Үй құстары №11. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
Сабақтың тақырыбы: Үй құстары №11
Сабақтың мақсаты:
1.3 Тыңдаған аудио/бейнематериалдың мазмұнын түсіну
3.1.3.1 тыңдаған материалдың (ұзақтығы 1,5-2 мин) мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру және сюжеттің даму желісі бойынша иллюстрациялар орналастыру/кесте толтыру/ мазмұндау
4.1 Мәтінді түрлі формада ұсыну
3.4.1.1 тірек сөздер, сызбалар, суреттер, символдарды қолданып, постер/мәтін құрастыру
Сабаққа қажетті құралдар: сөйлеу қабырғалары (суретті сөздік, ірі әріптермен жазылған тірек сөздер), кеспе қағаздар, аудиомәтін,ақ парақтар, фломастер
Сабақты жоспарлау
Сабақты жоспарлау кезінде міндетті түрде лексикалық минимумды сақтай отырып, сыныптың әлеуетін, аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінді түрлендіру (жетілдіру, қысқарту, түзету) керек.
Әр оқушының қай деңгейде тұрғанын, алдыңғы сабақтарда нені үйренгендіктерін, қандай кедергілер болғандығын ескеріңіз. Соған сәйкес тапсырмалар дайындауды ұмытпаңыз..
Ертеңгілік шеңбер «Жылы сөздер»
Оқушылардың сөйлем құрып жаттығуына ықпал етеді. Оқушылар шеңбер бойымен тұрып, өз аналарының, ағаларының, әкелерінің еркелететін сөздерін айтып шығады. Үлгі: Анам маған «ботақаным» деп айтады. Әкем мені «қошақаным» деп еркелетеді.
Үй жұмысын тексеру
Оқушылар екі топқа бөлініп, «Құстарға қамқорлық «тақырыбында дайындаған жұмыстарын оқиды. Топ ішінде тыңдалып, сәтті орындалған жұмыстар сыныптың алдында оқуға ұсынылады (әр топтан бір жұмыс). Сынып оқушылары «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі арқылы бағалайды. «Бір жұлдыз, бір тілек» деп алуға да болады.
Жаңа сөздерді меңгерту.
Бұл сабақта жаңа сөздерді тек суретті сөздік арқылы меңгертесіз. Суретті сөздікті тақтаға немесе қабырғаға іліп қойыңыз. Оқушылардың көз алдыларында болса, сөздердің дұрыс жазылуы естерінде сақталып қалады. Сондай-ақ бұл сөздер келесі сабақтарда да көрнекі жерде болуы керек. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз.
Оқушылардың лексикалық минимум сөздерді қолдануларын бақылап отырыңыз, қажет болған жағдайда оқушыларға қолдау көрсетіңіз.
Тыңдалым. Бұл тапсырма оқушылардың тыңдалым дпағдысын дамытады.
Мәтінді тыңдамас бұрын екі топқа бөлініп, Венн диаграммасын толтырады, үй құстары мен жабайы құстарды салыстырады. Топта орындау уақытты көбірек алады десеңіз, тақтада бірлесіп орындаңыз. Оқушыларға сұрақтар қоя отырып, өзіңіз диаграмманы толтырыңыз. Болмаса сұрақтарға ауызша жауап берулеріне де болады. Бұл тыңдалым алды тапсырма болғандықтан аса маңызды емес.
Тыңдалым тапсырмасын жұпта орындады. Мәтінді 2 рет тыңдайды. Мәтін мазмұны бойынша сұрақтар қойып, сөйлемдерді толықтырып жазады.Орындап болған соң, жұптар келесі жұппен бірлесіп, жұмыстарын талдайды. Жауаптарын бағалайды. («Өте жақсы», «Жақсы», «Талпын», «Ойлан»). Бұдан кейін әр оқушы өздігінен сурет бойынша сөйлемдерді толықтырады. Сабақ соңында дәптерлерін жинап алып тексеруіңізге болады немесе сабақ үстінде қарауыңызға болады.
Оқылым. Тапсырма оқушылардың оқылым дағдысын дамытуға бағытталған. Оқушлар жұпқа бөлініп, диалогты рөлге бөліп оқиды. Сөйлемдерді интонациясына сәйкес оқуларын ескертіңіз. Өзіңіз дұрыс оқудың үлгісін көрсетіңіз немесе мәнерлеп оқитын оқушыларға оқытыңыз. Бұдан кейін жұптар өз орындарында отырып оқиды. Қастарына барып тыңдаңыз. 2-3 жұптың диалогты дұрыс оқуларын сыныптастарына бағалатыңыз.
Жазылым. Оқушылардың жазылым дағдысын дамытуға бағытталған тапсырма. Мақсатқа жету үшін «Бірлесіп жазу» әдісін қолданыңыз. Бұл әдіс бойынша мұғалім жетекші рөл атқарады. Оқушыларға сұрақ қоя отырып, тақтаға өзіңіз жазыңыз. Алдымен идеялардың тізімін оқушылармен бірлесіп жазыңыз(сөздер, сөз тіркестері). Идеялар негізінде бірлесіп мәтін құраңыздар. Мәтіннің басында, ортасында, соңында қандай сөйлем жазуға болатынын сұрап отырыңыз. Тыныс белгілеріне де тоқталып отырыңыз. Жазып болған соң, бірлесіп оқыңыздар. Тағы қандай сөйлем қосуға болатынын сұраңыз. Мәтінде қандай қызықты сөздер, сөйлемдер болғанын талқылаңыздар.
Айтылым. Тақырып бойынша сөздерді дұрыс айтуға жаттығады. «Қандай құс» ойыны. Оқушылар топқа бөлінеді. Текшені кезекпен лақтырып, шаршы тақтаның бетіндегі сурет бойынша үй құстары мен оған қатысты заттарды атау керек. Бір минуттың ішінде қай топ көп әрі дұрыс айтса, сол топ жеңіске жетеді. «Бас бармақ әдісі» бойынша бағалаңыз.
Үй тапсырмасы:
Үй тапсырмасының орындалуы туралы ақпарат сабақта берілуі керек. Оқулықта берілген тапсырманы орындайды. Сұрақтарға жауап бере отырып, ауызша шағын мәтін құрап айтады. Қойылған сұрақты түсіне білуге , тақырыптан ауытқымай жазуға үйренеді. Келесі сабақта өз жұмыстарын оқитындықтарын ескертіңіз.
Рефлексия «Пайыздық көрсеткіш» 25 % 50% 75% 100%
Бұл үш сан сыныптың әр жеріне бөлек-бөлек жазылады. Оқушылар сабақ соңында алған білімдерін, дағдыларын пайыздық көрсеткіш деңгейінде бағалайды және себебін түсіндіреді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?