Музыка және поэзия. Музыка, 3 сынып, дидактикалық материал. 1 – сабақ.
Дидактикалық материалдар.
1-қосымша.
Мұқағали Мақатаев
«Отанды сүйем» деген…
Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Не тындырдың «басымды иемменен?»
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой,
«Отан үшін өлемін, күйем» деген.
Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, бос сөздің керегі не.
…Егер Отан сыңсыған орман болса,
Жапырақ боп жармасқын терегіне.
Самалы бол, Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол Отанның қынабында,
Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған.
Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,
Шуақ болып шашылмай жылына ма?
Сүй Отанды.
Шыныңмен сүйіп өт те,
Гүл боп қадал ойына, қырына да!
«Жүз толғанып, күніне мың ойласам»,
Ақ басты алып анаммен шырайласам.
Қалай оны сүйем деп айта аламын,
Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?!
…Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»…
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен Атамдай иемденем
https://marataga.wordpress.com/2011/08/03/hello-world
2-қосымша. Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығы жайлы ақпарат.
Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен қан майданда қаза тапты.Болашақ ақын ер мінезді әжесі Тиынның тәрбиесін көріп, аңыз-ертегілермен сусындап өседі. Ол өзінің анасы Нағиманды жеңгесі сияқты қабылдап, Нақа деп атап кеткен. Мұқағалидің азат ойлы, ашық пікірлі болуына әжесінің тәрбиесі ықпал етті. Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болуға біржола бел байлап, қазақ әдебиетімен бірге әлемнің барлық классиктерін бір деммен оқып шығады. Соның ішінде Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктерді жоғары бағалайды. Ол өзінің заманындағы барлық адамның қолы жете бермейтін бірнеше оқу орнына жеке ізденісінің арқасында қабылданады. Алғашында ҚазМУ-дің филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады. Өмірдің қалтарыс-бұлтарысын бала күнінен көріп өскен ақынның сана-сезімі, ақыл-ойы ерте жетіледі. Ол өзінің өмірлік жары Лашынға 18 жасында үйленеді. Ақынның алғашқы лирикалары осы кезде жазыла бастады
Мұқағали Мақатаев еңбек жолын ауылдағы мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Оның орыс тіліне жетік болуы, әлем әдебиетін оқуына септік болды. Кейін аудандық газетте тілші болып қызмет істеді. Ақын-жазушының басы қосылған рухани астанамыз Алматыға келіп, әдеби ортаға тап болады. Үлкен шаһарда пәтерден пәтерге, қызметтен қызметке ауысып, тұрмыс тапшылығымен бетпе-бет келеді. Бірақ, Мұқағали өзінің ақындық талантының пайдасын көп көрді . Жыл сайын кітабы шығып, қаламақыға қомақты қаржы алып отыратын еді. Оның талантты ақын екенін танып, бүкіл жұртқа «Қазақ әдебиеті» газетінде Әбділдә Тәжібаев алғашқы болып жария етеді.
Мұқағали ауруға шалдығып, өмірінің аз бөлігі қалғанын дәрігерлерден біліп алады. Содан бар мүмкіндігін өлең жазуға арнап, 12 жылдың ішінде 8 жыр жинағы жарық көреді. Ақынның барлық тағдыры өзінің өлеңдерінде шынайы көрініс береді. Оның «Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма?!» деген өлеңі ауруға шалдыққан жылдары жазылған. Өмірге соншалықты ғашық болған ақын жаралы тәнімен қазаққа үлкен мұра қалдырды
Ол жарты ғасырға жуық ғұмырында 1000-нан астам өлең, «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» деген поэмалар жазды. «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жарыққа шығарды. Аударма салында да бақ сынап, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін аударды
http://adebiportal.kz/kz/news/view/2690
Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған әндер жайлы ақпарат
Аққу-әнге айналған ақын
«Мұқағали өлеңдері әнге сұранып тұрады» деген пікір жиі айтылады. Расында, бүгінде ой жүгіртіп қарасақ, ақын сөзіне жазылған әндерді санамалап шығу мүмкін емес сияқты. Кешегі өткен Нұрғиса, Шәмші сынды біртуар композиторлардан бастап, бүгінгі жас буынға дейін Мұқағали өлеңдеріне ән жазды. Бүгінде қазақ поэзиясының Хантәңіріне айналған Мұқаң аққу-әнге айналып, қазақ көгінде мәңгі қалықтап жүргендей…
«САРЖАЙЛАУ» (Әнін жазған – Нұрғиса Тілендиев).
«ФАРИЗАҒА» (Әнін жазған – Әбиірбек Тінәлиев)
«БАҚЫТ ДЕГЕН…» (Әнін жазған – Әбиірбек Тінәлиев)
«ӨМІР СҮРЕЙІК АЛМАСЫП» (Әнін жазған – Алмахан Кенжебекова)
«ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ БЕСІК ЖЫРЫНАН» (Орындайтын «Роксонаки» тобы)
«АҢСА, ЖАНЫМ!..» (Әнін жазған – Дүйсенхан Сыздықов)
«ДАРИҒА, ДОМБЫРАМДЫ БЕРШІ МАҒАН…» (Әнін жазған –Тұрсынғазы Рахымов)
«КҮРЕҢ КҮЗ» (әнін жазған – Гүлнәр Дәукенова)
«ЕСІҢЕ МЕНІ АЛҒАЙСЫҢ» (Әнін жазған – Елена Әбдіхалықова)
«САҒЫНДЫМ ҒОЙ ДЕДІҢ-АУ…» (Әнін жазған – Ержан Белғозиев)
«СЕНІҢ КӨЗІҢ ТҮПСІЗ ТЕРЕҢ
ТҰҢҒИЫҚТАН ЖАРАЛҒАН» (Әнін жазған – Қанат Ибрагимов)
«СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» (Әнін жазған –Тұрсынғазы Рахымов)
«БАЛА ҒАШЫҚ» (Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
«НЕ ДЕГЕН КЕРЕМЕТ КҮН!..» (Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
«АҚҚУЛАР, ҚОШ БОЛЫҢДАР!» (Әнін жазған – Тұрсынжан Шапай)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?