағымды. Алғашқы рет нотаға композитор Л. Хамиди 1935 ж. А. Ысқақовтың айтуы бойынша жазып алған. 1984 ж. музыка зерттеуші Қ. Жүзбасов әнші Қ. Байжановтан 1958 ж. (магнитофонға) таспаға жазылған үлгісін және М. Мұқамеджановадан жазылған нұсқасын нотаға түсірген. Қазіргі уақытта бұл әннің З түрі белгілі болып отыр. Сол үш нүсқаның 2 түрі ең күрделі және толық екі шумақ аумағында түгелдей мелодиялық сазымен ерекшелеңеді. Екінші шумақтың әуен-сазы мен ырғағы бастапқы шумақ тармақтарының сарынының вариациялық (өзгерістермен) мәнермен өрнектелгенін аңғартады.

 Абай поэзия саласында ғана емес, сонымен бірге сазгерлік, ән өнерінде де лирикалық қазақ-қалалық ән жанрының жаңа түрін қалыптастырды. Абайдың композитор өнерінде сұлу үн, терең философия, ұнамды парасат, сән-салтанат, әдемі үйлесім табады. Әннің әуен сазы мен поэзия тілі гармониялық үйлесім тауып, сазы минорлық ладта қалыптасқан, ырғақ желісі мен жүйесі аралас өлшеммен ерекшелеңген. Мысалы, 4/4, 4/4, 6/4, 4/ 4, 5/4, 4/4, 5/4, 4/4, 5/4, 4/4, 5/4, 4/4 - бірінші түрі; 3/4, 5/4, 6/4, 3/4, 4/4, 5/4, 5/4, 6/4, 3/4, 5/4, 6/4, 4/4, 6/4, 5/4, 6/4 - екінші түрі; 3/4, 3/4, 5/4, 6/4, 6/4, 3/4, 3/4, 6/4, 5/4, 5/4 - үшінші түрі. Сондықтан ән шалқымалы кең тынысымен ерекшелеңіп, өлең кестесі 7-8 буынмен қалыптасқан. Ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңлім тоярсың» әндері осы әнмен ұқсас әрі сарындас.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу