Бұйымды безендіру. Көркем еңбек (қыздар), 6 сынып, дидактикалық материал.
Әдістемелік нұсқаулық
Сабақ тақырыбы: Бұйымды безендіру.
Кесте-қазақ халқының қолөнерінің ерекше түрінің бірі. Кесте тігу өнерінің қазақ халқында ерте кезден болғандығын археологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштері дәлелдейді.Кесте-сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты ісмерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдіретімен бейнелеген ақыл-парасаттарының жауһары.Небір керемет кесте үлгілері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, толықтырылып, жаңғыртылып отырды.Кестешілік дәстүрі толысып, кемелденуімен бірге өзінің көз тұнытар көркемділігімен, жан сергітер әсемділігімен, өміршеңдігімен халқымыздың тірлік-тынысына мән-мағына қосып, заттық және рухани өмірін әрлей түсті, сән-салтанатын арттырып отырды. Сонау жаңа тас дәуірі кезіндегі ата-бабаларымыздың қоладан, мыстан, ағаштан, сүйектен,тастан жасалған құрал-жабдық, жиһаз-мүліктерін қарапайым ою-өрнектермен бедерлеп, әшекейлеп істей білгендігі кейінгі кестешілік өнерінің өрнек сынды іргетасын қалады. Осы негізде жүннен жасалған киізді, тоқыма бұйымдарды, кездеме-маталарды, тері материалдарды өрнектеп кестелеп қажетіне қолданды. Қазақ кестешілігін түсіну үшін алдымен қазақ ою-өрнегін білу қажет. Ою және өрнек үлгілеріне халқымыз тотемдік сенімдеріне байланысты аспан шырақтарын, табиғат құбылыстарын, мифтік тұрғыдан киелі деп білген жан-жануар, аң-құстардың бейнелерін, табиғаттың көз тоймас көркем суреттерін, ру-тайпалардың таңба-белгілерін сан алуан жіптермен түрлеп аса бағалы кестелі қазыналар шоғырын қолдан шығарды. Кесте өрнегін кез келген адам сыза бермейді. Оны арнаулы ел ішінде сызушы деп аталатын өрнекшілер сызады, өйткені кестеленетін заттар түкті төсек сырмақ, кежім т.б. сияқты көлемді және көрнекті жасаулар болуы мүмкін, оны ершіміне келтіріп келтіріп сызу қажет.
Қазақ халқында кесте тігумен тігумен тек қана әйелдер айналысады. Қазақ қыздарына аналары ыждағаттылық пен төзімді талап ететін бұл қолөнер түрін бала кезінен үйретеді.
Алғаш кесте үйренушілер үшін кестелеудің әліппелік білімі - су тарту жіптерді реңіне қарай қолдана білу жолдары берілген.
Зейнелхан Мұхамеджан
Зейнелхан Мұхамеджан - суретші, көркем бізкестенің негізін қалаушы, Моңғолия Суретшілер Одағының мүшесі (1990), Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі (1992), Қазақстан Көркем Академиясының корреспендент мүшесі.
Ине
Ине - ұзын, жіңішке, өткір ұшты, келесі ұшында тетігі бар, қатты құралдан (бұрын сүйектен) жасалатын зат. Белгілі бір затты күйзелту және деформациялау арқылы жаңа зат өндіру үшін қолданылады. Иненің үшкір ұшының кішкентай аумағына сәйкес ине бойындағы күш азғантай аумаққа шоғырланады. Сонымен қатар, осы пішінге ұқсайтын заттар да ине деп аталады. Ине өлшемі нөлге тиесілі жүздің бір түрі.
Инемен тігілетін тігістер
Инемен тігілетін тігістер - инемен тігілетін тігістер. Адамзат киім-кешек тігу барысында сан ондаған тігіс түрлерін ойлап тауып, әр тігістің ерекшеліктері, көрінісіне қарай ат қойып, айдар тағып отырған. Тігіс түрлері адамзаттың үстіне киім, лыпа кие бастаған кезден бастау алу мүмкін десек тігіс түрлерінен екі бөлек затты біріктіру үшін қолданылған "жөрмеу" тігістің басы, ең көнесі десек артық емес.
Кергіш
Кергіш - кесте тігуге қолданылатын жабдық. Оны ағаштан, темірден, қамыстан жасайды.
Кестелей өрнек салу
Кестелеу (өрнек салу) - мата бетіне әшекей өрнек салу өнерінің бір түрі. Кестелеуге кез келген маталар және әр түрлі жіптер (мулине, жүн жіп, жібек жіп, синтетикалық жіп) пайдаланылады.
