Киіз үй (ОМЖ бойынша 5-сабақ). Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып («Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ құрастырған ОМЖ бойынша)

4-тарау

Сәулет өнері

5-сабақ

Киіз үй

Бұл сабақта оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың айтылым және оқылым дағдыларын шыңдау көзделеді.

Оқушылардың барлығы: Түрлі дереккөздерді (ғаламторды, сөздіктерді) пайдаланып, суреттегі заттардың атауын тауып, сөйлемді аяқтайды.

Оқушылардың көпшілігі: Сөздерді сәйкестендіріп, сөйлемдерді оқиды.

Оқушылардың кейбірі: Тірек сөздерді қолданып, киіз үй туралы мәтін құрастырып айтады.

Мұғалімнің сабақалды дайындығы: (дидактикалық материалдарды қараңыз)

Ескерту: кейбір көрнекіліктерді, АКТ қолдану мүмкін болған жағдайда, қағазға шығарудың қажеті жоқ.

  • «Өз жұбыңды тап» ойыны арқылы үй тапсырмасын тексеруге арналған көрнекіліктерді дидактикалық материалдардан алып, қиып, дайындап қойыңыз.
  • Дидактикалық материалдардан киіз үйдің суретін А4 форматты қағазға үлкен көлемде шығарыңыз.
  • Жаңа сөздерді (киіз, төбе, қабырға) меңгертудің өз сыныбыңызға лайық жолын ойластырып, жоспарлаңыз.
  • Суретті сөздікті топтар санына сәйкес етіп шығарып алыңыз. Сыныпта компьютер болмаған жағдайда, ғаламторға қосылған смартфонның болуын қамтамасыз етіңіз немесе орысша-қазақша сөздік кітапшаларын дайындап қойыңыз.
  • Топтар санына сәйкес кестені (2-тапсырма) шығарып алыңыз.
  • Қызыл, сары, жасыл түсті фишкаларды немесе стикерлерді оқушылар санына қарай дайындаңыз (әр оқушыда қызыл түсті 1 фишка/стикер, сары түсті 1 фишка/стикер, жасыл түсті 1 фишка/стикерден болуы керек).
  • 3-тапсырмаға қажетті үлестірмелі қағаздарды топтар санына сәйкес шығарып алыңыз.
  • «Тазалық» плакатын дайындап, сыныптың 1 қабырғасына (оқушылардың бәріне көрінетін ыңғайлы орынға) іліп қойыңыз.

Мұғалімнің сабақ барысындағы әрекеті:

  • Оқушыларды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алыңыз. Оқу құралдарын парталарға қойған соң шеңбер құрып тақта алдында тұрған оқушыларға алдын ала қиып дайындаған сөз тіркестері жазылған қима қағаздарды таратыңыз. Сөз тіркестерін мағынасына қарай біріктіріп, қатар құруын және сөйлемді толық оқуын тапсырыңыз. Сабақтың тақырыбын жариялап, «Сандар» тәсілі арқылы топтарға біріктіріңіз. «Сандар» тәсілі: Шеңбер бойымен тұрған оқушыларға 1,2,3 деп санауды тапсырыңыз. «1» деген санды атаған оқушылар 1-топ, «2» деген санды атаған оқушылар 2-топ, «3» деген санды атаған оқушылар 3-топқа бірігіп, орындарына отырады.
  • Оқу мақсаттары мен бағалау критерийлерін оқушылармен бірлесіп құрыңыз. Оқушылардың айтқандарын тақтаға немесе ватманға жазғызып, іліп қою ұсынылады.

(Сөздікпен жұмыс) Киіз, қабырға, төбе сөздерінің айтылуын меңгерту үшін әр сөзді өзіңіз анық айтып, оқушылардың қайталауын сұраңыз. Келесі айналымда киіз үй бейнеленген суреттен киізді көрсетіп, «киіз» сөзін бірнеше рет айтқызыңыз. Осы суреттен керегені көрсетіп, «қабырға» сөзін бірнеше рет қайталатыңыз. Шаңырақты көрсетіп, «төбе» сөзін бірнеше рет қайталатыңыз. Келесі айналымда сіз суреттерді көрсетіңіз, ал оқушылар олардың атауын атайды. Соңғы айналымда осы сөздермен сөйлемдер құрастыруды тапсырыңыз (Оқушыларды мадақтауды ұмытпаңыз).

