Өзен және көл. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (ОМЖ)
7-бөлім: Су – тіршілік көзі
2-сабақ «Өзен және көл»
Бұл сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың жазылым және тілдік бағдар дағдыларын қалыптастыру көзделеді.
Сабақта ұстанатын қағидалар:
- Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз;
- Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады;
- Әр оқушының білім деңгейін, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды;
- Оқушыларды үнемі қадағалап, қолдау көрсетіп отырыңыз;
- Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз;
- Ең басты міндет - мақсатқа жету.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты:
- Психологиялық жағымды ахуал орнатудан басталады. Сынып оқушыларымен «Түйсік» ойыны ұйымдастырылады. Тапсырма: Қатысушы оқушылардың көздері матамен байланады. Олар қорапшадағы заттардың не екендігін және неден жасалғандығын тауып айту қажет. Ойын арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оята аласыз.
- Жаңа сабақты «Аустралия жаңбыры» атты ойынымен бастау алыңыз, ойын арқылы баланың тілін және қызығушылығын арттыра аласыз;
- Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек;
- Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту:
- Оқушыларды үш топқа бөліп орындатыңыз (білім деңгейлеріне немесе қабілеттеріне қарай);
- Бірінші топ, сөздердің айырмашылығын түсіну үшін оқушылар дәптерлеріне өзен және көлдің суреттерін салады, астына олардың атауларын жазады (дүниетану сабағымен байланыстыру);
- Екінші топ, ВЕНН диаграммасын пайдаланып, салыстырады;
- Үшінші топ, дайын суреттерді сөйлем арқылы салыстырады;
- Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпаңыз:
- Әр суретті сипаттап айтқызыңыз (көлемі, ұзындығы, атауы).
Сергіту сәті:
https://www.youtube.com/watch?v=xyS4WWbtttM
- «Көңілді күн» атты бейнеклипін көрсетіңіз;
- Ұзақтығы – 2 мин.;
- Арнайы мәтін сөзін беріп қажеті жоқ, оқушыларға бірнеше сабақта көрсеткен соң жаттап, бірге орындайтын болады.
Жазылым және тілдік бағдар:
1-тапсырма. Бұл тапсырма арқылы оқушылар өзен және көл тақырыбына қатысты ақпаратпен танысады, сондай-ақ оқу мақсатында көзделген каллиграфиялық дағдыны дамытады. Ол үшін кең жолды дәптерге бас әріптер мен кіші әріптердің биіктігін, енін, көлбеулігін және олардың байланысын сақтап жаздырту қажет. Оның әрбір элементін дұрыс сақтауға, дәптерге қалай болса, солай жазбай, оңға қарай біркелкі көлбеу, таза, анық жазуға машықтандыру міндеті де тұр. Осы талаптарды орындау негізінде көркем жазу дағдысы (каллиграфия) қалыптасады.
Жазуға негізінен мынадай талаптар қойылады:
- әріптерді дұрыс жазу, дәптердің көлденең сызығынан ауытқымау;
- әріптердің элементтерін жазғанда ұзынды-қысқалы етпей, тегіс, бірдей жазу;
- әріптердің бірін оңға, бірін солға қисайтпай, барлық әріпті бірдей, оңға қарай, сәл көлбете (45 º) жазу
- әріптердің, сондай-ақ сөздердің арасындағы қашықтықта бір қалыпты сақтап (сөздер бір-бірінен әрпінің көлеміндей қашықтықта болуға тиіс) отыру;
- бірте-бірте жазу қарқынын тездете түсу.
2-тапсырма.
- Тапсырманы орындатпас бұрын, оқушыға берілген сөздердің қаншалықты мағынасын түсініп отырғанын тексеруге болады. Мысалы: «тасиды» деген сөзді қалай түсінесің? Оқушы өз түсінігін айтуға, түсіндіруге тырысады;
- Берілген сөздерді тиісті сұрақтың астына жазғызыңыз;
- Тапсырма орындалған соң тексеруді оқушыларға тапсыруға болады, мысалы: бірінші қатар екінші қатармен жұмыстарын алмасады.
- Дұрыс жауапты +, дұрыс емес жауапты - , деп бағалатуға болады.
Мұғалім назарына:
- оқушыны сын есім, етістік, зат есім сұрақтарына аударту;
- сұрақтар арқылы қайталау.
Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Рефлексия мақсаты - еске түсіру, өзінің сабақ бойындағы іс-әрекетіне баға беру, талдау және мәселелердің шешу жолдарын іздестіру. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын-ала біледі. Сонымен қатар кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады.
Рефлексия адамның өз істерінің мәнін түсініп, оны ойлану барысында өзіне- өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?