«Жаман» деген немене? № 2. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.


МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

3-сынып "Қазақ тілі"

(Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, Р.Рахметова, Л.Нұрмұханова, "Көкжиек-Горизонт" - 2018) оқулығы негізінде әзірленген.

2-тарау

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

Сабақтың тақырыбы: «Жаман» деген немене?

Сабақтың мақсаты:

2.5 Тыңдау-көру материалдары негізінде ойын айту

3.​2.​5.​1 оқыған/тыңдаған материал бойынша өз пікірін (менің ойымша ..., менің көзқарасым бойынша ..., себебі ...) дәлелдеу

4.1 Мәтінді түрлі формада ұсыну

3.​4.​1.​1 тірек сөздер, сызбалар, суреттер, символдарды қолданып, постер/мәтін құрастыру.

Сабаққа қажетті құралдар:

Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне, тілдік ортаға, сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай баспалдақта тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз. Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.

Ертеңгілік шеңбер. «Жылулық шеңбері».

Оқушылар шеңберге тұрып, бір-бірімен амандасады, жылы тілектерін айтады.

Бұл тәсіл сабақтың ең басында жылы тілектер айту арқылы біріншіден, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға, екіншіден, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі.

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты. Оқушыларға суреттер көрсету арқылы сабақтың тақырыбы мен мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын да дамыта аласыз. Әр сабақтың басында мұғалім сабақтың тақырыбымен, мақсаттарын оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуі керек. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін жақсы түсінуі керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.

Жаңа сөздерді меңгерту. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл, ым-ишараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!», «Қате!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.

Грамматикалық қоржын.

Сабақты бастамас бұрын назарда ұстайтын грамматикалық элементтерді таңдаңыз, осы сабақта «Жіктік жалғаулары» және «Емес» көмекші сөзі. Алдымен оқушалардың естеріне түсіріп, бірнеше мысал келтіру, «Емес» сөзінің болымсыздық мағынаны беретінін айту. Содан кейін оқушылар екі қатарға бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Кезектесіп сөз орамдарына жалғауларды байланыстырып айтады. Ойынның жүру барысын қадағалап, кері байланыс беріп отырыңыз, қолдауды қажет ететін оқушыларға түсінік беріп отыру керек.

Тыңдалым. Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаса, өзіңіз оқып беріңіз. Дегенмен де аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс. Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда (1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. Мәтінді 2 рет тыңдатыңыз. Алдын-ала дескриптормен таныстырыңыз. Содан кейін оқулықтағы суретті пайдаланып, мәтіннің мазмұнын айтып беруді ұсыныңыз. 2-3 оқушыдан сұрасаңыз жеткілікті. Жұмыстың соңында оқушылар тақтада көрсетілген критерий бойынша өзін бағалайды. Мәтінді мазмұндатуға өзіңіз көздеген 2-3 оқушыдан сұраңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Осыдан кейін оқушыларды шағын 3 топқа бөліңіз. Әр топ диаграмманы толтырып «Жаман» деген сөзді сипаттайды, өз пікірлірен дәлелдейді. Соңында «Не қиын болды?», «Не жеңіл болды?» деген сұрақтар қою арқылы кері байланыс жүргізіңіз.

Сергіту сәтінде «Кім жылдам?» ойынын жүргізіңіз. Бір оқушы қалған оқушыларға: «Не жақсы?» немесе «Не жаман?» - деп, допты лақтырады. Допты қағып алған оқушы сұраққа тез жауап беруі керек. Бұл оқушылардың сөздік қорын және шапшаң ойлау қабілеттерін дамытады.

Оқылым. Оқулықтағы мәтіннің мазмұнымен әркім өзі оқып танысқаннан кейін, жаңа сөздерді тауып, олармен сөз орамдары мен сөйлемдер құрастыруды тапсырыңыз. «Венн диаграммасы» арқылы сұраққа жауап береді: Жалқаубек қандай? Әлібек қандай? Екеуін салыстырмалы түрде сипаттайды. Соңында «Бағдаршам» арқылы топтар бір-біріне кері байланыс жасайды.

Жазылым. «РАФТ» әдісі бойынша оқушылар суретті пайдаланып, әңгіме құрастырады. (сурет оқулықтың 42 бетінде берілген). Әр оқушы өз атынан Жалқаубекке хат жазады. Алдын-ала дескриптормен таныстырыңыз.

Р (рөл)- өзім

А (аудитория) – Жалқаубек

Ф (форма) – хат

Т (тақырып ) – «Еңбектің наны тәтті»

Жазу үшін 20 минут уақыт беріңіз. Ой алмасу жұмыстарын ұйымдастырыңыз. Бұл әртүрлі нысандар болуы мүмкін. Оқушылар бір-біріне шағын топта оқи алады, қабырғада іле алады, мұғалімге тапсыра алады. Соңында мұғалімнің көмегімен бағалау критерийі бойынша жұмыс бағаланады.

Хат жазуға байланысты сөздер мен фразалар тізімін жасаңыз және оқушыларға көмек ретінде іліп қойыңыз. Мысалы: хат, мекенжай, нөмір, көше, жол, қала, облыс, индекс, кімге, құрметті, сәлем, рахмет.

Хатты дұрыс жазу үшін ұсынылған критерийлері:

  • мекенжайы анық
  • мерзімі мекенжайдан төмен көрсетілген
  • хаттың кімге жазылғаны көрсетіледі, үлгіде көрсетілгендей, мысалы, Құрметті, Қымбатты
  • кім жазғаны, қандай мақсатпен жазғаны түсінікті
  • хат сыпайы жазылған
  • қорытынды түсінікті

хат үлгіге сәйкес аяқталған, мысалы, ізгі ниетпен

Рефлексия, үй жұмысы.

Сабақты бекіту кезеңінде тақтада секторларға бөлінген «Нысана» бейнеленеді. Әр секторда жасалған қызмет рефлексияның көрсеткіш-сұрақтары жазылады. Мысалы, «Белсенді қатыстым», «Қызық болды», «Түсінікті болды», «Жаңа нәрсе білдім». Оқушы нәтижесінің бағасына сәйкес секторға белгі қояды: нысананың ортасына жақындаған сайын беске жақындайды, ал шетіне қарай барса, нөлге жақындайды. Содан кейін қысқаша талдау жасайды.

Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріледі.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу