Жанды табиғат туралы әңгіме, мысалға болжам жасау Түлкі мен тырна №2 сабақ. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
МҰҒАЛІМГЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ
3-сынып (Орта мерзімді оқу жоспары бойынша)
1-тарау
Жанды табиғат
2-сабақ
Түлкі мен тырна
Бұл сабақта да оқу мақсаттарына сәйкес оқушылардың тыңдалым дағдысымен қатар оқиғаның жалғасын, кейіпкерлердің сөздерін болжай білуге үйрету көзделеді. Тыңдаған мәтінді мазмұндау,яғни айтылым дағдысына мән беріледі. Сондай-ақ оқушылар негізгі лексикалық минимуммен қатар бірнеше пассив сөздердің мағынасын меңгеріп, қолданады. Сондай-ақ б-п, қ-ғ, к-г дыбыстары кездесетін сөздерді дұрыс жазуға үйрету көзделеді. Грамматикалық минимум ретінде тәуелдік жалғауы қарастырылады.
Оқушылардың барлығы: тыңдаған мәтіннің мазмұнын түсінеді, қолдау арқылы кейіпкердің сөзін болжайды, оқиға ретін анықтайды, мұғалімнің көмегімен сөздердің емлесін сақтап жазады
Оқушылардың көпшілігі: тыңдаған мәтіндегі оқиғаның жалғасын, кейіпкердің сөзін болжайды, оқиғаны мазмұндайды, сөздердің емлесін сақтап жазады
Оқушылардың кейбірі: тыңдаған мәтіндегі кейіпкерлердің әрекетіне қатысты пікірін айтады, сөздерді сауатты жазады
Мұғалімнің сабақалды дайындығы: (дидактикалық материалдарды қараңыз)
Ресурстарды дидактикалық материалдардан оқушылар санына қарай көбейтіп алыңыз.
Мұғалімнің сабақ барысындағы әрекеті:
Сабақты үй тапсырмасын сұраудан бастаңыз. «Балмұздақ таяқшалары» тәсілінің тиімділігі: барлық оқушыдан үй тапсырмасын сұрауға уақыт кетірмейсіз, бірнеше оқушыдан сұрап, бағаласаңыз жеткілікті. Ол үшін сыныптағы(өз тобыңыздағы) оқушылардың есімдерін қағаздарға жазып, жеке-жеке қиып алыңыз. Балмұздақ таяқшалары сияқты ұзындау жасаңыз да стаканға салыңыз. Кез келген қағазды алып шығасыз, сол кезде кімнің есімі шығады сол оқушы үй тапсырмасын айтады. Тек қол көтерген оқушылар ғана айтпайды, кез келген оқушы жауап беретіндіктен, оқушылар үй тапсырмасын орындап келуге тырысады. Бұл тәсілді жлпы сабақ барысында қолдануыңызға болады. «Бас бармақ» әдісі немесе пікір айту арқылы сыныптастары бағалалайды.
Үй тапсырмасын сұрап болғаннан кейін, сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын оқушыға түсінікті тілмен айтып кетіңіз. Сондай-ақ сабақ барысында қажетінше естеріне салып отырыңыз.
Жаңа сөзді сурет арқылы меңгертіп, сабақ барысында бірнеше рет қолдануларын қадағалаңыз. Сөз тіркестерін және сөйлемдер құруға дағдыландырыңыз. Тырнаның тұмсығы, тырнаның сирағы сияқты тіркестерді қайталату арқылы қ, п дыбыстарының дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғағанда өзгеріске ұшырайтынын, сондай-ақ ілік септігі мен тәуелдік жалғауының байланысын түсінеді және қолдануға дағдыланады. Жалғаулардың атауларын айтудың қажеті жоқ, тек үлгіге қарап қолдануға үйренеді. Бұдан кейін тырна туралы өлеңді өзіңіз оқып отырып, сұрақ қоя отырып мазмұнын түсінгендерін тексеріңіз. «Тырнамын» деген сөздің бірінші жақта айтылып тұрғанын айтып өтіңіз.
Тыңдалым тапсырмасын жұпта орындайды. Жұптарға қабілеттері әртүрлі оқушыларды аралас отырғызыңыз. Содан кейін тапсырманы, яғни оқушылардан не күтілетінін түсіндіріңіз. Дидактикалық құралдан сөздер қалдырылып жазылған мәтінді әр жұпқа таратып беріңіз. Тыңдалым мәтінін өзіңіз оқып беріңіз, тек соңғы сөйлемді оқымайсыз. Бір рет тыңдағаннан кейін, 1-2 минут уақыт беріңіз. Содан кейін екінші рет оқыңыз. Тапсырманы жұптар орындап болғаннан кейін, түпнұсқаны оқып беріңіз. Жұптар өздерін пайыздық көрсеткіш арқылы бағалайды. Бұдан кейін сұрақтар қою арқылы пікірлерін айтуға ынталандырыңыз. Келесі тапсырмада айтылым дағдысы тексеріледі. Жұптарға суреттерді шығарып беріңіз. Тапсырманы түсіндіріп, дескриптормен таныстырыңыз. Оқушылар тыңдалған ертегінің мазмұны бойынша суреттердің реттілігін анықтап, нөмірлейді. Сосын тірек сөздер мен суреттерді қолданып, мәтінді жұпта отырған оқушылар бір-біріне әңгімелейді. Соңында дескриптор арқылы бір-бірін бағалайды. Әңгімелеп жатқанда қастарына барып тыңдаңыз. Тапсырманы толық орындап болған соң, оқушылар тапсырмаға «Бағдаршам» әдісі арқылы кері байланыс жасайды.
Жазылым тапсырмасын оқушылар өздігінен орындайды. Сабақтың басында өзгеріске ұшырайтын дыбыстарға түсінік берілгеніктен, тапсырманы жеке орындауларына болады. 1-2 оқушының жауаптарын тыңдап, кері байланыс беріңіз.
Үй тапсырмасын міндетті түрде түсіндіріңіз. Тырнаның суретін салып, сипаттап келуді тапсырыңыз. Сурет салуды жақсы көрмейтін оқушыларға суретін шығарып беріңіз. Суретті қарындашпен бояп, аузша сипаттайды.
Сабақ соңында сабаққа рефлексия жасатыңыз. Таныстырылымда көрсетілген үш ағаштың біреуін таңдауды тапсырыңыз. Сондай-ақ неліктен ол ағашты таңдағанын 2-3 оқушы түсіндіріп кетуін сұраңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?