Менің әжем - ісмер №10 сабақ. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (Орта мерзімді оқу жоспары бойынша)
1-бөлім
Өнер
2-сабақ
Менің әжем – ісмер.
Бұл сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың оқылым дағдысын дамыту көзделеді. Оқыған мәтіндердегі ақпараттарды салыстыра отырып, ұқсастықтарын, айырмашылықтарын табады, жанрын анықтайды. Сондай-ақ оқушылар негізгі лексикалық минимуммен қатар бірнеше пассив сөздердің мағынасын меңгеріп, қолданады. Грамматикалық минимум ретінде мәтіннің құрылымын сақтап жазу, есімдіктерді түрлендіріп қолдана білулеріне мән беріледі.
Оқушылардың барлығы: оқыған мәтіннің мазмұнын түсінеді, қолдау арқылы мәтін жанрын анықтайды.
Оқушылардың көпшілігі: мәтіндегі қажетті ақпаратты табады, мәтін жанрын анықтайды, мәтіндердегі ақпараттарды салыстырады.
Оқушылардың кейбірі: мәтіннің жанрлық ерекшеліктерін түсіндіреді, мәтіндегі негізгі ойды анықтайды
Мұғалімнің сабақалды дайындығы: (дидактикалық материалдарды қараңыз)
Ресурстарды дидактикалық материалдардан оқушылар санына қарай көбейтіп алыңыз.
Мұғалімнің сабақ барысындағы әрекеті:
Сабақты «Иә» және «Жоқ» ойынын ойнаудан бастаңыз. Алдыңғы сабақта алған ақпараттарын тексеру үшін, бірнеше сөйлемдер оқисыз. Оқушылар «Иә» немесе «Жоқ» деп жауап берулері керек. Бұдан кейін «Балмұздақ таяқшалары» әдісімен бірнеше оқушыдан өлеңді жатқа айтуларын сұраңыз. Әдістің тиімділігі: барлық оқушыдан үй тапсырмасын сұрауға уақыт кетірмейсіз, бірнеше оқушыдан сұрап, бағаласаңыз жеткілікті. Ол үшін сыныптағы(өз тобыңыздағы) оқушылардың есімдерін қағаздарға жазып, жеке-жеке қиып алыңыз. Балмұздақ таяқшалары сияқты ұзындау жасаңыз да стаканға салыңыз. Кез келген қағазды алып шығасыз, сол кезде кімнің есімі шығады сол оқушы үй тапсырмасын айтады. Тек қол көтерген оқушылар ғана айтпайды, кез келген оқушы жауап беретіндіктен, оқушылар үй тапсырмасын орындап келуге тырысады. Бұл тәсілді жалпы сабақ барысында қолдануыңызға болады. «Бас бармақ» әдісі немесе пікір айту арқылы сыныптастары бағалайды.
Уақытыңызды үнемдеу үшін, өлең жолдарын толықтыруды тапсырыңыз. Сондай ақ өткен сабақтағы жаңа сөздердің дұрыс жаза білетіндіктерін тексересіз.
Үй тапсырмасын сұрап болғаннан кейін, сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын оқушыға түсінікті тілмен айтып кетіңіз. Сондай-ақ сабақ барысында қажетінше естеріне салып отырыңыз.
Кілем, тоқу сөздерін сурет арқылы меңгертіп, сабақ барысында бірнеше рет қолдануларын қадағалаңыз. Сөз тіркестерін және сөйлемдер құруға дағдыландырыңыз.
Оқылым тапсырмасын жұпта орындайды. Жұптарға қабілеттері әртүрлі оқушыларды аралас отырғызыңыз. Содан кейін тапсырманы, яғни оқушылардан не күтілетінін түсіндіріңіз. Дидактикалық құралдан мәтінді әр жұпқа таратып беріңіз. Мәтінді оқуға бес минут уақыт беріңіз. Бұдан кейін мәтін мазмұнын түсінгендерін тексеру мақсатында кестені толтыруды ұсыныңыз. Сөйлемдерді оқып, қай мәтінге сәйкес екенін анықтайды. Тапсырманы жұптар орындап болғаннан кейін, тақтадан дұрыс жауапты көрсетіңіз. Жұптар өздерін пайыздық көрсеткіш арқылы бағалайды.
Екі мәтіннің мазмұнын салыстырып, талдау жүргізеді. Бұл тапрсырма оқушылардың сыни тұрғыда ойлай білу дағдысын дамытады. Тапсырманы топта орындайды. Топқа бөлгенде де, қабілеттері әртүрлі оқушыларды аралас отырғызыңыз.
Ықтимал жауаптар:
Ұқсастығы:
Әжелері туралы айтылған.
Әжелері ісмер адамдар.
Әжелері кілем тоқиды.
Әжелері оюды жақсы салады.
Әжелерімен мақтанады.
Өнер туралы
Айырмашылығы:
1-мәтін: әңгіме, әжесі өзі жасайды
2-мәтін: әңгімелеу мәтіні, әжесі немересіне үйретеді
Қабілеті жоғары оқушылар жанрлық ерекшеліктерін түсіндіреді.
Үлгі: әңгіме, өйткені әңгімеде кейіпкер және қысқа сюжет болады.
Тапсырманы толық орындап болған соң, оқушылар тапсырмаға «Бағдаршам» әдісі арқылы кері байланыс жасайды.
Келесі тапсырмада айтылым дағдысы тексеріледі. Қабілеті жоғары оқушылардың тақырып бойынша өз пікірлерін айтуға ынталандырыңыз. Қажетіне қарай ойларын жеткізуде қолдау көрсетіңіз. сұрақтар қою арқылы пікірлерін айтуға ынталандырыңыз. «Он саусағынан бал тамған» тұрақты тіркесінің мағынасын түсіндіріп кетуіңізге болады. Қабылдау деңгейі жоғары оқушылар естерінде сақтап, болашақта қолдануы мүмкін.
Жазылым тапсырмасын оқушылар өздігінен орындайды. Әр оқушы өз отбасындағы өнері бар адам туралы мәтін құрап жазады. Қолдауды қажет ететін оқушылар үшін «Бағытталған жазу» әдісін жүргізуіңізге болады. 3-4 оқушыдан құрылған топпен жұмыс жасап, бағыттап отырасыз. Бірнеше оқушының жұмыстары тыңдалады, пікір айту арқылы бағаланады.
Үй тапсырмасын міндетті түрде түсіндіріңіз. Оқыған екі мәтіннің біреуін мазмұндау.
Рефлексия: Бірнеше оқушыға сабаққа рефлексия жасауды сұраңыз.
Мені ... қуантты.
Мені ... таң қалдырды.
Мені ... ойландырды.
Мен ... көп мәлімет білдім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?