Кестелеу өнері
Қазақтың асыл қазынасы-кестелеу, оның тарихы мен түрлері
Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Қазақ халқының дәстүрінде киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары, қалыңдық пен күйеудің, батырлар мен сауыққойлардың (салдардың) бас киімі, белбеуі, киімнің жең-жағалары мен балақтары әр түрлі жамылғыштар мен кежімдер және басқа да осы сияқты жол жорық, үй-іші мүліктері кесте өрнегімен жиі безендірілетін. Халық салтында мұндай өрнектеудің кейбіреулері бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Оның себебі әдемі ұнасымды кесте ою-өрнегінің барлық түріне бірдей қолдануға тиімді. Міне осы сияқты бізбен, машинамен және инемен көркемдеп тігілген кестені әшекейлеп кестелеу деп атайды. өнер қазынасының сарқылмас мұхиты халық «адам өнерімен әсем, аң жүнімен әсем» деп келіп, «кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деп қорытқан. Кесте өнері осы айтылғандай нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері:біз кесте, айқас тігу, айқыш-ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.
Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді.
Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады.
Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек бөлек өрнек салынады.
Шым кесте тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген зататрға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырылады.
Инемен тігілетін кестені керіп, инеге сабақталған жіппен алуан түрлі мәнерлеп тігіп кестелейді. Ол үшін кесте салынатын матаға әуелі өрнек түсіріп алады да, сол өрнек ізімен тігеді. Кесте тігетін инелер молтақ, көздері кең болғаны жөн.
Айқас (крестеп) тігу де инемен тігілетін кестенің ең көп тараған түрі. Мұнда өрнек ізімен біркелкі төрт бұрышты етіп, бір жіптің үстінен екінші бір жіпті крест түрінде айқастыра бастырып отыроады. Бұл қазір кесте тігудің ең қолайлы түрі деп танылып жүр.
Тесіп торлап тігуде өрнектелетін материалды өрнек мәнеріне қарай тесіп алады да, оны торлай және ортасын кереге көздеп, санап отырып шалу арқылы түрлі өрнек салады.тесік арасын кереге көздеу әдісінде кестенің тесік аралығындағы жіптерін өткермелеп шалып тоқу түрі де қолданылады. Мұдай тесіп, торлап өрнектеу әдісімен көбінесе жастық тысының беті, жастық жапқыштар, төсек жапқыштар, әйелдердің іш көйлектерінің кеудесі, етегі, гүл қойғыш төсеніштер, дастархандар мен диван жапқыштар, үйдің қабырғасына керіп қоятын маталар кестеленеді.
Ал кестені бедерлеп тіккенде кестеленген материалда әр түрлі ою-өрнек, мәнерлі бұдырлар кестеленеді. Мұндай тігу түрін орындағанда әуелі үлгі бойынша сызылып алынған өрнектердің үстіне мақта, мата қиындылары, қағаз, картон салынып, кестенің жіптерін, сол зататрды бастыра шалып тігеді. Соның нәтижесінде матаның бетіндегі өрнектер бұдырланып бедерленеді. Бедерлеп тігу әдісіне де өрнектің мәнері мен шебердің шешіміне қарай бірнеше түсті жіптер қолданылады. Бедерлеп тіккен кестені көп жуа беруге болмайды. Оларды көп реттерде шаң сорғышпен, киім шөткесімен тазалайды. Көптеген шеберлер бедердің астына қағаз, картон салмай, маталардың қиықтарын, мақта, жүн сияқтыларды салып тігіп жүр. Оны ыстық суға салып жуса да бүлінбейді.
Үлгі бойынша сызылған өрнектің үстіе мәнеріне қарай тізіліп алынған әртүрлі ұсақ маржандар, моншақтар бастырып тігуді маржандап кестелеу деп атайды. Мұндай әдістер тақия, сәукеле, өңір, қол доба сияқты бір киер киім мен сән-салтанат бұйымдарына ғана қолданылады. Үнемі киілетін немесе жұмысқа ғана киілетін, сондай ақ арқан-жіптің тартуына түсетін заттарға бұл өнер қолданылмайды. Себебі ондай заттардағы маржандар тез сөгіліп кетуі мүмкін.
Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, пүліш, атлас, қырмызы сияқты бағалы материалдар пайдаланылады. Мұндай тігістерге, әсіресе, өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек саулары (зер) пайдаланылады. Бағалы затты ысырапсыз пайдалану үшін оның өрнегі мен тігіс жіптерін санап білу керек. Өйткені бұл жұмыс өзге тігістерден гөрі ауыр келеді.
Алтындап тігуге көбіне бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне марожандап тігуді де аралас жүргізеді. Мысалы, қыздардың камзолдарының омыраулары, өңірлері және тағыда сол сияқтылар осылай тігіледі.
Алтын жіппен тігу Орта Азия халықтарының бәріне тән өнер. Онымен атағы шыққан әйгілі кестешілер ғана айналысқан. Алтын кестелі тон шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал шалбар, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі.
Кимешектің жағын, хатипа тақиялардың маңдайын, камзолдар мен шашбауларды, жаға жеңдерді алтынмен кестелеу салты бұл күнде де ұнасымды өнер деп танылып жүр. Ескі деректеде алтын кестесімен қазақ үйдің үзік туырлығы сияқты өте көлемді жихаздарда кестеленгендігі айтылады. Біздің республика қолөнер шеберлерінің арасында алтын жіпті тігістермен айналысып жүрген ақтөбелік Өтегенова Зылиханың есімі көпшілікке аян. Ол 1957 жылғы республикалық көрмеде бағалы сыйлықтар мен мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.
Кесте ісімен шұғылданып жүрген шеберлер көп. Қазақ ССР-нің республикалық халық творчествосы үйінің 1961 жылғы есебі бойынша тізімге алынған 399 кестеші бар еді. әрине мұнда барлық кестешілер толық қамтылмаған. Қазір өзгелерді блыай қойғанда, мектеп мұғалімдері мен оқушыларының 60-70% кесте тігумен әуестеніп жүр. Оның үстіне мемлекеттен пенсия алып отыратын қарттардың ішінде де кесте ісін ермек ететіндері көп.
Мал өрісінің жаздық, күздік жайылымы жағдайына қарай қоныс қуалап, көшпелі өмір сүрген қазақ ауылы өнеркәсіп орталығынан қашық жатты. Олар күнбе күнгі тұрмыс қажеттерін өздерінде бар мүмкіншіліктермен ғана өтеді. Сондықтан матадан, теріден, өрмек өнімінен жасалатын киім-кешектерді, саба, торсық, үйге жабатын киіз сияқты зататрдың барлығын да қол инемен тікті. Қолмен тігу семья қажетін өтеумен қатар заттарды көркемдеп тігуде де тиімді әдіс саналды. Соған қарағанда киімдерді, төсек орын жабдықтарын қол инемен кестелеп тігудің алуан түрлері туды.
Кесте санап тігілетін және еркін кестелеу болып бөлінеді.
Санап кестелеу деп аталатын кестені жіп оңай суырылатын матаға кестелейді. Бұл тігіс әдетте тік сызық бойына түсіріледі. Ол бірнеше түрге: терме тігіс, қиғаш тігіс, жай айқас тігіс, қосарланған айқас тігіс, жартыкеш айқас тігіс т.б. бөлінеді.
Терме тігісті өрнектің бір шетінен келесі шетіне дейін, жіптерін санай отырып, біресе оң жағына біресе теріс жағына қарай матаның жібін бойлай «инені алға салу» әдісімен тігіледі. Теріс жағының өрнегі оң жағының өрнегіне кері болып түседі.
Қиғаш тігіс матаның көлденеңінен 2 жібін, тігінен 4 жібін бастыра, қиғаш бағытта тігіледі.
Айқас тігіс. Кестенің ең көп тараған түрі. Бұл тігілуі өте қарапайым әрі әдемі кесте. Айқас тігіс кестесін селдір матаға түсірген дұрыс. Оның размері кестелейтін жіптің жуан-жіңішкелігіне, матаның қалыңдығына байланысты. Кестелеу барысында үстіңгі негізгі тігістің бір бағытта түсіп отыруын бақылау керек. Бұл кестені бір түсті және көп түсті жіптермен кестелеуге болады.
Жартыкеш айқас тігіс. Бұл кестенің еі жақты тігісі болады., яғни астынғы және үстінгі тігістер жіпті үзбей отырып тігіледі. Түзу және қиғаш болып түсетін кестенің бұл түрі қарапайым әрі әдемі өрнек түзеді. Кесте 2 жүріспен тігіледі. 1-жүріс- «инені алға салу» әдісімен сурет нұсқасының бойымен тігіп шығу; 2-жүріс алғашқы жүрісте ашық қалған жерлерді қамти отырып, «инені алға салу» әдісімен кері бағытта тағы да жүріп шығу. Түзу тігістердің ұзындығы барлық жерде де бірдей болуы керек және тігістердің арасында шаық жер қалмауы тиіс.
Ою-өрнек
Ою-өрнек, орнамент (лат. ornamentum – әсемдеу, сәндеу) – әр түрлі заттарды (үй-іші мүліктері, тоқыма бұйымдар, еңбек құралдары, қару-жарақ), архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыштар.
Қазақ қолөнері
Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстың кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-гұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш керует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т. б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады.
Қол инесі
Қол инесі - иненің қолмен тігу, кестелеу барысында қолданылатын түрі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстандықтар шетелге қай мезгілде жиірек шығады
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?