Абай Құнанбаев. «Сағаттың шықылдағы емес ермек». Қазақ тілі (орыс сыныбы), 7 сынып, дидактикалық материал.


Дидактикалық материал 1

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Өткен өмір белгісі осы сыбдыр,

Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.

Ақыл анық байқаған қылығыңды,

Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.

Күн жиылып ай болды, он екі ай жыл,

Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл.

Дидактикалық материал № 2

КӨРКЕМДІК ҚҰРАЛДАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ

 1-топқа

 Троп немесе құбылту – атаудың немесе сөздің ауыспалы мағынада қолдану тәсілі, ол шындықты бейнелеп, астарлап жеткізу тәсілі болып табылады. Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет.

 Сөздің тура және астарлы мағынада қолданылуы заттар мен құбылыстардың ұқсастығына қатысты келеді.

 Троптардың түрлері:

 Метафора (ауыстыру) – суреттелген затты не құбылысты айқындай түсу үшін оларды өздеріне ұқсас затқа не құбылысқа балау.

 Кейіптеу – табиғат құбылыстарын жандандырып, адам кейпінде суреттеу.

 Метонимия (алмастыру) – өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздерді бірінің орнына бірін алмастыра қолдану.

 Синекдоха (мегзеу) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану.

 Аллегория (пернелеу) – адамдар арасындағы қатынастарды астарлап жануарлар мен жәндіктер әрекетімен көрсету.

 Ирония (кекесін) – адамды, затты, құбылысты сырттай мақтап суреттеп, іштей келекелеп, мысқалдап айту.

 Гипербола (ұлғайту) – затты не құбылысты шамадан тыс ұлғайтып көрсету.

 Литота (кішірейту) – затты не құбылысты кішірейтіп көрсету.

 Теңеу – заттың не құбылыстың ерекше белгілерін басқа затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу.

 Эпитет (айқындау) – заттың не құбылыстың айрықша сипатын, сапасын, белгісін білдіретін суретті сөз.

 

 2-топқа

 Айшықтау дегеніміз - сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік құрылымнан гөрі өзгешелеу сөйлем қалпымен құру. Мұндағы мақсат - сөздерге ерекше екпін, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырманға әсерін күшейту.

 Айшықтау түрлері:

 Арнау – автордың өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, қаратуы, олармен іштей тілдесуі.

 Қайтаралулар: Анофора – өлең тармақтарында бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол басында қайталануы. Эпифора – өлең тармақтарында бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол аяғында қайталануы.

 Риторикалық сұрақ – риторикалық сұраққа, әдетте, жауап күтілмейді, айтылған ойға тыңдаушының назарын аударып, екпін түсіру үшін қолданылады.

 Антитеза (шендестіру) – кереғар екі затты не құбылысты қатар қоя отырып, келесі бір заттың, ұғымның, құбылыстың сипатын суреттеу.

 Градация (дамыту) – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата суреттеу.

 Параллелизм (егіздеу) – екі құбылысты немесе екі затты қатар қойып, жұптап суреттеу.

 Инверсия – сөздердің орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру.

 Эллипсис – сөйлем ішінде атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай кету.

 

 3-топқа

 Өлең ұйқастары дегеніміз - белгілі бір өлшеммен, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі.

 Ұйқастардың түрлері:

 1. Қара өлең ұйқасы (а, а, б, а)

 2. Шұбырпалы ұйқас (а, а, а, а)

 3. Ерікті ұйқас (а, б, в, г, б)

 4. Шалыс ұйқас (а, б, а, б)

 5. Егіз ұйқас (а, а, б, б)

 6. Аралас ұйқас (а, а, б, в, б, в, б, б, б)

 7. Шалыс ұйқас (а, б, а, б, в, г, д, г, ж, д)

 

 Ассонанс – бірыңғай дауысты дыбыстарды қайталау.

 Аллитерация – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау.

 4-топқа

 

 Тірек сұрақтар:

Өлеңнің басты идеясы неде? Оған қандай дәлел келтіресіз?

Осы өлеңді ақын қай жасында, не себептен жазуы мүмкін?

Автордың тағдырға, өмірге көзқарасы қандай? Оған қандай дәлел келтіресіз?

Автордың көңіл-күйі қандай? Оған қандай дәлел келтіресіз?

Автордың ойынша өмірдің ақиқаты - не?

Өлең сізде қандай ойдың туындауына себеп болды?

Осы өлеңді оқуға ұсынсаңыз, ол туралы не айтар едіңіз?



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу