Эйлер-Венн диаграммасымен танысу. Математика, 3 сынып, қосымша материал.


Мұғалімге арналған әдістемелік ұсыныстар

Бөлімі: Көбейту және бөлу

№27-сабақ

Тақырыбы: Эйлер-Венн диаграммасымен танысу

Оқу мақсаты: (Оқу бағдарламасының ұзақ мерзімді жоспарына сәйкес) 3. 4.1.1. Екі жиынның бірігуі мен қиылысуын Эйлер-Венн диаграммасының көмегімен көрнекі түрде кескіндеу.

Сабаққа қажетті ресурстар: интербелсенді тақта, флипчарт, кеспе қағаздар, маркер.

Сабақта қолданылатын деректі материалдар: Венн диаграммасы – бұл ішінде жиынның элементтері бар тұйықталған сызық. Осы жиынға кірмейтін элементтер сыртында орналасады. Жиынның өзін бас әріппен белгілеуге келісілген. Бұл тәсілдің авторы Леонард Эйлер (Эйлер дөңгелегі), ал Джон Венн өзінің еңбектерінде осы идеяны дамытты, сондықтан математикалық дереккөздерде осы сызбаларды Эйлер-Венн диаграммасы деп атайды. Жиындарды диаграмма түрінде беру қиындығы жоғары есептерді шығаруға мүмкіндік береді.

Сабақ бойынша ұсыныстар: Өткен сабақтарды пысықтау мақсатында "Қос шеңбер" әдісін пайдаланыңыз. Оқушылар ішкі және сыртқы шеңберге тұрғызылады.(Ішкі шеңбердегі оқушы сыртқы шеңбердегі оқушыға қарама-қарсы қарап тұруы қажет).

Оқушыларға бір-бірінен өткен тақырыптар бойынша сұрақтар қоюды сұраңыз. Өзара кері байланыс орнайды.

(Ұ.Ж) Оқушылардың 1, 2- сыныпта алған жиын туралы түсініктері бар болғандықтан жиын және оның элементтерінен мысалдар келтіруді сұрау. Содан кейін оқушыларды топқа бөлу.

Оқушыларды стикерлерге жазылған қарлығаш, аққу, бүркіт, көгершін, тауыс, қайың, емен, қарағай, шырша, терек, алма, алмұрт, өрік, шабдалы, жүзім деген сөздер бойынша топқа бөліңіз.

Құстар: қарлығаш, аққу, бүркіт, көгершін, тауыс

Ағаштар: қайың, емен, қарағай, шырша, терек

Жемістер: алма, алмұрт, өрік, шабдалы, жүзім

Кездейсоқ таңдап алған атаулар бойынша оқушыларды 3 топқа бөліп отырғызыңыз.

Тақтаға әрбір топ үшін ватман бекітіп қойыңыз. Оқушыларға қандай сөз алғанына қарауды сұраңыз. Ағаштар жиынына қатысы бар оқушылар өздерінің стикерлерін бірінші ватманға бекітуін ұсыныңыз.

Осындай жұмысты жемістер тобымен жасаңыз. Оқушыларға мынадай сұрақ қойыңыз:

  • Осы екі жиынға қандай ортақ атау беруге болады? (өсімдіктер).
  • Ал құстар жиыны өсімдіктер жиынына тиісті ме?

Оқушыларға жиын дегенді жақсырақ көрсету үшін, тұйықталған сызықты қолданған, оның ішінде осы жиынға тиісті элементтер орналасқан, ал сыртында жиынға тиісті емес элементтер қалады. Осы суретті диаграммаларды ойлап тапқан екі математик Леонард Эйлер және Джон Веннің құрметіне Эйлер-Венн диаграммасы деп атау қабылданғанын хабарлаңыз. (Венн- ағылшын математигі (xxғ). Эйлер- (1707-1783ж.) швейцариялық математик) Содан кейін топтарға ағаштар және жемістер жиыны элементтерінің айналасына дөңгелек сызуды, яғни Эйлер-Венн диаграммасын салуды ұсыныңыз. Оқушыларға бұл диаграмманы бас әріппен белгілеу қабылданғанын айтыңыз. Дөңгелектің жанына латын алфавитінің кез келген бас әрпін жазуды ұсыныңыз. Жиынға тиісті, тиісті емес ұғымымен таныстырыңыз. Оқушылардан қандай сөздердің осы екі жиынға да жатпайтынын сұраңыз.

