Мартин Лютердің наразылығы Еуропаны қалай өзгертті? Дүние жүзі тарихы, 6 сынып, дидактикалық материал.
Қосымша 1
Германияның экономикалық және саяси жағдайы
XVI ғасырда Германияның ең бай мемлекет болу мүмкіндігі жеткілікті еді. Оның жері құнарлы, пайдалы кен қазбалары мол, өзен-көлдер мен орман тоғайларға бай болды. Ауа райы шаруашылыққа қолайлы, халқы тәртіпті, еңбеққор еді. Оның үстіне Германия дүниежүзілік сауда жолындағы қолайлы орынға орналасқан болатын. Осындай ұтымды жақтарына қарамастан Германия экономикалық дамуы жағынан артта қала берді. Ол артта қалудың бірнеше себептері бар еді. Оның ең бастысы елдің саяси бытыраңқылығы болды. Германия іс жүзінде өзара қарым-қатынасы жоқ ұсақ кінәздіктерден тұрды. Әрбір кінәз өз теңгесін шығарды, алым-салық жинады, сот жүргізді. Мұндай бытыраңқылық елдің экономикасының онан әрі дамуына зиян келтірді. Бытыраңқылықтан шаруалар мен бюргерлер, яғни қала тұрғындары көп зиян шекті. Бытыраңқылықты жоюға дворяндар да мүдделі болды.
Католик шіркеуіне қарсы наразылықтың күшеюі
Католик діні адамды күнәдан шіркеу ғана құтқара алады деп уағыздады. Шіркеу күнәні кешіру грамоталарын сатты, халықтан салық жинады. Католиктік шіркеудің озбырлығы халық наразылығын тудырды.
Реформация
Католик шіркеуінің озбырлығына қарсы қозғалыс Германия тарихына реформация деген атпен енді. Ол қозғалысты дін саласының білімдары, университет профессоры Мартин Лютер (1483-1546) бастады. Ол «адамдар күнәдан шіркеу қаулыларының, папа үкімдері мен нұсқауларының күшімен құтылмайды, күнәдан құтылудың басты жолы Киелі кітапты оқу, оған толық сену» деді. Лютердің пікірінше, шіркеу мен дін иелерінің міндеттері тек Киелі кітаптың мазмұнын түсіндіру, христиандарды сол арқылы «сенімге» жетелеу еді. 1517 жылы Лютер шіркеу озбырлығы мен папа индульгенциясына карсы көзқарасын білдіретін үндеуін - «95 тезисін» таратты. 1520 жылы Лютер папа зорлығына қарсы күресті бүкіл неміс ұлтының ісі деп жариялады. Сөйтіп Лютер дінбасыларының барша жұртқа үстемдік етпекші болған әрекетіне қарсы шықты. Ол осылайша папа шіркеуінің озбырлығынан құтылмақшы болған бюргерлердің жалпы ниетін білдірді. Лютер мемлекеттік мекемелердің билігін күшейтуге шақырды. Лютер әділетсіздікке қарсы күш қолдануды жақтамады. Әділеттілікке тек үгіт-насихат, түсіндіру, көзін жеткізу сияқты заңды жолдармен жету керек екенін айтты. Шыдамдылық танытуға үгіттеді. Мартин Лютердің бұл пікіріне дін уағызшысы Томас Мюнцер (1490-1525) қарсы көзқарас ұстанды. Ол барлық езгіге, зорлық-зомбылыққа шыдағандарға құдайдың мейірім-шапағат жасайтыны туралы түсінікті жоққа шығарды. Мюнцердің пікірінше, адамдардың өзінен тыс, олардың өмірдегі тіршілігінен басқа ешқандай өмір жоқ. Мюнцер монастырьларды, дворяндар мен кінәздерді қамалдарымен қоса күл-талқан етуге шақырды. Ол әлеуметтік-экономикалық теңсіздік болмайтын қоғамдық құрылысты уағыздады. Мюнцерді колдаған кедей шаруалар мен қолөнершілер 1524 жылы көтеріліске шықты. Көтерілісшілер анабаптистер немесе «басқаша шоқынушылар» деп аталды. Олар байлар мен шіркеудің байлығын күшпен тартып алып, жерде жұмақ орнатпак болды. Анабаптистер қозғалысы көп қиыншылықпен 1525 жылы басылды. Мюнцер өкімет қолына түсіп, өлім жазасына кесілді. Шаруалар соғысы жеңілгеннен кейін Германияда кінәздік өкімет күшейді. 1530 жылы «Аугсбургтік дін ұстану» деген құжат қабылданды. Ол бойынша шіркеудің бастығы папа емес, жергілікті кінәз деп есептелді. Діни әдет-ғұрыптарға жұмсалатын шығынды арзандату көзделді. Бұл «арзан шіркеу» қоғамда жаңадан қалыптасып келе жатқан буржуазия талабы еді. 1534 жылдың басында Вестфалиядағы Мюнстер қаласында анабаптистер қайтадан бас көтерді. Олар сайлауда жеңіске жетіп, қаладағы билікті қолдарына алды. Магистрат таратылды. Оның орнына «12 аксакалдық» Кеңесі құрылды. Анабаптистер өкіметі шіркеу мен монастырьлардың, қашкан қала байларының мал-мүлкін тәркіледі, ақшаны жойды, азық-түлік пен тұтыну бұйымдарын ортақ меншікке айналдырды; барлық халық қара жұмысқа және қала қорғанысына күштеп тартылды. Жылдың аяғына қарай жағдай қиындады: азық-түлік қоры таусылды. Жеке меншікті жоюға болмайтындығына халықтың көзі жете бастады. 1535 жылы көктемде Мюнстерді епископ әскері басып алды. Мюнстер коммунасының басшылары өлтірілді.
1555 жылы кінәздер мен императордың арасында бітім жасалды. Ол бітім бойынша кінәз өз халқының кайсы дінді ұстанатынын белгілейтін болды. Сөйтіп реформациядан кейін Германияның бытыраңқылығы онан әрі күшейді.
Бытыраңқылықтың жалғасуы
Ұлы географиялық ашулардан кейін Германия арқылы жүрген сауда жолдарының рөлі төмендеді. Тау-кен өңдірісі де құлдырап кетті. Ауыл шаруашылығы үшін рыноктың аумағы азайды. 1595 жылы Австрияда шаруалар көтерілісі болды. Ол көтеріліс әскер күшімен басылды. Көтеріліс басылғанымен кінәздар арасындағы өзара қырқыстар тоқтаған жоқ. XVII ғасырдың басында Евангелдік уния және католиктік лига деген ұйымдар құрылды. Олар елдегі бытыраңқылықты онан әрі жалғастыра түсті. Германия 1618 жылдан 1648 жылға дейін жалпы еуропалык соғыстың басты алаңына айналды. Сондықтан оның өндіргіш күштері құлдырады. Көптеген қалалар мен ауылдар қирады. Халықтың тұрмыс жағдайы нашарлап, наразылық күшейе түсті.
http://el.kz/kz/news/archive/content-4077
№1 тапсырма Терминмен жұмыс: Реформация, протестант, римдік-католиктік шіркеу, индульгенция, реформация, контрреформация, иезуиттер ордені, гуманизм.
- Терминді анықтауда кілтті сөздерді белгіле.
- Берілген терминге мазмұны ұқсас терминдерді таңда.
- Берілген терминдерді мазмұны жағынан біріктіретін терминді анықта
Қосымша 2
№2 тапсырма Мәтіннің «Пирамидасын» толтыр.
1. Не туралы?
2. Ерекшеліктері.
3. Орны мен уақыты.
4. Негізгі оқиғалар.
5. Негізгі кейіпкерлер.
6. Сіздің эмоцияңыз.
7.Мәтін туралы өз пікіріңіз
Қосымша 3
№3 тапсырма Мартин Лютердің реформациясы барысында қоғамда орын алған үш өзгерісті анықтап, кестеде толтыр.
Саяси салада | Экономикалық салада | Әлеуметтік салада. | Мәдени салада |
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?