(1-тапсырма) №4 слайдты ашыңыз. Тапсырманы орындау үшін ғаламтордың, компьютердің немесе смартфонның керек екенін ескертіңіз. Регламентті белгілеңіз. АКТ қолдану мүмкін болмаған жағдайда суретті сөздік пен сөздіктерді әр топқа таратып, жұмысты жалғастырыңыз. Бұл тапсырманы басқа топтардан бұрын аяқтаған топ жеңімпаз болатынын ескертіңіз. Оқушылардан күтілетін нәтиже: «төбе» сөзін «шаңырақ» сөзімен, «қабырға» сөзін «кереге» сөзімен, «есік» сөзін «сықырлауық» сөзімен байланыстыра алуы. Тез әрі дұрыс жауап берген топ жеңімпаз атанып, қошеметтеу арқылы бағаланады.

(2-тапсырма) №5 слайдты ашыңыз. АКТ қолдану мүмкін болмаған жағдайда алдын ала дайындап қойған кестені әр топқа таратыңыз. Бұл тапсырма оқушылардың жаңа сөздердің лексикалық мағынасын меңгеру деңгейін бағалауға және жаңа сөздермен жұмысты бекітуге арналған. Оқушылар 3 минут ішінде сөздерді өзара сәйкестендіре отырып, 3 сөйлемді дұрыс құрастырып оқуы тиіс. Әр жауаптан кейін «Бағдаршам» әдісін қолданып, жауапты бағалауды тапсырыңыз. Ол үшін әр оқушыға алдын ала таратылған қызыл, сары, жасыл фишкалардың (стикерлердің) бірін көтеруін тапсырыңыз. Мысалы: 1-топтың жауабынан кейін: «Балалар, 1-топтың жауабын қалай бағалайсыңдар? Фишкаларды көтеріңдер» деп тапсырыңыз. Қызыл фишка/стикер – «толық емес жауап», сары фишка/стикер – «жақсы жауап», жасыл фишка/стикер – «өте жақсы және толық жауап» дегенді білдіреді. 1-топтың жауабын сыныптағы 10 оқушының төртеуі «өте жақсы және толық жауап» деп, бесеуі «жақсы жауап» деп, біреуі «толық емес жауап» деп бағалауы мүмкін. «Жақсы жауап» және «толық емес жауап» деп бағалаған оқушылардан осы бағаны қою себебін сұраңыз. Бағалаудың бұл түрі:

біріншіден: оқушылардың бір-бірін мұқият тыңдауына итермелейді;

екіншіден: оқу материалын толық игеруіне ықпал етеді.

(3-тапсырма) №6 слайдты ашыңыз. Тапсырманы орындау ретімен таныстырыңыз. Дескриптормен таныстырыңыз. АКТ қолдану мүмкін болмаған жағдайда алдын ала дидактикалық материадардан шығарып алған үлестірмелі қағаздарды пайдаланыңыз. Оқушылардан күтілетін нәтиже: дескрипторға сәйкес тірек сөздерді пайдаланып, «Киіз үй» тақырыбында мәтін құрастырып айтады. Топтық жұмысты дайындауға 4 минут, қорғауға 1,5 минут беріңіз. Ескерту: топтық жұмысты қорғауға топтың барлық мүшелерінің қатысуын қадағалаңыз.

(рефлексия) Оқушылар назарын №7 слайдқа немесе «Тазалық» плакатына аударыңыз. Оқушылар сабақта өтілген ақпараттарды қажеттілік деңгейлері мен түсінгеніне қарай сұрыптайды. Бұл жұмысты ауызша орындау ұсынылады. Ол үшін оқушыларға қағаз қиындылары немесе стикерлер беріледі. Әр оқушы 1 сөзді жазып, қажетті суреттің тұсына жапсыру барысында өз пікірін айтады.

№8 слайдты ашып, үй тапсырмасының орындалу ретімен таныстырыңыз. Тапсырманы орындау жолын барлық оқушылардың түсінгенін қадағалаңыз.

Құрметті әріптес! Сізге әдістемелік көмек көрсету үшін СМК порталы қажетті ресурстар кешенін ұсынады. Ісіңізге сәттілік тілейміз!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу