Эстрадалық музыка. Музыка, 6 сынып, дидактикалық материал. 2 сабақ.
Мюзикл (ағылш. Musical) – эстрадалық, хореографиялық, драмалық, опералық, т.б. сан түрлі өнердің әсерлі ерекшеліктерін біріктіріп көрсететін музыкалық-сахналық қойылым. Бұл жанрдың тек комед. қана емес, драм. сюжеті де болады. Мюзикл жанр ретінде 1920 – 30 жылдары АҚШ-та пайда болды. 1940 – 60 жылдары АҚШ-та ерекше дамып, 60-жылдардан бастап басқа елдерде кең тарала бастады. Қазіргі уақытта Мюзикл музыкалық театрлары рок-музыка, ән-би жанрлары элементтерін игере отырып дамуда.
Би - музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер.Адамдардың күнделікті еңбек процесіндегі іс-әрекеттері, қоршаған дүниеден алған сезім-әсерлері би қимыл-қозғалыстары мен ишараларына негіз болған. Табиғат құбылыстарын, аңшылық және соғыс көріністерін белгілі жүйеге түскен ырғақты қимыл — бимен бейнелеу көне дәуірде өмір талабынан туды. Келе-келе би қимылдарының мәнерлеу мүмкіндігі мен тәжірибенің молаюына орай жеке би өнері қалыптасты. Көне мәдениеттер ордасы болған Шығыс елдерінде (Грекия, Рим, Мысыр, Қытай, Үндістан) билеу мәдениеті шеберліктің биігіне жетті. Би музыкамен тығыз байланысты. Көптеген халықтың билері ұрмалы музыкалық аспаптардың ырғақты үнімен орындалады.
Би хореографиясы жинақы образдар арқылы болмысты бейнелеп, адамның ішкі жан дүниесін көрсетеді. Экономикалық, әлеуметтік, тарихи географиялық, т.б. факторлардың әсерімен де әр халықтың өзіне ғана тән би дәстүрлері, өзіндік хореография тілі, пластикалық бейнелілігі, қимыл-әрекетті музыкамен байланыстыру тәсілдері пайда болды. Солардың негізінде бал билері мен кәсіби сахна биі қалыптаса бастады. Кәсіби өнерде би жоғары деңгейге көтеріліп, ғылыми жүйеленді. Мысалы, Еуропа классикалық биі, Азия мен Африка халықтарының билері сияқты түрлері қалыптасты. Шығыс елдерінің билері бет-пішіннің нәзік құбылуы және қол қимылы секілді дәстүрлі ишараларымен ерекшеленеді. Би — қазақтың халық фольклорының көне түрлерінің бірі. Ол туралы Қазақстан жерінде сақталған тастағы суреттер, тарихи деректер, орыс саяхатшылары, тарихшылары, ғалымдарының этнографиялық жазбалары сыр шертеді. 1934 ж. Қазақ музыкалық театры (қазіргі Опера және балет театры) құрылғаннан кейін сахналық билерді шығару қызу қолға алынды. Музыкалық, опералық спектакльдердегі алғашқы сахналық билерде ұлттық ойындар, салт-дәстүр элементтері Орта Азия және Қазақстан халықтары билері мен классикалық бидің стильдік қимыл-әдістері қолданылды.Бұл билер 1936 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қойылған спектакльдерде, 1930 — 40 ж. Алматыда болған халық шығармашылығының Бүкілқазақстандық слеттерінде көрсетіліп, үлкен табысқа ие болды. 20 ғасырдың 50-жылдарынан бастап ұлттық балетмейстерлер қазақтың фольклорлық билерін, оның нағыз ұлттық қимыл-ерекшеліктерін зерттей бастады. Өңделген фольклорлық билер алғашқы сахналық билермен біріге, қазіргі заманғы қазақ билерінің негізін құрды. Оларды Классикалық би ансамблі, Ән-би ансамблі, “Гүлдер” эстрадалық жастар ансамблі, “Сазген” фольклорлық этнографиялық ансамблі, “Алтынай” мемлекеттік халық биі ансамблі, т.б. орындады. Сондай-ақ, би өнері көркемөнерпаздар ұжымдарының репертуарынан да кеңінен орын алды. 20 ғасырдың 60-жылдарынан жазып алына бастаған халықтық-фольклорлық билер мен оның шығу тегі ғыл. тұрғыда зерттелді. Солардың негізінде ұлттық хореографтар жаңа шығармалар тудырып, би өнерінің жан-жақты дамуына үлес қосты. Кәсіби бишілерді Алматы жоғары би өнері мектебі даярлайды.