«Жұлдызша» арқылы бағалау

(Ж.Ж) «Ойлан, жұптас!» әдісі бойынша оқушылармен жұптық жұмыс ұйымдастырыңыз. Оқушылар жұбына Эйлер-Венн диаграммасы бар парақшасын беріңіз. Тапсырма бойынша жұптасып талдау жасауын ұсыныңыз. Бұл тапсырмада екі таңбалы сандар берілген. Олар сандарды қандай екі топқа бөлуге болатынын сыныппен талқылаңыз. Сонан соң жұптар өз бетінше тапсырманы орындауға кіріседі. Тапсырманы бірінші оқушы жиынның бір бөлігіне, екіншісі екінші бөлігіне топтастырып жазуды және әр жиынға және екі жиынға ортақ атау беруді сұраңыз.

«Жарайсың!», « Өте жақсы!», «Керемет!» т.с.с сөздік бағалау жүргізіңіз.

Жауабы:

Жұп сандар жиыны – 12, 62, 42, 36, 28, 94.

Тақ сандар жиыны – 51, 17, 71, 19, 59, 11.

Екі жиынға ортақ атау – екі таңбал сандар.

.Ж) «Тауып көр». Тапсырманың сұрақтары бойынша топтық жұмыс ұйымдастырыңыз. Оқушылардың дұрыс математикалық тілде сөйлеуін қалыптастыруға ынталандырыңыз. Талдау жүргізгеннен кейін, бірнеше топқа өз пікірлерін айтуды ұсыныңыз. Оқушыларға өз сөздерін негіздеуді сұраңыз. Тапсырманы орындауға уақыт берілетінін ескертіңіз. Оқушылар А - екі таңбалы сандар жиынына тиісті және тиісті емес элементтерді анықтайды және тиісті таңбамен белгілейді. Эйлер-Венн диаграммасымен жұмыс жасау дағдысын бекіту үшін А жиынын сызып көрсетеді. Сонымен қатар А жиынына тиісті емес сандарды атайды. Оқушыларға өз іс-әрекеттерін түсіндіруді сұраңыз. Сосын топтар арасында өзара тексеруді ұйымдастырыңыз.

«Жарайсың!», « Өте жақсы!», «Керемет!» т.с.с сөздік бағалау жүргізіңіз.

Жауабы:

А жиынының элементтерін екі таңбалы сандар деп атауға болады.

А жиынының ең кіші саны – 15, ең үлкен саны – 60.

(Т.Ж) Ойлан, топтас, талқыла. Бұл тапсырманы топтық жұмыс ретінде ұсыныңыз. Тапсырма жазылған А3 форматтағы флипчарт таратып беріңіз. Оқушылармен тапсырманың сұрақтарын талқылаңыз. Оқушылардың берген жауаптарын негіздеуді сұраңыз. Сонан соң топта бірігіп тапсырманы орындауға уақыт белгілеңіз. Олар жиынның біреуінде көбелектерді, екіншісінде гүлдерді көрсетеді. Осы жиындардың бірігуінде гүлге қонған көбелек орналасады. Олар жауаптары дәлелді болу үшін осы жиындардың бірігу аймағы мен қиылысу аймағын салып көрсете алады. Нәтижесін тексеру үшін топтар арасында өзара тексеру ұйымдастырыңыз. Нәтижені көңіл-күйді білдіретін смайликтер арқылы бағалаңыз.

Жауабы:

А жиыны гүлдерді қоршап сызады.

В жиыны көбелектерді қоршап сызады.

Қиылысу аймағында гүлге қонған көбелек болады.

(Ө.Ж) Кім жылдам? Оқушылардың осы сабақтан алған білімдерін пысықтау мақсатында жеке жұмыс жүргізіңіз. Оқушылар берілген тапсырмадағы элементтердің санын тиісті жиын атауларына жазуды сұраңыз. Тапсырмада берілген екі жиынға да тиісті емес элементті ататыңыз. Тапсырманы жауабын дәптерлеріне жазуды ұсыныңыз. Орындап болған соң, оқушылар өзара бір-бірін тексереді және бағалайды. Бір оқушы дәптерінен жауабын оқиды, қалғандары дұрыс болса «+» таңбасын, қате болса «-» таңбасын қойып, белгілеп отырады.

Жауабы:

«Гүлдер» жиынына тиісті элементтердің санын жаз:1, 2, 6.

«Сары түсті заттар» жиынына тиісті элементтердің санын жаз:1, 3, 5.

Бұл жиындардың екеуіне де тиісті емес элемент - 4 саны көрсетілген ағаш.

Кері байланысты осы сабақта алған білімдерін пысықтау мақсатында төмендегідей бекіту сұрақтарын қойыңыз:

  • Жиын дегеніміз не?
  • Жиындардың қиылысуы дегеніміз не?
  • Жиындардың бірігуі дегеніміз не?
  • Күнделікті өмірде жиынның бізге керегі бар ма?

«Аяқталмаған сөйлем» әдісімен бүгінгі сабақтан алған әсерлерін білдіруді сұраңыз .

*Маған бүгін сабақта қиын болды, өйткені...

*Маған сабақта .... көмектесті.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу