Шебер бала №10. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып "Қазақ тілі"
(Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, Л.Нұрмұханова, "Көкжиек-Горизонт" - 2018) оқулығы негізінде әзірленген.
2-тарау
Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен
Сабақтың тақырыбы: Шебер бала
Сабақтың мақсаты:
2.3 Түрлі жағдаяттарда қарым-қатынасқа түсу (диалог)
3.2.3.1 белгілі тақырыптағы әңгімеге қатысу және сұхбаттасын түсіну және олардың ойын толықтыру.
3.2 Мәтіннің мазмұнын түсіну
3.3.2.1 жиі қолданылатын сөздер мен фразалардан құрастырылған шағын мәтіндегі негізгі ойды түсіну.
5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)
3.5.1.2* өз бетінше шағын мәтіннен көптік/ тәуелдік/септік/жіктік жалғаулы сөздерді ауызша/жазбаша тілде қолдану
Сабаққа қажетті құралдар:
Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз. Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.
Тіл дамыту. «Айырмашылығы неде?» ойыны
Оқушыларға екі түрлі сурет көрсетіледі. Екеуінің арасындағы айырмашылықты анықтайды. Жауаптарын дəлелдейді. Бұл тәсіл сабақтың ең басында суреттердің айырмашылықтарын айту арқылы біріншіден, сабаққа деген қызығушылықтарын оятады, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты.
Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-шараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.
Тыңдалым.
Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаса, өзіңіз оқып беріңіз. Дегенмен де аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет тыңдатыңыз. Содан кейін оқушылар жаңа сөздерді табады, сол сөздермен сөйлемдер құрайды, мәтін бойынша сұрақтарға жауап береді. Жауаптарын барлық оқушыдан сұрау қажет емес, бірнеше баладан сұрасаңыз жеткілікті. Соңында «Бағдаршам» әдісі арқылы кері байланыс жүргізіледі. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз.
Оқылым.
«Бастапқы танысу» әдісі бойынша мәтінді оқырдың алдында оқушыларға тақырып бойынша ассоциация жүргізіледі, яғни тақырыпты оқыған кезде олардың ойына не келгенін айтады. Оқушылар өздерінің ассоциацияларының негізінде мәтін не туралы болады деп ойлайтынын талқыға салады. Бұл оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін арттырады. Содан кейін мәтінді 3 оқушыдан рөлге бөліп оқиды (Автор, Мырзабек, Иманбек), тірек сөздерді табады. Сол сөздермен сөз орамдары мен сөйлемдер құрастырады. Оқылымнан кейінгі тапсырмада топтық жұмыс жүзеге асырылады. 1-топ мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтар дайындайды, басқа топтарға қояды. 2-топ Мырзабекке сипаттама жасайды, дәлелдейді. Мәтіннің негізгі ойын анықтайды. 3-топ әңгіме желісі бойынша сахналайды. Оқушылардың жұмыстары тыңдалады, мұғалім кері байланыс береді.
Грамматикалық қоржын ойын түрінде өткізіледі. Оқушылар бір-біріне доп лақтырады да «Мен шебер...» деп жалғаусыз айтады, допты ұстап алған оқушы сол сөзді дұрыс жалғауымен айту керек. Тиісті жалғаулар тақтада беріледі. Соңында «Бас бармақ» әдісі арқылы оқушылар өзара бағалайды, комментарий береді.
Айтылым.
«Бұл жауабы болса, онда сұрақ қандай болады?» әдісі бойынша оқушыларға сөйлемдер беріліп, жауап ретінде осы сөйлемдерді алу үшін сұрақ қандай болатынын анықтайды. Бұл жұмысты жұппен орындатқан дүрыс. Жұптар бір-бірін комментарий айту арқылы бағалайды.
Комментарий үлгісі: сұрақтарды дұрыс құрайды, сөзердің орын тәртібін сақтайды, т.б. Мұғалім 2-3 оқушыны тыңдап, кері байланыс береді. Келесі тапсырма да айтылым дағдысын дамытуға бағытталған, яғни онда оқушылар берілген суреттердің орнына сөздерді қойып айтады. Мұғалімге алдын-ала әр түрлі тартымды суреттер дайындап алу қажет, суреттердің мазмұны тақырыпқа сай болуы керек.
Рефлексия, үй жұмысы.
Сабақты бекіту кезеңінде «Аяқталмаған сөйлем» әдісін ұсынуыңызға болады. «Мұғалімге жеделхат» тақтасына оқушылар стикер жапсыру арқылы орындайды. Оқушылар өздеріне жақын сөйлемді таңдап, айтылған ойды жалғастырады (аяқталмаған сөйлемдерді алдын-ала тақтаға дайындап қойыңыз, ҚМЖ-да үлгілері келтірілген). Оқушылардың бұл жұмысты тиянақты орындауын қадағалаңыз, себебі кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуыңызға түрткі болады.
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?