Компьютердің тілін табу – өнер. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 5 сынып, дидактикалық материал.
Дидактикалық материал.
Оқылым тапсырмасы.
Топтық жұмыс.
Оқушылар «Рүстем Ақышбеков, «Robo Technologies» компаниясының негізін салушы» тілшімен сұхбаттасқан мәтіні беріледі, оқушылар мәтінмен толық танысады.
Топтағы 3-4 оқушы мәтінді бөліп оқиды, пікірлесе отырып, ойларын бір ортаға жинақтайды.
«Біздің роботтарға Еуропалық мектептер тапсырыс беруде»
Рүстем Ақышбеков, «Robo Technologies» компаниясының негізін салушы.
Рүстем Ақышбеков атты ағаларың – небəрі 20 жасында робот жасайтын компания ашқан талантты жігіт. Бүгінде ол Венадағы техникалық университетте оқиды. 12 жасынан бастап сайт жасаумен айналысқан екен. Бертін келе робототехника саласына қызығады. Алғашқы өнімдерін ағаштан құрастырыпты. Одан кейін əртүрлі күрделі құрылғыларды қосып, жетілдіре берген. Бір қызығы, оларды iOS жəне Android операциялық жүйесінде басқаруға болады. Мұндай тамаша өнертабыс иесімен тезірек танысқанша асықтық. Рүстеммен «Skype» арқылы байланысқа шыққан едік…
Ұлан: Рүстем, əуелі өзің жайлы білгіміз келіп тұр. Қай мектептің түлегісің? Өнертапқыштық қабілетің қашан байқала бастады?
Рүстем: Мен 2011 жылы қазақ-түрік лицейін бітіріп, əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика жəне математика факультетіне түскенмін. 2013 жылы Вена техникалық университетіне ауыстым. Өнертапқыштық қабілетім мектеп қабырғасында жүргенде байқалатын.
Олимпиадаларға жиі қатыстық, ғылыми жобалар қорғадық. Соның бірі – Байқоңырдағы топырақты улы заттардан қорғайтын ұнтақ ойлап тапқанбыз. Ал екінші жобам суды тазартуға қатысты болды. Мен Бразилияда өсетін эйхорния гүлін су тазалағыш фильтр ретінде қолдандым. Суда ол өсімдік тамыр жайып өседі, бірақ судағы оттегіні де, барлық токсиндерді де өз бойына сіңіріп алады. Қалған тап-таза суды бөлек ыдысқа құйып алу керек. Бұл екі жобам да халықаралық ғылыми олимпиадаларда жеңімпаз атанды.
Ұлан: Бəрекелді! Он екі жасыңнан бастап сайт жасай бастапсың. Қалай қолыңнан келді мұндай жұмыс? Қандай сайттар жасадың, мысалы?
Рүстем: Бес жасымнан бастап үйімде интернет болды. Интернетті ақтарып отырып, сайт жасау технологиясына қызықтым. Мен сайттың дизайнын жасайтынмын. Мазмұндары əртүрлі. Əуелі қағазға эскизін сызып аламын, одан соң сонны компьютерге түсіремін. Жасым он үшке келгенде тұрақты табысым мен визиткам бар еді. Үш-төрт жылдан соң бұл жұмыс жалықтырды да, робототехникаға көңілім ауды. Сайт жасау барысында меңгерген дизайндық қабілеттерім қазір де біраз пайдасын тигізіп жатыр.
Ұлан: Бойыңдағы таланттың түгелдей ашылуына, дамуына Австрия қаншалықты қолайлы екен?
Рүстем: Мен мұнда «Болашақ» бағдарламасы арқылы түстім. Мені шабыттандыратын, мотивация беретін дүниелер көп Венада. Алғаш келген жылы «Əлеуметтік желі» («Социальная сеть») атты кино жарыққа шығып жатқан. Оны көрген соң, мен де сондай тың бастама көтергім келді. Көп өтпей, «Pioneers» компаниясына жұмысқа тұрдым. Бұл компания Еуропадағы ең үлкен стартаптар фестивалін ұйымдастырады. Фестиваль кезінде əлемнің əр түкпірінен түрлі жобалардың авторлары мен ірі инвесторлар келеді. «Google»-дің вице-президенті, «Siri», «Pebble» секілді брендтерді құрушылар, «MarsOne» жобасының авторлары қатысады. Былайша айтқанда, компания жаңа стартаптарға инвестиция тауып береді. Австриялықтармен бірге жұмыс істеп, олардың жұмыс стилін, маркетинг табиғатын жəне жобаларды басқаруды үйрендім.
Ұлан: Осыдан соң өз жеке ісіңді ашу туралы ойлай бастадың ба?
Рүстем: Иə. Бірақ күнделікті нəрселерден бөлектеу, ерекше өнім ұсынғым келді. Былайғы уақытта ойыншық-роботтарды жай ғана сауық үшін шығарады ғой. Ал менің идеямда сол роботтар арқылы балаларды бағдарламалауға үйрету мақсаты қойылды. Елімізде сауатты ІТ-мамандар, білікті бағдарламашылар аз болғандықтан, бұл бізге жаңа есімдерді табуға көмектесетін-ді.
Ұлан: Алғашқы роботтарды қашан жасадың?
Рүстем: Айналама білімді 4-5 жасты жиып, робот құрастыруға кірісіп кеттік. Былтыр жазда алғашқы өніміміз дүниеге келді. Корпустың кейбір бөлшектерін жасау үшін 3D принтерді пайдаландық. Роботтың миы – микробақылағыш деп аталады. Робот əуелден кішкентай бүлдіршіндерге лайықталып жасалғандықтан, сыртқы дизайнына да баса мəн бердік. «Nanosatisfi » компаниясының ғарышқа ұшыратын спутниктері де біздің жүйеде дайындалғанын атап өту керек.
Ұлан: Ол роботтарды қалай басқаруға болады?
Рүстем: iOSжəне Android жүйесінде жұмыс істейтін электронды құрылғылар арқылы. Сондағы қосымшаның арнайы командаларын орындап, роботқа бұйрық береміз. Ол өте оңай. Өйткені біз өнімімізді 5-6 жасар балаларға лайықтап жасадық. Венада тұратын достарымның балалары біздің роботтармен жақсы ойнайды. Оларға өздері команда беріп, қозғалтқанда, қуанғандарын көрсеңіздер…
Ұлан: Демек, оны жүзеге асыратын бағдарлама «AppStore», «PlayMarket»дүкендерінде бар ғой қазір? Қалай аталады?
Рүстем: Иə, бар. «Robo» деп аталады.
Ұлан: Енді өздеріңнің «Robo Technologies» компаниясы жайлы айтшы. Онда кімдер жұмыс істейді? Тапсырыс қабылдап жатсыңдар ма?
Рүстем: Компанияда əзірше бес кісі бар. Үшеуі шетелдік азаматтар, тағы біреуі – Юрий Левин атты дизайнер досым. Ол Қазақстандікі. Тапсырыстар түсіп жатыр. Германия, АҚШ, Қытай мектептері біздің роботтарға қызығуда. Бұйырса, күзде Қытайдағы зауытқа барып, роботтарымызды шығарамыз.
Ұлан: Өнімдеріңе «Designed in Kazakhstan» деген тіркесті жазасыңдар ма? Қанша дегенмен, өзіңнің бастамаң ғой…
Рүстем: Əрине. Қазақстанның аты міндетті түрде жазылады.
Ұлан: Роботтардың бағасы қанша болады?
Рүстем: Тұп-тура 99 доллар (күліп).
Ұлан: Осы салаға қызығып жүрген іні-қарындастарыңа қандай ақылыңды айтасың?
Рүстем: Робототехника саласында тамаша жетістіктерге жете алатын қазақ балаларының көбейетініне сенемін. Ештеңені де ертеңге қалдырмаңдар. Бүгін басыңа мықты идея келді ме, орныңнан тұр да, соны іске асыр. Ізден. Қазір мүмкіндік көп. Алматы, Астанадағы Оқушылар сарайында робототехниканың қыр-сырын үйрететін үйірмелер бар. Соларға жазылыңдар. Бастысы, əрқашан өздеріңе сеніңдер. Орындалмайтын арман болмайды.
Əңгімелескен Ботакөз ИКРАМОВА («Ұлан», №32, 3 тамыз 2015)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?