Цирк (лат. cіrcus — дәлме-дәл, шеңбер) — сахналық өнердің бір түрі. Цирк өнері асқан ептілік пен күштілікке негізделген пантомималық ойын-сауықтар мен клоунның күлкілі әзіл-әжуаларын (клоунада, акробатика, гимнастика, шабандоздық және жонглерлік өнер, эквилибристика, муз. эксцентрика, иллюзионизм, т.б.) қамтиды. Әдетте Цирк ойын-сауығы алуан түрлі трюктер мен эксцентрикаға негізделген нөмірлерден тұрады. Цирк - өнердің өте ертеден келе жатқан түрі. Бүкіл өмірін көшіп қонумен өткізетін цирктер де болады.Оларды кезбе цирктер деп атайды. Цирк өнерінің алғаш пайда болуы ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жораларымен және ойын-сауықтарымен тығыз байланысты. Шығыста, соның ішінде Қытайда ертедегі қолөнершілер ескен арқанының үзілмес беріктігін өзгелерге сендіру мақсатымен екі тіреудің ұшар басынан керіліп байланған сол арқанның үстімен өздері әрлі-берлі жүріп көрсеткен. Осыдан келе-келе дар ойыны туған. Кәсіби акробаттар, жонглерлер, эквилибристер өнері Ежелгі Грекия мен Римде, Қытай мен Византияда, т.б. елдерде кеңінен белгілі болды. Орта ғасырларда кезбе артистер акробатикалық нөмірлерін қала мен ауыл алаңдарында көрсетіп отырды. 16 ғ-дан бастап Еуропада ат үстінде түрлі акробатик. жаттығулар жасауға ден қойған арнаулы шабандоздар мектебі кең етек алды. Асау аттарды үйретіп, ойын көрсету үшін арнайы манеждер (амфитеатрлар) салынды. Осы тақылеттес амфитеатрларды 1764 ж. Мәскеуде және 1765 ж. Санкт-Петербургте ағылшын шабандозы Дж. Бейтс тұрғызды. Ф.Астлей 1770 ж. Лондон қаласында ат ойнын көрсететін шабандоздар мектебін ұйымдастырды. Ол 1780 ж. дүние жүзінде тұңғыш рет шабандоздардың, акробаттардың және жабайы аңдарды үйретуші — машықтандырушылардың тұрақты ойын-сауық көрсетуіне арнап Цирк ғимаратын тұрғызды. Осыдан кейін Астлей 1782 ж. Париж қаласында Цирк ойын-сауығын ұйымдастырды. Наполеон қ-нің бұйрығымен Л. және А. Франконилер 1807 ж. Париж қаласында жаңа ғимарат тұрғызып, оны Олимп. цирк деп атады. Бұдан былай осы сияқты ойын-сауық орындары барлық елдерде Цирк деп аталатын болды. Франкони ат ойындарына театр элементтерін енгізді.
Пантомима (гр. pantomіmos – еліктеу арқылы немесе дене қимылдарымен ғана өнер көрсететін актер) – сахналық өнердің көркем образ мәнері дене қозғалысы, қимыл мен ым арқылы жасалатын түрі. Еуропадағы пантомима өнерінің қайнар көзі Ежелгі Грекия мен Рим театрына саяды. Орта ғасырда гистриондар, скоморохтар, жонглерлер өз ойындарында Пантомиманы қолданды. 16 ғасырдың ортасы мен 18 ғасырда итальян халық театры – дель арте комедиясында қайта жанданды. 19 ғасырда әйгілі Пьеро маскасын жасаушы Ж.Б. Дебюро (Франция) және Дж. Гримальди (Ұлыбритания) Пантомиманы жеке театр ойыны түрінде одан әрі дамытты. 1930 және 1970 жылдардың басындағы Пантомима өнерінің үздік шеберлері: Ж.Л. Барро, М.Марсо (Франция), Л.Фиалка (Чехословакия), Х.Томашевский (Польша). Пантомиманың музыка, ән сүйемелімен орындалатын арнайы түрі Индонезия, Үндістан және Азияның басқа елдерінде де кеңінен тараған. Ресейде көптеген халық ойындары мен әдет-ғұрыптар құрамында Пантомима болды. 19 ғасырда ойын-сауықтар мен цирктерде көрсетілді. 1910 ж. режиссер К.А. Марджанов, Н.Н. Евреинов, В.Э. Мейерхольд пантомиманы театр өнерінде пайдаланды. Қазір пантомима мим (бір актер) өнерін де қамтиды. Кезінде Кеңес Одағында пантомиманың екі түрі де дамыған. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары қазақ театры спектакльдерінде де (І.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, т.б. актерлер ойынында) пантомима элементтері ішінара бой көрсетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?